Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3232 0 пікір 5 Мамыр, 2011 сағат 03:11

Шынай Рахметұлы. Дүбәра, дүрегейлер мұнда да көп

Моңғол Алтай тауындағы мұзарт ішінен қазылып алынған сардардың мүрдесі мен сауыт-сайман, әсей-мүсейін, әсіресе бұлғын жарғақ ішігін, ішігінің пішінін көргенде аты-жөні беймәлім ата-бабаң тіріліп келгендей болып, көзіңе оттай басылады. Моңғол, Ресей, Германия жер шенеушілерінің Баян-Өлгий аймағының өңірі Көп көпір бойындағы мұзарттан тауып, Новосибирьскде «қалпына» келтіріп, 2008 жылы қарашада Улаанбаатарға әкелінген бұл тарихи мұразаттың біздің жыл санауымызға дейінгі төрт ғасыр бұрын өткен адам қоғамын зерттеуге жан-жақты маңызды болары даусыз, ал біз үшін мақтаныш - осы ішік қазақтың ұлт жанды ұрпағы бүгінге дейін киіп келген ішікке аумай-танбай ұқсағандығында болып отыр. Сәні де айшықты, мәні де астарлы қазақтың киім үлгісі қазірде әлемнің көптеген халықтарына тарап үлгергеніне таң қаласың. Киімде ғана емес, мінез-құлық, күш-қайрат, салт-санасында қазақтың ежелден ерен қасиеттерін санасаң сан жетпейді. Ал солай бола тұра қазақша киінуден, қазақша сөйлеуден именетін емес-ау, именудің, қорқудың күні кетті ғой, ерсі көретін, безінетін қазақтың бар болатыны қалай? Әсіресе ана тілін білмейтін, ағылшын ба, орыс па, қытай ма әйтеуір басқа бір тілді тәуірірек білетін, сол арқылы өзін жеттім деп санайтындар ана тілімізді осылай қор тұтатын тәрізді.

Моңғол Алтай тауындағы мұзарт ішінен қазылып алынған сардардың мүрдесі мен сауыт-сайман, әсей-мүсейін, әсіресе бұлғын жарғақ ішігін, ішігінің пішінін көргенде аты-жөні беймәлім ата-бабаң тіріліп келгендей болып, көзіңе оттай басылады. Моңғол, Ресей, Германия жер шенеушілерінің Баян-Өлгий аймағының өңірі Көп көпір бойындағы мұзарттан тауып, Новосибирьскде «қалпына» келтіріп, 2008 жылы қарашада Улаанбаатарға әкелінген бұл тарихи мұразаттың біздің жыл санауымызға дейінгі төрт ғасыр бұрын өткен адам қоғамын зерттеуге жан-жақты маңызды болары даусыз, ал біз үшін мақтаныш - осы ішік қазақтың ұлт жанды ұрпағы бүгінге дейін киіп келген ішікке аумай-танбай ұқсағандығында болып отыр. Сәні де айшықты, мәні де астарлы қазақтың киім үлгісі қазірде әлемнің көптеген халықтарына тарап үлгергеніне таң қаласың. Киімде ғана емес, мінез-құлық, күш-қайрат, салт-санасында қазақтың ежелден ерен қасиеттерін санасаң сан жетпейді. Ал солай бола тұра қазақша киінуден, қазақша сөйлеуден именетін емес-ау, именудің, қорқудың күні кетті ғой, ерсі көретін, безінетін қазақтың бар болатыны қалай? Әсіресе ана тілін білмейтін, ағылшын ба, орыс па, қытай ма әйтеуір басқа бір тілді тәуірірек білетін, сол арқылы өзін жеттім деп санайтындар ана тілімізді осылай қор тұтатын тәрізді. Сөйте тұра ұлтым қазақ, Қазақ елінің азаматымын деуі «дін үшін емес, күн үшін» Қазақ елінде жан бағып жүргендігін көрсететіні айдан анық. Тілін білмеген пенде бұл халықтың тарихын, салт пен санасын мұң-мұқтаж, қуаныш-шаттығын, жалпы жан дүниесін толық біле алар ма екен? Біле алмаса бұл елге жау тиіп бара жатса да жаны ашымақ емес.

Жалпы өз тілі қайсыбір ұлттың, мемлекеттің төрт тірегінің бірі. «Измдер» өзгерсе де өзгермейтін бір қағида осы. Қайсыбір елдің мемлекеттік шекара ішіндегі алақандай жерінің өзін мынау «ұлтаралық жер», мұны еншілеп алуыңа бола береді десек заңға сәйкесіп, ақылға сияр ма еді? Олай болса тіл дәл солай. Бір мемлекеттің ұлттық тіліне заң бойынша толық үстемдік берілмесе, ол елдің тәуелсіздігі толық кемеліне келе алмағандығын көрсетеді.

