Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3827 0 пікір 4 Мамыр, 2011 сағат 09:06

Аманкелді Жұмашұлы. Мақсұмның мұңы немесе «Ақиқатшылардың» көксегені не, осы?

«Хабар» агенттігі қалың елге дін қайраткері Ысматолла Мақсұм  туралы иманды адам баласы жиіркенетін жалаға толы жағымсыз «Ақиқат» фильмін көрсетті.

«Хабар» агенттігі қалың елге дін қайраткері Ысматолла Мақсұм  туралы иманды адам баласы жиіркенетін жалаға толы жағымсыз «Ақиқат» фильмін көрсетті.

Фильмнің «бісмілдәсінде» Шәкәрім қажының Толстойға арнаған өлеңіндегі «жалған» сопыларды сынайтын тұстарын эпиграф ретінде қолданыпты. Күлесіз бе, жылайсыз ба?! Қазақ баласына қажы мұрасының рухани өзегін ашықтап жеткізуге бар ғұмырын сарп еткен діндәр ғалым мен  оның ізіне ерген, сол Шәкәрім атамыздың ұрпағы әрі сыр-шумақтарын жаратылыстану ғылымы тұрғысынан зерделеп жүрген ғалым туралы әңігіме тұтанады деп әсте ойламайсың. Оқығаны, оқымағаны бар жүрегіне иман ұялаған әр қазақ Шәкәрім қажыдай ғұламасының атын батпитып жалқы жазбайды. Шәкәрім қажы атамыздың нақ бір құрдастарындай «Шәкәрім» - деушілерінің өзі дәстүрге деген «құрметтерінің» қандайлық дәреже де екендіктерін айқындап тұр. Өздерінің арам ойларын іске асыру мақсатында ғана қажы атамыздың есімін лажсыздан пайдаланып отыр десек еш қателеспейміз. Ал авторлардың сарапшы ретінде Ораз Әлімбекті таңдауы есті азаматтардың бұл түсірілімді жалаға толы «қара пияр» деп бағалап, бас тартқанын көрсететіндей. Бас «пәтуашы» Ораз Әлімбек мырзаның сопылық жолды насихаттаушыларға «тисе - терекке, тимесе - бұтаққа»- дегендей, орайы келсін, келмесін қаралап жүргеніне біраз болды. Естеріңізде болса, дәл осы Ораз 2005 жылы да Қожа Ахмет Ясауи тариқатының қазіргі замандағы белді өкілі, ғұлама ағамыз Ысматолла қариге біраз қаралаушы мақала жазған болатын. Кейіннен онысы өзіне соққы болып тиді де... Ораздың ағасы Нұрлан Әлімбеков - дінаралық алауыздық тудырғаны үшін қамауға алынып, кейін сотты болғаны туралы БАҚ арқылы құлағдармыз. Құдай-ау десеңізші, «құзырлы орындар, ҰҚК неге сопы-зікіршілерді тергеп-тексермейді» деп тақуа жамағатттың соңына күштік құрылымдарын айдап салам деп жүріп, ойламаған жерден Ораз Әлімбектің өзі ҰҚК-іне қарсы әрекетке көшкенінен де хабардар болды. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген осы. Оның үстіне, бір белгілі ғалым ағамыз бақилық болғанда  «ол үкіметке наразылық ретінде өзіне қол жұмсапты»-дегендей жалалы жалған мақала жариялап, қарсы тараптан салиқалы жауап та алған еді... Сондықтан да, оның Яссауи жолын ұстанып, насихаттап жүргендерге «пәтуә» айтуға моральдік тұрғыдан еш һақы жоқ. Зікірге байланысты бірдеме айтпақ болған  екенсің, ендеше тыңда!

Ореке, Зікір туралы кеңірек білгіңіз келген болса қазақтың эпостық жырларын, ілгеріде өткен шайыр, жырауларын мұқият оқып шықсаңыз дұрыс болар.

