Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық 13757 57 пікір 12 Наурыз, 2019 сағат 15:27

Арыстанбек Мұхамедиұлы. Абай неден түңілді?

немесе мақал-мәтелдердің  де озығы бар, тозығы бар

Мәңгілік Ел боламыз десек, бізге рухани толысқан мықты қоғам құру керек. Ал бұл ретте идеологияның бір тармағы мақал-мәтелдердің орны  ерекше. МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР  адам баласына терең ой салады. Әсіресе, тәрбие мәселесінде мақал-мәтелдер арқылы асыл сөз, даналық ойлар үлгі-өнеге ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Еңбек ету, білім алу, жақсы азамат болып өсу, әсіресе, ЖЕКЕ ТҰЛҒА болып қалыптасу үшін, тәрбиенің де жақсы болуы керектігі мақал-мәтелдерде толық қамтылады. Және халқымыз бұған айрықша мән беретін. Бала тәрбиесіндегі басты мәселенің бірі – сыйлы азамат болып өсу, еңбек ете білуді, елдің мүддесін бағалауды үйрету десек, мақал-мәтелдерде бұл назардан тыс қалмаған. Сонымен, Қазақ сөздің қадірін білетін халық. Бірақ «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенді айтқан да өзіміз.

Әйткенмен, мақал-мәтел өзінше бір институт болса, оның барлық тармағын, кешегі тарихы мен бүгінгі парқын, заманға сай маңызын зерттеп-зерделеп жүрміз бе? Бұл – басы ашық сұрақ.

Мысалы, әлі күнге ауыздан түспей жүрген, бірақ бүгінгі қоғамның, егемен елдің  мүддесіне қайшы келетін сөздер бар.

Дана Абай өзінің 5-қара сөзінде қазақтың кейбір мақал-мәтелдері туралы былай дейді:

«Қазақтар: «Ә, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы – жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың, әуелі: «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен»

Бір бұл ғана емес. Абай өзінің  29-қара сөзінде «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті»,  «Жарлы болсаң, арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ», «Атың шықпаса, жер өрте», «Алтын көрсе, періште жолдан таяр»  дегенді де сынап өтеді.

Ендеше, ауыздан ауызға тараған, ел аузында жүрген мақал-мәтелдердің мағынасын тағы бір електен өткізіп, қайта сарапқа салған жөн сықылды.

Өзіңіз қарап көріңіз.

Абай адал тірлік етуге, ерінбей еңбектенуге, ата-ананы құрметтеуге үгіттеп, сөз соңында білместікпен, ойсыздықпен айта салынған Сөздерден сақ болуға шақырады. Ал біз Абайдың Сөзін ұқтық па, ұғып, санамызға тоқыдық па? Әлде тек мектеп бағдарламасына сай жаттап, білімділігімізді көрсету үшін мысалға алып жүрміз бе?

Әлбетте, санада жаңғыртуға лайықты, жадымыздан ұмытылуға айналған жанды Сөздің біразы осында. Олармен қатар қазақты кертартпалыққа, тоғышарлыққа жетелейтін мақалдар да өріп жүр.

«Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген мәтелді біз күнделікті өмірде, баспасөз беттерінде жиі қолданамыз. Бірақ осы сөзді көбінесе қоғамның не  адамның теріс мінездерін ақтау үшін қолданатымызды байқаймыз ба? БІЗ ОСЫНДАЙ СӨЗДЕРДЕН САҚ БОЛЫП, МҰНДАЙ МӘТЕЛДЕРДІ ЖОЮҒА ҰМТЫЛУЫМЫЗ КЕРЕК!

Мысал үшін, осындай сөздердің кейбірін айтылу мағынасына және жұмсалу мақсатына орай бірнеше топқа бөліп қарастырғанды жөн көрдік. Әзірше, біз тек жеке пікір тұрғысынан жұртшылық талқысына салынуы тиіс мәселені ортаға тастап отырмыз.

РУШЫЛДЫҚ САНАНЫҢ САРҚЫНШАҒЫ

Ел аузындағы мына сөз қаз-қалпында айтылып жүр:

«Орта жүзді қалам беріп, дауға қой,

Ұлы жүзді қауға беріп, малға қой,

Кіші жүзді найза беріп, жауға қой».

Менің ойымша осы бір мәтел қазақты жік-жікке бөлу үшін қасақана айтылып, сырттан, яғни жат жұрттардан  келген арамза пиғыл секілді.

