Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3979 0 пікір 5 Мамыр, 2011 сағат 11:39

Амангелді Айталы. Тәуелсіздік және дін (басы)

Қазақстан қоғамының қазіргі жағдайы рухани келісім мен өзара түсіністіктің орын алуымен ерекшеленеді. Ол халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Қазіргі кезде елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезін өткізуге байланыс­ты дайындық жүріп жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев: «Мен еліміздегі діни істер туралы ерекше айтқым келеді» деді. Елбасы дінаралық қатынастардың өте нәзіктігіне аса назар аударды. Оның өзіндік себептері бар. Еліміздегі конфессияаралық қатынастар күрделілігімен және қайшылықтарымен, пікірталастар туғызатын әртүрлі теориялық және тәжірибелік мәселелермен ерекшеленіп отыр. Соның бірі - зайырлы мемлекеттің сипаты.

1. Зайырлы мемлекет атеистік мемлекет емес

Қазақстан қоғамының қазіргі жағдайы рухани келісім мен өзара түсіністіктің орын алуымен ерекшеленеді. Ол халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Қазіргі кезде елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезін өткізуге байланыс­ты дайындық жүріп жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев: «Мен еліміздегі діни істер туралы ерекше айтқым келеді» деді. Елбасы дінаралық қатынастардың өте нәзіктігіне аса назар аударды. Оның өзіндік себептері бар. Еліміздегі конфессияаралық қатынастар күрделілігімен және қайшылықтарымен, пікірталастар туғызатын әртүрлі теориялық және тәжірибелік мәселелермен ерекшеленіп отыр. Соның бірі - зайырлы мемлекеттің сипаты.

1. Зайырлы мемлекет атеистік мемлекет емес

Зайырлы қоғамдағы діннің алатын орны қандай? Діни бірлестіктер қандай қызмет атқарып жатыр және олар әлеуметтік, рухани мәселелерді шешуге ықпал ете ала ма? Діндердің өмірге араласуының өлшемі, шегі қандай дәрежеде болуы керек? Сондай-ақ мемлекеттің де діндер ісіне араласуының жай-жапсары қандай? Неге рұқсат, нені тиімсіз деп қарауымыз керек? - деген сияқты сауалдар бүгін Қазақстан азаматтарын, сондай-ақ постсоциалистік мемлекеттер азаматтарын да толғандырып отыр.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің делегация құрамында 2003 жылы Ресей Мемлекеттік Думасына барған сапарымызда бір топ депутаттарды Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы университетінің ректоры, академик В.А.Садовничий қабылдап, студенттердің рухани тәрбиесіне байланысты мәселелермен таныстырды. Университеттің жанында «Православие мәдениеті институты» ашылып, алдағы уақытта Ислам мәдени институты ашылатынын, жастарды осы арқылы жат діндерден дәстүрлі дінге қарай бет бұруға әрекет жасап жатқандарын сөз етті. Артынша Ресейде «Православие мәдениеті негіздері» пәні мектептерде, басқа да жоғары оқу орындарында енгізіле бастағанда, бір топ ресейлік академик-атеистер, белгілі қоғам қайраткерлері бұқаралық ақпарат құралдарында ашу-ызамен бұл қадамның Конституцияға қарсы екендігін алға тартты. Діннің әу бастан мемлекеттен бөлінгендігіне баса назар аударды. Сондықтан дінге сенетіндердің дінге деген белсенділігін қолдау, оқу орындарындағы факультативтік болса да курс ашу қоғамда діннің үстемдігіне әкеледі деп Ресей Президентіне үндеу де жариялады.
Зайырлы мемлекеттер діннің үстемдігіне де, дінді мансұқтауға да заң бойынша жол бермейді. Дегенмен зайырлы мемлекет пен атеистік мемлекеттің арасын ажырата алмайтын жағдай ТМД елдерінде, Қазақстан қоғамында да жиі кездеседі. Төркініміз Кеңес үкіметі ұлт десе «ұлтшыл» деп айыптауға да­йын тұратын еді. Енді бүгін дін десе, әсіресе, Ислам діні туралы сөз бола қалса, ол дінді ұстанушыларға «экстремист», «террорист», «вахаббист» дейтіндер көбейді. Бұл, біріншіден, көрші славян елде­рінің бұқаралық ақпарат құралдарының бар­лық пәлені мұсылмандардан көріп, оларды құбыжық етіп көрсетіп, өздерін ақтауға тырысушылығынан туып отыр. Бұл, әсіресе, Шешенстандағы соғыс кезінде жиі көрініс берді.
