Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 9340 38 пікір 27 Ақпан, 2019 сағат 09:43

Ұлтымның қиын тағдырын өлеңге сыйғыза алмадым

Киелі қаламын шындықпен суарып, ұлтының қасіретін көркем шығармаларына арқау еткен заңғар жазушымыз – Қабдеш Жұмаді­лов бізге берген сұхбатында кітаптарының цензурадан қалай өткенін, кімдер қол ұшын бергенін, кешегі тәркілеу кезінде Абай, Шәкәрім ұрпақтарының соңғы тағдыры қалай болғанын айтып берді.

«АДАМ ӨЗ ТАҒДЫРЫН ТАҢДАП АЛМАЙДЫ ЕКЕН»

– Бір емес, екі бірдей империяны көрдіңіз. Екеуінің де қазаққа салған зобалаңы аз емес.  Оны сіздің шығарма­лардан оқып өстік. Осындай терең тақырыпқа қалай бардыңыз?  

–  Екі империяны көрдіңіз деп отырсың. Бұл мен таңдап алған тағдыр емес. Адам өзінің ата-анасын, қарайтын мемлекетін таңдап алмағаны секілді, өз тағдырын да таңдап алмайды екен. Мен Шыңжаң өлкесіне қарасты Тарбағатай аймағында дүниеге келдім. Жақсы оқығандығымнан болар, мені 1956 жылы осы жаққа білім жетілдіруге жіберді. Екі курс бітірген соң, бізді қайта алып кетті. Ол жақта 4 жыл бойы сүргінде болдым. 1962 жылы қайта оралдым. Оралғанда жалғыз өзім емес, сол аймақтағы қазақ халқын бері қарай көшуге дайындадым. Ол кезде аштық қысып, саяси-экономикалық тұрғыдан да құлдырап бара жатқан тұс еді. Ел басындағы қиын тағдырды, ауыр хәлді көріп, үнсіз кетіп қалуды жөн көрмедім. Бар ойым көшті бастап келу болды. Менің маңайыма жастар, мұғалімдер топталып, бері көшіп келуге бел байлады. Сол кездегі басымызға түскен қиын күндер туралы менің шығармаларымда, әсіресе «Таңғажайып дүниемде» толық айтылады. Оқуымнан қалғаным, жүрегіме дақ түсіргенін айтпағанда, бұл жағдайлар менің шығармашылығыма пайдасы зор болды. Сол жылдары екі бірдей романға жүк болатын материал алып қайттым. Кейін сол материалдар «Тағдыр», «Соңғы көш» сияқты романдар болып оқырманға жетті.  Бұл шығармалардағы кейбір детальдар – бұрыннан ел арасында жүрген, бала кезімізден құлағымызда қалған оқиғалар. Содан соң  «Соңғы көштегі» оқиғаларда арғы беттегі қазақ халқының көрген азаптары мен қорлықтарының қағазға түскен нұсқасы. Мен осы шығармамда қытай империясының асыра сілтеушіліктерін жаздым. Империяның зорлығын жазу ол кезде басталмаған. Бұл жақта да Совет империясы туралы бір ауыз сөз айтылмады. «Соңғы көште» 1932 жылғы аштық та айтылады. Кейбіреулер қытай қазақтары колхоздан қашып барған деп ойлайды екен. Бұл мүлдем қате көзқарас. Біздің ата-бабаларымыз Абылай хан, Қабанбай батыр тұсында барған.

– «Соңғы көш» демекші, бұл романыңыздың жарыққа шығуы да оңайға түспеген деп естіп ек...