«... Ала таңмен аралас, Зікір айтып зарлаған, Бір құдайдың достары. Құдайдың досы кім десең кешегі өткен пайғамбар, Солардың жолын құп көріп, ғұлама деп айтқандар... » - дейді Кердері Әбубәкір атамыз. Оны азсынсаң зікірді «селкілдеу, шайқалу» - деп қана түсінетін таяз ойлы «білімділердің» назарына Түркістандағы Қарнақ медресесінің түлегі ғұлама ғалым, ел арасында «Сары молда» деген атпен белгілі болған Балмағанбет Балқыбайұлының мына сыр сөздерін ұсынайық.

-         Аллаға күндіз-түні зікір етсең,

Айтылған тәубадағы шартқа жетсең.

Жетерсің мақсұтыңа махшар күні,

Дүниеден сол әдетпен өтіп кетсең.

Пенденің ұқсар ділі қара тасқа,

Тесетін зат жоқ деме тасты басқа.

Зікір қайла, тас-ділге ұрсаң қатты,

Муафық болса ділің ықыласқа.

Өлімнің келетінін ойға сақтап,

Толар көзің мөлтілдеп ыстық жасқа.

Оңнан тарт Лә иләһә иллә Алланы,

Астына ұр сол емшектің, бұл дұғаны.

Зікір таһлил көп айтқан

Қашар шайтан халықтан.

Қашқандай шабақ шашырап,

Шортан атты балықтан...

... Зікірші һақтың досы деп

Айтқанына нанайық.

Хақ жолына ғашық боп,

Тірідей күйіп, жанайық.-

Балмағанбет атамызды 1890-1970 жылдар аралығында өмір сүргенін ескерсек, зікірді Исматулла қари әкелді деп айтып жүргендер неге сүйенді екен... Қандай дәлелдері бар!

Ысматолла Мақсұмды қаралауға ынта жігер білдірген Елена Бурова ханымға «пәтуә» айтқызу да «ақиқатшылардың» бағасын арттырып тұрған жоқ. Қазақ тарихынан, дәстүрлі дінінен хабары жоқ  әрі «ақысын берсең, боқысын шығарып» тапсырыспен жұмыс істейтін күмәнді ғалымның уәжсымағы  қазақ ғылымының тарланы, әйгілі батыр Бауыржанның тәлімін көрген, принципшіл Мекемтас аға Мырзахметұлымен салыстырғанда, төменгі сыныптың оқушысын тыңдағандай әсерде қалдырады екен.

Есірткі мен ішімдіктің салдарынан жолдан тайған үш-төрт адамның пәтуәсіз әңгімелері мен «көрген қорлықтарын» айтып зар еңіреуі аққа күйе баттастырудың таптырмас құралына айналыпты.. Біріншіден, ол бейшараларды «емделсін» деген ниетпен медіресеге табыстаған өздерінің тума-туыстары болатын. Ысматолла қари ешкімді көшеден ұстап алдырған жоқ. Ал көп арасында ем қонбаған екі-үш адам бар болса, ол өздерінің емделуге деген шынайы ниеттерінің жоқтығынан. Сондықтанда, филология ғылымдарының кандидаты М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Базарбек Атығайдың «Сматулла қариды қаралау неге күшейіп тұр... Масудшах пен Раббанидың кеңесшісі болғаны үшін бе? » - деген мақаласынан үзінді келтірсек артық болмас. («Жас Алаш №113 21 қыркүйек 2002 ж)