Екіншіден, діншілдікті - «фанатизм», радикалдық іс-әрекеттермен байланыстыратын психология өз ішімізде әлі де көрініс алып отыр. Дін ата-бабаларымыздың құндылығы­ның негізі дегенімізбен, әлі оның парқына бара алмай жүрміз. Орыс ақыны А.Вознесенский айтқандай, «мы некрещенные дети советской империи» деп, бүгінгі қазақтардың да кіндігін негізінен атеистер кескен, рухани тәрбие алмай, енді көп дүниені ой елегінен өткізудеміз. Сондықтан да зайырлы мемлекеттің не екенін біреу біліп, біреу білмей, атеистік мемлекетке теңейді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «дін мемлекеттен бөлінген» делін­беген. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Респуб­ликасы заңының 4-ші бабында «Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген» делін­ген. Ал Конституция заңының бірінші бабында Қазақстан «зайырлы мемлекет» деп жарияланған.
Демократиялық қоғамда дін міндетті мемлекеттік мәртебеге ие емес, бірақ оның өз орны бар. Конституциямыздың 5-бабында: «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр алуандылық танылады» делінген. Дін тек идеология ғана емес, дегенмен Конституцияның бұл тұжырымы дүниеге деген әртүрлі көзқарастың (идеологияның) заң алдында теңдігін, бірақ ешқайсысының анық міндетті еместігін көрсетеді. Конституцияның бұл бабынан экстремистік, радикалдық емес, идеологиядан басқалар, діни де, атеистік те көзқарастар мәдени өмірімізде, бұқаралық ақпарат, сондай-ақ азаматтардың қалауына байланысты меншік түріне қарамастан оқу орындарында уағыздалуы мүмкін. Әрине, бүгін Конституция берген бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Қазақстанда дінтану пәні факультативтік негізде немесе міндетті емес пән ретінде енгізіле бастады, ал жоғары оқу орындарында тек Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында барлық мамандарға міндетті пән ретінде енгізілді.
Мемлекетімізде іштей атеизмнің әлі тұғыры берік. Сырттан таңылып жатқан пікірді қолдай жөнеліп, мешіттер тым көбейіп кетті, қалаларда діни рәміздер басым, бұл зайырлы мемлекетке сәйкес емес деушілер кездеседі. Осылай мемлекетіміз клерикалданып немесе дінге бойұсынып бара жатыр деп те айтушылар бар. Елін, рухани дәстүрін сыйлайтын зайырлы мемлекеттерде мұндай сөздерді ашық айтуға бармайды, оны әдепсіздікке санайды, ал ол елдерде діни ғибадатханалар, ай мен крестер де баршылық.
Конституцияның 22-бабы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабы «дінге көзқарасына» байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет:
- азаматтардың дінге қатынасына, дін таңдауына, балаларының да дін таңдауына араласпайды;
- мемлекеттік органдардың жұмысын діни бірлестіктерге жүктемейді;
- діни бірлестіктерді қаржылан­дыр­майды;
- діни бірлестіктердің жұмысына, егер ол заңға қайшы болмаса, араласпайды;
- әртүрлі діндегі немесе дінге сенбейтін адамдардың, діни бірлестіктердің өзара сыйластықта, төзімділікте болуына ықпал етеді.
Ал діни бірлестіктер:
- мемлекеттік биліктің қызметін атқармайды және мемлекттік органдардың жұмысына араласпайды;
- саяси партиялардың жұмысына қа­тыс­пайды, оларға қаржылай қолдау көр­сетпейді;
- мемлекеттің заңнама талаптары мен құқық тәртібін сақтауға міндетті.
