Жұма, 19 Сәуір 2024
Ел іші... 4534 2 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 16:19

Сапарбаевқа ашық хат

                                                  Қазақстан Республикасы

                                                  Еңбек және халықты әлеуметтік

                                                  қорғау министрі Б.Сапарбаев мырзаға

АШЫҚ ХАТ

 Құрметті, Бердібек Машбекұлы!  

Сізді халық игілігі үшін тағайындалған жаңа қызметіңізбен құттықтай отырып,  жемісті де, жеңісті табыстар тілейміз!

Моңғолия еліндегі қандастарымыз  ата-жұртымызға алғашқы Ұлы көшті 1991 жылы бастап келген еді. Ол қандастарымыздың барлығы Еңбек келісім шарты бойынша жұмыс күші ретінде елге оралды. Олардың арасынан зейнеткерлік жасқа толғандарына 2014 жылдан 2018 жыл аралығында әлеуметтік зейнетақы (17000-18000 теңге)  тағайындалған-ды. Ал, 1991 жылдан 2014 жылға дейін Отанына келген қандастар ұлт өкілі ретінде жергілікті халықпен  бірдей зейнетақы алып тұрды. Бұл мәселе төрт жыл бойы күн тәртібінен түспеді, қаншама жеке адамдар, қоғамдық ұйымдар, қоғам қайраткерлері, ұлт жанды азаматтар, мәжіліс депутаттары, Президент әкімшілігінің қызметкерлері атсалысып оңтайлы шешім шығаруға ықпал жасады. Нәтижесінде 2018 жылдың 26 желтоқсанында тұңғыш Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев  «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы заңына өзгеріс енгізіп, 13-бапқа 18-тармақша қосып, "Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың көшіп кеткен еліндегі еңбек қызметі жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне есепке алынсын" деп қол қойып берді.

Міне, содан бері облыстардағы зейнетақы тағайындау орталықтары  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бұл істі қалай жүзеге асыратын, қалай есептеп беретініміз туралы Ереже, қағида әлі келген жоқ деп құжат қабылдамай отыр. Бірнеше облыс қабылдап алса да, "министрлік рұқсат еткен жоқ" деп құжаттарын қайтарып беріп, халықты  әуре - сарсаңға салып, олардың наразылығын үдедіп жатыр.

2014 жылдан 2018 жыл аралығында зейнеткерлікке шыққан аз ғана адамдар келген еліндегі еңбек өтілдері жазылған кітапшаларының, сол елде білім алған дипломдарының, әскери билеттерінің нотариалды бекітілген аудармаларын дайындап, Елбасының жасаған жақсылығын тағатсыздана күтумен жүр.

Сіз министрлікке келгенге дейін орын алған жағдай болса да, төрт жыл ішінде азаматтық құқықтары тапталған азғантай зейнеткерлердің құқығын қорғауыңызды өтініп сұраймыз. Осы мәселенің жедел шешім табуына көмектессеңіз екен. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездескенде «... Менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл-Заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты - азаматтардың құқығын қорғау» деген болатын.

Сонымен қатар, Тоқаев: "Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын" деді.

Біз Сізден біреулерді жазалап, шара қолданып бер демейміз! Тек уақыт мерзімі созылып бара жатқанына алаңдап, нәтижелі шешім қабылдауға ықпал етсеңіз екен.

Құрметбек Сансызбайұлы

Abai.kz

 

2 пікір