Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
4296 7 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 15:12

Мұхтар Құл-Мұхаммед комитет төрағалығына сайланды

Бүгін су жаңа төрайым Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Парламент Сенатының жалпы отырысы болып өтті.

Ондағы басты оқиға күнде орын ала бермейтін тұрақты комитет төрағасын сайлау болды.

БАҚ өкілдері мен сенаторлар жақында ғана босаған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағалығына кімнің кандидатурасы ұсынылатынын асыға күтті.

Палата депутаттарының алдында Дариға Нұрсұлтанқызы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағалығына сенатор Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің кандидатурасын ұсынды.

Бұрын Елбасының баспасөз хатшысы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, министр, облыс әкімі, Мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарған танымал қайраткердің кандидатурасын сенаторлар бірауыздан қолдады.

Ел алдында беделі зор, ұлтжанды азамат министр болып қызмет істегенде «Мәдени мұра» бағдарламасы мен «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жобаларын жүзеге асырған Мұхтар Абрарұлының бұл сайлануын оның үлкен саясатқа қайта оралуы ретінде бағалаған жөн. Сондықтан оның жаңа қызметінен біз де жақсылықтар күтеміз.

Abai.kz

7 пікір