ОСЫ СӨЗДІҢ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙТЫНЫН КІМ ЖОҚҚА ШЫҒАРМАЙДЫ ОСЫ КҮНДЕ?  Бір қазақты үшке бөліп, әрқайсысын өзгешелеп, басқасынан бөліп тұрғаны аздай, «әр жүздің мынандай мінезі, ерек қасиеті бар» деп таңып қойғанын қайтерсіз? Сонда Ұлы жүзден ғалым шықпады ма, Орта жүзден батыр шықпады ма немесе Кіші жүзден би шықпады ма? Жалпы, әр адамның тұлғалық, даралық қасиеттері Тек пен Талантқа қоса, ортасы беретін ТӘРБИЕ, БІЛІМ, ӨНЕГЕ, МІНЕЗ сынды жағдайларға тәуелді емес пе? Ендеше, оны белгілі бір жүзге не руға теліп, біржола «таңып» қоюдың қисыны бар ма?

Рушылдық сананың сарқыншағы тағы бірде:

«Аталастың аты озғанша,

Ауылдастың тайы озсын» - дейді.

Ынтымақ — бұзылмайтын қорған екенін неге ұққымыз келмейді Ырыс дегеніміз не? Ынтымақ деген не мағына? Ырыс сөзін – береке, ынтымақ сөзін – бірлік мағынасымен еншілес етіп қарастыруға болады. Ырыс-ынтымақ, береке-бірлік ұғымдары   егіз тіркестер екенін бәріміз білеміз. Демек, «Бірлігі жарасқан ел», «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Береке басы – бірлікте» деген қанатты сөздерді жиі қолданғанымыз құп.    БЕРЕКЕНІ БЕТКЕ ҰСТАҒАН БАСЫ БІР ЕЛ БОЛУ ҮШІН! Мемлекет отбасыдан құралады. Әр отбасы өз ішінде ынтымағы жарасқан татулық сақтаса, еліміз де дамыған мемлекетке айналары хақ.

 «Ынтымақ жүрген жерде, Ырыс бірге жүреді», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Саусақ бірікпей — Ине ілікпейді», «Ауыл болса — қауым бол».  Осы сөздерді де өзіміз айттық емес пе. Демек, бізге күйрейтін сөз емес, БІРЛІККЕ сүйрейтін СӨЗ керек!

ҚЫЗЫЛ СӨЗ – ҚЫСЫР СӨЗ

Қазақ мақал-мәтелдерінің тақырыбы сан алуан. Әр оқырман өзіне қажеттісін таба алады. Бүгінгі күні көбімізді толғандырып жүрген заман тақырыбы. Мысалы, «Заманың қасқыр болса, түлкі боп шал»,   «Заманына қарай адамы», «Заманы бірдің амалы бір», Бұл нені үйретеді, қандай тәрбие бермек?!

Кілтипанды заманның ауыртпалығына сілтей салу секілді оғаш қылықты дәріптегенше,  Абай айтқан:

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де - бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан!

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға, - деген маржансөз бойымызға барынша дарып жатса ғой, шіркін!

Абайша  толғансақ, өзі жаман болған соң, сол мінін көрмей, жамандығын заманға теліген емес пе бұл? Әйтпесе, заман мен уақыттың жазығы бар ма? Заманды жасайтын адам емес пе?

Ендеше, ӨЗ ЗАМАНЫМЫЗДЫ ӨЗІМІЗ ЖАСАУЫМЫЗ КЕРЕК!

Тағы бір мысал. Мынаны қараңыз:

«Қорқақты көп қуса, батыр болады».

Дәл осы сөздің не табиғатта, не кәдуілгі тұрмыста шындыққа үйлескенін көргенім жоқ. Табиғатта қорқақ аң – қоян болса, неше ғасыр қасқыр мен қарсақтың қуғынына түссе де, содан бастапқы болмысы айнып, қуғыншысына қарсы шапқан саққұлақты естуіңіз бар ма? Ал адамзат тарихын былай қойып, қазақтың өткенінен мысал етсек, Қызыл империяның ұзақ жылғы репрессиясынан, НКВД-ның мылқау жендеттерінен, «үндемес жылдардың» жаласынан азар да безер болған алдыңғы ұрпақ өкілдерінің заман кеңіп, Тәуелсіз ел болған шаққа ілінген уақыттың өзінде өткен уақыттың зобалаңын, көрген жәбір-жапасын ашып айта алмай, күмілжіп отырғандарын көзіміз көрді. Пенде болған соң, зорлықты көре-көре жүрек шайлығады екен, көңіл көнбіске айналады екен...