Діни ұйымдар мен мемлекеттің қоғамға ықпалы бірдей емес. Ел тұрғындары, негізінен, мемлекеттің азаматтары, ал наным-сенім жағынан олар әртүрлі дінге жатады, болмаса атеист, дінге бейжай, себебі адамның наным-сенімі тек дінмен шектелмейді. Мемлекеттің заңдарын орындау барлық азаматтардың міндеті десек, ал діни қауымдастықтардың, адамдардың, бағыт-бағдарларының орындалуы азаматтардың калауына қарай болады.
Мемлекет пен діннің қызметін анықтау, олардың арақатынасын ажырату, заң алдында олардың теңдігі, олардың ортақ мүдделері барлығын жоққа шығармайды. Сол себепті дін мен мемлекет арасында шекара жоқ.
Дін мен ғылым арасындағы қарым-қатынастарға да жеңіл-желпі қарауға немесе қайшылықтарды ымыраға келмейтін кереғар жақтар деп түсінуге тағы болмайды.
2009 жылдың 12 ақпанында Еуропа Ғылыми қауымдастығы Чарльз Дарвиннің туғанына 200 жылдығын атап өтті. Дарвинизм теориясы туралы әлі де әлемде пікір қайшылығы бар. Мұсылмандар онымен ымыраға келмей, жоққа шығарса, басқалар жартылай мойындайды, үшіншілер оны толықтыруда. Пікірталас әлі жалғасуда. Католиктер арасында дін мен ғылым арасында адамның пайда болуы туралы айтыс бірте-бірте мәмілеге келетін сияқты. Бүгін бірқатар шіркеулер Ч.Дарвиннің эволюциялық іліміне қарсы емес, адамдардың - биологиялық, физиологиялық жағынан жануарлармен ортақ ұқсастықтары барлығы айтыс тудырмайды, ал оның жанын жаратушы Құдай дегенге тоқтайды. Адамның тәні мен жаны сияқты, ел халқының болмысына етене жақын, сіңіскен дінді мемлекеттен түгел ажыратуға болмайды. Осылай адамзат екі билікке бас иеді: дінге және зайырлы мемлекетке деген қағида қалыптасып келеді. Атеистердің жөні бөлек. Мемлекет адамдардың тәнін билесе, ішіп-жеуін, тұрмыстық жағдайын, денсаулығын реттесе, жаратушы ол дүниеде де, бұл дүниеде де адамның жанын билейді. Қазақ ойшылдары «жан дүниеге қонақ екен, дүние деген шолақ екен» деп талай айтқан. Дін адамдар Алла алдында бірдей десе, мемлекет адамдар заң алдында бірдей дейді. Мемлекет өз адамдарына елдің азаматы ретінде қараса, дін адамдарға Алланың сүйіктісі ретінде қарайды. Осы тұста зайырлы қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана үйлесіп, қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана үйлесіп жатыр.
Дін мен ғылым, жан мен тән мәселелері төңірегінде әлі де пікір алмасу толастар емес, біз ғылымдағы пікірлерді ғана ортаға салып отырмыз.
Халықтың күш-қуатты, жұбатуды, жан жарасына емді діннен де іздейтіні анық. Бұқаралық ақпарат құралдарында Қы­зылағаш­тағы қайғылы оқиға тұсында, сондай-ақ жергілікті жердегі ұлтаралық қақты­ғыстар кезінде дінбасыларының өз ұстанымдарының болмағанына, елді жұбата алмағандығына, араздасқандарды татуластыра алмағанына сын айтады. Ол адамдар тек елдің азаматтары ғана емес, мұсылмандар емес пе деген уәж айтылды. Сын орынды сияқты. Ал беделді сырттан келген діни топтар жинаған.
Бірқатар зайырлы елдерде діни бірлес­тіктер елде болып жатқан, әсіресе, адам өлі­міне байланысты оқиғаларға өз бағасын беріп, не себепті христиандар, мұсылмандар, басқалар қаза тапты деп дін тұрғысынан билікпен пікір алмасып жатады. Мемлекет те діни бірлестіктерге байланысты өз ұстанымын ашық білдіреді. Ондай диалог заңды, ал кейде тіпті мемлекет пен дін арақатынасын шешуде сотқа жүгінуде жиі көрініс алады.
