Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3634 0 пікір 1 Наурыз, 2019 сағат 11:14

"Ұлы даланың жеті қыры" ұлт мәдениетін терең зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашуда

Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жаңа факультетпен толықты. Мұнда Елбасы Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында елімізде тұңғыш рет "Ұлттық өнер" факультеті ашылды. Бұл туралы "Абай ақпарат" хабарлайды.

Елбасы "Ұлы даланың жеті қыры" деп бағдарламалық мақала жариялады. Онда Ұлы даланы мекен еткен қазақ халқының тарихы, салты мен мәдениеті, оның бүкіл тіршілігінің негізі қамтылды.  Ұлы даладан қазақ халқының даңқын бүкіл әлемге паш еткен өнерпаздар шыққан. Солардың бірсыпырасы Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәтімбет және т.б.  Қос ішектің кең даламызды тербетіп дүбірлеткен, Қорқыт ата мен Ыхластың қобызда  орындалатын зарлы күйлері. Біржан мен Сара, Жаяу Мұса,  Балуан Шолақтың  ұрпақтан ұрпаққа ұмытылмас  әндері қалды.

Міне, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осынау "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында халқымыздың рухани құндылықтары мен тамыры тереңде жатқан ұлттық мәдениетін өркендету мақсатында Алматы шәрі "Ұлттық өнер" факультетін ашты.

Оның ашылуына есім-сойлары елге етене таныс өнер ардагерлері келіп қатысты. Атап айтқанда,Қазақстанның, қазақтың Халық әртісі Сара Тыныштығұлова бастап, академик Пернебек Момынов, Құрманғазы оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов, "Отырар сазы" оркестрінің көркемдік жетекшісі Динзуxра Тлендиева қатарлы өнер қайраткерлері қатысты.

Аталмыш факультетте алдағы уақта Пернебек Момынов, Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпеисов, М.Абуғазы, Т.Мұқышев, С.Бапанова, Р.Базарбаев, Е.Даубаев қатарлы білікті мамандар, танымал өнер иелері дәріс беретін болады.

Шараның ашылу салтанатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дәстүрлі музыкалық өнер" кафедрасының меңгерушісі Рамазан Стамғазиев әуелетіп ән шырқады. Ақан серінің өзі қолданған домбырасымен автордың әндерін орындады.

Сонымен қатар,  Мәдениет және спорт министрі, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлының келісімімен аталған оқу орнында «ЮНЕСКО» кафедрасын ашу көзделуде. Бүгінгі таңда, еліміздегі екі жоғары оқу орнында археологиялық жұмыстарды іске асыруды көздейтін "ЮНЕСКО" кафедралары бар. Ал, биылғы жылға жоспарланған жоба материалдық емес ұлтымыздың музыкалық мұраларын, басқа да жәдігерлерін халықаралық аренаға шығару мақсатында жүзеге аспақ.

Похожее изображение

Асхат Маемиров, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры:

-Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлтқа қызмет ету жолдарының бүкіл механизмдері көрсетілген. Сол көтерілген мақсат міндеттерді жүзеге асыру үшін осы факультетті ашу қажеттілігі туындады.  Алдағы уақытта білім ұясы қабырғасынан түлеген жас мамандар ұлттық өнерімізді дәріптеу бағытында жаңа қырынан көрінетіні сөзсіз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақаласы еліміздің мәдениетіне, өнері мен руханиятына терең бойлауға тың серпін беретіні сөзсіз. Аталмыш бағдарламалық мақала ұлт мәдениетін терең зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашуда. Ал жаңадан ашылған "Ұлттық өнер" факультеті қазақ өнерін бүкіл әлемге паш етуге арналған үлкен мүмкіндік. Ақан, Біржандардың өнерін жалғайтын дарынды жастардың санын арттырып, қазақ өнерінің өшпес жұлдызын жарқырата беретініне сенім мол.

Abai.kz

0 пікір