Зәудеғалам заңда ондай көлгірсу бар болады екен, биліктің қателігі емес ол, билік иелерін азат сайлаумен биікке көтерген көпшіліктің өзінде енжарлық бар болғаны. «Бір іс бар: айтуға болатын, істеуге болмайтын; істеуге болатын, айтуға болмайтын; айтуға да, істеуге де болатын; айтуға да, істеуге де болмайтын» дейтін сөз бар. Сол сияқты айтпасқа, істемеске болмайтын бір іс бар. Ол - біздің қазақтың өз құндылығын бағалай алмайтындығы. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» - дейді бәрі түгел ділмәрсіп. Сөйте тұра ұлт мүддесіне жан-тәнімен берілетіні санаулы. 20-дай жылдың алдында атамекенде біраз уақыт болған кезімде бір ағамызбен әңгімелестім. Тілінен май емес-ау, бал тамады. Ұлтжандылығы үшін іші-бауырым елжіреп барады. Сөйтіп отырғанда «папалап» жанына бір жас  жігіт жүгіріп келді. Орысшалай жөнелді. Ақсақалым оған қазақша әлденелерді айтып еді, анау ұқпады. «Ұлтжанды» шалым менен ұялды-ау деймін, орнынан атып тұра келіп, баласын оңаша ала жөнелді. Өз перзентін қазақша тәрбиелеп жарытпаған, мұндай «ұлтжандылардан» не қайыр? Қазақтың бірер буын ұрпағының осылай қалыптасқанына олар кінәлі деп айып тағу қиын, бәрі де шырғалай отырып кеңестік «біртұтас ұлт» болғызу, «кеңестік өмір салтын» мәжбүрлеп қалыптастырудан болғаны рас. Алайда бүгін ше, бүгін егемендік, еркіндік берілген, мемлекеттік тілді дамыту қоры құрылып, оған ел президентің өзі қаншама млн теңге аударып отырғанның өзінде «қазақ тілі ағылшын мен орыс тіліне төтеп бере ала ма?» деген күмән туғызудың себебі қазақтың ағылшын болып, орыс болып мәдениет пен өркениеттің биігіне шырқағандығын емес, ақыланбай-ақ, ақы беріп үйренуге, тұтынуға тиіс. Ана тілінен мақұрым қалып етекке домалаған таудың тасындай құлдырап бара жатқандығын айқындап отыр.

Моңғол елінің негізгі заңында: «Моңғол тілі - мемлекеттік ресми тіл болып табылды» делінген. Бұл жерде осы елдегі екінші ұлт болушы біздің қазақтар «Қазақ тіліне екінші тіл деген мәртебе бер» деп өңешін созған жоқ, бұл орынды да. Өйткені мемлекет қазақтікі емес, моңғолдікі ғой. Осы заң бойынша «жоғарыдағы тармақ халықтың басқа тілдегі ұлт азшылығын оқып-үйрену, өзара қатынасу, мәдени, өнер, ғылыми іс-қызмет жүргізу құқына нұқсан келтірмейді» деп заңдастыруының өзіне де шүкіршілік етеміз. Обалы не, мемлекеттік іс-шараларды ресми тіл - моңғол тілінде жүргізіп отырсың ба, жоқ па деп те жоғарыдан қарауыл қаратып, қадағалау жасамайды. Алайда қазақ өзіміздің қанымызда көлгірлік бар-ау деймін, моңғолшалай жөнелеміз. Осы орайда мысал ретінде 1978 жылы Орталық комитеттен Баян-Өлгийліктерге қаратылып «Интернационалдық тәрбиені күшейту туралы» қаулы қабылданып, оның негізгі найзасы қазақ тілін ығыстыруға бағытталғанда халыққа жат бұл саясатты қызу қолдап қазірде біршамасы жиырмадай зиялының сөз сөйлегенін алуға болады. Ал солар шын білімді интернационалшылдар болса Лениннің және Сталиннің тіл туралы қағидаларын, соның ішінде балаға қаршадайынан ана тілінде білім, тәрбие беру туралы айтқанын ұстанған болар еді. Жалпы әр уақытта білімі таяз, шанағы шамалы, жағымпаз, екі беткей, анасына, ұлтына жатбауырлар ғана бұл іске салқын қарайды. «Дәмін татсаң дәстүріне бағын» деген сөз бар моңғол халқында. Осы елдегі қазақтар олармен сол дәстүріне сай, моңғол тілімен қатынасамыз. Оның салдарынан өз ана тілімізде, салт-дәстүрімізге нұқсан келмейді.

