Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 5810 11 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 15:51

Торға түскен Нұр-Бәкір һәм мақаладағы төрт үлкен өтірік

27 науырыз күні «Abai.kz» сайтында «Сәйфудин Әзезиден Нұр-Бәкірге дейін...» деген сұмдық мақала жарық көрді. Жазған адамның ағайынға опасыздығы сонша, Қытайдың саяси түрмесіне еш қырғы тигізбейді. Ал жазықсыз қамалған қазақтар туралы аузына құм құйылып, қылмысты түрмеге түскен  қазақтың өзінен іздеп, зұлым қытай билігін барынша ақтайды.

Демек бұл жерде либералды тұрғыда біз қашанда қытай ұлтына қарсы емеспіз, тек ат төбеліндей азшылық ұлттарды жаныштаған коммунистік билігіне қарсымыз. Олардың адам баласын шыбын сияқты өлтірген, азаптаған фашистік жаныштауына қарсымыз. Олардың миллиондаған адам ағзасын қалай саудалайтыны ақпарат беттерінде жиі айтылып, жазықсыз адамдарды азаптап жатқаны таралуда. Кеше ғана (26.03.2019) Американың мемлекеттік хатшысы Помпео VOA тілшісіне берген сұхбатында:

– Қытай билігі ұйғырға қарсы жүргізіп жатқан саясаты тарихтағы адам құқықтарын бұзудың елеулі оқиғасы болып саналады және АҚШ Қытаймен сөйлесіп бұл әрекетті тоқтатуға көндіріп бағуда, – деп шындықты шырылдатып айтты. Бұл сияқты дәлел жыртылып-айырылады. Бұл туралы Канаданың, Түркияның, Жапонияның президенттері бұған дейінде сан мәрте айтқан. 2018 жылы Женевадағы адам құқықтары құрылтайында әлемдегі алпауыт 30 мемлекет Қытайдың азшылық ұлттарға жасаған фашистік жаныштауына қарсылық білдірді. Қайсы бірін айта берейік. Бүгінде 5 жастағы бала да Қытайдың зұлымдығын айтып бере алатын шекке жетті. Демек, Қытайды сонша ақтасақ та, өлгенде қабір азабынан қызыл ақшасымен құтқармасы анық!

Сонымен мақала мазмұнына тоқталайық. Өткен жылы Бейжің әуежайында Мәскеуден келген ұшақтан енді түскен Нұр-Бәкірді Қытай полицейлері шұғыл тұтқындаған. Сол Нұр-Бәкірге осы мақалада ұлтшыл атағын берген автор: «Ұйғырдың оқыған азаматтарының ұлттық санасында сілкініс пайда болады. Осы кезде саясат сахынасында өз командасын құрып, тегеурінді Қытай саясатының шектеулі мүмкіндігін барынша пайдаланып, ұлтына қызмет еткен Нұр-Бәкір болды» деген. Қытайдың ұлтшыл деген темір қалпағын «Уаңбәкірге» кигізіп отырған автордың суайттығында шек жоқ екен!

Бұл енді бірінші үлкен өтірігі. Себебі 20 жасынан бастап қызыл Қытай билігіне адал болған, коммунистердің итаршысы міндетін қалтқысыз атқарған, өз ұлтын аяусыз жаныштаған бұл тұлға туралы бүкіл ұйғыр халқы лағнет жаудырып жүр (Нұр-Бәкір туралы мәліметтерді ютубтан қарасаңыз олардың қатаң қарсылық реакциясын көресіз).  Бұл дегенің еш далелдеуді керек етпейді. Үрімжідегі атақты қырғын, яғни 2009 жылғы 5 шілдеде болған  оқиға кезінде Нұр-Бәкір ерекше елеулі еңбек етіп, өз ұлтын аяусыз қырғындады. Бұл туралы дәлел керек болса, дәл сол кезде Түркия ақпарат құралдары арқылы Ұйғыр конгрессінің төрайымы Рабия Қадырдың тікелей эфирге шыққан сұхбатын қараңыз. Бұл сұхбатты ютубтан іздеп тауып аларсыз. Тұтас халықты жаныштауға барынша атсалысқан Нұр-Бәкірді (қытайшыл бұл азаматты ұйғырлар Уаңбәкір дейді) ақтап көрсеткен. Өмір бойы ұйғыр ұлтына қарсы жұмыс жасаған адамды ұлтшыл етіп көрсету қаншалықты әділетті? Дәл сол оқиғадан шейіт кеткен адам санын халқаралық саясаткерлер 17 мыңға жуық екенін айтады. Сондықтан да, ұйғырдың саналы азаматтары әлі күнге Нұр-Бәкірді сатқын деп нәлет айтады. Демек ұлт сатқынынан тұлға жасау кімге керек болды екен? Әлде «Аттас заряд бір-бірінде ериді» демекші, автордың өзімен мұраттас пендеге бүйрегі бұрып тұр ма? Тоқ етерін айтқанда бұл Қытай коммунистерінің – сөзі.