Сонымен, зайырлы мемлекет атеистік емес. Мемлекет азаматтарды мейірімділік, пат­риотизм, сабырлылықты уағыздайтын діннің қолдауына мұқтаж. Ал тарихи құнды­лықтарымыз, дініміз мемлекеттің қолдауын қажет етеді.

2. Қазақстандағы діни ахуал туралы бірер сөз

Ежелгі қазақ хандығының мұсылман мемлекеті, оның ресми діні әрі идеологиясы Ислам діні болғандығы бүгін талас тудырмайды. Мемлекеттік рәмізі - жасыл ту, қазақ тұрмысына негізделген заңнамасы - «Жеті жарғы» мемлекеттің құқықтық, мәдени негізі болды. Қазақ хандары Құранды сүйіп ант берген. «Сегіз қырлы» жігіттің бір қыры - мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан білімді қазақтар арабша, парсыша оқи білген, араб елдерінен білім алған. Қазақ ұлт болып мұсылмандықтың негізінде ұйыған, қазақ болмысы, дәстүрі мен Ислам діні біте қайнасып сіңіскен, Ислам ұлтымыздың салтына бейімделген. Тіл мамандарының айтуынша, қазақ адам аттарының жетпіс пайызы - күні бүгінде араб, парсы тілдерінен. Ислам дінін қабылдағаннан кейін кісі аттарында Мұхам­мед, Қожа, Саид (Сейіт), Ибраһим сияқты аттар жиі кездеседі. Бұқара халық үшін дін мен тәуелсіздік, дін мен патриотизм - ажырамас идеялар. Патша үкіметіне қарсы күресте діни ұрандар халыққа қуат берген. «Ат құйрығын сүзіңдер, «Аллалап» атқа қоныңдар!» деп би, жыраулар бата берген. Діни әдет, уағыздар халықтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздеріне де енген. «Халықтан ұял, Құдайдан қорық», «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Тәңірі табады», тағы басқалар. Бірақ осындай мол мұрамыздан соңғы ғасырларда қазақ ұлты айырыла бастады.
Кеңес заманында Қазақстанды басқа респуб­ликалар сияқты «атеизм салтанат құрған» елдер десе, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ға­сырдың басында, біз, керісінше, Ислам мем­лекеті болдық, Ислам Конференциясы Ұйымына мүшеміз. Биыл, 2011 жылы, сол Ұйым­ға төрағалық етеміз. Елімізде он екі миллиондай мұсылман бар. Ислам - күнделікті тіршілік, өмір салты ғана емес, ол мәдениет, өмірлік позиция, дүниетаным, бір сөзбен айтқанда, тұтас өркениет ретінде енді қайта дами бастады.
Еліміздегі діни ахуалды сараптағанда, діни бірлестіктердің санының өскендігі, культтік орындардың көбейгені назар аудартады. 2010 жылдың басында елімізде 3776 діни бірлестіктер мен 561 діни топтар тіркелген. Сан жағынан ең көбі мұсылман діни қауымдастықтары мен топтары - 2697. Ислам дінін ұстаушылар да, Ислам ғибадатханалары да сан жағынан басым - 2343. Ал 1990 жылы небәрі 46 Ислам бірлестіктері мен 46 мешіт болған.
1999 жылғы жалпыұлттық санақта дін туралы сауал енгізілген жоқ. Ал 2009 жылғы санақ осы олқылықтың орнын толтырып, дін мәселесіне назар аударды. Ел халқының 70,2 пайызы - Ислам, 26,2 пайызы - христиан, 0,1 пайызы буддизм дінін ұстанатыны анықталды.
Бүгін бірқатар ТМД елдерінде «Мем­лекеттің рухани тұрағы не?» деген сауалға жа­уап іздеуде. Басты тіректің бірі дін мен мәдениет екені даусыз. Осы тұста, әрине, аға ұрпақтан гөрі мәселе жас ұрпақтың діндарлығына, оның діни идеяларды, догматтарды қабылдауы туралы болып отыр. Ғылыми әдебиетте жастарды діни сеніміне қарай бес топқа бөледі:
1. Әртүрлі діннен хабардар, бірақ әлі діни бағыт, бағдарламалары толық анықталмаған.
