Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5013 0 пікір 3 Мамыр, 2011 сағат 05:09

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)

Екінші тарау:   ЕР ЖЕГІСІ

1.

Аса қиын тарихи зобалаң тұсында «Алашорда» үкiметi кеңес өкiметiн, ал кеңес өкiметi «Алашорданың» автономиялық құрылымын мойындады. Бұл екі жақ үшін амалсыздықтан туған саяси таңдау едi. Сондай тығырыққа тiрелiп тұрған шақта кеңес өкіметі Ахмет Байтұрсынов пен Әлiби Жангелдинді қазақ өлкесiн тең дәрежеде билейтiн революциялық комитеттiң өкiлi етіп тағайындады.

1917 жылы 2 қарашадағы «Россия халықтары праволарының декларациясы» мен 1917 жылы 20 қарашада жарияланған «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» арналған Үндеуде:

«1. Россия халықтары тең праволы және суверенді. 2. Россия халықтары бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға дейінгі еркін өзін-өзі билеуге құқылы. 3. Ұлттың және ұлттық-діни артықшылықтар мен тежеу біткендердің бәрі жойылады. 4. Россия территориясын мекендеген ұлттардың және этнографиялық топтардың еркін дамуына жол беріледі», - деген бұқпантай уәде берілді.

Бұл сол кезде аса үлкен территорияны алып жатқан Ресей империясына қарайтын аз ұлттардың назарын өзіне аударып, оларды кеңес өкіметін мойындауға мойын бұрғызды. Оған барлық ұлт өкiлдерi сендi. 1919 жылдың 24 шілдесінде Ахмет Байтұрсынов Лениннің қолымен:

Екінші тарау:   ЕР ЖЕГІСІ

1.

Аса қиын тарихи зобалаң тұсында «Алашорда» үкiметi кеңес өкiметiн, ал кеңес өкiметi «Алашорданың» автономиялық құрылымын мойындады. Бұл екі жақ үшін амалсыздықтан туған саяси таңдау едi. Сондай тығырыққа тiрелiп тұрған шақта кеңес өкіметі Ахмет Байтұрсынов пен Әлiби Жангелдинді қазақ өлкесiн тең дәрежеде билейтiн революциялық комитеттiң өкiлi етіп тағайындады.

1917 жылы 2 қарашадағы «Россия халықтары праволарының декларациясы» мен 1917 жылы 20 қарашада жарияланған «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» арналған Үндеуде:

«1. Россия халықтары тең праволы және суверенді. 2. Россия халықтары бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға дейінгі еркін өзін-өзі билеуге құқылы. 3. Ұлттың және ұлттық-діни артықшылықтар мен тежеу біткендердің бәрі жойылады. 4. Россия территориясын мекендеген ұлттардың және этнографиялық топтардың еркін дамуына жол беріледі», - деген бұқпантай уәде берілді.

Бұл сол кезде аса үлкен территорияны алып жатқан Ресей империясына қарайтын аз ұлттардың назарын өзіне аударып, оларды кеңес өкіметін мойындауға мойын бұрғызды. Оған барлық ұлт өкiлдерi сендi. 1919 жылдың 24 шілдесінде Ахмет Байтұрсынов Лениннің қолымен:

«Халық Комиссарлар Советінің 1919 жылғы 24-шілде күнгі мәжілісінің қаулысы бойынша Ахмет Байтұрсынов жолдас қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшесі боп», - бекітілді.

Осы бекіту арқылы қазақ интеллигенциясы өзiнiң белгілі бір ұлттың мүддесін қорғайтын саяси күш екендігін мойындатты. «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерi жауапты мемлекеттiк қызметтерге қойылды, барлық губерниялар мен уездердiң басы-қасында болды. Соның нәтижесiнде ұлттық-коммунистiк мүдденi қатар ұстап, мемлекеттік қызметті өзара сәйкестендiре жүргiзген қайраткерлер шықты. Сөйтіп кеңес өкiметi тұсында да ұлт азаттық идеясы тарихи сынақтан өттi. 1919 жылдың 9 желтоқсаны күні А.Байтұрсынов тағы да Лениннің қабылдауында болды:

«Желтоқсан, 9-нан кейін, 1919 ж., Ленин Кремльде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңестің төрағасы С.С.Пестковский мен Әскери-революциялық кеңестің мүшесі А.Байтұрсыновты олардың өтініші бойынша қабылдады: Пестковскийдің өлкедегі шаруашылық және саяси жағдай туралы, саяси-ағарту жұмыстарындағы қиындықтар туралы баяндамасын тыңдап: оған бірнеше мазмұнды баяндама дайындап, оны қазақ тіліне аударып, граммофон табақшасына жазып, көп мөлшерде граммофон алып, оны табақшаға қосып көшпелі қыр еліне тарату туралы кеңес берді; сондай-ақ көшпелілердің малын кедейлерге бөліп беру туралы саясатты жүзеге асыруға асықпауды ұсынды».

Кеңес өкіметі жағына шығудың басты шартының бірі - «Алашорда» үкіметінің қайраткерлеріне кешірім жасау (амнистия) туралы 1919 жылдың 27 қазаны күні мақұлданған қаулының жобасы жеті айдан кейін жарияланды.

Бұл арада қазақ ұлтының тағдыры ғана емес, бүкіл дүние жүзінің картасы өзгерді. Ескі империялар құлап, жаңа империялар мен мемлекеттер пайда болды. Бүтін дүние екіге бөлінді.

1920 жылы 15 сәуірде қазақ өлкелік Әскери-Революциялық комитетінің органы «Известия Киргизского края" газетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Ашық хаты» басылды. Хаттың алдына әскери-революциялық комитеттің атынан «В.М.Т»-ның (автордың нақты есімін ажырата алмадық - Т.Ж.) түсінігі берілді. Біз сол кездегі әскери-саяси жағдайдан, екі жақтың да ұстанған бағытынан хабардар ету үшін редакциялық түсінікті де, ашық хатты да толық келтіреміз.

«Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» «Известия Киргизского края». №16. Бейсенбі. 15 сәуір. 1920 ж. Қазақ Өлкелік Әскери Революциялық комитеттің органы. Күн сайын шығады. Ред. адр. Конт. Оренб. Совет №10. Ерікті халықтардың еркін одағы жасасын!

Біз төменде Қазақ өлкелік Ревкомының және Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың Россия Коммунистік партиясына мүше боп кіруі туралы өтінішін жариялап отырмыз.

Жолдас Ахмет Байтұрсыновты мұқым дала біледі. Өз халқының көсемі, қазақ халқының аса ірі қоғам қайраткері және әдебиетшісі болған бұл есім әрбір қазаққа жақсы таныс. Соңғы ондаған жылдардың ішіндегі қазақ халқының қоғамдық ойының дамуындағы барлық саяси қозғалыс Байтұрсыновтың есімімен тікелей байланысты. Ол бейбіт ұлтшыл либерализмнен бастап Октябрь революциясы мен Совет өкіметін тануға дейінгі саяси даму сатысының бәрінен де өтті. Ол ұзақ толқудан және өзімен-өзі күресуден кейін қазақ ұлтшылдығын тастап, халықаралық коммунизм жағына шықты.