– Ол кезде әдебиетке кел­ген­дер алдымен бірнеше әңгіме жа­зып, одан әңгімелер жинағын шығарып барып, романға келетін. Мен «Қаздар қайтып барады» деген әңгімелер жинағын шығар­дым. Бұл жинақтағы әңгімелер шекара мәселесі туралы еді. Ол кезде шекараның сыртында қазақ бар дегенді айтқызбайтын. Сол себепті, бұл кітап зорға шықты. Одан кейін «Көкейкесті» деген шағын роман жаздым. Бұл да қы­зық­ты тақырып болды. Түрмеден босаған жігітті жағымды кейіпкер ету деген сирек кездесетін шығар. Мен солай жаздым. Қысқасын айтқанда, «Соңғы көштен» бұрын 3 кітап шығарып барып, аталған ро­ман­ды баспаға ұсындым. Бұл шы­ғар­ма­ның кітап болып басы­луы­­ның өзі бір қиын жағдай бол­ды. Ол кезде Қытай мен Совет одағы­ның арасы ушығып тұрған. Мен шығармамда Қытай империя­сы­ның аз ұлттарға қаратқан езгісін айтқан болып, Совет одағының солақай саясатын да кірістірдім. Бірақ баспа орындары ол кітапты басудан қорықты. Содан соң Әдебиет институтына, Тарих институтына, КГБ-нің Басқарма орталығына бір-бір данадан оқуға бердік. Институттар: «Әдеби жағына, жазушылық шеберлігіне айтарымыз жоқ. Бірақ Қытайдың ішкі саясатынан хабарсызбыз, ол жақта­ғы өмір шындығын қалай жазғанын білмейміз», – деп жауап беріпті. Ал, КГБ Басқармасы: «Бұл романды Мәскеудегі Қиыр-Шы­ғыс институтына жіберу керек»,  – депті. Сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Әнуар Әлім­жа­нов өте мейірімді адам еді. Орысшаны жетік білетін жур­на­лист Ғаббас Жұмабаев пен орысша өлең жазатын Төлеу Шаханов дей­тін екі азаматты осы кітаптың жолма-жол аудармасына жауапты етіп «тездетіп аударыңдар» деп тапсырма берді. Аударма үш айдың ішінде дайындалды. Содан кейін Әнуар аға аталған институтқа хат жазып өзі жіберді. Жарты жылдан кейін жауап келді. Жауабында: «Бұл бізге өте керекті кітап. Ешбір асыра сілтеушілік жоқ. Осы шы­ғар­ма арқылы Қытайдағы қазақ­тың жағдайын білуге болады екен», – деп жауап қайтарыпты. Сол жауап-хатты алып бірден «Жұл­дыз» журналына бардым. Ол кезде Бас редакторы Шерхан Мұртаза еді. Қолымдағы Мәскеу­дің жауап-хатын өзі қазақшаға аударып, «Соңғы көшті» журналға жіберді. Сол жылғы (1973 жылы) «Жұлдыз­дың» үш нөміріне арт-артынан басылды. «Соңғы көш» басылған нөмірлер 196 мың данамен  тарап, менің даңқымды шығарды. Міне, осылайша «Соң­ғы көш» жарыққа шықты. Әкім Тарази қатарлы қаламдас­тарым осы шығармам туралы жақсы пікірлер айтты.

– Әдебиетке алғаш рет өлеңмен келіпсіз. Кейін прозаға қалай  ауыстыңыз?

–   8 сыныпта оқып жүргенде жазған өлеңдерім «Шыңжаң га­зетіне» жарияланған еді. Ол газет арғы беттегі өте танымал, бүкіл қазақ оқитын газет. Менің ҚазҰУ-ға оқуға түсуіме ақынды­ғым себеп­кер болды. Кейін Қа­жықұ­мар Шабданұлының кеңе­сімен ептеп прозалық шығармалар жаза бастадым. 10 сынып оқып жүрген­де жазған «Жамал» атты әңгімем 1956 жылы Шыңжаңдағы әдеби журнал «Шұғылаға» жарияланды. Бұл да менің мерейімді өсіріп, әдебиетші болып шығуыма шабыт, демеу болды. Осы жаққа келгенде де бірнеше өлеңдер жарияладым. Мен көрген шындықтар, ұлттың басындағы қасіреттер, зорлықтар өлеңге сыймайды екен. Сол үшін оны кесек шығармамен әлемге жария етуім керек деп ойладым. Мұ­қағали Мақатаев «Соңғы көштің» бірінші кітабын оқып болған соң, арнайы келіп құттық­тады. Өлең жазатынымды да білуші еді. Сонда маған: «Бала, өлеңді бізге қалдыр. Сенің жолың кең құлашты прозада екен», – дегені әлі есімде.