Қорыта айтқанда, қуғынды көп көріп, сүргіннен жапа шегіп, жаны мен тәні бірдей қиналып, содан кейін табан астында батырға айналған қорқақты көргем жоқ. Керісінше,  бойында ерлік пен өрлік бар ұрпақ  өскенінде ӨР де, БАТЫР да болады. Тақыр жерге шөп өспейтіні сықылды, үркек сана, жалтақ жүрек, қалтырауық мінез ешқашан ірілік көрсете алмас.

Жетістік пен еңбекқор болудың алдына шығатын кедергілердің барлығын ЖІГЕРЛІ, ТАБАНДЫ болу арқылы асып өтуге болады. Биіктерді бағындырған адамдардың көбі жігер, қайрат, табандылық танытқан адамдар.

Сондықтан, намысты қайрайтын АТАЛЫ СӨЗІМІЗ:

Мақсатың біреу болса,

Төрт жерден тіреу болсын.

Дені сау сомдай білегің,

Ақылға толы жүрегің.

Күш-қайрат пен жігерің,

Осылар болар тірегің!

Немесе:

«Отызында орда бұзбаған,

Қырқында қамал алмайды» - секілді  сөздерді санаға сіңіру керек деп ойлаймын.

 

АҚТАЛУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН МАҚАЛДАР

 «Қазаннан қақпақ кетсе,

Иттің ұяты кетеді».

Осыған ұқсас сөз орыста да бар. «Не клади вещь плохо, не вводи вора в грех» дейді. Әркімнің өз мүлкіне, ел мүлкіне барынша сақ әрі сергек болуға үндейтін сияқты болып көрінгенмен, бұл сөздің түп-төркіні «сол қоғамда, сол мемлекетте ұрлықшы, қарақшы, сұм адамдардың болуы заңды» дейтін тұжырымға жетелейтін сияқты. БІЗ НЕГЕ БАРЛЫҚ АДАМЫ ЕЛ МҮДДЕСІНЕ АДАЛ, ЕШКІМ ЕШКІМНІҢ АҚЫСЫН ЖЕМЕЙТІН ӘДІЛ ҚОҒАМ ОРНАТУҒА ТЫРЫСПАЙМЫЗ? Іс жүзінде бірден орнауы қиын шығар, бірақ неге әуелі Сөзіміз бен Ой-ниетімізді жөндемеске?

Келесі бір мақал алдыңғы «тұжырымды» нақтылай түседі.

                              «Елді жерде ұры бар,

                              Таулы  жерде бөрі бар».

Ашығын айтқанда, ұрлықшы, өзгенің мүлкіне көз алартушы, алаяқ, тағы басқа өз арамыздан шығады деп, өзімізді-өзіміз «жұбатып» отырған сияқтымыз. Яғни, «қолдан келер қайран жоқ» деп алдын-ала жеңілу. Дамыған елдерде заңның жазасы қатаң және заң бұлжытпай орындалады. Ұрлық, ел ақысын жеу үлкен күнә! Ендеше, ұрлықты несіне ақтаймыз?

Ал, ұлы данышпан Абайдың:

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап»,

-  деген керемет сөзі қажырың мен күш-қайратыңды білімді болуға, елдің ырысын шашпай-төкпей,  адамның еңбек ақысын жемей, адал жұмыс істеуге шақыратынын неге ескермейміз?! Ал біз жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп оңай күнкөріс  тапқымыз келеді?!

Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың: «Бұл орайда мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы  керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес. Әрбір ауыл мен қала тазалықтың, көркеюдің, тәртіптіліктің үлгісіне айналуы керек. Қолда барды сақтап, көбейте беру үшін әрбір қазақстандық еңбекқор әрі құнтты қожайын болуы жөн». НЕГЕ БІЗ ОСЫНДАЙ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРДІ ӨМІРЛІК ҚАҒИДАМЫЗҒА АЙНАЛДЫРМАЙМЫЗ?!

Қазіргі қазақты кері тартатын тағы бір сөз:

«Сыйынғаннан сүйенгенің күшті болсын».

