Жұма, 19 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 5255 35 пікір 29 Наурыз, 2019 сағат 10:51

Елбасының атын берер жөні түзу көше таппаған Архимед енді елді дүрліктірмек пе?

Наурыз мерекесінің алдында ғана еліміздің парламенті Елбасының атын мәңгілікке есте қалдыру мақсатымен облыс орталықтарындағы басты көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы шешім қабылдағаны белгілі.

Алайда, біздің кейбір шенеуніктеріміз қашанда жақсы бастаманы науқандық дәрежеге дейін құлдыратып, қайтсе де көзге түсіп қалу үшін асығыстыққа салынып, талай игі шаралардың өңін айналдырып, халықты әрі-сәрі күйге түсіретіні айтыла да, жазыла да жауыр болған тақырып. Дегенмен мұндай жандар  өздерінің шала істерінен еш уақытта қорытынды шығарған емес.

Қостанай қаласының шенеуніктері  бұл жолы да ерекше көзге түсіп қалды. Олар «тұңғыш президентіміздің атын көшеге беру керек» деген дұрыс бастаманың өңін айналдырып, облыс орталығындағы халқымыздың бас ақыны Абай хәкімнің даңғылын ешбір ойланбастан «Нұсұлтан даңғылы» деп өзгертіп тастады. Біздің пайымдауымызша, бұларға жоғары жақтан «сендер міндетті түрде Абай көшесін өзгертіңдер» деген ешбір мағынасыз нұсқау келіп түспегені ақиқат. Мұндай өрескел қылық - қостанайлық шенеуніктердің өздерінің ойлап тапқан «жаңалығы».

Өйткені, көше аттарын өзгертудің бұдан басқа да нұсқалары жетерлік еді. Мәселен, сол Абай даңғылымен қатар Гоголь атындағы көше де дәл орталықта орналасқан. Қостанайдың әкім қараларында ес болса бірден Абайға ауыз салмай, Гогольді таңдауына әбден болатын еді. Сөйтіп, екі қоянды бір оқпан атып алар еді. Нұрсұлтан есімі орталықтан орын алар еді де, қисыны келгенде Гоголь секілді кеңестік дәуірден қалған бір есімнен құтылар едік. Ал бұл көшеде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының еңселі кеңсесі орналасқан. Сондай-ақ қаламыздағы әсем ғимараттардың бірі - Қазақ-француз орталығы да алыстан көз тартады. Тіпті осындағы орталық саябаққа да осы көшемен тез жетесіз. Қысқасы, көршіміздің Гоголь деген жазушысы өзіміздің Абайдан артық емес екенін күллі жұртқа байқатар едік.

Міне, біздегі шенуніктеріміздің шалалығынан Абайдан айырылып қала жаздадық. Хәкім Абай кезінде шолақ ойлы қазақтардан бір таяқ жеп еді, енді тағы бір ауыр соққыны Қостанай шенеуніктерінен алып отыр. Сонда қалай, мұндағы Қостанай қалалық ономастика комиссиясындағылар «Абай тек Семейге ғана қатысты, ал Қостанайда көшесі болмаса да, ештеңе қирап қалмас» деген ойға келген бе? Не себепті бүкіл республикада тек Қостанай ғана жалғыз Абайға ауыз салып отыр?

Әйтеуір, абырой болғанда республикалық ономастика комиссиясы мұндай асығыстыққа тоқтау салып, Төле би, Әбілқайыр сынды тұлғалармен қатар, қазақтың жалғызы -  Абай хәкімнің есімін өгертпей, бөтен көшелерді қарастыру туралы шешіп қабалдап, бір абыройсыздықтан аман қалдық.

Тек бір әттегенайы, жарайды жаңа ғана тағайындалған қала әкімі Қайрат Ахметов көзге түсіп қалу үшін асығыстыққа салынсын делік, алайда анау батыс өңірде туып-өсіп, қазақы тәрбие алған облыс әкімі Архимед Мұқанбетовтың бұған тоқтау айтып, мәселені байыптылықпен шешуге кеңес бере алмағаны ойландырмай қоймайды. Ал, жалпы мұндай аса маңызды мәселені қала әкімі облыс әкімімен ақылдаспай шешеді дегенге ешкім де сенбейді. Демек, бұл бәрімізден кеткен ағаттық екені даусыз ақиқат.

Міне, сөйтіп, айдың күннің аманында Абайдан айырылып қала жаздадық..

Енді қазір Қостанайдың шенеуніктері не істеп отыр дейсіз ғой? Өздерінің асығыстыққа салынып, асыра сілтегендерін жуып-шаймақ мақсатымен «бұл жолы халықтың талқысына салып, заң жолымен шешеміз» деп айдай әлемге жар салып отыр. Енді қазағынан орысы көп Қостанайда Нұрсұлтан Назарбаев атына көше беру ісі қиындап кетуі де мүмкін. Орыс ағайындар біз айтып отырған Гогольді өзгертуге бірауыздан қарсы тұрса, Архимед бастаған әкімдер қайтер екен?

Ендігі сауал осы!

Жайберген Болатов

Abai.kz

35 пікір