– Алматыға алғаш келгеніңізде ағалық ақылын айтып, қол ұшын бергендер болды ма?

– Алматыда оқып жүргенде Мұхтар Әуезовтен дәріс тыңдадық. Қытайдан екі студент келіп оқып жатыр дегенді естіген соң, ол кісі бізді кафедрасына шақырды. Сонда Мұхаң бізден: «Қытайда қанша қазақ бар? Олар немен айналысады? Баспасөз ісі қалай? Қанша қазақтілді газет-журналдар бар? Қазақша мектептер, инс­ти­тут­тар бар ма? Шығарма жазатын кімдер бар?» деген сияқты ұлт ісіне қатысты сұрақтарды қойды.  Білгенімізше жауап бердік. Бір сәтте: «Ол жақтағы қандастарға менің кітабым барды ма?», – деп сұрап қалды. «Абай» романы араб әрпімен басылғанын, оны 13 жасымда оқығанымды айттым. Қатты қуанды.

– Содан кейін Мұхтар Әуезов­пен кездесе алдыңыз ба?

–  Мен Қытайға кетерде: «Бізді әкетіп бара жатыр, алдымызда қандай күндер тұрғанын білмей­міз, алдын ала деректерге қараған­да баяғыдағы 1937 жылғы қасірет сол жақта енді басталып жатқан көрінеді. Біраз адамдарды лагер­лер­ге жіберіп жатыр екен. Енді қай­тып көрісеміз бе, жоқ па, біл­мей­мін», – деп Әуезовпен қошта­сып кеткем. Сонда Мұхаң: «Бұл халықаралық жағдай ғой, олардың ішкі ісіне біз араласып, сені алып қала алмаймыз, бірақ жасымаңдар, жазушы болам деп жүрген адам­сың. Тегі есіңде болсын, жазушы болам деген адамды тағдыр өзі бір қиын жерлерге салады. Содан соң барып қайтадан әр нәрсені өз орнына қояды. Үміт үзбеңдер», – деп ақылын айтып еді. Сонымен бізді Мәскеуден Қытай елшілі­гінен адам келіп, санап отырып, самолетқа отыр­ғызып жіберді. Кейін Мұхаң 1961 жылы қайтыс болыпты. Мен ол кезде сүргінде жүр едім. Ол кісінің қайтыс болғанын үш айдан кейін естідім. Ауыр қазаны есті­генде пора-пора болып, оңашада жыла­ғаным есімде. 1962 жылы Қазақ­станға қайта оралдым.  Бірақ ма­ған Мұхтар Әуезовсіз Алматы бос қалған сияқты болып көрінді.

 

ӨЗІНІҢ ӨМІРІ ТАЗА ЕМЕС АДАМДАР ҒҰМЫРНАМАЛЫҚ РОМАН ЖАЗУДАН ҚОРҚАДЫ

–  «Тағдыр» атты романыңыз бас кейіпкер Демежан арқылы арғы беттегі, Тарбағатай өңіріндегі қазақтың тыныс-тіршілігін суреттейді. Шығармаға неліктен «Тағдыр» деп ат қойдыңыз?