2. Өздерін «қазақпыз», сондықтан «мұ­сыл­манбыз» деушілер, бірақ дінге әлі толық ен­бегендер. Бұл - сан жағынан ең басым топ.
3. Кейбір мұсылман салт-дәстүрін орындаушылар, мұсылман салтымен неке қию, жа­назаны да қолдаушылар. Бұлардың саны өсуде.
4. Дәстүрлі мұсылмандар: ораза ұстай­ды, намаз оқиды, мұсылман парыздарын орындауға тырысушылар.
5. Басқа дінді ұстанатындар, олар көп емес: аралас некеден туғандар, балалар үйінде тәрбиеленгендер, сондай-ақ тұрмыс жағдайына байланысты басқа дінге ауғандар, әлі де ізденіс үстінде жүрген жастар.
Діни сенімнің таяз екені де рас, ол заңды, біз әлі атеистік мемлекеттің ызғарынан арылған жоқпыз. Заң бойынша азаматтардың атеист дүниетанымын таңдауға да құқы бар. Дінді мойындайтын жастардың арасында діни әдеппен үйлеспейтін мінез-құлықты қолдау қатар жүретіні де белгілі. Діндар жастар ұрлыққа, темекі тартуға, тіпті жемқорлыққа, құмар ойындарға қарсы емес. Бұл өмір қайшылықтарынан туып отыр. Жемқорлық, әсіресе, тұрмыстық жемқорлық, ұсақ-түйек пара беріп, мәселені шешуге етіміз үйренгендіктен де болар. Қазақтар «орамалын беріп, шаруаны бітірдік» деп жатады.
Дінге сену елімізде бақсылық, сиқырлы күштер, бал ашу, құмалақ салушылар, сәуегейлік жасаушыларға сеніммен де қатар жүруде. Тіпті теледидардан «барлық аурудан емдеймін», «барлық отбасылық мәселелерді шешемін» деген сияқты жүгіртпе жолдар арқылы күнде жарнама жасалып жатады. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының да тым коммерцияланғандығын көрсетеді. Әрине, Ванга сияқты көріпкелдер, халық мойын­даған бірен-саран емшілердің жолы бөлек.
Негізінен, жастардың басым көпшілігі жемқорлықты, ұрлықты, басқа да адам­гершілік жолынан тайғандарды сынайды. Ал енді «Қандай жағдайда Сіз дінге жүгінесіз?» деген сауалға бірқатары «рухани қолдау кажеттілігінен» десе, басқалары «басыма қиындық түскенде», «діни мерекелерде», «неке қидырғанда» деп жауап береді. Ал енді мұсылмандар ішінде «мешітті қастерлеймін», «мешітті жүрегімде болса деймін», «Құранмен терең танысқым келеді», «Намаз оқи бастадым», «Араб тілін меңгергім келеді» дегендер де баршылық.
Еліміздегі Ислам діні туралы мәселе болған тұста әйелдердің бас киімі хиджаб мәселесі жиі сөз болады. Бұл - шындығында, әлемдік мәселе. Хиджаб - араб сөзі, «жамылғы» деген мағына білдіреді, әйелдердің басын, мойнын жауып тұратын орамал. Никаб - әйелдердің тек көздерінен басқа бетін жабатын, Сауд Арабиясында шиит мұсылмандар арасында тараған бас киім. Паранжа - Ауғанстанда тараған, бетті толық жабады, тек көздерінің тұсында ойылған жерлері бар. Бұлар қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімдері емес. Мұсылман елдерінің әйелдері де бұл киімдерді кие бермейді. Мұны дін ұстаудағы маңызды фактор етіп көрсетудің қажеті жоқ.
Әлеуметтанушы-ғалымдар хиджаб киюіне қарай қазақ әйелдерін бірнеше топқа бөледі. Мұсылман әйелдерінің бір тобының санасында бұл киім - жаңа діни рәміз. Олар Ислам дінінің негізі мен тарихына, араб тілін меңгеруге зор мән бергенмен, қазақ тілін тіпті білмеуі де мүмкін. Сондықтан олар үшін ұлттық құндылықтан гөрі дін басым.