Бұл енді кейіннен, атеистік заманда шыққан сөз болса керек. Себебі өзін әлмисақтан бері мұсылман санайтындар бір Құдайға сыйынып, әрі бір Құдайға сүйеніп тірлік еткен. Ал мына мәтелдегі «сүйенгенің» деген сөз кешегі қоғамдағы «тамыр-таныс» сияқты әйтеуір қолдау білдіретін адамдарды меңзейді. Ендеше, бұл сөзді қазіргі қолданыстан шығарсақ та, ештеңе жоғалта қоймаспыз деп ойлаймын.

 

ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРДІ ЖОҚҚА ШЫҒАРУ

Көптеген мақал-мәтелдер бұған анық дәлел.   Бұл тақырыпты одан әрі қаузай берсек:

«Жалғыз жүріп жол тапқанша,

Көппен бірге адас» немесе

«Адассаң, елмен бірге адас» деген сөздерге тағы қайран қаламыз.

Ал, біздің керемет кемеңгерлеріміз сол Абай, Алаштың асыл ұлдары Ахмет, Әлихан, Міржақыптар «көппен бірге адасуды» таңдамай, өздерінің сара жолына түскені қазақтың маңдайының бағы емес пе еді? Олардан беріде қанша ғалым, зерттеуші, қоғам қайраткерлері – Ұлт Тұлғалары – «көптің адасқан жолынан» ауытқып, тыңнан түрен салмап па еді?  Өршіл рухтан - өлмес ерлік туғызған ақиқат батыр ағамыз, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының тұлғалық, азаматтық ұстанымы үлгі емес пе! «Жұртым» деп жұмылып, Елім деп езіліп қызмет ет!»,  «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел - құл болмайды» демеп пе еді БАТЫР.

Ұлттың болашағын ойлап,  тіліміз бен діліміздің, салт-дәстүріміздің, мәдени құндылықтарымыздың ұлықталуына айрықша іңкәрлікпен атсалысқан бірегей тұлға Темірбек Жүргеновтің   азаматтық өмірі бірден ұлттық ояну, көтерілу, серпілу және ұлттық-саяси тәуелсіздік жолында күресу кезеңіне тұспа-тұс келді.  Кеңес Одағын Никита Хрущев басқарған жылдары және одан кейін де қазақ халқының мүдделері ескерілмеді және басшыларды Мәскеу тағайындау жаман әдетке айналды. Орталықтың оспадар саясатына ең бірінші болып ашық қарсылық білдірген ЕРЖҮРЕК Жұмабек Тәшенов  алған бағытынан қайтпайтын нағыз қайраткер болатын. Сондықтан өзі айтқандай: «Елімнің жерін таққа айырбастамаймын» деуі тегіннен-тегін айтылмаған. Бұл ұлтжанды азаматтың сөзі, өжет адамның көзқарасы, тектіліктің белгісі. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады!

Мемлекетті күшейтіп, тәуелсіздікті қорғайтын қоғам қандай болуы қажет? Бұған қатысты адамзат тарихында Гиппократ, Платон, Аристотель, Әл-Фараби сынды ірі ойшылдар жауап берген. Ғұлама тұлғалардың ізгілікті қоғам құру жөніндегі идеялары қашанда өркениетті мемлекеттің үлгісі, өлшемі болып табылады.

Адамзат қоғамы қаншалықты дами берсін, бүгінгі ақпараттық технология үстемдік құрған ғасырда да ЕҢБЕК, ІЗГІЛІК, АДАМГЕРШІЛІК, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ әлеуметтік ортаның тереңдігін айқындап, мемлекеттің болашағын шешетін құндылық ретінде өзінің тарихтан бері келе жатқан орнын сақтап қала бермек.

Ұлт өссе, бұл – Заманынан озып туған Жеке Тұлғалардың еңбегі емес пе? Ендеше, жас ұрпақты Тұлғалық, Даралық қасиеттерден жеріп, «көптің бірі» болуға итермелейтін сөздің керегі бар ма бізге?  ӘР АДАМ – ДАРА БОЛСЫН ЖӘНЕ ӨЗ ХАЛҚЫНА, МЕМЛЕКЕТІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕР ТҰЛҒА БОЛСЫН!