Бұл біздің партиямыздың аса ірі жеңісі және қазақ арасындағы біздің ықпалымыздың үздік үлгісі. Совет өкіметі қазақтардың арасына күштеп енгізілуде, бұл арада коммунизм мен социализмге мүлде орын жоқ - деп сендіретін адамдар да болды, әлі де бар. Біз үнемі қазақтардың оны мойындауға дайындығы әлсіз деп ойлап келдік, бірақ та, оларды құрып кетуден құтқаратын бірден бір жол - Совет өкіметі екені туралы біздің көзқарасымыздың дұрыстығына, біздің партиямыздың ықпалының өсіп келе жатқанына және қазақтар арасындағы коммунизмнің күн сайын қанат жайып келе жатқанына - оның аса ірі идеялық қарсыластарының бірінің өз жолынан тайып, біздің қатарымызға кіруі ең үлкен дәлел бола алады. Бір кездегі қазақ ұлтшылдарына құбыжық боп көрінетін большевиктер партиясына Байтұрсыновтың ашықтан ашық кіруі - қазақтардың мұқым ұлтшылдық қозғалысындағы ірі бетбұрысты байқататын, қазақ халқының ғасырлар бойғы тоналу мен езгіден құтылатын жолы - ұлтшылдықта, өз ошағының күйбеңін күйттеуде емес, керісінше, коммунистік партияның туы астында күресіп жүрген пролетариатпен толықтай сіңісіп кетуде екендігін түсінгендігінің озық үлгісі.

Әрбір қазақ Байтұрсыновтың хатындағы әр сөзді ынта қойып оқысын, Байтұрсыновтың коммунистер туралы пікірін әрбір қазақ, тіпті жауларымыздың бізді халықтың көзіне тонаушы, зорлықшы және бұзақы ретінде суреттеуіне сеніп, әлі де үрейлене қарайтын көптеген басқа қазақтар да білсін. Коммунист-большевиктерге Байтұрсыновтың да дәл осылай қарап, олардан қорқып, Совет өкіметіне ашық қарсы шыққан кезі болған. Бірақ та көп ұзамай өз халқы үшін іздеген шындықты, бостандық пен әділеттілікті Колчак пен орыс буржуазиясынан таба алмайтынына оның көзі жетті, шындық Совет өкіметінде екенін көріп, өзі де сол жаққа шықты. Бұл арада ол коммунистермен жақын танысып, біліс болды және өзінің жазғанындай, езілген халыққа толық бостандықты тек коммунистер ғана бере алатынына іс жүзінде иланды. Міне, енді ол қазақтың еңбекші халқын осы партияның программасының туы астында біріктіру үшін коммунистік партияның қатарына өтті.

Қазақ коммунистерінің қатары тағы да бір аса ірі күрескермен толықты. Бұл - толқып жүргендерге, бәрінен де бұрын, қазақ халқының арасындағы коммунистік ықпалдың күшеюін халыққа қатер төнді деп есептейтіндерге үлгі болуы тиіс. Біз өз жауларымыздың көзін тек күшпен ғана жоймаймыз, керісінше, идеямыз арқылы көбірек жаулап аламыз. Байтұрсынов ж. Коммунистік партияның қатарына кіруі, оның қазақ арасындағы үлкен идеялық жеңісі болып табылады. В. М. Т.»

Шындыққа жүгінсек, кеңес өкіметіне бұдан артық көмектің керегі де жоқ еді. Сондай-ақ «бүкіл қазақ даласының көсемі» - бұл шешімді қазақ даласы Колчактың, Анненковтың, Дутовтың, Семеновтың қанды шеңгелінде жатқан тұста қабылдауға мәжбүр болғанын ескерте кетеміз. Ұлттың тағдыры сондай тығырыққа тірелген тұста Ахмет Байтұрсынов өзінің таңдауын жариялады.

«Орынбор Р.К.П (большевиктер) комитетіне жолдас Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі.

Ғасырлар бойғы қанауда болған қазақ халқын азат етудің жолдарын ұзақ уақыт іздестіре келіп, мен төмендегідей шешім қабылдадым:

1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.

2. Оны - өзінің алдына таптар мен ұлттарды толықтай азат етуді мақсат етіп қойған, ішінара ісімен де жүзеге асырып жатқан большевиктердің интернационалдық коммунистік партиясынан басқа ешкім де істей алмайды.

3. Нағыз еңбек демократиясына жетудің қажетті сатысы - адамзаттың еңбекші табының яғни пролетариаттар мен орташа пролетариаттардың саяси және экономикалық толық билігі мағынасындағы диктатурасы болып табылады.

4. Бір ғана жағдайда, егер де адамзаттың еңбекші табының ұйымдасқан аса үлкен тобы саналы түрде қолдаса ғана, бұл диктатура орнығады және барлық адамзаттың мүддесі үшін қызмет істей алады, сондықтан да осы программаның туы астына қазақ халқының да бірігуі қажет.

5. РКП-ның ұлттық қарым-қатынастар саласындағы программасын, сондай-ақ ұлттардың бөлінуі туралы дискуссияның қорытындысындағы жолдас Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық Комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін толық қанағаттандырады.

Жоғарыдағы айтқан пікіріме сәйкес, мен Россия коммунистік большевиктер партиясы қатарына кіруге, оның жалпы программасын жүзеге асыруға, ішінара шығыс мәселелеріне іспен көмектесуге бекіндім, сондықтан да комитеттен мені РКП мүшелігіне қабылдауды өтінемін.

Ахмет Байтұрсынов. 4 сәуір. 1920 жыл".

Саяси қайраткер бұл шешімдердің оңайшылықпен орындалмайтынын және сол үшін күресетінін де ашық білдіріп:

«...Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін қанағаттандыратынын», - ерекше ескертеді.

Қазақ халқының "езілген ұлт ретіндегі мүддесі", тіпті, қоғамдық формациядағы айырмашылықтарының барлығы ескеріліп, «дұрыс қолданылса» ғана, қазақ халқының бақыты ашылады - деп сенгендіктен де және қазақ халқын қырғыннан сақтау үшін кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болды. Мұндай аса жауапты кепілдікті ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов терең түсінді. Сондықтан да ұлттың мүддесін ар-ұятындай қорғады.

Алайда, 1919-1921 жылдары Ресейдегi ұлттық федерация мен жер мәселесi қозғалған тұста «Алашорда» қайраткерлерi мен большевиктердiң көсемдерiнiң арасында үлкен қарама-қайшылықтар туындады. Барған сайын жiгi ажырап, арасы ашылып бара жатқан қарама-қарсы екi күш қалыптасты. Азамат соғысы кезiнде мәмілеге келгенiмен де, мемлекеттiң iшкi саясатына тiкелей араласқан тұста олардың ымыраға көнбейтiнi айқындала бастады. Мұның басты себебi, бұл екi саяси бағыттың қалаған iргетасы мен түпкi мақсатының бiр-бiрiне мүлдем кереғарлығы едi.