Екінші топтың ұстанымы өзгеше. Бағзы заманнан бес уақыт намаз, діни мерекелер, жерлеу рәсімдері, ораза кезінде, басқа жағдайларда да әйелдер орамал киді. Хиджаб - дегенмен қазақтың бөрік, сәукеле, тақия, кимешек-жаулығы емес, оны киюдің астарында қазақтың ұлттық киім кию дәстүріне қарсылық бар.
Мұсылман әйелдер арасына өзінше діни орта қалыптасып келеді. Бұл ортада хиджаб киген әйел психологиялық жағынан колдау табады, діни білім алуға да мүмкіндігі бар. Зерттеушілер діни қауымдастық арасында хиджаб киген қыз өзіне көзқарасы жақын жұбай да табады деген болжам айтады, кейде тіпті хиджаб киген әйелге ашық-шашық жүргендерге қарағанда жұмыс табу қиын емес деген пікір айтылады. «Халал сүт емген жолықса, болар ма еді арманың» деп Шортанбай ақын айтқандай, хиджаб кию көңілінде Құдай барлығының нышаны сияқты түсінік тарап келеді.
Хиджаб төңірегінде пікірталас 1989 жылы Францияда әйгілі «орамалдар ісіне» байланысты болды. 1989 жылы Крея қаласында орамал тартқан үш мұсылман оқушы қыз бала мектептен қуылды. Мәселе саяси мән алып, діни сенім бостандығының кепілдігі туралы айтыс туды. Сонымен бірге қоғамда мұсылман әйелдерінің өздері діни, мәдени ерекшеліктеріне арнайы мән-маңыз беретіндігі белгілі болды. Осы саяси-мәдени құбылысты зерттеген америкалық ғалым, Гарвард университетінің профессоры Шейла Бенхабиб хиджаб тарту мұсылман әйелдерінің жоқшылық, сауатсыздық, зиялылығының төмендігінен еместігін дәлелдеді.

3.Еуропадағы діндер мен мемлекет қарым-қатынастары

Дін тұрғысынан бүгін Еуропаның келбеті өзгеруде, кейде тіпті христиандықтан кейінгі Еуропа деп жатады. Қазіргі кезде христиандық құндылықтар өз мәнін жоя бастаған сияқты.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Парламент делегациясының құрамында Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барғанымызда, біз үшін өте ыңғайсыз жағдайдың үстінен шықтық. Бағдарламаға сәйкес бізді Антверпен қаласының губернаторы қабылдады. Қабылдаудан кейін ғимараттың бір шетінде салтанатты шара өтіп жатқанын байқадық: музыка, ду қол шапалақ. Барсақ, екі жігіт некелесіп, достары, туыстары оларды құттықтап жатыр екен. Жындыханада болған­дай әсер алып сыртқа шықтық. Келесі кездесуіміз қаланың священнигімен еді. Ол бізді күтіп отыр екен. Алғашқы сауалымыз діннің біржынысты некеге ұстанымы болды. Священник «Біздің қоғам азды, Жаратушы біреумізді ер, екіншімізді әйел етіп, жұптасып, отбасын құрып, ұрпақ өсіруге бұйырды. Біз болсақ, біржынысты некені заңдастырып, Жаратушыға, табиғатқа қарсы іс жасап жатырмыз» деді. «Сіздер» деп сөзін жалғастырды ол: «депутат екенсіздер, біржынысты некені қолдайтын заң қабылдамаңыздар. Естеріңізде болсын, сіздер құрметтеп қарсы алып, қонақ қылып жүрген біздің лауазымды адамдар, депутаттар, министрлер, басқалардың да бірқатары біржыныстық некеде тұрады. Сіздер оны білмейтін де шығарсыздар».