Қазақстандағы қазақ емес кейбір ұлт өкілдері қазақ тілін мықты игеріп, қазекеңнің өзін жаңылдыра сөйлеп тұрғанын көгілдір экраннан көріп разы қош болып жатамыз. Әнеки, текті, мәдениетті адамдар деп соларды айт. Ондайларға мемлекеттік тілді дамыту қорынан қолдау көрсету де лайықты. Сонымен қатар кім де кімнің Қазақстан Республикасының азаматтығына алынуы, мектепке қабылдануы, қызметке тағайындалуы үшін басты сынақ, өлшем қазақ тілін, қазақтың тарихын белгілі дәрежеде білетіндігі болуы тиіс. Олардың деректемесінде жазылған ұлты, есімі қазақ болуы жеткіліксіз, зиялы азаматтар болса оларға ұлттық мүдде тұрғысында нендей бір іс тындырғандығы туралы талап қойылуы артық болмайды. Айталық, 1990 жылдарда Алматыға Улаанбаатардан қоныс аударған жазушы Жәмлиха Шалұлы саналы ғұмырын қазақ әдебиетін моңғол жұртына насихаттауға сарп етті. Қазақтың айтулы ақын, жазушылары дерлік соның арқасында моңғолша сөйледі. Ұлтын таныту арқылы пәлен жыл жалақы алғаны болмаса оның еңбегі жат елге сіңді деуге келе ме? Қытайдағы қандастар қазақтың көне әдеби мұраларын жинақтауға көлемді үлес қосты. Қазақстанның әр сатыдағы лауазым иелеріне, депутаттарға қойылар талапты әрине, сайлаушылардың қалау, таңдауы біледі. Дегенмен қазақ тілін міндетті түрде білуі шарт, олардың өздері үшін де пайдалы. Президент сайлауында дәмелілерден тіл туралы емтихан алынғаны - жаңа бетбұрыс. Сондай-ақ бұл елдің жерінде тұрған қай мекеме болмасын есік алдындағы атау-айшығы адресі қазақ тілінде жазылуы тиіс және пойыз бен ұшақтың жолсерігі болса да мемлекеттік қызмет атқаратын кім де кімнің көп тіл білуіне жол ашық, қазақ тілін міндетті түрде білуі керек, бұл жазылмаған, жазылуға лайықты заң. «Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда, қазақша оқығанның үстіне керек - деген еді Ахмет Байтұрсынов, қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да жаза білу керек.» Зердесі бар адамдар осыны түсінер.

Қазақ тіліне кең өріс, қарымды қуат беруді лауазым иелерінен немесе бірінші сыныптан, я баспасөз, ақпарат құралдарынан балабақшадан, отбасынан бастау керек деген тәрізді сан алуан пікір-ұсыныстар айтылуымен келеді. Солардың бір де бірін қағыс қалдырмай біркелкі алып қараған жөн болар. Оқулықтардың тәржімасына, жасалуына, терминологияны жетілдіруге жауапты қарау, шетелдердегі қазақ топтарының ұлттық құндылықтарын қамқорлыққа алу - бәрі де бірінен-бірі маңызды мәселелер.

«Шетелдегі» біздің ағайындар да тоқмейілсуге болмайды. Шындықты айту керек, дүниежүзі қазақтарының құрылтайында тілін, салт-дәстүрін таза сақтаған, ежелгі мәдениетіміздің шұрайлы өңірі деп мақтау алған Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымызда бұл ахуал бүгін жетісіп тұрғаны шамалы. Сөз өнерін игеру, дамытуда Қазақстанның өзінде қарқын жоғары деу ақиқатқа үйлесімді. Өйткені Қазақстанда тілді дамытуға байланысты үлкенді-кішілі іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылып келе жатса, мақтау алған жоғарыдағы екі диаспорада мақтағанға мастанғандық па, болдым, біттім деп тоқмейілсушілік пе, әлде үкімет тарапынан өзге ұлт өкілдеріне деген жанашырлықтың бәсеңдеуінен бе екен, бұларда Наурыз мейрамының шеруінде қазақша шала-шарпы киінуден басқа ұқлттық серпілу тоқырап қалды. Қытайда мектеп оқушыларына сабақ қытай тілінде үйретілетін болса Баян-Өлгийдің қазақ мектептеріне де моңғол тілі ендеп кірумен қатар ана тілінен ағылшын, түркі, араб тілдеріне деген ынта басымырақ. Төрт-бес емес-ау, он неше шет тілін үйренсін-ақ, бірақ ең әуелі өз ана тілін жақсы игерсін, жеткіншектеріміз сол арқылы бөтен тіл үйреніп, мәдентиет, ғылым игерсін.

