Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
«Соқыр» Фемида 4771 4 пікір 25 Ақпан, 2019 сағат 10:27

Дон-Кихоттың тірлігі һәм мәнсіз марапат

Бұдан аптаға жуық уақыт бұрын Қостанайда жол-патруль қызметінің екі полицейі өз басшылығы тарапынан сыйлық алды. Олар мұндай құрметке пара алмағаны үшін ие болды. Осылайша елімізде құқықтық тәртіптің сақталуына тікелей жауап беретін саланың сарбаздары сол қылмысты өздері жасамағандары үшін үлкен қошеметке бөленді.

Иә, пара алу – қылмыс. Ал құқық қорғаушының сол қылмысқа өзі ұрынбай, аман кеткендері үшін сый-сияпат алуында қаншалықты қисын бар? Былайынша қарағанда, бұл барып тұрған абсурд, яғни сандырақ нәрсе сияқты. Бұл – адамның өз үйіне өзі түспегені немесе қарауылды өзі күзетіп отырған бақтан жеміс ұрламағаны үшін тарту алғанымен бірдей. Немесе қасқырға қой баққызып қойып, артынан сол қойды жемегені үшін оған қойдың бірін сыйға тартқанмен тең. Дон-Кихоттың тірлігі. Орысша айтқанда, «курам нас смех» болып көрінетін əулекі, дарақы жағдай.

Біз бұл жерде сол сыйлықты алып жатқан полиция қызметкерлеріне атап тұрып кінәрат таға алмаймыз. Олар өздері онсыз да істеуге тиісті нәрсені істеді. Бірақ соны жерден жеті қоян тапқандай жарнамалап, әспеттеп көтеріп жатқан облыстық ішкі істер департаменті басшыларының әрекеті қатты қайран қалдырады. Бұдан шығатын тұжырым: облыста пара алмайтын полиция қызметкерін табу қиынға айналған екен. Мұның өзі ішкі істер органдарын парақорлық пен жемқорлықтың жайлағанын ресми түрде мойындаған болып табылады.

Әлеуметтік желінің жауынгерлері сол үшін де бірден шу көтеріп кетті. «Бұлай бола берсе, әлі жұмысына келген қызметкерге де сыйлық беретін күн туатын шығар» деп жазды солардың бірі. Бұл да мүмкін. Мына қалпымызда оны да көріп қалармыз.

Сонда шынымен полиция қызметінде қолдары таза адам қалмағаны ма? Олардың сапында қазір қандай адамдар жүр? Онда бізге «Ар-намыс кодексінің» не керегі бар? Аты зор бұл құжат кімдер үшін жазылып, қабылданып еді? Ал кодексте: «Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуі тиіс» деп, тайға таңба басқандай анық атап көрсетілген. Бірақ мұнда оларды осы әрекеттері үшін арнайы марапаттау, сый-сияпат көрсету турасында бір ауыз да сөз жоқ. Демек, ішкі істер департаментінің басшылығы кодекстің талаптарын таптап кетіп отыр. Былайынша айтқанда, ол қызметкерлерінің өзгеден ала алмаған парасының орнын өздеріне бөлінген бюджеттің қаржысы есебінен жауып берген болып шығады.

Рас, жемқорлықпен күрес тек біздің құқық қорғаушылардың ғана басты проблемаларының бірі емес. Мұндай мәнді мәселе әлемдегі барлық елдердің дерлік басында бар. Бірақ олардың бәрі бірдей біздегідей жемқорлықпен шырмалған елдердің қатарына жата бермейді. Сонда онымен күрес тізгінін ешбір босата қоймайды. Себебі, жемқорлық деген жегі құрт сәл босаң қалдырсаң, қайта өршіп шыға келетін дауасыз дерт.

Әйткенмен, әр елдің бұл күресте ұстанып отырған тактикалары мен стратегиялары әртүрлі. Алайда, оларда біздегідей салдармен емес, себеппен күресушілік қашанда басымдық алып келеді. Осыған орай берілетін жаза түрлері де әр алуан. Бұлар жай ақшалай айып тағудан бастап, Қытай мен Таиландтағыдай ату жазасына дейінгі аралықты қамтиды. Соның ішінде бұл күресте орасан зор табыстарға жетіп келе жатқан Сингапур, Жаңа Зеландия, Люсембург, Дания, Норвегия, Швеция, Жапония, Корея, Канада секілді елдердің тәжірибелеріне кеңінен тоқталуға болар еді.

Финляндияда, мәселен, жемқорлық деген ұғым да жоқ. Ол елде жемқорлықпен ұсталған адамды бірден қара есекке теріс мінгізіп, елден біржола қуып жібереді. Қайтып келе алмайтындай етіп. Голландияда жемқорлықпен күресте табысқа жеткендерді марапаттау салты бар. Алайда, олардың бұл жөніндегі ұстанымдары мен талаптары мүлде бөлек. Онда өзінің жемқорлықпен күресте ұдайы жетістікке жетіп жүрген адал қызметкерлер сыйақы алу түрінде марапатталып тұрады. Әлбетте, бір ғана факт үшін емес. Бұған қоса, бұл елде қызметке персонал қабылдаудың арнайы жүйесі бар. Ол қызметке келетін маманның жемқорлыққа қаншалықты қатысы болғанын тексереді. Бұдан бөлек, барлық ірі ведомостволарда ішкі қауіпсіздік қызметі жұмыс істейді. Ол қызметкерлерді ұдайы бақылауында ұстайды.

Міне, осылардың бәрін сөз ете келгенде, жоғарыда орын алған жағдайдың тым ерсі екені, оның ешқандай ақылға сыймайтыны анық көрінеді. Мұның өзі бізде марапаттан да мән кете бастағанын айғақтайды. Жұрт онсыз да қаптап жатқан салпыншақ түріндегі қаптап жатқан ордер мен медальдардың соңғы жылдары шүлен таратқандай етіп кім көрінгенге беріліп жатқанына наразы болып жүргенде, сый-сияпат жасаудың мынадай мезіреті қылаң беруі тіпті оғаш болып шықты.

Иә, шынында күндердің күндерінде мемлекеттік қызметкерлерге қызмет орындарына келгендері үшін тарту жасап жүрмесек болғаны...

Серік Пірназар

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3523