– Демежан біздің елдің аға сұлтаны болған, шешен, батыр, ұлтшыл тұлға. Бұл шығармадағы тағдыр тек бір адамның тағдыры емес. Демежан ел билеп тұрғанда екі ел арасында шекара бөлісі жүреді. Бұған ол өзі қатысады. Сол шақта халық екіге бөлініп, баста­рына ауыр күн туды. Құдды бір организмді қақ жарған секілді. Бір жылға дейін қазаққа: «Қытайға қарайсың ба, әлде орысқа қарай­сың ба? Өздерің таңдаңдар», – деп ерік берген болады. Бірақ бұл ерік қазақ халқына тиімсіз болды. Біреуінің жайлауы мына жақта, қыстауы ана жақта деген секілді көшпелі халықтың тағдырына сызат түсіретін жағдайлар белең алды. Осы жағдай «Тағдыр» романына өзек болды. Бұл романда бір қызық эпизод бар. Ежелден бір-біріне өш екі бай осы шекара бөлісі тұсында да ұстасады, аңдысады. Анау қай жаққа қараса, мен керісінше қарсы жаққа қараймын деп арбасады. Бұл арқылы мен қазақтың бұрыннан келе жатқан алтыбақан алауыздығын, қазақтың өзіне ғана тән мінезін айтқым келді. Бас кейіпкер Демежан өмірде болған адам. Ол осы романда ел тағдырын шешуге күреседі. Қазаққа су бергісі келмеген Маньчжурдің Доғалдай дейтін шонжарының айдарынан ұстап тұрып, бәкісімен кесіп алады. Олардың салтында айдар кесу деген бас кесумен бірдей. Ақырында қазақтың күншілдері, жаңағы Маньчжурлер бірлесіп, 1907 жылы Демежанды Шәуешек­т­е дарға асып өлтіреді. Бұның бәрі шын оқиғалар. Енді осы оқиғалар­ды тарихи роман етіп жазған соң, оған «Тағдыр» деген ат қоймай, не деп қоямын?

– Ал, «Таңғажайып дүниеңіз» тұтас шындыққа құрылған ба, әлде көркемдігі басым ба?

– Бұл – ғұмырнамалық роман. Ішінде айтылғандардың барлығы шындық. Кезінде Сәбит Мұқанов та осындай шығарма жазды. Тағы басқалары да жазып жатыр. Ғұмырнамалық романды шын­дық­ты айтудан қорықпайтындар ғана жаза алады. Өзінің өмірі таза емес адамдар ғұмырнамалық шығарма жазудан қорқады. Оған дәті жетпейді де. Менің өмірім екіге бөлініп қалған соң, осындай шығарма жазбасыма болмады. Кейін мені кім зерттейді дегенге жауап іздедім.  60 жылдық мерей­тойым Мақаншы жақта тойланды. Қасымда Рымғали  Нұрғали бастаған көптеген ақын-жазу­шылар мен әдебиетшілер болды. Оларды шекараның бойына апарып: «Анау менің қыстауым, анау менің жайлауым еді» , – деп Ақшоқының баурайынан көрсетіп тұрдым. Сол сәтте маған «Мемуар жазуым керек екен. Қашанғы елге кіндік қаным тамған жерді сауса­ғыммен нұсқап көрсете бермек­пін» деген ой келді. Сол жылы күзден бастап жазуға отырдым. «Таңғажайып дүниеде» менің төрт жасымда есім кіргені, біздің үйдің бір ақбоз атты соғымға сойғаны, аяғын бос байлағаны себепті ақбоздың тұрып кетіп, аппақ қарға қызыл қан қызғалдақ сияқты шашылғаны, анадай жерде тұрған 4 жасар менің сол көрініске шыр­қырап жылағаным, содан кейін сана қақпағым ашылғаны туралы бастап айтады. Бұл кітапқа 5 жа­сым­нан 60 жасыма дейінгі аралықтағы саналы өмірімдегі басты оқиғалар енді. Көш те бар, қасіретті кезең де, бәрі бар. «Таңға­жайып дүние» деп ат қойғаным – айнала, қоршаған дүниеге көз салу. Осылардың барлығы ғажайып нәрселерге толы. Оқыр­манға осы дүниені көрсеткім келді, өзімді ғана емес. Біреулер:«Мағауин «Мен» деп мемуар жазыпты. Сіздің мемуарыңыздың одан айырмашылығы не?» деп сұрайды.  «Айырмашылығы – тақырыбында, содан-ақ біле беріңдер», – дедім. Ол «Мен» деп өзін ғана жазды.  Ал, мен «Таңға­жайып дүние» деп дүние туралы жаздым. Міне, айырмашылығы осында.