Отарлау саясатының түпкi пиғылы - ұлттық танымның тамырын ұлы империялық апиынмен суару. Сөйтiп ең қасиеттi сезiмдердi жалған идеологияның жемтiгi ету. Азаматтық ақыл-ойдың даму тарихында мұндай қаскүнем саясаттан ешқандай мемлекеттiк құрылым бас тартқан емес. Әлемдік әлеуметтiк теңдiктi орнатуға ант берген социалистiк жүйе бұл ретте бәрiнен де асып түстi. Ол - ұлт атаулыны, ұлттық тарихты, ұлттық сананы тап жауынан да бетер жек көрдi. Билiк жүйесiндегi барлық тетiктi соған қарсы қойды. Ұлт мүддесi - жаудың мүддесi есебiнде танылды. Ұлттың iшiне iрiткi салды, жаппай жазалаудың ең қатыгез жолын тапты. Өйткенi бұл пиғылдың барлығы да Роза Люксембургтiң:

«Капитализмнiң тұсында ұлттың дербес өмiр сүруi, ұлттың өзiн-өзi билеуi мүмкiн емес, ал социализмнiң кезiнде ол тiптi басы артық мәселе», - деген әйгiлi қастаншықпағыр қағидасының негiзiнде жүргiзiлдi.

Смольный мен Кремльде дербес бөлмесi де болмаған Сталин басқарған ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариаты iс жүзiнде декларацияға көпе-көрнеу қарсы бағытта жұмыс жүргiздi. Лениннiң қатаң ескертуiне қарамастан ұлы орыстық-большевиктiк саясат өрши түстi. И.Сталин 1918 жылы 28 наурыз күнгi «Правда» газетiнде жарияланған «Империализмге қарсы» атты мақаласында:

«Өмiрдiң өзi көзiн жоғалтуға үкiм шығарып қойған федерациялық Ресей мәселесiн күн тәртiбiнен сызып тастау керек... (Бұл) Россияны федерациялық құрылымға айналдыру үшiн аймақтарды өзара байланыстырып тұрған экономикалық және саяси тiзгiндi қию деген сөз, бұл ақылға симайды әрi дұшпандық әрекет. Ресейдегi империализм ұлт мәселесiн шешуге дәрменсiз, шеше де алмайды, сол сияқты Ресейдегi федеративтiк құрылым да ұлттық мәселенi шешпейдi, шешуге де мүмкiндiгi жоқ, ол тек өзiнiң жарыместiк (донкихоттық - Т.Ж.) түртпектерiмен тарихтың дөңгелегiн керi айналдыруға тырысқандық, сөйтiп әбден шатастырады... Жарым-жартылай ғана жасаған өтпелi өткел - федерация мәселесi, демократияның мүддесiн қанағаттандырмайды», - деп ашық мәлiмдеген болатын.

Азамат соғысы жылдарында ақтарға қарсы одақтастардың бәрi де кеңес өкiметiне «жолдас» болды. Қазақ даласы тек әскери революциялық комитеттiң өкiмi мен үкiмiн мойындады, соны зор қанағат тұтты. Ал бейбiт майдан басталған кезде кеңес өкіметі жалаң, тұрпайы әлеуметшiл ұраннан өзге ешқандай әкiмшiлiк жаңалық әкелмедi. Пролетариат диктатурасын, жұмысшы өктемдiгiн желеу етіп, мемлекеттiң атынан өкiлдiк жүргізетін, ешқандай әдеп, салтқа бойсұнбайтын бейбастақ, можантопай тобырлар қолындағы қарумен үрей септі.

Кәсiбi, ұлты, дiнi, тiлi үшiн, ең аяғы iстi ұқсата бiлетiндігі үшiн қазақ зиялылары жаппай жазаға тартылып, дар ағашының түбiне жиылды. Можантопайлар мемлекет құрылымына араласқанда істі неден бастарын бiлмей дағдарып қалды. Ақыры патшаның билiгi тұсындағы үйреншiктi тәсiлге көшiп, ұлы орыстық өктемдiктi саясат ретiнде ұстанды.

Осыған назаланған А.Байтұрсынов 1920 жылы 17 мамыр күні «Кеңес өкіметінің қазақ зиялыларына сенімсіздігі туралы» хат жазды.

А.Байтұрсынов: «Қазақ ревкомының құрылғанына 1 жыл өтті. Ревкомның он айлық қызметінің нәтижесіне келсек, онда ол іске кіріскеннен бері ештеңе де тындырған жоқ. Ревкомның қызметінің өнімсіздігіне көптеген себептер бар, бірақ ең басты себеп екеу:

1) Қазақ өлкесін басқаруға қойған орталықтың адамдарында белгілі бір көзқарас болмады, соның нәтижесінде белгілі бір жұмыс жоспары да болған жоқ, мұның басты себебі, орталықтың өзінде «Ресей халықтарының құқықтары жөніндегі декларациясы» мен РКП(б)-ның басты нұсқауынан басқа қазақ өлкесінің әлеуметтік ерекшелігі мен қазақ мәселесі туралы белгілі бір көзқарастарының болмағандығында.

2) Сондай-ақ орталықтың өкілдері мен тұрғындардың арасында өзара сенімнің жоқтығында.

Патша үкіметі тұсында бұратаналардың ішінде қазақтан асып ұлттық қанау мен езгіні көрген халық болған емес. Ұлттық қанау ұлттық намысты оятпауы мүмкін емес. Езілген ұлттың қанаушы ұлтқа деген жеккөрініші мен ызасы үнемі есінде тұрмаса да, олардың қанаушы ұлтқа деген күдікті сезімі жойылып кетпейді. Орыстардың өзіне деген өзгеше көзқарасына шын мәнінде көзі жетпесе, қазақтар оларға үнемі сенімсіздікпен, жеккөрінішпен қарайтын болады. Ғасырлар бойы қазақтарды қанап, зорлық-зомбылық көрсетіп келген орыс пролетариаты өздерін: олардың мойнына мініп алып, сүліктей соратын, зорлықшыл патша шенеуніктерінің орынын басқан жаңа зұмагер емес, шын мәнінде езілген ұлтты еркіндікке жеткізуші екенін іспен көрсетуі тиіс.

Ал қазір жергілікті коммунист жолдастар: қазақтар ештеңені түсініп жарытпайды - дегенді сылтауратып, қитұрқы саясатқа көшіп отыр. Қазақ еңбекшілеріне кеңестік бағыттағы жаңа өмірді орнатуға бауырластық тұрғыдан көмектесудің орнына, әр түрлі көз бояушылықпен өзінің өктемдігін жүргізіп отыр. Тек өзін: «коммунист-интернационалистпін» деп атын өзгертумен орыстар, ғасырлар бойы патша үкіметінің қитұрқы саясатын көріп келген орыс емес ұлттардың сеніміне кіре алмайды. Қазақта: «Сары орыстың бәрі орыс», - деген мәтел бар...

Орыс пролетариаты қазақтарға қарата жүргізген саясатында екі жолдың біреуін ғана таңдауы тиіс. Олар: не өзін патша губернаторлары мен диктат генерал-губернатордың орынына қойып, өктемдігін күшпен жүргізіп, сөзсіз бағынуды талап етуі тиіс, немесе қазақ еңбекшілерінің сеніміне кіруі тиіс. Бірінші жол түсінікті әрі таныс, әр түрлі патшалардан қалған жол. Екінші жол - біраз күрделі әрі түсіністікті қажет етеді. Оның есесіне, бірінші жолды таңдаған жағдайда, кеңес құрылымы құмның үстіне салынады, екінші жолды таңдаса, онда, жаңа қоғамның іргетасы берік қаланады.

