Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5330 22 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 13:41

Президент Тоқаевты кремльдегілер күтіп отыр

Кеше орыс ақпараты қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Кремль қожайыны сарылып-сарғайып күтіп отырғанын хабарлады. Әуелі әңгімені осыдан бастайық...

«Тоқаев бірінші бізге келеді» деді орыс президентінің көмекшісі Юрий Ушаков дейтін адам.

«Біз жаңа президентті бірден Ресейге шақырдық. Қазір сол сапардың уақытын ақылдасып жатырмыз. Бірақ, 3 сәуір күні келетінін айта аламын». Бұл жаңағы Ушаковтың журналистерге айтқаны.

Ушаков айтты. Өткенде президент Тоқаев Түркістанға барғанда, «ойбай Тоқаев Түркіменияға барыпты» деп улардай шулаған орыс пропогандасы жаңағы Ушаковтың сөзінен кейін, «Тоқаев өзінің президент қызметіндегі алғашқы шетелдік іс-сапарын жасауға Мәскеуді таңдады» деп жақтары талғанша жаңалық таратты.

Өткенде екінші президент Тоқаев, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин үшеуі телефон арқылы сөйлескен. Сол кезде-ақ, Тоқаевтың Мәскеу сапары туралы сөз болса керек.

«Қазақстан-Ресей арасындағы әріптестік қарым-қатынасты одан әрі тереңдету мүддесінде бірлесе отырып жұмыс жүргізу келісілді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуін ұйымдастыру мәселесі сөз болды».

Бұл да Кремль ақпараты. Тоқаев ант қабылдап, президент атанған күні, сәрсенбіде Путин жедел телеграмма жіберіп, Тоқаевты құттықтаған еді. Ал бейсенбі қоңырау шалып және бір мәрте құттықтады.

Путин Қазақстанға 27 рет келген

Осы ретте мына бір қызық деректі айта кетейік, Владимир Путин Ресей тағына отырған 2000 жылдан бері ең көп келген ел – ол Қазақстан екен. Ресей билігін ұстаған 19 жылда  Қазақстанға 27 рет келіп-кетіпті. Салыстырмалы түрде айтсақ, Тәжікстанға 10, Қырғызстанға 9, Өзбекстанға 8, Түркіменстанға 5 рет барған екен.

Жалпы мемлекетаралық іс жүргізу тәртібінде жаңа сайланған президенттің алғашқы шетелдік іс-сапарын қайда жасауы басқасын айтпасақ та, пост-кеңестік елдерде ерекше маңызға ие мәселе. Әсіресе Орталық Азия дейтін стратегиялық маңызды аймақта орналасқан біз секілді ел үшін мүдделік талас аз емес.

Ал Тоқаев ше?

Қасым-Жомарт Кемелұлы негізіген сыртқы саясаттың маманы. Ол Мәскеуде оқыған. 1970 жылы Ресей саясаткерлерінің фабрикасы саналатын МГИМО-ға оқуға түскен. Сыртқы істер министрлігінің оқуын оқыған, сонда. 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігіне қызметке орналасқан. Сингапурда Совет елшісі де болған. 1985 жылы Бейжіңдегі КСРО елшілігінде жұмыс жасаған. 1991 жылға дейін Елшінің екінші хатшысы, бірінші хатшысы, кеңесшісі болды. Қытай тілінде еркін сөйлейді.

Ол дипломат қой. Ол Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін басқарған адам. Бірнеше шет мемлекетті елшілік қызметті де атқарды.

2014 жылдың наурызында БҰҰ Бас хатшысы Тоқаевты өзінің орынбасары етіп тағайындаған. Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болды. БҰҰ Женевадағы бас бөлімшесінің директоры болды. Сондай-ақ, БҰҰ Бас  хатшысының қарусыздандыру жөніндегі Конференциясындағы бас өкілі болды. Қарусыздандыру жөніндегі Конференцияның бас директоры болды.

Ол ол ма, Швейцариядағы БҰҰ қызметкерліріне жауапты тұлға болып тағайындалған. БҰҰ Бас Ассамблеясының тұрақты қатысушысы, ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымын да басқарды бір кездері.

Міне, Тоқаевтың сыртқы саясаттағы, Халықаралық саясаттағы еңбек жолы осындай. Сондықтан, жақын арада шешілуі тиіс мәселеде тура шешім қабылдай білуі керек-ақ.

Мирзиеев - Қазақстанға, Жээнбеков - Ресейге барды

Салыстырмалы түрде айтсақ, Өзбекстанның Ислам Каримовтен кейінгі екінші президенті Шавкат Мирзиеев өзінің алғашқы іс-сапарын Қазақстанға жасаған. Ал Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков өзінің алғашқы іс-сапарын Мәскеуге бағыттады.

Ал Тоқаев ше? Кремльдегілер күтіп отыр. Тоқаев Мәскеуге баратын көрінеді. Иә, солай... Әй, бірақ, Тоқаевтың басқа-басқа емес, дәл Мәскеуге сапарлауы, бүркеулі жатқан көп дүниенің бетін ашары анық...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

22 пікір