 

«ШӘКӘРІМДІ ЖАЗБАЙ КІМДІ ЖАЗАМЫН»

– «Аққуды атпас болар» атты шығармаңызда Шәкәрім болмысы суреттеледі. Ғұлама Шәкәрім туралы қалам сілтеуіңізге не түрткі болды?

– Шәкәрім тақырыбына барған себебім – Абай ұрпақтарының соңғы тағдырын оқырманға білдіру. Қазір «Абай елінің түлектеріміз» деп кеудесін керіп сөйлейтіндер көбейді. Мен кімнің Абай ұрпақтары екенін айырғым келді. Тәркілеу кезінде Қарасатов деген  Қарағандының жұмысшысы Абай ауданына тап келеді ғой. Сондайларды әдейі жібереді. Мысалы, Аягөзге Сарноғаев дегенді жібе­ріпті. Ол да Қарағандыдан келген белсенді, мақсаттары  елді жою.   Ырғызбайды, Құнанбай әулетін құрту, соны аластау, ауданды тазарту. Ал, Аягөзге келгендерге Ақтайлақ бидің ұрпақтарын жою­ды мақсат еткен. Содан бірін Сібір­ге айдаған, жан-жаққа бытыратқан. Шәкәрімнің өзі қоғамнан безіп, сонау Шыңғыс­тауға бүркіті мен мылтығын алып, саят үйінде түнеп жүрген. Сол жерде жүрген жерінде атып өл­тірді. Шәкәрім Зият дейтін ұлына өзінің астындағы атын беріп, қоржынға бүкіл дүниесін салып беріп, Қытайға саналы түрде қашырған. «Бар қазынам мына қоржынның ішінде кетіп бара жатыр, соны аман сақтап қал», – дейді. Сол Зият алып өткен дүние Шәкәрімнің мұрасы болып қалды. Повесть жазарда мен ол ауданды зерттедім. Тәркілеуден бұрын 30 мыңдай халық бар екен. 1933 жылғы санақта сол халықтан 5 мыңдайы ғана қалыпты. Атылған, шабылған, Сібірге кеткен. Абай­дың ұлы Тұрағыл, немересі Мағауияның ұлы Жағыпар Шымкентте аштан өледі. Оларды 1932 жылы күшпен жер аударған. Шәкәрімнің бәйбішесі, бірнеше баласы Қарауылдың түрмесінде жатып аштан өледі. Оның үлкен ұлы Ахат Семейдегі түрмеде бол­ды. Шәкәрімнің өз басына осындай күн туды. Ауданда аман қалған 5 мың адам кім дейсіз ғой? Пролотарлар, «Совет өкіметінің бел баласымыз» деп ұрандаған кедейлері мен жансыздар, тыңшылар. Абай ұрпақтары құрып кет­кен. Ол әулеттен 7 адам Екінші Дүниежүзілік соғы­сына кеткен екен, қайта орал­мапты. Шәкәрімді қалай атып, қалай өлтіргені туралы повестте анық жазылған. Оның жаназасын да шығартпай, елге бермей құр құдыққа киізге орап тастай сала­ды. Соны қырық жылдан кейін баласы Ахат  қазып алған. Сүйек тік күйінде қалған екен. Оны алып, санап, түгендеп, Абайдың қасына әкеліп жерлейді. Бірнеше жыл бұрын  Абайдың басына бір топ жазушы бардық. Арасы 30-40 метрдей жердегі Шәкәрімнің басына қалақтай ғана ақ тас орна­тыпты. «Шыдаңыз Шәке, 40 жыл құдықта жатып та шыдаған­сыз, сіздің де басыңызға әлі-ақ ке­сене орнайды», – деп дұға қылып едік ішімізден. Ақырында басы­на кесене орнады.   Мен осы шығар­мам арқылы кезінде кәм­пес­ке кім үшін жүргенін, ол қазақ­ты қыруға ғана емес, қазақтың сорпа бетіне шығар қаймағын қалқып алу еке­ніне көз жеткізбек болдым. Генацит деген сол екен. Соны біле тұра, ести тұра Шәкәрім туралы жазбау мен үшін қыл­мыспен тең.