Мәселе, мынада, қазақтардың ішінде олар имандай сенетін зиялы қауым бар, олар қателессе де, адасса да, жеке басының мүддесі үшін еліне ешқашанда сатқындық жасамайды. Орыс пролетариатының өзіне сенім орнатуының төте жолы осы зиялы қауымда. Ол үшін бұл зиялылар кеңес өкіметінің сеніміне кіруі қажет. Қиындықтың бәрі мынада: қазақтар кешегі қанаушыға сенбейді, ал кеңес өкіметі кешегі қарсыласына сенімсіздікпен қарайды... Ал жергілікті жерде таза интернационалист тіптен жоқ...», - деп жазды.

Мұндағы ұлттық жегінің жігі мынада. Алғашында бейтараптық танытқан қоныс аударушыларды кеңес өкіметі бірте-бірте қаруландырды. Сөйтіп, оларды бодан ұлттардың ішіндегі «төртінші колоннаға», яғни, бейресми армияға айналдырды. Ешқандай шығынсыз, «қаражүзді ұлтшылдықпен, отаршыл өктемдікпен, жергілікті халыққа деген жеккөрінішпен қаруланған бұл күш» қандай да болсын мемлекетті ойран-топыр ете алатын. Сол күшті Ленин де екіжүзділікпен пайдаланды.

Мысалы, қару-жарағы сайлы, ұлттық армиясы бар, кеңес өкіметін өздерінің пікірімен санасуға мәжбүр етіп отырған Башқортстанда:

«1919 жылдың алғашқы төрт айында, 5377 үй өртелген, азық-түлігін қызыл армия тартып алған 50 мың адам аштыққа ұшыраған, 13354 ат, 6242 сиыр, 20 000 мың қой, 100 000 пұт астық, 20 000 пұт ет пен май, 400 000 пұт жем мен тұқымдық бидай, бұдан басқа да киім-кешек, алаша, кілем, аяқ киім, әйелдердің қымбат әшекейлері тартып алынған».

З.Валидовтің үкіметі мұны хаттап-шоттап Лениннің тікелей өз қолына тапсырады. Соның нәтижесінде «Қызылгвардияшылардан зардап шеккен Башқұрттарға көмек көрсету комиссиясы» құрылып, 150 миллион сом қаржы бөлінді.

Ал ақ пен қызылдың, атамандар мен қазақ «ақжүректерінің» жолына қасап пен һасам болып төселген қазақ даласындағы ойран мен талан-таражға өтем төлемек түгілі, қызыл әскерді кәдімгі әскери тәртіпке шақыру ешкімнің қаперіне келмеді. 1920-1921 жылы Қазақстанда ашаршылыққа ұшырап, 1 миллионнан астам адам аштан өлгенде, «еурополық коммунист-колонизаторларды» былай қойып, С.Меңдешев бастаған большевик қазақтардың өздері: «Ашаршылық жоқ», - деп жасырып, оған тиісті шара қолдануға қарсы болды. З.Валидовтің «Қатираларындағы» бұл пікірлердің растығына Т.Рысқұловтың 1924 жылдың 18-29 сәуір аралығында И.Сталиннің тікелей өзіне дайындаған «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газеттері туралы ұзақ баянхатындағы, сондай-ақ И.Сталин мен Л.Кагановичке жолдаған «Партия ұйымдарындағы тазалау кезіндегі Орта Азиядағы асыра сілтеушілік туралы» хатындағы деректер дәлел болады. Тура сол тұста Т.Рысқұлов өзінің ойын Ленинге:

«Шовинизм мен жергілікті ұлтшылдыққа қарай бұрылған бүйректі қарапайым жолмен жоя алмайсың. Оны сол тұрғындардың арасындағы экономикалық және басқа да қайшылықтарды жою арқылы ғана жүзеге асырасың. Жетісудағы кедей қазақтарға жер берілмесе, кулактары - 125, кедейлері - 15 десятина жерге ие орыстардың жұдырығы желкесінен төніп тұрғанда, қазақтарға: интернационализм деген өте жақсы нәрсе, кеңес өкіметі жағына шығыңдар, - деп қалай түсіндірсең де, ол мұны қабылдамайды, және кеңес өкіметін түйілген жұдырық деп есептейді. Сол ортадан шыққан коммунист мұны ашық айтса, оны ұлтшыл деп шығарады. Егерде мұндай теңдік сақталмаса, онда осы ортадан шыққан қазақ коммунисі қазаққа сөз айтудан қалады, өйткені оған бәрібір», - деп жазыпты.

Ақиқатына көшкенде, қазақ жерге иелік ете ме, жоқ па, Ленинге «бәрібір» еді. Тек орыс пролетариаты билеп-төстесе болды, ал кеңес өкіметінің атынан бүкіл қазақты қырып тастаса, тағы да оған «бәрібір» болатын. Әлемдік пролетариат санатында азиялықтар, оның ішінде «молла билеген орта азиялықтар» мәңгілік еуропалық пролетариаттың протекциясында өмір сүруі тиіс болатын.

Бұл - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi кезiндегi орыстар мен қазақтардың арасындағы кектi егес пен өштік сезiмiн тағы да оятты. Кеңес өкiметiнiң сауатсыз қайраткерлерi: үкiмет тек орыстiкi деп түсiнiп, жергiлiктi комитеттердiң құрамына қазақтарды кiргiзбедi, ал қазақ ауылдарын әкiмшiлiк құрамына қабылдамады. Тек мемлекеттiк салық жинаған кезде ғана iстiктi мылтықтарын шошаңдатып шыға келдi. Мұның себебiн көп көсемнiң бiрi Лев Троцкий:

«Большевиктер езгiге түскен шет аймақтарда жергiлiктi ұлттық партиялармен күресе жүрiп тәрбиелендi, сондықтан да шовинистiк өштiктi өшiрудiң орынына, орыс емес ұлттардың заңды әлеуметтiк талаптарын да орындаудан бас тартты. Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатының төралқасына орыстанып кеткен «бұратана халықтың» өкiлдерi сайланды, олар өзiнiң жалаң интернационалдық мүддесiн езiлген ұлттардың дамуына қажеттi нақты мұқтаждықтарға қасақана қарсы қойды. Шындығына келгенде, бұл саясат - ежелгi орыстандыру (русификаторство) бағытын одан әрi ушықтырып, азамат соғысы жағдайында аса үлкен қауiп төндiрдi», - деп жазды «Сталин» атты естелiгiнде.

Жергілікті жерлердегі қастаншықпағырлардың озбырлықтары туралы Т.Рысқұлов өзінің «Түркістан республикасының өкілетті өкілдерінің В.И.Ленинге жолдаған баянхатында»:

«Отаршыл кулактар революция тұсында байып қана кеткен жоқ, сонымен қатар өкіметті де жаулап алды, тіпті партияны да өз қолдарына алды, өздерінің мүдделерін одан әрі нығайту үшін негізінен әр түрлі төтенше мамандар, солшыл эсерлер, миссионерлер басқарған қызыл армияның құрамына ұйымдасқан түрде кіріп алуға да қолдары жетті, сөйтіп, осы күнге дейін кулактардың мүдделерін қорғап, кеңес өкіметінің әрбір шарасын қарумен тоқтатып келеді. Жергілікті еуропалық жұмысшылардың көпшілігі осы ережені қолдап отыр, өйткені олардың өзі қыр қазақтарын қара жұмысқа жегіп жүрген ұсақ меншік иелері болып табылады», - деп барынша ашына жазды.

