Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Біздің шенеунік 19617 11 пікір 13 Наурыз, 2019 сағат 17:22

Пан Ги Муннан садаға кет, Мәдина!

Күні кеше ғана су жаңа қызметке тағайындалған Әбілқасымова дейтін әйдік әйел туралы аз кем сөз шығармақпыз. Мәдина ғой, иә, сол Мәдина. Министр шекпенін киіп-ап, аузына келгенді көкіген, сөйтіп жүріп-ақ, абыройы айрандай төгілген Мәдина қыз.

Бүкіл жұрттың ашуын келтіремін деп, министр креслосынан айырылып қалған Мәкең кеше ғана жаңа жасақталған, әтештен бұрын оянып, қытай тілін үйреніп жүрген Асқар Мамин дейтін полиглот политик басқаратын Үкіметтің құрамына кірді. Сөйтіп Ұлттық экономика министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Мәкеңнің осы жолғы оралуы туралы ақпарға көз жүгіртейікші, әуелі. «Мәдина қыз министрлікке келді» дегенді естіген жұрт екіұшты пікірде болды. Итпен қуаласа кетпейтін Мәкеңнің қандай құдіреті барын білмей есеңгіреген күй кешті. «Әй-ай киімі мен әшекейі көп Әбілқасымовасыз Қазақстан Үкіметінің таңы атпай, күні батпай қалатын ба еді» деді кей жұрт. «Мәдина қызға сол жолы обал болды» дегендер де табылды. Енді осы пікірлерді сараптай отырып, біз де өз пайым-парасатымызша ой құрайық...

Әбілқасымованың қайта оралауы

Әбілқасымова ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қайтып оралды. Министрдің орынбасары, кіші министр болып тағайындалды.

Кезінде Мәкеңнің қоластында қызмет еткен қазіргі Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова дейтін аты мәшһүр әйел бар еді ғой. Сығыр көзді, сазарған өңді Света ханым Әбілқасымованың Үкіметке қайта оралғаны туралы екі ауыз пікір айтыпты.

Жақыпованың пікірі:

- Менің жеке пікірімше, менің бұрынғы бастығым кез келген тапсырманы орындай алатын адам. Ол өте-мөте кәсіби адам. Мен оның жұмысы реттеліп кеткенін, барлығы жақсы болғанын тілеймін, - депті Жақыпова. Айтпақшы, Света ханым да аналар көтерілгенде бастығы Әбілқасымова секілді сөзден сүрінген еді.

Жаңа Үкіметтің ескі кадрларымен бірге үш-төрт жаңа министр тағайындалғанын айтқан едік. Міне, сол жаңалардың бірі болып экономиканың тізгінін ұстаған Руслан Дәленов дейтін министр де Мәдинаның өз қарамағына келгені туралы пікір білдірген.

Дәленовтің пікірі:

- Жалақы арнайы жүйемен реттеледі. Вице-министрдің жалақысы министрге қарағанда төмен. Бұл қызметінің төмендеуін білдіреді, - депті Дәленов.

Иә, Әбілқасымовадан гөрі айлығым жоғары деген Руслан мырза Мәкеңнің қарым-қабылеті туралы айтқысы келмеген секілді.

- Вице-министрлер Үкімет шешімімен тағайындалады. Әбілқасымова ханым бұрын экономика министрлігінде жұмыс жасады. Халықаралық блокты басқарды. Біздің министрлікте де ол халықаралық блокпен жұмыс жасайтын болады. Түсінесіз бе, мен әріптестерімнің қызметі туралы пікір айта аламын. Алайда қарамағымдағылар туралы айта алмаймын. Мен олардан тапсырманың орындалуын талап етемін. Бітті, -деп түйіндепті.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың ақпанында Мәкең Еңбек министрлігіне тағайындалған еді. Сол кезде дәл осы Дәленов оның жаңа қызметі туралы пікір айтқан екен. Не депті дейсіздер ғой. Мінекей, көріңіздер...

2018 жыл. Дәленов Әбілқасымова туралы:

- Меніңше, ол жақсы министр болады. Оның пайдасы көп. Оның батыстық білімі бар. Егер біреу-міреу оның жауынгерлік тәжірбиесі жетіспейді дейтін болса, мен есесіне оның жауынгерлік мінезі бар дер едім. Біз оған сауатты, сапалы қызметкер, экономист, басшы және қарапайым адам деген мінездеме береміз», - деген екен.

Әбілқасымова туралы қазіргі бастығы былтыр аямай мақтап сөйлесе, осы жолы сөзаярлық жасапты. Әліптің артын бағайын деді ме екен, әлде Әбілқасымоваға сенімсіздік танытқаны ма, әйтеуір осымен шектелген.