– Жәркен ақын бір сөзінде: «Арғы беттен арып-шаршап Алматыға келген соң, ең алдымен Қабдеш ағамның үйіне бардым. Бауырым келдің бе? Енді алаңдамай өлеңіңді жаз», – дегені есімізде. Сол кездер туралы естелік айтыңызшы?

– Жәркен 1969 жылы бері өтіпті. Жәркен, Айтан, тарихшы Әлімғазы Дәулетхан бар, 20-30 адам бастарына іс түскенде бері қа­шып өткен ғой. Бұлардың да көр­мегені жоқ. Астында аттары болған екен, бірақ аттары омбы қарда қалып қойыпты. «Біз кетіп бара жатқанда жылқылар кісінеп дыбыс берді», – дейді. Шекара бұзған оларды Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов ауданына 2 жылға мал бағуға жібереді. Жәркен сол жер­де жүріп, маған хат жазды. Мен ол кезде Жәркен деген жігітті білмеймін. Ол өзінің кім екенін айтыпты. Сонда маған жазған:

«Қой бағып жүр дегенше,

Ой бағып жүр десейші.

Қойны-қонышын өлеңге,

Қойма қып жүр десейші», – деген шумақтары әлі есімде.

Кейін Алматыға келді. Жұмысқа орналасты. Қасында Айтан деген ақын бар. Екеуі де оқуға түсті. Содан бері Жәркен еліне қызмет етіп, том-том кітап шыға­рып, арқалы, адуынды ақын болып кетті.

– Алжир лагері туралы да қалам тербепсіз...

– Бұл қасірет арқалаған лагер ғой. Мен әр қашан шындық іздеп жүретін жазушымын. Халық жауларының әйелдері деп онмың­даған бейкүнә әйелдерді қамаған «Алжир» лагері туралы «Аранға түскен аққулар» деген шығарма жаздым. Бұлардың ішінде жүздеген қазақ әйелі бар екен. Бұл тақырыпқа ешкімнің тісі батып бара алмады. Сол лагерде Тұрар Рысқұловтың әйелі Ғазиза, Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмел, Бейім­беттің әйелі Гүлжамал болған. Сонымен бірге, бірнеше орыс әйелдері бар. Маршал Тухачовскийдің Лиза және Галина деген екі қарындасы да сонда болған. Осы тектес әйелдердің аянышты тағдыры суреттеледі. Саналы әйелдер әлгінде айтқан Ғазиза мен Дәмелдің ойымен беріледі. Осы лагерге бірнеше рет бардым. Қамалғандар бүкіл Совет одағынан келгендер екен. Жақын жылдары мұражай ашылды. Бір кездегі орыс отаршылдығының бір емес, бірнеше ұлтқа салған лаңын шығармам арқылы жаһанға паш етпек болдым. Он бес жыл (1938-1953) жұмыс істеген лагерде күйеулері үшін әйелдері жауапқа тартылып, 20 мың әйелдің тізімі тұр. Солар езгіде, қамауда өмір сүрді. Іздегенге шындық деген сонда жатыр.

– Тәуелсіздіктен кейінгі жыл­дарда көлемді прозалық шығар­ма­лар көп жазылмай жатыр. Бұл тоқырау ма әлде?

– Мен басқалар туралы емес, өз шығармашылығым туралы айтайын. Осыған дейін 10 роман, 21 повесть жазыппын. Соның ішінде 2 романды, 15 повесті Тәуелсіздіктен кейін жаздым. Повесть әдебиет емес пе?! Онымен қоса, 70-тен астам әңгіме жаздым. Оның да елу нешесі осы жуық жылдары жазылды. Кейінгі кезде роман жазуға да, оқуға да уақыт керек. Сол үшін көптеген жазу­шы­лар шағын әңгімелер мен ша­ғын дүниелерге назар аударса керек.