 

«Көп қайда болса, шындық сонда»

Бұл сөздің шындыққа сай екеніне күмән келтіретін тарихи деректер жетерлік. «Жер Күнді айналады» деген Коперник теориясын қолдап, одан әрі дамытқаны үшін 1600-жылы Римнің Гүлдер алаңында Джордано Бруноны тірідей отқа жаққан Көп болатын.

Інжілде көптің адасуын Понтий Пилаттың мысалымен түсіндіретін оқиға бар. Ежелгі иудейлерде мынандай дәстүр бар: Пасха мейрамында   Рим прокураторы Понтий Пилат халықтың тілегі бойынша бір тұтқынды бостандыққа шығаруға хақысы бар еді. Дар ағашына жетелейтіндер тізімінде төрт адам Иса (Иисус Христос), Варавв (қылмыскер) , Гестас пен Дисмас (ұрылар). Кейінгі үшеуі сол елдегі бүлікке, қылмысқа, қарақшылыққа қатысы бар екен.

Алаңға жиналған халықтан: «Кімге бостандықты бергенімді қалайсыңдар – қылмыскер Вараввты, әлде өзін пайғамбармын деген Исаны ма?» дейді. Понтий Пилаттың өзі еш жазығы жоқ Исаны бостандыққа жібергісі келген. Алайда көздері қанталаған тобыр Вараввты босатуды сұрайды. Сөйтіп, ақиқат жолында жүрген Иса пайғамбарды жазалауды талап еткен тобырдың айтқанына көнуге мәжбүр болған прокуратор Пилат Көптің көзінше құмғанмен су алдырып, қолын шаяды. Осы амалы арқылы ол: «Оның өліміне менің кінәм жоқ» деп прокуратор теріс айналып, дәрменсіздік танытады.

Ескіден келе жатқан тағы бір сөз:

«Құдайға жазсаң жаз,

Көпке жазба» - дейді.

Бұл, енді «Көп – қорқытады, терең – батырады» деген мағынамен үндес. Егер «көп» деген тобыр болса, онда тобырдан қорқып, діннен без дегені ме? Әлде Құдай Тағала кешірімді, Ол кешіреді, ал Көп-Тобыр кешірмейді деген сөз бе? Қалай болғанда да, адамды ізгілікке шақыратын сөз емес. Керісінше, «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып, әйтеуір тірі болу үшін тіршілік кешуге бейімдейтін кертартпа сөз сияқты. МҰНДАЙ СӨЗ ҚҰЛАҒЫНА КІРІП, САНАСЫНА СІҢГЕН ҰРПАҚТАН ЕРЛІК ПЕН ӨРЛІКТІ, АСҚАН АҚЫЛ МЕН ПАЙДАЛЫ БІЛІМДІ КҮТУ БЕКЕРШІЛІК БОЛМАҚ.

 

ТЕНТЕКТІКТІ ҚОШТАЙТЫН СӨЗДЕР

Күні бүгінге дейін ел азаматтарын татулыққа емес, дүрдараздыққа жетелейтін мінез кейбір мақал-мәтелдерімізден көрінеді.

«Бас жарылса, бөрік ішінде,

Қол сынса, жең ішінде» деген мақал да осы санатта.

Осылай деп, кейбір ішкі дауды, ел ішіндегі кішігірім жанжалды жылы жауып қоя салған боламыз. Дәл осылай өз жарасын елемейтін, бөрі сынды сыртқы жүнін қампайтып, іштен тынатын халық бар ма екен осы? Бұл өрлігімізден бе, әлде момындығымыздан ба?

«Алыссаң, атаң болса да жық» деген сөзіміз тағы бар. Енді бұдан асқан сорақылық болмаса керек! Қалай дегенмен де, қайсарлықтан гөрі өңмеңдеген менмендікке, батырлықтан гөрі ұрдажық кеудемсоқтыққа баулитын «өнеге».

 

ТЕРІС МІНЕЗДІ ТЕРІСТЕУ

Елді ел болудан кетіретін сөздердің ішінде бір сөз болса, оның бірі:

«Өзімдікі дегенге

Өгіз қара күшім бар.

Кісінікі дегенге,

Анау-мынау ісім бар».

Мұның мағынасы мен өнегесін таратып айтудың өзі артықтау. Бәлкім, біреудің айтқан кекесін сөзі болар, әйтеуір, сөз мәйегі ретінде қолдануда абай болу керек. Осындай теріс мінездерді терістеу мақсатында айтылған мақал-мәтелдерді бөлек жанр деп топтастырған жөн шығар.