Былтыр Тамара апай Дүйсеновадан тізгінді алар тұста Дәленов жер-көкке сыйғызбай мақтаған Мәкеңнің шынында білімі жоғары. Сол туралы жазайықшы...

Әбілқасымова туралы не білесіз?

Мәдина Ерасылқызы Әбілқасымова 1978 жылы Алматыда туған. Биыл 1-тамызда 41 жасқа толады. Әкесі экс-депутат Ерасыл Әбілқасымов. Дәрігер. Мәжілісте депутат болды. 2005 жылы Президент болмаққа бекініп, сайлауға да түсіп, 0,34 пайыз дауыс жинаған. Мәкеңнің министр болуына әкесі ықпал етті дейтіндер де бар. Кім білсін... Тегін адам таз болмайды дегенге салсақ, бәрі мүмкін. Дегенмен Мәкең туралы білетініміз бір тоғыз болса, білмейтініміз тоқсан тоғыз екені тағы рас.

Мәдина қыздың оқыған-тоқығанына қарасақ, қара жаяулардың сортынан емес секілді...

1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша оқыған.

2003 жылы Колумбия университетінің магистратурасын «экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

2011 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебін мемлекеттік басқару магистрі болып аяқтаған.

Басқасын айтпасақ та, анау Гарвард университетін алайықшы. Нобель сыйлығының 157 иегерін оқытып шығарған университет. Біздің Мәкең оқыған Кеннеди атындағы басқару мектебінен де оңай адамдар шықпаған. Қараңызшы, Мексиканың президенті болған Филиппе Кальдерон мен БҰҰ-ның сегізінші бас хатшысы болған Пан Ги Мун оқыған.

Яғни, Мәдина қыз оқыған-тоқығанына қарасаң сұмдық білімді адам. Оған теңі жоқ, тіпті. Ал енді сондай атақты жердің түлегі тегі жексұрын атануын қалай түсінеміз?

Әй бірақ, біздің Мәкең «қазға еремін деп қарғаның шаты айырылыптының» керін келтірді. Пан Ги Мун секілділер шыққан жерден Мәдина секілділер де шығады дейміз де қоямыз... Жоқ, әлде "Пан Ги Муннан садаға кет, Мәдина!" дейміз бе?  Жә, әрі қарай жазайық...

Мәкеңнің еңбек жолы

Мәкеңнің мықтылығы сол – ол мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен адам дейді біраз жұрт. Қарап отырсақ, біраз шаруаның басын шалыпты, рас. Тындырғаны шамалы болса да ақпар үшін жазайық, ал.

*  1999-2001 жылдары – Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы;

*  2003-2004 жылдары – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі стратегиялық жоспарлау басқармасының басшысы;

*  2004-2006 жылдары – «Маркетингтік-талдамалы зерттеулер орталығы» АҚ мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры;

*  2006-2008 жылдары – ҚР премьер-министрі кеңсесі әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары;

*  2008-2011 жылдары – президент әкімшілігі стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары;

*  2011-2013 жылдары – экономикалық даму және сауда вице-министрі;

*  2012 жылдан бастап Дүнижүзілік банктің Қазақстандағы басқарушысының орынбасары;

*  2013-2014 жылдары – экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі;

*  2014 жылдың тамызынан 2018 жылдың ақпанына дейін – ұлттық экономика вице-министрі;

*  2018 жылдың 9 ақпанынан 2019 жылдың 25 ақпанына дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды.

Еңбек жолына қарап отырсаңыз, Мәкең әр креслода 1-2 жылдан ғана отырған. Ең ұзақ істеген жұмысы – Ұлттық экономика вице-министрі болған жылдар.  Бақандай 4 жыл кіші министр болған.

Мәкең қазір экономика министрлігіне қайта келді дедік қой. Ол 2014 жылы да экономика министрлігінің вице-министрі болды. Сол кездегі елдің экономикалық әлеуеті керемет болды дей алмаймыз. Мәкең мен оның бастықтары экономиканы тізгіндеген жылдары болған дағдарысты еске түсірейікші...

2014 жылғы дағдарыс:

2014 жыл ел экономикасы үшін соңғы онжылдықтағы ең ауыр жыл болды. Президенттің өзі сол кезде бізде ғана емес, әлемдегі ахуал аумалы-төкпелі деп ақтағандай сөйлегенімен, әлеуметтік-экономикалық жағдай төмендеді. Ол факт. Рас, сол жылы екі державаның санкция соғысы өршіді. Әлемдік дағдарыс басталды. Нарықта мұнай бағасы төмендеді.