Алматыда бүлік шығарған, Қарақол қаласында қырғыз коммунистерін қырып салған «жоғарыдағы қызыл әскерлердің» қарақшылығын дәлел ете келіп, Т.Рысқұлов, Низамеддин Хожаев, Г.Бех-Иванов 1920 жылы 25 мамырда Ленинге:

«1. Мұсылман еңбекшілеріне және олардың қызметкерлеріне сенім көрсету керек, ішкі мәселелерді және Шығыстағы мақсаттарды шешу үшін Түркістанда қуаты күшті мұсылман қызыл армиясын құру аса қажет деп есептейміз, болашақта Түркістанда құрылатын мұсылман армиясының алғашқы кезеңдегі ұйытқысы және құрама негізі ретінде ержүрек және сенімді командирлер басқаратын жақсы жасақталған татар және башқұрт бригадаларын Түркістан республикасының әскери комиссариатының қарамағына, ал шекара шебінде ұстау үшін тура сондай екі бригаданы Түркістан майданының қарамағына жіберілуі тиіс. Башкирияда, Татарстанда, Түркістанда жасақталған бөлімдер сыртқы күштермен күресу үшін шұғыл түрде шекаралық әскерді толықтыруға аттануы керек. Сөйтіп шұғыл түрде жергілікті колонизатор кулактардан жасақталған қызыл армия бөлімдерін қарусыздандырып тарату қажет не басқа майданға ауыстырылуы тиіс», - деген ұсыныс жасады.

Әрине, бұл ұсынысты Ленин кекесінмен, Сталин күдікпен қабылдады. Олардың «кекесіні» мен «күдігіне» келіспеген «бұратана коммунистердің өкілі» - түркістандық Т.Рысқұлов пен Ф.Ходжаев, башқұрттық З.Валидов пен Юмағұлов, қазақстандық А.Байтұрсынов 1920 жылы 16 маусым күні «Башкирия, Түркістан және Қазақстан коммунистерінің В.И.Ленинге оның ұлт мәселесі жөніндегі тезистерінің кейбір тармақтарын қайта қарау туралы ұсыныс» хат жазды. Мұнда пролетарлық еуропашылдыққа тойтарыс берілді. Жоғарыдағы мәселелер қайталап қойылды.

Сол күндері 1920 жылы маусымда А.Байтұрсынов «В.И.Лениннің ұлттар мен отарлау мәселесі» тезисі бойынша баянхатын» жолдады. Бұл тезис коминтерннің мәжілісінде жасалатын баяндаманың жобасы болатын. Ол Лениннің дүние жүзі коммунистерінің назарына ұсынатын ұлы бағдарламасы болуға тиісті еді. Әсіресе, ұлттық мәселені барынша терең қамтуға бағытталды. Танысып шығып, пікір білдіру үшін А.Байтұрсыновқа, З.Валидовке, Т.Рысқұловқа, М.Сұлтанғалиевке мәтіндері таратылады. А.Байтұрсынов өзінің баянхатында: отарлау мен бодан ұлттың арасындағы қарама-қайшылықтар мен оның зардаптарын жою, соның ішінде орыс большевиктерінің «коммунистік-колонизаторлық саясатының» өктемдігін шектеу туралы пікір білдірді:

«1. Шығыс туралы жалпы мәселелерді қамтымаған, дүниежүзілік революциядағы Шығыстың орыны мен маңызы дұрыс анықталмай, сонымен қатар коммунистік партия тұрғысынан өктем ұлт пен метрополияның арасындағы отарлау мен ұлттық мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретін нақты міндеттер қойылмай және ол жүзеге асырылмай тұрып, Шығыс халықтары туралы мәселелер дұрыс шешілмейді. Мәселе мынада: кейбірі ғана болмаса, жалпы Шығыс елі Еуропаның бұғауында және еуропалық капитализмнің тағылық езгісінде, еуропа имперализмінің адам төзгісіз қанауында. Еуропа капитализмінің күшеюіне қызмет етіп келген Шығысқа, енді Еуропадағы революцияны күшейтіп, оны құруға мүмкіндік беретін отар ел деп қана қарамау керек, керісінше, оның еуропалық капитализм мен имперализмнің бұғауынан босануы - коммунистік мекемелердің дербес мақсаты мен міндетіне айналуы тиіс. 2. Дүниежүзілік революцияның ұймдастырушысы ретінде Россия коммунистік партиясы мен ІІІ Интернационал Шығыстың барлық күрделі және қат-қабат әлеуметтік жағдайын есте ұстай отырып, соған орай Шығысқа қатысты шаралардың саясаты мен тактикасын анықтау қажет... Шығыс халықтарының мешеулігі туралы қаншама қақсағанмен, оның әлемдік революциядағы орынын барынша жоққа шығарғанмен, тіпті, бүкіл еуропада революция жаппай жеңіске жете қалған күннің өзінде, адамзаттың 3/2 бөлігін құрайтын езілген шығыстың еңбекші бұқарасы төңкеріске толық араласпаса, ынтымақтаса жұмыс істемесе, онда жаңа құрылыстың іргетасы берік болады деп сенуге болмайды. 3. Келесі мәселелерді талассыз қабылдау керек: бірінші, импералистік державалар ғасырлар бойы қанап келген отар елдер мен аз ұлттар қалың бұқараның ашу-ызасы мен жеккөрінішін тудырды, соның ішінде сол державалардың пролетариатына да сондай сенімсіз көзқараста болды, екінші, пролетариаттың басым көпшілігі, соның ішінде оған қосылған жартылай пролетариаттық элементтердің бойынан бұрын қаражүзді ұлыдержавалық иіс мүңкіп тұрса, қазір бонопарттық өктемдікке бой алдырған, отар елдерді азат етуге немкетті қарайды немесе сенімсіздік танытады, сөйтіп, оларға жетекшілік жасаудан көрі, билеп-төстеуге бейім...», - дей келіп, отар ұлттардың психологиялық буырқанысы мен жантүршігуінің себептерін тереңдей талдады.

Бұл мәліметтерде саяси сабақ аларлық тәсілім жеткілікті. Тергеу барысындағы жинақталған деректің өзі соған толық дәлел. Міне, сол кезде кеңес өкіметінің түлкі бұғаулы пиғылын түсінген саяси қайраткерлер үшінші Интернационалға жеке социалистік партия ретінде мүше боп кіруге ұмтылды. Демек жауап алу барысында тергеушілердің Ә. Бөкейхановтың,   А. Байтұрсыновтың, Т.Рысқұловтың, Низам Хожаевтің, З.Валидовтің арасындағы байланыс туралы қазымырлықпен сұрақ беруінің астарында осындай саяси мәнді оқиғалар жатқанын меңзейді.