«.. Осыдан үш жыл бұрын  өзінің діни тереңдігімен, имани байсалдығымен аты Қазақстанға мәшһүр болған, халық арасында «Қарасу» деген атпен белгілі мешіт- медресе сол уақыттағы бас мүфти Ратбек Нысанбайұлының пәрменімен жабылған еді. Бұрынғы ата - баба жолын діни медресені қалыптастырған 70 жылғы бәлшібектік езгі мен тепкіден есеңгіреген қазақ ұлтының рухын көтерген, тіршіліктің баянына бастаған Сматулла қари Маймақ Ишан немересі ешкіммен дауласпай, соттаспай, «Құдайдың бұйырғаны болар...» деп келген жағы Пәкістанға  қайта аттанып кеткен еді... Мешіт  - медресе жабылар кезде, «сізді жазықсыз қудалап жатыр ғой сотқа шағымдаңыныз, біз көмектесейік» дегендерге, «Егер қазір мен елді олай шулататын болсам, ертең басқалар екі молда садақаға таласып жатыр деп күледі. Қазақпен қазақ қырлысып, дұшпанға таба болмайық» деген-ді. Солайша, бір сабақ жіп алмаған күйі Сматулла қари медресені «қызыққандарға» қалдырып жүре берген... Сматулла қари «қарындас -бауырыңның айыбын ашудан сақтан, алдыңда кетіп бара жатқан мұсылманның айыбын байқасан, артыңдағыға сездірмей жауып, жасырып жүр. Оның былығын көрсетіп, жаһанға жар салып, аттандағаннан түк шықпайды. Басқа дүниені былғайсың...» деп отыратын. ... Үнемі «қарындасым, бауырым, бұл ұлы топырақтың қадір қасиетін біліңдер! Дүниеде мен көрмеген ел, жер жоқ, бірақ, жаһанда біздің Қазақстанымыздың басына Құдай берген бақ пен береке, байлық пен ырыс жоқ! Иншалла, дүниеге екі жақсылық келсе, соның бірі- қазақтікі... » - деп отырады. Сөйткен, текті ағамызды «ауған» дедік... Текті дейтін себебіміз, Сматулла қаридің әкесі Әбдіғаппар қари 1931 жылы Сыр өңірінде қызыл бәлшебектерге қарсы ұлт- азаттық көтерілісін бастаған Ақмырза Дамолла ахунның сенімді серігі болған. Ақмырза ахун оққа ұшқаннан кейін, артынан ерген қалың елін қазіргі ауған жеріне алып өткен қаһарман. Сматулла Мақсұмның арғы атасы заманында Меккеге екі рет жаяу барып қайтқан, есімін Қазалы, Қармақшы өңірі осы күнге дейін құрметпен атайтын Маймақ ишан...»

Оқырманға ұзақтау үзінді ұсынғанымызға кеңшілікпен қарар. Өйткені, тайқы маңдайымызға қанша тисе де болмады, сол тоғыз жыл бұрынғыдай жағдай қайта қайталанып тұр. Өзгергені шамалы.