Қазірге дейін салқыны сезілетін елдегі экономикалық дағдарыс сол жылы басталды. Әлемдік нарықта қара алтын бағасы күрт төмендеді. Қазақстан экономикасы мұндай жағдайға мүлде дайын болмай шықты.

2014 жылы ЖІӨ көлемі долларға шаққанда 227,44 доллар болса, ЖІӨ өсімі -6,7 пайыз болды. Қазақстанның сыртқы қарызы 149,13 миллиард долларға жетті. Бұл жан басына шаққанда әр адамға 8761 доллардан айналатын еді. Инфляция көмелі 7,4 пайызды құрады.

Ең төменгі жалақы – 19 966 теңге болды. Мемлекет беретін базалық зейнетақы көлемі – 9 983 теңгені ғана құрады. Ең төменгі зейнетақы – 20 782 теңге болды.

2014 жылы Ұлттық валюта девальвацияланды. Елде девальвация болды. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 155 теңгеден 188 теңгеге бір-ақ секірді.

Елдегі сауда дүкендері мен супермаркеттер бір-ақ күнде тауар бағасын көтерді. Елде азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай, көлік және құрылыс материалдары бағасы өсті.

2014 жылғы девальвация арқылы жұрттың айлық табысының 20 пайызын тонады. Жоғарыда айтқандай-ақ, біздің елдің экономикасы мұнайға тәуелді екенін сол кезде және бір мәрте түсіндіргендей болды.

2014 жылы мемлекеттің жалпы бюджеті 31 миллиард болды. Сол жылдары біз мұнай бағасының құлдырауынан 60 миллиард ұтылдық. Айналдырған 1,5 жылда мемлекеттің 2 жылдық бюджетінен айырылдық.

2014 жылы 78,2 миллиард долларға шикізат сатып, 41,2 миллиард долларға тауар сатып алдық.

2013 жылы Қазақстанның экспорты 84,7 миллиард болса, 2014 жылы экспорт көлемі азайып, 79,5 миллиард долларды құрады. 2014 жылы импорт 30,6 миллиард долларды құрады.

2015 жылғы дағдарыс:

2015 жыл да Қазақстан экономикасы үшін дағдарыс жылы болды. Ол туралы Президенттің өзі де айтты.

Тағы да кінәлі әлемдік дағдарыс. Тағы да мұнай бағасының төмендеуі. Тағы да сыртқы фактор. Айтпақшы, сол жылы мұнайдың нарықтағы бағасы 50 долларға дейін түсті.

Елде азық-түлік бағасы өсті. Жұмыссыздар саны артты. Халықаралық резерв 1 миллиард долларға дейін қысқарды. Ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 51,9%-ға, еуроға шаққанда - 42%-ға, рубльге шаққанда - 42%-ға құлады.

Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға жетті.

Валюталық кірістің экспорт бойынша осы кезеңдегі қысқаруы 1,74 есе болып, 2014 жылғы 80,3 млрд. доллардан 2015 жылғы 46,2 млрд. долларға дейін түсті. Ал сауда балансының сальдосы 2015 жылы минусқа түсіп, 5,3 млрд. доллар болды.

2015 жылы доллар бағамы 183,7 теңге болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 365,83 теңгеге дейін көтерілді. Теңге 195 пайызға девальвацияланды.

2015 жылы Еуроинтеграция қазақ теңгесін ең құнсыз валюта деп бағалады.

Теңгенің осыншама күшті девальвациясы – Үкімет пен Ұлттық банктің тиімсіз экономикалық саясатының салдары екені даусыз.

Біз ғана емес, экономист сарапшылардың өзі осы екі дағдарысты Қазақстан Үкіметінің, оның ішінде де экономика министрлігінің қателігі деп таныды. Ал жаңағы Пан Ги Мунмен сабақтас біздің Мәкең дәл осы жылдары Ұлттық экономика министрінің орынбасары болып қызмет жасаған.

Әбілқасымова халыққа неге жақпай қалды?

Мәдина қыз еңбек министрлігіне 2018 жылдың ақпанында келді. 1 жыл 16 күн министр болып қызмет етті. Президенттен сөгіс алып, әбіржіп жүрген Тамара апай Дүйсенованың орнына министр болып тағайындалған Мәкең бар болғаны 1 жыл министр болды.