Лениннің толық шығармалар жинағына енгізілмеген, яғни, компартияның өзінен де құпия сақталып келген мақала туралы пьеса кезінде кеңес одағы бойынша үлкен пікір таласын тудырған еді. Қайта құру идеясы да «ұлттардың өзін-өзі билеу еркі» туралы қозғалыста сол сексенінші жылдары басталып еді. Біз тым жайылып кетпеу үшін А.Байтұрсынов пен З.Валидовке, Т.Рысқұловқа қатысты партиялық тұрғыдан жазылған «Түсініктемемен» шектелеміз:

«Ұлт және отарлау мәселесі жөніндегі комиссия өткізген Коминтерннің ІІІ конгресіне дайындалған Тезистің алғашқы нұсқасы 1920 жылы 5 маусым күні «Башқұрт және Татар республикасы, Қазақстан, Түркістан, оның тәжірибелері» деген ескертпелермен сол кезде Москвада жүрген А. Байтұрсыновқа (Қазақ өлкелік ревкомының төрағасының орынбасары), Түркістан атқару комитетінің төрағасы Т.Рысқұловқа, Башқұрт ревкомының төрағасы З.Валидовке жолданады. Осы ескертпелерге Бұқар республикасының атынан Файзулла Хожаев та қол қояды. Жолданған материалдарды Ленин ішінара пайдаланған. Коминтерн индиялық Мабендранат Ройдың да жобасын қабылдайды. Сол жылғы 25 шілдеде сөйлеген Лениннің: «Пролетариат табы мүлдем жоқ Түркістан, тағы да басқа артта қалған елдерде» коммунистер билікті өз қолына алу, бұқара қауымның тәуелсіз саяси ойлау қабілетін ояту, кеңестік мемлекет құрылымын насихаттау, экономикалық тұрғыдан көмектесу, отаршылық қанаудан азат ету қажет», - деген үзілді-кесілді айтылған пікірі бодан ұлттардың намысына тиді.

Оның басты себебі - 1919 жылдың соңынан бастап Түркістанда ұлттардың өзін-өзі билеу құқы жөнінде үлкен пікір таласы өрбіген болатын. Т.Рысқұлов: Түрік халықтары республикасы мен Түркі компартиясын құруды ұсынды. «Түрккомиссияның» мүшелері оған қарсы шықты. Коминтерннің конгресіндегі Лениннің сөзі мұның бәрі бос қиял екенін көрсетті. «Кеңес бостандығы дегеніміз - коммунистік колонизаторлық» екенін жоғарыда аттары аталған түркі жұртының саяси көсемдері түгелдей түсінді. З.Валидов астыртын күресті таңдады, А.Байтұрсынов ұлтының санасын оятуды мақсат етті. Т.Рысқұлов пен Ф.Хожаев сол жолы саяси сахнадан уақытша ысырылды.

Міне, осы арада үлкен саяси мүдделер тоғысы мен саяси айла-амал басталады. Дүние тарихының астан-кестені шығып, күн сайын өзгеріп жатты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан екпін алған майдан шебіндегі жеңіс пен жеңілістер Түркістанның да, Қазақстанның да, Башқұртстанның да тәуелсіздікке деген үмітін бір жандырып, бір өшіріп жатты. Ресейдегі түркі тектес ұлттар, сыртқы күшке - Түркияға ерекше бауырмалдықпен қарады. Ататүрік мемлекеті де сыртта - ағылшындармен, іште - азаматтық күштермен екі майданда соғысып жатты. Түріктер өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін кеңес өкіметімен келісімге барып, оны дос деп таныды, Түркістан ұлттары түбінде бізді Ресейдің отарынан құтқарады деп сеніп отырған Әзірбайжаннан бас тартты.

Бұл кеңестің кеңістігін кеңейтті, түркі бодан жұртының тынысын тарылтты. Большевиктердің Орта Азия мен Қазақстанды алаңсыз билеуіне жол ашты. Түркия мемлекеті: Түркістан халқы Ресейге қарсы шықпасын, кеңес өкіметін қолдаңдар - деген ұстанымда болды. Керісінше, түркі дүниесін біріктіруге ұмтылған Әнуар паша сияқты қайраткерлер: жалпытүркі жамиғатының ортақ әскерін жасақтап, Еділ-Жайық бойына дейін азат етіп, Үлкен Түркістан мемлекетін құруға ұмтылды.

Содан бастап қазақ зиялыларының ой-еркі кеңес өкіметінен сырттап, оқшаулана бастады. Бар үміт жібі - Қазақстанның территориясы мен халқының үштен бір бөлігін қамтитын Түркістан республикасына қарай тартылды. Мұнда да үш түрлі саяси бағытта: 1) Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2) Түркістан - Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3) Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) - туралы күрес жүріп жатты. 4) Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында мұхаррамдық (революциялық, орыс басылымдарында - басмашылар қозғалысы) майдан ашты.

Осы қарбаласта, Қазақ автономиясы жарияланбастан бұрын Т.Рысұлов «Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитетке. 1920 жылдың 29 наурызынан бұрын:

«Түркістан республикасының кезекті ІХ құрылтайы 1920 жылдың 15 мамырына бекітілді. Құрылтайда талқыланатын өте маңызды мәселенің бірі - Түркістан республикасының жаңадан өңделген атазаңы болып табылады. Түркістан республикасының Орталық атқару комитеті көрші екі республиканың - Қазақстан мен Түркістанның арасындағы қарым-қатынас туралы, соның ішінде Сырдария мен Жетісу облыстарының Қазақ республикасының территориясына қосылуын ескере отырып, сондай-ақ Қазақ республикасының астанасын Ташкентке ауыстыра отырып, байланысты нығайту мақсатында және одан әрі күшейту туралы пікірлеріңізді шұғыл түрде Қазақ ревкомының атынан Түраткомына өкіл жіберулеріңізді өтінеміз, сондай-ақ Қазақ ревкомына Түркістан да өзінің өкілін жіберу басты шарт болып табылады. Сонымен қатар бүкілқазақ құрылтайын шақыру қалай жүріп жатыр, құрылтайдың күн тәртібі қандай, соның ішінде жоғарыда аталған екі мәселе туралы пікірлеріңізді, бауырлас түркі халықтарының арасындағы қалыпты экономикалық байланыс орнатудың жолдары туралы жобаларыңызды Түраткомға хабарлауыңызды сұраймыз. Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы - Т.Рысқұлов», - деп жеделхат жолдады.

Кеңес өкіметінің «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, ортақ Федеративтік Түркістан мемлекетін орнату - қалыптасқан саяси жағдайда нақты шындыққа жақын, аса мүдделі мүмкіндік болатын. 1918-1922 жылғы азаматтық соғыс тұсында мұндай қауіпті серпіп тастайтындай тегеуірінді күш Лениннің қарамағында болмады. Сондықтан да бар айла-амалды қолданып, түркі жұртын шырғада ұстады.

