Жексенбі, 24 Қаңтар 2021
Саңлақ 2486 4 пікір 22 Ақпан, 2019 сағат 12:19

Бапкерін ауыстырған Қазақстан құрамасы Молдованы жеңді

Кеше Қазақстан ұлттық құрамасы Түркияның Анталия қаласында Молдова футболшыларымен жолдастық матч өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Биыл қаңтарда Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманы бір жылға жуық уақыт баптаған болгариялық маман Станимир Стоиловпен келісімшартты бұзып, Чехиядан Михал Билек деген бапкерді шақырған болатын.

Жаңа бапкерді наурыз айында үлкен сынақ күтіп тұр. 21 наурызда 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі басталады. Біздің құраманың алғашқы қарсыластары Шотландия және Ресей футболшылары. Осы іріктеу кезеңіне дайындық ретінде Молдовамен жолдастық кездесу өтіп отыр.

Бірақ бұл FIFA күнтізбесінде белгіленбеген жолдастық матч болғандықтан құрамалардың рейтингісіне еш әсер етпейді. Екі құрама да ойынға негізгі құрамдағы ойыншыларын шығарған жоқ. Алаңда жастар мен бұған дейін құрамаға шақырту ала алмай жүрген футболшылар өнер көрсетті. Тіпті осы матчқа «Қайрат» командасы бірде-бір ойыншысын жібермей қойды. Қаржыны қала әкімдігінен емес, өз демеушілерінен алатын алматылық ұжымның бұлай істеуге толық мүмкіндігі бар.

Бұл кездесу қос құраманың бапкері үшін де үлкен сынақ алаңына айналды. Бас командаға басты кандидаттар "емтихан" тапсырды. Жас футболшылармен қатар Стоилов кезінде ұлттық құрамадан "қуылған" Азат Нұрғалиев те қайта оралды. Тіпті жаңа команданы жасыл алаңға капитан ретінде бастап шықты. Біздің байқауымызша, болгариялық бапкердің кезінде капитандық міндетті атқарған Дмитрий Шомко жаңа бапкер Михал Билектің құрметіне бөлене алмайтын секілді.

Оралхан Өміртаев

Қазақстан құрамасының жеңіс голын жас шабуылшы Оралхан Өміртаев соқты. Екінші таймда алаңға шыққан Оралхан алыстан керемет соққы бағыттап, көзге түсті. Бұл оның ұлттық құрама сапында қатарынан екінші ойында гол соғуы. Әрі екеуін де қосалқы құрамнан шығып соқты. Өткен жылы "Ұлттар лигасы" турнирінің соңғы турында Грузия қақпасынан саңлау тапқан болатын. 20 жастағы жас шабуылшының қадамы қазақ жанкүйерлеріне қуаныш сыйлап отыр.

Қазақстан – Молдова – 1:0 (0:0)

Гол: Өміртаев 61

Ескерту: Перцух 43

Қазақстан: Дмитро Непогодов (Қ) (Игорь Шацкий 46), Темірлан Ерланов (Рауан Орынбасар 80), Сергей Малый, Сағадат Тұрсынбай (Бекзат Шадманов 66), Дмитрий Мирошниченко (Марат Быстров 46), Дмитрий Шомко, Юрий Перцух, Азат Нұрғалиев (К) (Еркін Тапалов 66), Максим Федин (Рафкат Аслан 88), Роман Муртазаев (Оралхан Өміртаев 46), Бауыржан Тұрысбек (Геворг Наджарян 80).

Бас бапкер: Михал Билек.

Молдова: Дмитрий Челядник (Қ) (Дориан Рэйлян 88), Ион Жардан, Дину Граур, Георгий Антон (Дан Тарас 74), Вячеслав Посмак (К) (Андрей Макрицкий 67), Артем Розгонюк, Александр Антонюк, Владимир Амброс, Николай Милинчану, Константин Санду, Ясер Цуркан.

Бас бакер: Александр Спиридон.

21.02.2019. Анталия, Түркия. «Титаник» стадионы.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

4 пікір