Жұрт биыл оның отставкасын талап етті дедік қой. Анығында Еңбек министрлігінің Мәкеңе дейін мылжа-мылжасы шығып, жұмысы жүйесіздікке ұшырап жатқан-тын. Ол министрлік басында Денсаулық сақтау министрлігінің құрамында болды. Кейін одан бөлініп шықты.

Ақпанда болған Астанадағы айтуға ауыр, тіл күрмелетін, жазуға қол жүрмейтін шетін оқиғадан кейін-ақ,  Әбілқасымоваға жұрт қарғыс жаудыра бастады. Жер-жерлерде алаңға шыққан, әкімдерді, әкімдіктерді тікесінен тұрғызған аналар да Мәдинаның мемқызметтен қуылуын талап етіп қойды. Оған да өзі кінәлі еді. «Көп балалы аналарға 16 мың беріледі. Бұндай әлемнің ешбір елінде жоқ» деп жаңадан Американы ашқандай сөйлеп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Онсыз да зығырданы қайнаған қалың елді бұл сөз ашындырды. Сөйтіп Мәкең өз орын өзі қазды.

2019 жылдың қаңтарында көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақының 15,4 мыңнан 16,1 мың теңгеге дейін көтерілгенін мақтанышпен айтқан Әбілқасымова жұрттың ашуына тиді.

«Ресейде ана капиталы деген бар. Бірақ, бізде барлық жылды есепке алсақ, аналар бірнеше миллион теңге алады, ал жәрдемақы – өмір бойы төленетін көмек», - деген еді ол.

Көпбалалы аналарды «миллионерге» теңеген Әбілқасымованың сөздері әлемжеліні шарлап кетті.

Ал алапат өрттен кейін ертесіне Әбілқасымованың «Forbes Kazakhstan» журналына берген сұқбаты мен мұқабаға басылған суреті жарияланып, желі қолданушыларының наразылығын одан әрі күшейтті.

Қайғылы оқиғадан кейін Мәкең Үкімет отырысына қатыспады. Ауырып қалыпты. Оны жаңағы Жақыпова хабарлап айтты. Мәкең тағы да сынға ілікті.

Бұдан бөлек Мәкеңнің министр болып тұрған тұста елде әлеуметтік көмек алушылар саны 504 мың адамға жетті.

Оралмандардың 70 пайызында жоғарғы білім жоқ

2014 жылға қайта оралайықшы, Ерболат Досаев дейтін бадырақ көз бала бар еді ғой. Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде соның орынбасары болып тұрғанда Мәдина қыз шеттегі қандастарға да тіл тигізіп сөйлеген еді.

Сол кездегі Мәкеңнің айтуынша, шеттен келетін оралмандардың бар болғаны 8,6 пайызы ғана жоғары білімді.  71 пайызының орта білімі бар немесе мүлде хат танымайтын сауатсыз екен.

«Сондықтан, білімі мен кәсіби мамандығы жоқ, дәрежесі төмен еңбек күші Қазақстанның еңбек күші нарығына қосылып жатыр. Бұл мәселе оралмандардың қоғамға сіңісіп кетуіне кедергі болуда» депті сол кезде біздің Мәкең.

Міне бұл қандастарымызды оралтуға ашық қарсылық еді. Бір жағынан қарағанда Мәдина қыз, орыс тілін білімнің баламасы ретінде қараған болуы да мүмкін. Әйтеуір осылай сөйлеген.

Мәкеңнің таққан темір-терсектері мен орден-медалдері:

«Астананың 10 жылдығы» медалі (2008 жыл),

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі (2011 жыл),

«Ерен еңбегі үшін» медалі (2012 жыл),

«ҚХА 20 жыл» медалі (2015 жыл),

«ЕАЭО құрылуына қосқан үлесі үшін» медалі (2015 жыл),

«ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі (2016 жыл),

«Құрмет» ордені (2016 жыл).

Түйін. Мәкең қазақ тілін білмейтін министрлер қатарынан. Өткен жылы Президент міндеттегенде ғана ежіктеп сөйлей бастаған. Министр болып келгелі естіген «бәрекелдісі» жоқ. Сенаторлар да шүйлікті. Депутаттар оның заңын түсінген де жоқ.  Нығматулиннен де таяқ жеді, сөз естіді. Мәжіліс оның халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері туралы заң жобасын жылтыр есеп деп бағалады. Қысқартып айтқанда шата тілді шала министр.

Енді міне, отставкаға кеткен Мәкең, жаңа Үкіметке кіші министр болып оралды. Мұндайда не деуші еді, «тепкілесең кетпейтін темір бақыт» басқаға емес, дәл осы Мәкеңе бұйырған сияқты. Артының қайырын берсін...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3529