Міне, Қазақстан мен Түркістан қазақтарының арасындағы межелеу науқаны осы кезден басталды. Қазақ өлкелік әскери ревкомында шекараға жауап бертін А.Байтұрсыновтан басқа адам жоқ болатын. Сондықтан да бұл жеделхатты А.Байтұрсыновты Түркістанға шақыру деп түсінсе - шындыққа қиянат болмайды. Тұрар Рысқұлов пен С.Қожановтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы пікір ұстанымдары осы мәселеге келгенде алшақтай берді. Бұл қарама-қайшылық, өзара жаулық, топ құру емес, азаматтық ұстаным. Үшеуінің ешқайсысы да жеке басының мүддесін қорғап отырған жоқ. Үшеуі де қолайлы жағдайды пайдаланып, бұрын меже сызығы анықталмаған мемлекеттердің шекарасы мен халқын қалыптасқан және саяси мүмкіндігі бар, тәуелсіз мемлекет етіп жариялағысы келді. Үш жобаның астарында да саяси жағырафиялық әрі демографиялық негіз болды. Бұл жағдайды туғызған «бөліп ал да билей бер» - деген әлемдік отаршылдық саясаттың аяр айласының нәтижесі еді, яғни, кең байтақ қазақ даласының басын біріктірмес үшін оны: Ішкі істер министрлігіне қарайтын - Батыс Сібір; Сыртқы істер министрлігінің дәргейіндегі - Орынбор және Әскери министрліктің құзырындағы - Түркістан аймағына бөліп тастады. Біртұтас  ұлттың жерін де, елін де, басқару жүйесін де, елдік мүддесін де мүшелеп алып, олардың арасына қайта басы бірікпейтіндей араздық себу болатын. Бірақ та ол пиғылды тарихтың өзі екшей келіп, С.Сәдуақасов пен С.Қожановтың межесіне орай Қазақстан автономиясының шекарасын бекітіп берді. Осы шекара үшін, ел мен жер үшін жанталаса күрескен «Алашордалықтар» іле-шала қуғындалды, саяси жазаға тартылды, ал С.Меңдешев пен Ә.Жангелдин сияқты отарлық қамытты мойынынан шығарғысы келмегендер сол мемлекетті басқарып, биліктің қызығын көрді.

Мемлекеттік тәуелсіздіктің басты нысаны және кепілі - жер мен ел. Сондықтан да жоғарыда Ленинге жазған хатында А.Байтұрсынов болашақ қазақ автономиясын басқаратын кадр мен жер мәселесінің дұрыс шешілуін «езілген ұлттың еркін қорғаудың кепілі мен сенімі» деп бағалады:

А.Байтұрсынов: «Жоғарыдағы баяндалған жайларды ескере отырып: қазақ өлкесін басқаруға идеясы таза коммунист пен қазақ зиялыларының ішінен идеялық сынақтан өткен адал, халық сенетін қызметкерді қою керек. Нағыз идеясы таза коммунист пен коммунист болмаса да, идеясы таза қазақ қызметкері бір-бірімен түсінісіп қызмет етеді, жұмыста ортақ тіл табысады, әйтеуір жадағай коммунистерден көрі, қазақ болсын, орыс болсын, бәрібір, бұл әлдеқайда тиімді. Езілген ұлттар араласып тұратын аудандардағы кеңес өкіметі мекемелеріндегі қызметкерлердің 2/3 бөлігі қазақ болуы тиіс; Қазақ өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелері, мейлі ол орталықтандырылған, немесе дербес мекеме болсын, экономикалық бейімділігіне байланысты басқа губернияларға бағындырылмай, ешқандай бөлініп-жарылмастан, бәрі де қазақтардың қолында болуы тиіс; қазақ коммунистері мен төңкерісшіл қызметкерлердің іскерлігінің барлығы да кеңестік социалистік шаруашылық саясатын негізге алуы тиіс; Қазақстанның басын қосатын әскери округ Орынборда құрылуы керек; қаладағы гарнизондарда міндетті түрде қазақтар әскери қызметін өтеуі тиіс; Қазақ өлкесінің шекарасы (төменде көрсетілген мекендерден басқа) ешқандай өзгеріске ұшырамауы керек: Орынбор мен Ор қаласының арасындағы казактар тұратын тілшеден басқа жер - Қазақстанның, ал оның шығысындағы Иманғұл, Сейт, Сақмар өзенінің сағасы - Башқұртстанның құрамына берілсін; Орал өзенінің сол жағалауы мен Орынбордан төмен Елек өзеніне дейінгі жер Қазақстанға қосылмасын; Елек өзенінің сағасынан бастап Орал өзенімен қоса Қожақар мен Сломиха станицасы, Астрахан губерниясының Астрахан, Краснояр, Янатау уездері Қазақстанның құрамында болуы тиіс; Петропавл, Омбы және теміржолдың бойындағы Ақмола уезіне қарасты жерлер Қазақ өлкесінің есебінен шығарылады; Орынбор қаласы Қазақстанның астанасы болуы тиіс және мұны Қазақ өлкесінің жалпы құрылтайында бекіту керек. Осыған орай: қазақ мәселесіне қатысты Седельников пен Мюрат жолдастардың тезистері, Қазақ өлкелік әскери ревкомының 1920 жылғы 7 сәуір күнгі қаулысының көшірмесі, Седельников жолдастың Ленин жолдасқа хаты және Қазақ өлкелік құрылтайын шақырудың жалпы ережесінің жобасы жіберіліп отыр. Қазақ өлкелік әскери ревкомының және ВЦИК-тің мүшесі А.Байтұрсынов», - деп қатынас жолдады.

Бірақ А.Байтұрсыновтың да, З.Валидовтің де, Т.Рысқұловтың да пікірін Ленин құлағына ілмеді. Бұған шамырқана отырып түсінік беріп, З.Валидовтің өзін «ұсақ буржуазияның» қатарына қосты. Үшеуінің «Баянхаттарына» орай Ленин радио арқылы «Мұсылман халықтарына ашық үндеу» жолдады. Жергілікті орыс большевиктеріне қазақ Тұрар Рысқұловты, өзбек Низам Қожаевті, татар Мирсаит Сұлтанғалиевті қызметке белсене тартуды ұсынды. Алайда Лениннің бұл ұсынысын жергілікті орыс большевиктері барынша өшпенділікпен қабылдады, тіпті Лениннің өзіне сес көрсеткен жеделхат жолдауымен аяқталды. Шарасыз күйге түскен Ленин З.Валидовке:

«Міне, радиобұйрықты орындауға түрлі кедергілер пайда болғанын көріп отырсыз. Бұл бұйрық сіздің ықпалыңызбен жазылып еді, бірақ та жергілікті жерде оны жүзеге асыратын қабілетті адам табылмады. Орыс империализмін - орыстардың өзінің қолымен де, олардың еркінен тыс мұсылмандардың қарулы күшімен де жою мүмкін емес. Тоболин жолдас коммунизм идеясын Түркістанда таратып жүрген біздің достарымыздың бірі. ...Орыс колонизаторларының күшіне сүйенбей Кеңес өкіметін орнатуға ұмтылуымызды Тоболин де түсінбейді, өзгелер де түсінбейді. Енді бізде «Түрккомиссия» бар. Қандай да болмасын, түбінде бұл іс те бірте-бірте жүзеге асады», - деп жұбатты.