Қазір «исламды дұрыс ұстанып отыр» деп есептелетін кейбір елдер үлкен діни тоқырауды бастан кешуде. Тіпті, олардың бірсыпырасы исламның агрессиялық бағыты - «вахаббизімнің» ықпалына түсіп қалды. «Ваххаб» жолын ұстанушылар сенің ұлттық мүддеңе, салт-дәстүріңе пысқырып та қарамайды. Әулие- әмбие дегендерге тіпті қас...Кешегі «Ақиқаттан» да осы ағымның идеяларының шеті қылтияды. Бұлардың ел ішін ала тайдай бүлдіруге көшкені қазір жұрттың аузында жүр. Бұл тақырыпта ұстамдылау муфтиятымыздың өзі жақында уаһаби, салафилерге орай өз пәтуасын жариялапты. Пәтуадан ұққанымыз: бұлар «Алла разылығы үшін Құран оқып, бақилық болғандардың рухына (әруақтарға) бағыштауға, оны еске алуға, мазарларға баруға үзілді-кесілді қарсы екен. Өлген кісі кім болса да жерленісімен ұмыт дейді. Дұғаларда пайғамбарлар мен әулиелердің, періштелер мен ата-бабалардың атын атауды көптәңірліктің белгісі және Аллаға серік қосу деп есептейді. Алақан жаймайды, бет сипамайды. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты тәрк еткен.» («Иман», .№ 3(80), 2010 ж., 14-бет) Осы жерде Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың өзінің дүниеге қалай келгені туралы баян еткен көпшілікке мәлім бір әңгімесі еске түсіп отыр. Әкесі Әбіш атамыз, әжеміз Әлжанды дүниеге келген сәбилері шетінеп кете бергендіктен, ат  арбаға құрбандыққа арнаған малдарын салып, Райымбек әулие атамыздың зиратына келіп түнейді. Сонда түс көрген  анамызға осы Нұрекеңнің дерегі аян етіледі. Ертесі дегдар жандар әкелген малдарын сойып, сол маңдағы жетім- жесірлерге үлестіріп «Иә, Алла» деп ауылдарына кайтады. Келесі жылы тілектерін Құдай қабыл алып, шекесі торсықтай ұл береді. Ол - Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев. Бұған әулиелерге тас атқыш М. Тазабеков пен оның шәкірті кешегі «Ақиқатты» түсіруде белсенділік көрсеткен бұланымыз Мұрат Есжан не дейді екен?! «Ақиқат» авторларының сопылыққа деген көзсіз өшпенділігінің мәнісін де ҚМДБ пәтуасы түсіндіргендей. Онда: «Бұл (уахаби-салафи) ағымдарды ұстаушылар ислам дүниесіне жайылып, түрлі мемлекеттерде түрліше көріністе жүр. Мысалы, Алжирде ибн Бадис француздардың ассимиляция саясатынан өздерінің ұлттығын сақтап қалу және тассауф (сопылық) тарихаттарына қарсы күресуші тәлім ретінде қалыптсқан» - дейді.

«Хабардың» шындықтың садағасына жарамайтын өз «Ақиқатында»  Ысматолла Мақсұмға таңылған айыптардың бірі  ретінде оның кеңес-ауған (1979-1989ж.ж.) соғысы кезінде кеңес әскеріне қарсы соғыс қимылдарын жүргізген Раббани, Ахмедшах Масудқа рухани кеңесші болғанын алға тартады.

Бұл жөнінде Базарбек Атығайдың жоғарыдағы мақаласында: «Столичная газета» Қазақстан азаматы Сматулла қариге кеңес- ауған соғысы кезіңде совет әскерлеріне қарсы соғысқан деген айып тағыпты. Олар өздерін осы күнге дейін 15 одақты «аға халық» билеп - төстеген Совет кезеңінде жүргендей сезінеді екен. Сонда, Сматулла қари еліне басып кірген, бала шағасын қыруға келе жатқан оккупанттардың алдынан дәм-тұз алып шығуы керек пе еді?! Иә, Сматулла Мақсұм қолына қару алып соғыспаса да, қызыл оккупанттарға қарсы көтерілген ұлт-азаттық көтерілісінің рухани көсемі болды. Масудшах, Раббани тәрізді ауған қолбасшылары Сматулла қариден қеңес алып тұрған. Өйткені, оның ел ішіндегі беделі өте жоғары болатын... «Осы жерде айта кететін бір жайт. Қазіргі біздің елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері, Қазақстанды қазақ тілін менсінбей өгейлік көрсетіп, өзектен теуіп жүрген тұста Ысматулла қаридің қай мемлекетте болмасын істеген өнегелі істері үлгі болуға тұрарлық..деген түйінді көреміз.

Біз 1991-1992 жылдары Түркияда болған сапарымызда көптеген ауғандық босқын түркі жұрағаттарымен көрісіп, Ысматолла қари туралы небір ғажайып әңгімелердің куәсі болдық. Бәріде қаридің адалдығын, соғыста жапа шеккен, қарапайым халыққа істеген жақсылықтарын жыр ғып айтатын...