 

«ЖАЗУШЫ – БОЙЖЕТКЕН ҚЫЗ ЕМЕС»

– Қазіргі қоғамның басты дерті не деп ойлайсыз?

– Президенттің бастамасымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бірақ мұнда ойланатын басты мәселе – нені жаңғыртамыз дегенге саяды. Сананы жаңғырту керек. Бізде құлдық сана, отарлық сана әлі миымыздан, қанымыздан кетпей жатыр. Әлі де «бұрынғы қо­жайын­ға» жалтақтаймыз. Біздің басы­мыз­дан қандай тағдыр өтсе соны айтуымыз керек. Мен әр шығар­мамда осыны ұстандым. Мен бір талай өтірікті әшкереледім. Мысалы, «Түп-тұқиянымнан өзіме шейін» деген кітап бар. Бұны бүгінгінің адамдары жазған. Ал, оны «XVIII ғасырда жазылған, жерден қазып алдық», – деп жұртқа ұсынып отыр. Кітаптың мазмұны тарихи тұлғаларды қорлайды. «Абылайды күңнен туған, Төле би ұрлап алып, бір төренің қолына береді», – дейді. Тек бұл емес, Бұхар жырауды да жағымсыз адам ретінде айтады. Көп уақыт шығарып, осыны әшкереледім. Осы өтірік кітап қағаздың тапшы кезінде 300 мың данамен шықты. Осы үшін жұрттың көбі мені ұнатпайды. Жазушы – бойжеткен қыз емес, көрінгенге ұнағысы келе беретін. Менің біраз уақытым осындай жүйесі жоқ өтіріктерді орнына қоюға, ақиқатты ашуға жұмсалып кетті. Тағы бір дерт біздегі қатыгездік. Ұры-қары, бірін-бірі ату, сату, баласын далаға тастап кеткен әйелдер көбейді. Осы қатыгездік қайдан келді. Адам санасын өзгертетін, қатыгездікті жоятын бірден-бір дәрі – көркем шығарма. Абайды, Пушкинді, Лермонтовты, Шәкәрімді сүйіп, жүрегімен оқыған адамдар ешқашан қылмыс жасамайды. Сол үшін жаппай кітап оқытуды жүзеге асыру керек. Әне көрдің бе? (дәліздегі үйіліп тұрған кітаптарын көрсетті. – Д.Ә.). «Соңғы көш», «Дарабоз» романдарым осында тұр. Баспа осында әкеліп тастады. Біз секілділер өз кітабын өзі са­тады. Қоғамды лас күйінде ұстауға болмайды. Тазарту керек. Ол үшін кітап оқу қажет.

– «Жазушы болу – жан азабы. Ол – ардың ісі» деп жатады. Бұл кәсіптің рахатын сезіне алдыңыз ба?

– Жазушылықтың азап екені рас. Жиырма томдай кітап жа­зыппын. Бұл тілеп алған ауруың. Мен өмірімді қайта бастасам, тағы да жазушы болу жолын таңдар едім. Бұл кәсіптің рахаты – алған сыйлығың, атағың да емес. Әр кітапты бітіріп, соңғы нүктесін қойған кезіңде жүрегіңді бір қуаныш билейді. Ол сәттегі ләззатты ештеңеге айырбастай алмайсың. Қоғамнан мезі болғанда тарихи роман жазудың рахатына батамын. Сол кезіңде сен ежелгі адамдармен сөйлес­кендей бо­ласың. Билермен, хандармен, батырлармен бір табақтан ас ішіп, дәмдес боласың. Осының бәрі рахат. Бұл рахатты тек қалам ұстаған жазушы ғана түсіне алады.

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі Әлімақын 

«Қазақ әдебиеті» газеті,

№7, 15.02.2019 жыл

Abai.kz

 

38 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2274
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591