Демократия дегеннің екінші жағы да бар. Еркіндік әкесінің қызына үйленуіне, баласын анасына үйленуіне, еркек пен еркек, әйел мен әйел некелесуге, денем өзімдікі деп, оны сатып жезөкше болып, табыс табуға жағдай туғызып отыр. Еуропада балалардың 30 пайызы некеге тұрмағандардан туады. АҚШ-та балалардың тек 50 пайызының не әкесі, не анасы ғана бар, жалғызбастылар көбеюде.
Әрине, Еуропада шынайы христиандық бар, тақуа, құлықты, діндар азаматтар да көп. Сондық­тан христиан дініне деген салқындық­­­қа, бұл рухани дағдарысқа үлкен алаңдаушы­лық білдіріп, адамгершіліктің қазығын Еуропа діннен іздеуде. Еуропа мемлекеттері барлық діни топтар мен ынтымақтасуға ықыласты, бірақ барлығына бірдей бейімді емес, діндерге үлкен таңдау, талғампаздық танытады. Қоғамның іргелі тарихи құндылықтары, мәдениетімен үйлесетін діни бірлестіктер мен жарасымды қарым-қатынас орнату басты мақсатқа айналса, басқаларға тек төзімділік қана танытады, кейде қысым да жасайды.
Еуроодақ елдеріндегі мемлекеттер шартты түрде зайырлы және ресми діні бар мемлекет деп бөлінеді. Еуропа және қазақстандық ғалымдар діндердің құқық мәртебесін пирамидаға теңеп жатады.
1. Пирамиданың төбесінде сол ресми дінді мемлекеттер тұр: олар - Ұлыбритания, Дания, Норвегия, Греция, Болгария сияқты мемлекеттер, олардың шіркеулерін, дәстүрлі діндерін мемлекет толық қаржыландырады.
Нақтырақ мағлұмат алу үшін Норвегиядағы діни сенім жағдайына тоқталайық. Норвегияда дін мен мемлекет бөлінбеген. Ресми діні - евангелистік-лютерандық шіркеу. Норвегиялықтар өз дінін жарнамалауға әуес емес, діни шараларға қатысуға аса белсенділік танытпайды. Ресми дінді ел халқының 88 пайызы қолдайды, балалардың 75,7 пайызы шіркеуде шоқындырылады. Халқының 6,2 пайызы қай дінге де бейжай қарайды, олар атеист те емес. Елде жүз мыңға жуық мұсылмандар бар. Норвегия королі - шіркеудің де басшысы. Шіркеуді қаржылай қолдауға дін ахуалына жауапты мәдениет және шіркеу істері жөніндегі министрлік бар. Епископтар мен священниктерді осы министрлік тағайындайды. Парламент депутаттарының басым көпшілігі де - евангелистік-лютерандық діндегілер. Мектептерде де заң бойынша «Христиандық діндер және дүниетаным» пәні міндетті түрде жүргізіледі, сабаққа оқушылардың қатысуы талап етіледі. Бұл пәннің енгізілуі туралы қоғамда пікір әртүрлі: қолдаушылар да, қарсыластар да бар. Бірақ «Білім туралы» Заң христиандық, басқа әлемдік діндер, өмір философиясы туралы жастардың білуін талап етеді. Христиандық - Батыс өркениетінің мәдени мұрасы ретінде жоғары бағаланады.