«Көрпеңе қарап аяғыңды соз» немесе

«Көрпеңе қарай көсіл».

Бұл сөздің жалпыға мәлім мағынасы барға қанағат тұтуды, өз шамаңды білуді, асыра сілтемеуді меңзесе керек. Бір қарағанда, қанағатшылдыққа үндейтін сөз сияқты. Бірақ, тереңірек қазсақ, белгілі бір шеңбердің аясынан шықпауға, адамды әлеуметтік жағдайға тәуелді етіп, тіпті өз күшіне деген, ертеңгі жарқын күнге деген сенімін ойсыратуға әкелуі мүмкін. Қанағатшыл болу және ысырапқа жол бермеу үлкен қателіктерден сақтануға сеп болса да, екінші жағынан, ұдайы «көрпесіне қарай көсілуге» көндіккен адам ертеңгі еншісінен құр қалатындай көрінеді. Адам болған соң армандамай тұрсын ба? Армандағанда, құр қиял қумай, алдына нақты мақсат қойып, алатын асуын өзі межелеп, бар қайраты мен ерік-жігерін сол мақсатқа жетуге ұмтылмас па? Осылайша, өзін-өзі шектеген шеңбер құрсауынан сытылып шықпас па? Яғни, «көрпеңе қарай аяғыңды соз» деп,  таршылық пен қиыншылықтан еңсе түсіре бергенше, алда бұдан да жақсы күндер бар екеніне кәміл сеніп, сол үшін жатпай-тұрмай еңбек етіп, тер төккен абзал. Кедейлікті жалқаулықпен асқындатпай, тоғышарлықты ақтамай өмір сүруге әдеттенсек, оның несі айып?

Тағы да  Ұлы Абайды еске түсірейікші:

Жүректе қайрат болмаса

Ұйықтаған ойды кім-түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

Абай бұл туындысында  адамның адамдығы, ғұламалығы, кісілігі тек бір ғана «ақыл мен сезімінде» дейді.  Өз пайдасынан басқаны  көрмейтін қара ниеттер «көрпесін» ғана ойлайды, ел мүддесін көксейтіндер АҚЫЛ МЕН ҚАЙРАТТЫҢ ісін қару етіп ұстаған...

СӨЗ СОҢЫНДА АЙТАРЫМЫЗ – Сөздің киесін түсінетін халық екеніміз рас болса, онда Қандай Сөзді қолданып, Қай Сөзді бағдар қыларымызды ойланып таңдасақ керек.  Мақал-мәтел – өмірлік философия мен тұрмыстық тәжірибе коды. Тауып айтсаң, орынды сөзге – аталы сөзге тоқтамайтын адам жоқ. Оның үстіне, мақал-мәтелдердің жас ұрпақ тәрбиесіне ықпалы өте зор. Ұзын-сонар насихатпен жеткізе алмаған ойды ескіден келе жатқан бір-ақ ауыз сөзбен айтып, жас санаға сіңіру әлдеқайда оңай. «Ескіден келе жатқан» дегенде, ол сөздің мәні заманға сай, бүгінгі қоғамның, асыл мұраттарымыздың бағдарына сай Өзекті болғаны жөн. Бұл орайда ескіден келе жатқан Сөздерді ғалым-зерттеушілер, Сөзтаным мамандары қайта талқыға салып, жаңаша талдап, бір екшеуден өткізсе, әрбір мақал-мәтелдің мағынасын ашып, қазіргі  егемен ел мүддесіне сай келетіндерін теріп, талдап, түсіндіріп отырса, ұрпақ тәрбиесі, ұлт мүддесі үшін жасалған үлкен жұмыс болар еді. Қысқасы, өскелең ұрпақты ез ететін, мақал-мәтелдерден түбегейлі арылуымыз керек! Кейінгі ұрпақ ондай кері тартар сөзді тіпті де естімегені жөн

Әрбір бала ЖІГЕРЛІ ДЕ АРМАНШЫЛ  болуы тиіс! Біз намыс пен жігерін қайрайтын сөздерді ілгері шығаруымыз қажет! БІЗ РУХЫ МЫҚТЫ БОЛАТЫН ҚОҒАМ ҚҰРУЫМЫЗ КЕРЕК. СОНДА ҒАНА МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛАМЫЗ!

Abai.kz

 

 

57 пікір