Екінші үлкен өтірігі:  «Рабия Қадыр Қытай зынданынан Америка арқылы босап шығып, АҚШ-қа келген соң, Қытай демократшылары және Тайуан билігімен тығыз қарым-қатынаста болып, оның ақыры Шыңжаңдағы 5 шілде оқиғасына ұласты» деп бүгінгі Қытайдың қитұрқы амбициясын Қазақияда жалындатады. Мұның бәрі шылғи өтірік, Қытайдың ойдан шығарып отырған ойыны. Себебі, Қытай ол жақтағы 20 миллион ұйғырды жою арқылы тұтас азшылық қауымды өзіне сіңіруді, көнбегенін түрмеге тоғытуды, ағзасын сатып зұлым билікті байытуды ғана көксейді. Шыңжаң өлкесіндегі халықтарды жаныштау арқылы Қытай Орта Азиядағы елдерді басып алуға жол ашпақ. Осы бағытта олар "Шығысты ашу" деген ірі жобасын жүзеге асырып жатыр.  Сондықтан да, мақала авторының "Қытайдың геноцидтік саясатын Рабия Қадыр немесе Серікжан әкелді" деп  сандырақтағанына 5 жастағы баланы да сендіре алмайсың. Дәл бүгінгі саналы, әрі дәлелді ақпарат ағынын, автор тұрмақ Қытайдың өзі жаба алмайды.

Үшінші үлкен өтірігі "Серікжан қандастардың көшін тоқтатты, ұлттық араздық тудырды және оралмандар мен жергілікті халықтар арасына сына қақты" дейді. Осы жерде ақпараттық мүмкіндікті пайдаланып ол азамат туралы ақиқатты айта кетейін. Серікжан Білаштің еш жазығы жоқ. Оның жазығы азапқа ұшыраған қандастарға араша болғаны ғана. Кінәсі елімізді Қытай экспанциясынан сақтандырғаны. Осы орайда құзырлы орындар оған тезірек бостандық береді деп үміттенемін.

Қош, сонымен мақала өзегіне оралайық. Осыдан бірер жыл бұрын Серікжансыз да көш өздігінен тоқтай бастаған болатын.  2014 жылдан бастап Қытай жымысқы саясат жүргізіп, ол жақтағы қандастарымыздың құжатын  тұтас жинап алған еді. Оның үстіне біздегі құзырлы орындардың жоқ жерден ілік тауып, қандастардың кеудесінен кері итеруі көштің тұтас тоқтауына себеп болған. Демек Елбасының салиқалы саясатын төменгілер дұрыс атқара алмай, қысқа күнде қырық құбылып кедергі жасағаны да өтірік емес. Ал енді, "іріткі салды" дегенге келсек, қазақ қашан айрандай ұйып отырып еді дегіміз келеді. "Елдің ішін бір адам бүлдірді" деу Қытай саяси технологиясының астарлы түрде Қазақияға жеткенін байқатады. 

Төртінші үлкен өтірігі. Аузынан ақ көбігі ағып, тарихты суша сапырған автор: «Кезінде Ғұндарды жеңу үшін Қытайдың үш ұрпақ патшасы 100 жыл дайындалған, біз тыныштық астында сабыр етейік, кем дегенде 50 жыл» деп қан қысымымызды 200-ге шығарып жіберердей ой айтыпты. Бұл неткен даналық десеңші. Ей сорлы-ау, бұл сөзің шынымен тұтас халықты жансыздандырып, қаперсіз, әрі бейқам күйге түсіріп, аңғал жұртты алдап, ажал биін қазылмаған қабіріміздің үстінде билету емес пе? Қытайдың фашистік әрекеті осылай жалғаса берсе, алдағы үш жылда ол жақта мүлдем қазақ қалмайды. Саяси түрмеге кіргендер тірі әруақ болып шығып жатыр. Тағы 50 жыл сабыр етуіміз керек дегенің, қорғансыз Қытай аждаһасының аузында тұрған 3 миллион қандастың ту сыртынан пышақ ұру емес пе?

Мақала авторы ғасырлық шежірені шұбатып айтып, шенденіп өз ойын барынша нығарлапты. Бірді айтып, бірге кетіпті. Ол бұл жерде "Серікжанға жала жабамын" деп тұтас ала тақиялы ағайындарға, бей-берекет тіл тигізіп, ұлтшылды - арандатушы, сатқынды - ұлтшыл қылып көрсетіп өтірікті суша сапырған. "Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры" болса-дағы біздің ұйғырмен түк қатысымыз жоқ, Бірақ, бір адамды жалалау үшін тұтас бір ұлтқа топырақ шашуы – зұлымдық! Біз тек шындықты, әділетті айту үшін турасын айттық.

Қош! Халықты алдап, Қытай қылмысын ақтап отырған азаматтар түп қазығыңа қайта оралсын деп тілейміз. Қазаққа тек қазақтан ғана жақсылық келеді. Сондықтан да, автор мынаны қаперінде ұстаса екен: "Тәубаңа кел, айналайын, қазағымның сенде бір перезентісің"

Берік Асылқанов

Abai.kz

 

11 пікір