«Су басынан тұнады». Тілді байыту, жаңа сөз жасау, аударма істеу, оларды қалыптастыруда қазақ тілінің емлесін, грамматикасын, терминдерін бастабынан байсалды жүзеге асыру өте-мөтеқажет. Бұл жөнінде ізденістер көп екені қуантады, іркілістер бары жұбантады. Ежелгі түркілерден жалғасып, Кеңестік дәуірге келіп «право» деген сөзге тірелген қазақтың «ерік» деген сөзі қайта түлеу жылдарында неліктен шетке қағылғанына таңбыз.

«Ерікті елдердің мызғымас одағы» дейтін өлең жолы бұрынғы әнұранда да бар еді. Мұндағы «ерік» сөзі еркіндіктен гөрі праволылықты білдірген. Ал оның орнына «құқ» деген сөзді қолдану тым жарасымды болып тұрған жоқ, қой ішіне кірген қотыр ешкідей сезіледі де тұрады. «Құқ» сөзін баспасөздерде хұқ, һұх, ұқық, құқық деп неше құбылтып қолданады. Бұл сөздің өзі арабтың хақы сөзінен енген тәрізді, парсыша құқ деп доңызды айтса Бейімбет Майлин құқ болу деп банкрот болуды меңзеген екен. Осы орайда нарықтық қатынаста көбірек қолданылып жүрген банкрот болуды қазақтың асық ойынында ұтылуды айтатын «құржайлақ болуын» алса ұнасымды тәрізді. Мұражай, мұрағат, мұразат, саясат, ұранат, ғарышкер сияқты көптеген жаңа сөздер жылы қабылданып кіргізіп кеткенімен «сынып» деген атауға келгенде тіліміз сынып-сынып кететіні де алаңдатады. Класс атауын қайткен күнде тәржімалау қажет болса дәрісхана деуге неге болмас еді? Класс, аудитория, зал мағынасын білдіретін атауды Ілияс Есенберлин «уәлизм» деп қолданғанын, сондай-ақ тұтқынды «есірей» дегенін ескеру артық емес. Сонымен бірге Ілекеңнің «Мүфти» деген атау өкімет пен дінді қабат билейтін жоғары лауазым екендігін ашалап айтқан. Олай болса қазірде қазақ ішінде қаптап келе жатқан қалың «мүфтилерге» не жорық? Олар ата-бабамыздан мирас болған Алла атауын «Аллаһ» деп айтасың деп және бір «ән» шығарды...

Тағы бір сөз «данс»-ны «есепшот» деу тіптен тарыққан тіл бұзарлық. Шот - орыстың счётынан ауысқан сөз екені белгілі. Шотты арифметикалық есеп шығаратын құрал етіп пайдаланып келгенбіз. Шот деп ағаш шеберінің құралын да айтады. Бұл атау Оралхан Бөкейдің әңгімесінде бар. Ендеше «есеп-есеп» деудің нендей мәні бар? Қазақ тілі осыншалық кедей дегеніңіз бе? Тым болмаса «есепхат» деуге неге болмайды?

Жаһандану үлкен ұлттар үшін сәттілік, ұсақ ұлттарға көбінесе қырсық. Ол қырсықты сәттілікке айналдыруда әдебиет атаулыға әдепті көркемдік, кинофильмдерге инабаттылық, эстрадалық әндерге ұлттық нақыш керек. Ипотека, инновация, инфляция, компьютер, канон, принтер, камера деген секілді қаптап, қаулап еніп келіп жатқан бөтен сөздерді бойкүйездік танытып сол қалпында іліп алып қолдана берсек дүбәра болып кетеміз. «Риск»-нің өзі тәуекелдіктен алмағайыптық пен жазатайымдыққа, қырсыққа жақын, күрделі жол тұрғысында қолданылса «кілтең» болады. Тәуелсіз мемлекет өзінің егемендігін баянды етіп заңдастырған «Конституциясын», «Ата заң», «Негізгі заң», «Ұлы жарғы» дей ме, әйтеуір жарасымды қазақ баламасымен өзгертуі де бір ғанибет.

«Жібек жолы» газеті

0 пікір