Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 4155 3 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 11:12

«Назарбаев биліктен өз еркімен бас тартты» деп бағалау артық...

Бұл өзі күткен әрі күтпеген оқиға болды.

Күткен себебіміз, ерте ме, кеш пе, транзит кезеңі басталуы керек еді ғой. Міне, 19 наурызда ол процесс ресми түрде басталды. Енді артқа шегінер жағдай да, жер де жоқ.

Күтпеген себебіміз, біраз сарапшылар, соның ішінде мен де: «Назарбаев көзі тірісінде президенттіктен кетпейді» деп айтып келдік.

Не болса да, формальды түрде Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатты. Бұл өзі Қазақстан тарихында бұрын-соңды боп көрмеген жаңа жағдай.
Бірақ ол Қазақстан билігінің басты да бірден-бір ықпалды тұлғасы ретінде өкілеттігін тоқтатпады! Сол тұрғыдан алғанда «Назарбаев биліктен өз еркімен бас тартты» деп бағалау артықтау болар.

Өйткені, осыған дейін қабылданған «Тұңғыш президент – елбасы туралы» және «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңдарға сәйкес оның елдің ішкі және сыртқы саясатына жүргізер пәрмені көбеймесе, азайған жоқ!
Керісінше, ол ендігі жерде атқарушы және заң шығарушы биліктен тыс тұрып, олардың күнделікті қызметіне сыни тұрғыда баға беріп, қажет болса, бұқараның сөзін сөйлеп, соның арқасында халықтың ілтипатына ие бола алады!

Осы тұрғыдан алғанда Назарбаевтың бұл шешімінің астарында билік институттары атқарып жатқан қызметтің нәтижелері үшін саяси жауапкершіліктен біржолата құтылу ойы жатқаны болса керек. Әйтпесе, соңғы кезде халықтың билік жүргізіп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясатқа деген наразылығы күрт өсіп, шыдамның шарықтау шегіне жеткені де рас емес пе? Және де уақыт өткен сайын сынның негізгі бағыты үкіметке емес, президенттің жеке басына қарай ойысып жатты. Тіпті осы күнге дейін билікті сынағанда президенттің атын атамай келген тұлғалардың өзі елде орныққан жағдай үшін басты жауапкершілік кімге жүктелетінін ашық айта бастады.

Ендігі жерде жұрт Тоқаевты (немесе келесі президент болған басқа адамды), парламент және үкімет басшыларын сынап, соларға қарсы қимыл-әрекет жүргізеді ғой. Ал формальды түрде президент емес Назарбаев сүттен ақ, судан таза болып қала береді. Меніңше, осынау саяси қадамның негізгі себебінің бірі осы!

Бірақ, шынын айту керек, мұндай саяси маневрдің болашағы бұлдыр, өтірік секілді құйрығы қысқа: ішкі және сыртқы жұртшылық мәселенің неде екенін түсінеді де, ендігі жерде жаңа мәртебеге ие болған Назарбаев елде қалыптасқан ахуал үшін жауапкершілікті биліктің басқа тармақтарымен қатар арқалайды. Және де мемлекеттегі ең ықпалды тұлға ретінде оның жеке жауапкершілігі одан сайын артуы мүмкін. Сондықтан да Назарбаев қайткенде де жекебас жауапкершілік пен соған қатысты өткір сыннан құтыла алмайды.

Сонымен бірге өзінен кейінгі биліктің конфигурациясын қалыптастырып үлгермеген Түркіменбасы мен Кәрімовтің мысалы Назарбаевтың көз алдында болса керек. Сондықтан да ол көзі тірісінде өз қолымен постназарбаевтық билік моделін жасап, нығайтып кеткісі келетіні әбден орынды. Ол жүйе тек қана оның саясатын жалғастырушы ретінде емес, ең бастысы, президенттің отбасы мен оның айналасындағы ықпалды олигархтық топтардың капиталы мен меншігінің сақталуына кепілдік беретін болуы шарт. Назарбаев ендігі жерде осы шаруамен нақты әрі басыбайлы айналысатын болады.

Бірақ ондай жұмыстың бір талабы бар. Ол жүйе Назарбаевтың жеке мүддесіне сай боп қала ма әлде 30 жыл бойына демократиялық деградацияға ұшырап, авторитаризм мен саяси монархияға жетіп қалған жүйені халықтың қалауына сай шынайы реформалау мақсатына сәйкес құрыла ма? Оны біз, өкінішке орай, білмейміз. Өйткені Назарбаев әлі де сол өзіне ғана бағынышты командалық-әкімшілік жүйені сақтап қалғысы келетін сияқты.

Назарбаевтың мұндай аса шешуші қадамға баруына оның өз маңайындағы ықпалды топтардың да әсері болуы мүмкін. Өзінің миллиардтарының басты кепілі – бас билік екенін түсінген олар болашақ саяси жүйені Назарбаев кеткеннен кейін емес, дәл бүгін әрі оның қолымен жасақтап алғысы келетін болар. Әйтпесе, ертең тым кеш болып кетуі мүмкін.

Не болса да, Қазақстан өз дамуында жаңа кезеңге қадам басып жатыр. Және де бұл мүлдем өзгеше жағдай болкы мүмкін. Кұлақ та, көз де елде екі өкімет – түңғыш президент пен екінші президент – бар екеніне үйрене бастайды.

Мәселенің халықаралық астары да бар сияқты. Өйткені, ел ішіндегі шынайы ахуалды біле бермейтін шетел басшылары мен халықаралық демократиялық институттары оны шынымен де нақты саяси биліктен өз еркімен бас тартты деп қабылдап, оның осы қадамын демократиялық стандарттарға сай деп жоғары бағалауы мүмкін емес пе?!

Алда – ерте ме, кеш пе – президент сайлауы тұр. Сөзсіз, билік, Назарбаев әлі де басқаратын «Нұротан» партиясы арқылы өзінің негізгі үміткерін ұсынады, оның жеңіске жетуі үшін бар күшін салады. Әрине, ол үшін бір-бірін аңдып, аяқтан шалып, аяусыз тартысып келе жатқан билік маңындағы кландардың өзара компромиске келуі шарт. Оның өзі өте-мөте қиын шаруа. Сондықтан «жер астынан жік шығуы, екі құлағы тік шығуы" әбден мүмкін. Ондай қиян-кескі талас пен тартыстың өзі тереңдей түсе, азаматтық соғысқа да ұласып кету қаупі тағы бар!

Билік ұсынатын кандидатқа қарсы қуыршақ кандидаттар да жасақталады. Ол жағынан билік біршама машықтанып алғанын бәріміз де білеміз.
Осы орайда өздерін оппозиция санайтын күштердің алдында ерекше жауапты міндет тұр. Ол – осы күнге дейін бірлікке нұқсан келтірген барлық реніш пен түсінбеушілікті ысырып қойып, алдағы сайлауға ортақ, бірегей кандидат ұсыну!

Әміржан Қосанның facebook парақшасынан

Abai.kz

3 пікір