2. Ал Германия, Франция, Испания, Авст­рия, Италия сияқты зайырлы елдер пирамида­ның бел ортасында, дәстүрлі діндерін қолдау үшін әртүрлі конфессияларды қатал түрде жіктеп саралайды, артықшылықтар христиан шіркеуіне берілген. Германия, Румыния, Бельгия, Чехияда оның қызметі қаржыландырылады. Бельгия мен Германияда мектептерде діни тәрбие беріледі. Италия, Бельгия, Польша, Нидерланды, Австрия, басқа елдерде христиандық-демократиялық партиялар жұмыс жасайды. Германия, Греция, Польша, Италияда әскерде діни қызметкерлер ұстайды. Испания, Чехия, Словакияда шіркеуде тіркелген некенің заң күші бар. Бірқатар елдерде діни қауымдастықтар салықтан жеңілдіктер алады. Сонымен, Еуропаның зайырлы елдері саяси өмірде, дін тәрбиесінде және әскерде дінді ашық қолдап отыр. Сондықтан шіркеу мәртебесін алу, оны тіркеу өте қиын, ол үшін Австрияда - он алты мың, Румынияда - жиырма мың, Чехияда - он мың мүшелері болу қажет және діни дәстүрден айнымайтын, осы мемлекетте 10, тіпті кейбір мемлекеттерде 20 жыл өмір сүрген, қоғамға пайдалы, адамгершілік қағидаларына қайшы келмейтін қауымдастықтар тіркеледі. Ал бізде қауымдастық он адам болса тіркеле береді. Аталған мемлекеттердегі жауапкершілікті осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Еуропаның бірқатар елдері Ватиканмен келісім арқылы түрмелер мен ауруханаларда діни салт-жоралар өткізуге, өздерінің жеке балалар бақшалары, мектептер, жоғары оқу орындары, денсаулық мекемелерін ашуға мемлекет есебінен білім мекемелерінде дін пәнін оқытуға құқық береді және діни неке мен мемлекеттік некенің бірдейлігін мойындайды. Айта кету керек, осындай келісім Ватикан мен Қазақстан арасында да бар, ол еліміздегі католиктерге жақсы жағдай туғызып отыр.
Сондай-ақ арнаулы комиссиялар секта­лардың қызметін қадағалап, елдегі жағдайды талдап, шешімдер қабылдайды. Әсіресе, адамдарды таза жолдан адастыратын секта­ларға қарсы заң қатаюда. Діни салттар мен дәстүрлер қолдауда, негізінен, отбасына зор мән беріледі. Балаларға ата-аналарының дінін қабылдауға, жастардың басқа діндерге өтуінен сақтандырады. Діни дәстүрлерді дәріп­теуде салтанатты діни мерекелердің орны бөлек.
3. Пирамиданың табанында мемлекет қаржылық қолдау көрсетпейтін, бұқаралық ақпарат құралдарына қол жетімсіз, өз дінін мектептерде оқытуға тыйым салынған діни ұйымдар, олардың ішінде мұсылман қауымдастықтары бар, оларды кейде құбыжық етіп көрсетуге тырысады. Мысалы, Норвегияның бұқаралық ақпарат құралдарында, негізінен, Ислам туралы жағымсыз пікір қалыптастыруға тырысады. Мұсылмандықты қылмыстылықпен, сондай-ақ норвегиялық өмір салтынан бөтен деп сынайды, 2010 жылы Мұхаммед Пайғамбарға «Dagbladetu» газетінде карикатура шықты. Мемлекет тарапынан ол сынға алынбады. Исламды жеккөрушілік елде айқын көрініс алды, оны Еуропалық комиссия да бүгін сынап отыр.
Қара басының қамын ойлайтын еуро­палықтар ұрпақ мәселесіне ойланбайды. Сондықтан Еуропаның басын ауыртатын - демографиялық мәселе. 1960 жылы еуропалықтар әлем халқының төрттен бірін, 2000 жылы алтыдан бірін құраса, болашақта оннан бірін құрайды. Еуропада бүгін 20 млн. астам мұсылмандар тұрып жатыр. Олар христиандыққа икемделмей, өз дінін, тілін, дәстүрін қолдауда, бірақ мемлекеттің тілін меңгерген, заңын сақтайды. Еуропалықтар болса, оларға христиан құндылықтарының толық сіңгенін қалайды. Демографиялық дағдарысқа байланысты мұсылман елдерінен келетін жұмыс күшін Еуропа пайдалануға мәжбүр. Екінші жағынан, олардың рухани тәуелсіз ұстанымымен келіспейді. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы қоғамда орын алып отырған еуропалық мұсылмандарға деген нәсілдік, ұлттық жеккөрушілік, Исламмен лаңкестікті, зорлық-зомбылықты байланыстыру сияқты көзқарастарға тыйым салуды талап етіп отыр.

Жалғасы бар

Амангелді Айталы,
Ақтөбе мемлекеттік педагогика
институтының профессоры,
философия ғылымдарының докторы

«Ана тілі» газеті

0 пікір