Сөйтіп, кеңес өкіметінің көсемдері мен ұлт қайраткерлерінің арасындағы көзқарас алшақтығы барған сайын ушыға берді. Кеңес өкіметінің түлкі бұлаңды пиғылын түсінген саяси қайраткерлер сол жылы Мәскеуде бастары қосылуға тиісті «Үшінші Интернационалдың» құрамына жеке социалистік партия ретінде мүше болып кіруге ұмтылды. Бұл қозғалыс туралы Заки Валидов:

«...Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты... Біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді», - деп еске алады.

Ал Т.Рысқұлов Сталинге:

«Петерс (Т. Рысқұловтың үстінен - Т.Ж.): (Т. Рысқұлов) 1920 жылы партия, ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес, контрреволюциялық «Иттикад уә теракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттикад уә теракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә теракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды», - деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14 желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «бұл арыздың мәтіні «Иттикад уә тераккидің» ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барсымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә тераккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады», - делініпті.

«...Шындығында да 1920 жылы «Түрккомиссиямен» жұмыс істейтін жергілікті басшылардың арасында үлкен келіспеушіліктер бар еді. «Түрккомиссия» жарты жыл жұмыс істеген соң (бірінші құрам) есеп беру үшін Рудзутак пен Элиава және Бройдо Москваға жүрмек екен. Соны ести сала өзімнің көзқарасымды қорғау үшін бірнеше қызметкермен мен де жолға дайындалдым. Өлкелік комитет пен Түрораткомның президиумымен делегация құрамын келісіп алып, келесі күні «Түрккомиссияның» мүшелерімен бірге Москваға жүріп кеттім. Ресми үкімет келісімінен басқа ешқандай «Иттикад уә теракки» деген ұйымды білмеймін, тек ... баяндама тезис түрінде жолай вагонда жазылды... Ол баяндаманы 1920 жылы ОК-тің саяси бюросында жазбаша түрде оқыдым», - деп түсініктеме береді.

Ескерте кететін бір жағдай, 1919-1920 жылдар барлық үкімет билігі революциялық әскери кеңестің қолына топтастырылған «әскери коммунизмнің» тұсы болатын. Сондықтан да әскери кеңестің мүшелері, соның ішінде А.Байтұрсынов пен З.Валидовтің құзыры зор еді. Олардың пікірімен Орталық комитеттің жанындағы мұсылмандар бюросы да, Бүкілодақтық Орталық атқару комитеті мен РСФСР халық комиссарлары кеңесінің жанынан құрылған «Түркістан комиссиясы» да санасуға тиіс болатын. Қазақ автономиясының территориясы межеленер тұста Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков Кремльге шақырылды. Аталған қайраткерлердің сол тұста Мәскеуде бас қосып, пікір алмасу мүмкіндіктері туды.

Т.Рысқұлов (жалғасы): (...) «Бұдан кейін біз Валидовтің, Сұлтанғалиевтің, Байтұрсыновтың қатысуымен кеңес өткіздік, - делінеді. Сіз, жолд. Сталин, жақсы білесіз, бұл кезде Сұлтанғалиев Шығыс халықтарының орталық бюросын басқаратын және Ұлттар жөніндегі халық Комиссариатымен байланыста болатын. Тіпті солшыл коммунист саналатын. 1921 жылы оны сіз ұлттар жөніндегі комиссариаттың коллегиясына мүше етіп ұсындыңыз, тіпті сіздің екінші орынбасарыңыз бола жаздады. Сұлтанғалиев 1923 жылы қызметінен төмендетілген соң жолдан тайды. Бірақ та сұлтанғалиевшылармен бірге ешқандай байланысым жоқ екенін үзілді-кесілді жариялаймын. Сұлтанғалиевтың сол кездегі қызметінен Петерс бейхабар, сондықтан да жалақорларға сене салған. 1920 жылы Валидов Сұлтанғалиевке қатты ұрсып сөйледі. Ендеше онымен қалай кеңес өткізеді?», - деп уәж келтіреді.

Ал «Түркістан комиссиясы» дегеніміз - кеңес өкіметі өзін нығайтып алғанша автономиялық ұлттарды алдарқата тұратын «аманат өткелі» болатын. Өйткені түркі тектес халықтардың автономиялық дербестігін қамтамасыз етуге тиісті «Түрккомиссия», керісінше, оларды бөлшектеу жоспарын дайындаумен шұғылданды. Ақырында Кремльде асығыс әрі астыртын құрылған «Башқұрт - қазақ комиссиясы» Түркістан, Бұқар, Хиуа, Қазақстан, Башқұртстан республикаларын - Коминтерннің үшінші конгресіне «Біріккен Түркістан социалистік партиясы» ретінде дербес мүше болып кіру құқығынан алдын-ала айыру үшін төтенше ұсыныс жасады. Ол ұсыныс бойынша: түркі ұлттарының саяси орталығы Орынбор қаласы мен Орынбор өлкесі тікелей Ресейдің құрамына енгізілді. Башқұртстан - «Ресейдің көптеген губерниялық автономиясының біреуі» ғана болып жарияланды.

Сөйтіп, тұтасып жатқан қазақ, башқұрт, татар, өзбек, түрікмен, әзірбайжан, ноғай, қырым ноғайлары бір-бірімен Ресей территориясы арқылы ажыратылды. Еділ мен Жайық бойындағы түркі елдері, соның ішінде Татарстан да Түркістаннан бөлініп тасталды. Сол арқылы кеңес өкіметі өзінің түпкі пиғылын - түрік тектес халықтардың басын біріктіруге қарсы екенін «үнсіз» жария етті. Бұл - кеңес өкіметінің мүддесі тұрғысынан дұрыс, ал ұлт республикаларының мақсат-мүддесіне қайшы шара болатын.

Мұның астарында бір ұлтты екіге, үшке билеп бөлу, яғни, самодержавиенің «бөліп ал да билей бер» деген жымсытпалы саяси амалы жатты.

1919 жылы наурыз айында Ленин мен Сталин «Башқортстан автономиялы үкіметін» мойындап қойғандықтан да, Башқұрт үкіметінің армиясы қызылдардың қатарында Украина майданында 1 жыл екі ай соғысты. Енді аяқ астынан, ешкімге ескертілместен, 1920 жылы 19-мамыр күні «Башқұртстан - Ресейдің автономиялық губерниясы» болып шыға келуі қалай? Бұл қандай азаматтық ожданға негізделіп жасалды және неге бұзылғанын түсіндіріп беруді сұраған, З.Валидовке Ленин:

«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз - бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді», - деп жауап береді.

Міне, сол кезде Заки Валидовке Түркістан өлкесіндегі мухаррамдар қозғалысына қосылу туралы алғашқы ой келеді. Украина мен Петроград майданында қан төгіп жатқан башқұрт боздақтарын шақырып алып, оларды Түркістан майданына жіберу туралы Лениннің рұқсатын алады. Бірақ Сталин:

«Валидов Орта Азия буржуазиялық республикаларын бір федерацияның құрамына біріктіріп, кейін оны революциялық Россиядан бөліп әкетуді көздеп жүр», - деп күдіктеніп, Лениннің нұсқауын жүзеге асыртпайды.

«Алашорда» үкіметімен жасалған келісім шарттың тағдырын да дәл осындай опасыздық күтіп тұр еді.

Жалғасы бар

0 пікір