Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Бәрекелді! 4952 4 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 10:51

Тоқаев президент болған бір аптада не істеді?

Тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті ел-жұрттың алдында ант қабылдап, өз қызметіне кіріскеніне тұп-тура бір апта уақыт өтті. Өзінің президенттік амбициясын Сенат төрағалығын атқарып жүріп те байқатқан Қасым-Жомарт Кемелұлы осы бір аптада не істеді? Біз шолып шыққанды жөн деп таптық.

19 наурыз. 2019 жыл. 

Кешкі сағат 19:00-де ендігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфирге шықты. Ел-халыққа ризашылығын білдіріп, президенттік өкілетін тоқтататынын хабарлады. Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз басқарған Назарбаев өзінің орнына Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметті атқаратынын айтты.

Заң бойынша Парламенттің жоғарғы палатасын басқаратын адам сайлау өткенге дейін автоматты түрде уақытша президент атанады. Солай болды да. Қазақстанда келер сайлау 2020 жылы өтуі тиіс еді. Тоқаев сол сайлауға дейін президент болады. Әрі қарай, бұл лауазымды кім иеленетінін сайлау шешеді.

20 наурыз. 2019 жыл.

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Конституция мен Қазақстан Республикасы заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың бостандығы мен құқығына кепілдік беруге, маған үлкен сеніммен жүктелген ҚР Президенті міндеттерін абыройлы атқаруға салтанатты түрде ант етемін".

Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сіз бен бізге тікелей эифрде берген анты. Сөйтіп, Тоқаев Қазақстан екінші президенті атанды. Президенттік куәлікті, төсбелгі мен Мемлекет басшысына берілуі тиіс штандарттарды қабылдап алды.

Тоқаев президенттік қызметіне кірісе сала, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеудесіне "Алтын Жұлдыз" орденін тақты. "Халық Қаһарманы" атағын берді.

Астанаға Назарбаев есімін беру

Мемлекет астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс айтты. Президент Тоқаевтың ұсынысын Мәжіліс мақұлдады.

Көше атауларын өзгерту

Сондай-ақ, барлық облыс орталықтарындағы басты көшелерге Нұрсұлтан Назарбаев есімін беруді тапсырды. Тіпті Елордада Назарбаевтың құрметіне ескерткіш монумент тұрғызу керектігін айтты.

Тоқаевтың бұл тапсырмасы да әп-сәтте орындалды. Тіпті кей қалалар президент пәрмен берген күні-ақ, көше атауларын өзгертті.

Дариға Назарбаева Сенат спикері болды 

Иә, Тұңғыш президенттің тұңғышы Сенат төрағасы атанды. Д.Н-нің кандидатурасын Тоқаевтың өзі ұсынды. 44 сенатор жасырын дауыс беріп, бір ауыздан шешім қабылданды. Сөйтіп, Дариға Нұрсұлтанқызы Қазақстанның "запастағы" президенті атанды.

Кездесулер:

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент әкімшілігі басшысымен, премьер-министр Асқар Маминмен, Бақытжан Сағынтаевпен, министрлермен, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевпен кездесу жасады. Ішкі істер министр Ерлан Тұрғымбаев ІІМ реформасы туралы есеп берді. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қарулы күштердің қазіргі жағдайы туралы баяндады.

21 наурыз. 2019 жыл.

Екінші президент Тоқаев пен экс-президент Назарбаев Бас қаладағы Наурыз мейрамына қатысты.

Тағайындаулар:

- Ерлан Баттақов - Президенттің Іс басқарушылы болып;

- Нұрлан Онжанов - Президент Кеңсесінің басшылы болып тағайындалды.

 

22 наурыз. 2019 жыл.

Әуелі Президент Тоқаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады.

Сонан соң 1 маусымнан бастап бюджеттен жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын көтеруді тапсырды. Тоқаев бұл туралы өзінің "твиттер" желісіндегі жеке парақшасында жазды. Айтпақшы, бұл Тоқаевтың президенттік мәнсапты қабылдағаннан соң жазған алғашқы жазбасы еді.

Бұдан бөлек, Үкіметке су тасқынының алдын алу туралы тапсырма берді.

Армения президенті Армен Сарксянмен және Тәжікстан президенті Эмомоли Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Сондай-ақ, Грузия премьер-министрі Мамука Бахтадзе Тоқаевтың құттықтады.