Бір қызығы, 2002 жылы «Столичная жизнь» газетінде Наталья Першина дегеннің «пәтуәсы» арқылы Ысматуолла қариге шабуыл жасалса бұ жолы да «Ақиқаттың» «жаршылары» Елена Бурованы тауып алыпты. Сонда біздің тағдырымызды ұлттық руханиятымыздың қайнарынан мүлде бейхабар  осы ханымдарға шешкізсек жетіскен екенбіз. Әлде елде жібі түзу ғалым қалмады деген түсінікті әлдебіреулер еріксізден еріксіз санамызға тықпалап отыр ма?! Оның үстіне фильм авторларының да көрсетілмеуі «қызық» екен. Олар неден жасқанып тасадан тас лақтырып отыр, егерде айтқандарына сенімді болса ... «Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» фильмнің авторлары тергеуге қысым көрсетіп, соттан тыс «үкім» айтып отырғаны айдан анық.  Тергеу тобының жетекшісі Құмарбеков мырзаның теледидар арқылы сот болмай жатып Ысматулла Мақсұмға «үкім шығаруы» ата заңымызды сыйламағандық деп түсінуге болады. Қариды сонау азаттықтың алғашқы кездерінен етене білетін адам ретінде айтарым: Қазақстан мен оның Елбасының Ысматолладан асқан дұғагөйін өз басым естіген де көрген де емеспін! Енді сондай дұғагөй ақсақалға түрмені лайық көргеніміз жанға батады.

«Ақиқатшылардың» фильмінде жүректі езіп, ойлануға бастайтын кадрлар да жоқ емес. Әсіресе, «сондай адамды қорлағанымыз қалай, жаман жәутіктер де жүр ғой азаттықта» деп солқылдап жылаған Бақыт есімді шымкенттік қарындасымыздың сөзі ешкімді бей-жай қалдырмаған шығар. Сондай-ақ, өзінің ғұмырбаянын ағынан жарылып айтып отырған Ысматолла қарияның «екі дүниенің мырзасы Пайғамбардан алған аянымен ата мекеніне аяқ бастым, маған ұрынғандардың оңғаны жоқ» деп ескертуін де ол кісімен бір мәрте болса да дидарласқан ағайын жеңілге балай қоймас...

Ысматолла қаридің бар жазығы, қазақ баласына дінді жаттан іздеме, сен ілімін үйренер жақсы сөз өз ішіңде де бар деп, сол асылдарды танытуға талпынғандығы. Бір қынжылтатыны мыңнан аса нашақорлыққа, ішімдікке салынғандарды тура жолға салып, қатарға қосқан теңдессіз еңбегі, бір қолдың саусақтарынан сәл ғана асатын нашақорлардың арыз шағымына бола тәрк етілсе қиянаттың көкесі сол болар!

PS. Айтпақшы, «Хабар» эфирінен өткен «Ақиқаттың» орысша нұсқасында Яссауи ілімін мұнша дәріптеу ашық ұлтшылдыққа жатады деген түйін айтылды. Ал Президент Н.Назарбев осы жылдың 11 наурызында Түркістанда өткен зиялылармен кездесуде: «Дініміз мұсылман, біздің өз жолымыз бар, өз жолымызға түсу үшін біз осы Қожа Ахмет Ясауидің іліміне табан тіреуіміз керек. Егер де зерттейтін болсақ, ол қазақ үшін нағыз Конфуций болып шығады... Біздің Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін қарап отырсаң, бір дастарханда отырғанда жаныңда әр діннің өкілдері отыратын болса, олардың барлығы бауырың деген сөз бар. Біздің саясатымыз сол емес пе?! Ең алдымен елге бірлік, одан кейін еңбеккерлік керек деген, одан кейін бір адамның төңірегіне топтассаң, сонда ғана халық боласың,  жұрт сыйлайды, болашағың болады деген. Бізге одан артық қандай діни философия керек?» деген болатын. Сонда «Ақиқатшылардың» пиғылы Елбасының саяи ұстанымына қарсы болғаны ма? Дәл осы кездесуді де «Хабардан» тамашалап едік қой...

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621