Тағайындаулар:

- Тимур Сүлейменов - Президенттің кеңесшісі болып;.

- Берік Уәлиұлы - Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалды.

 

23 наурыз. 2019 жыл.

Түркістанға сапар

Президент Тоқаев алғашқы жұмыс сапарын Түркістан облысына жасады. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сапары туралы орыс ақпараты "Тоқаев Түркіменияға барды" деп шулады.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесін, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік мұражайын аралап көрді. Отырар ықшамауданында болды. "Нұрлы жер" бағдарламасының жұмысымен танысты. Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығын аралап, "Shymkent city" жаңа ауданының макетін, әуежайдың жаңа терминалын көрді. "Ескі қалашық", Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру және "Тұран" шағын ауданының инженерлік инфрақұрылымын салу жобаларымен танысты.

Сондай-ақ, президент Тоқаев бұл күні өзі бастама көтеріп, Мәжілісі мақұлдаған Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы қаулыға қол қойды.

Жапониядағы әлем чемпионатында күміс жүлде алған мәнерлеп сырғанаушыЭлизабет Тұрсынбаеваны құттықтады.

 

24 наурыз. 2019 жыл.

Қабылдаулар:

- ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты;

- ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты;

- "Самрұқ-Қазына" АҚ Басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдап, есеп-қисаптарын тыңдады.

Тағайындаулар:

- Бақытжан Сағынтаев - Президент Әкімшілігінің жетекшісі болып;

- Марат Тажин - Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.

Футбол көрді

Сол күні кешке футболдан Қазақстан-Ресей арасындағы мачты тамашалауға барды. Президентпен бірге Бақытжан Сағынтаев, Асқар Мамин, Әділбек Жақсыбековтер де футбол көрді.

"Қазақстан мен Ресей ұлттық құрамалары арасындағы футбол матчын 30 мың жанкүйермен бірге тамашаладық. Нәтижеге қарамастан өз құрамамызға жақтасуды жалғастырамыз. Алға, Қазақстан!".

Бұл президент Тоқаевтың "твиттердегі" жазбасы. Президент тамашалаған ойында Қазақстан құрамасы ірі есеппен жеңілді.

 

25 наурыз. 2019 жыл. 

Тағайындау:

- Дархан Кәлетаев - Президент Әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

 

26 наурыз. 2019 жыл.

Тағайындау:

- Марат Сыздықовты Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындады.

"Қаламқас" кен орнындағы өртті тоқтатып, төтенше жағдайды қалыпқа келтіру жөнінде тиісті шараларды жасауға тапсырма берді.

 

27 наурыз. 2019 жыл. 

Әкімдерді қабылдады

Президент әкімдерді қабылдап, халықтың талап-тілегіне уақытылы жауап беруді, әлеуметтік желілерде аккаунт ашуды тапсырды.

"Біз үшін қарапайым адамдардың әлеуметтік жағдайын білу және дер кезінде әрекет ету өте маңызды. Жағдайды біліп отыру өте маңызды. Бұл әрдайым біз үшін маңызды. Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. 

Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңыздылығы: мессенджерлерде топтар құрып, жүргізіліп жатқан саясатты түсіндіру, жағдайды жетілдіру және басқару. Халықпен кері байланыс барлық жерде орнаған жоқ, 17 әкімдіктен барлығы төрт байланыс колл-орталығы бар, ал мобильді халық бақылауы - 7 өңірде ғана", - деді Тоқаев.

Қабылдаулар:

- Премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайыловтың;

- Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың;

- Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің;

- Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің;

- Павлодар облысы әкімі Болат Боқауовтың есептерін тыңдады.

Үштілділік жайлы

"Бұл - өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек".

Бұл президент Тоқаевтың мектердердегі үштілділікке қатысты айтқан пікірі еді.

Жағдайы төмен отбасыларын баспанамен қамту

Президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлерді беру мәселесін жеделдетуді және бұл үдерісті биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді.

Сондай-ақ, президент Тоқаев АҚШ елшісінен сенім грамотасын қабылдады.

Әзірге көрген-білгеніміз осы. Сондықтан осы жерден қайырайық...

Abai.kz

4 пікір