Жұма, 19 Сәуір 2024
Тарихтың бір күні 10271 5 пікір 16 Желтоқсан, 2022 сағат 11:24

Тәуелсіздік мерекесі – ұлыстың ұлы күні

Тәуелсіздік мерекесі – мейрамдардың мейрамы, ең ұлы мереке. Осы мерекенің ұлылығын айқын түсіну үшін бір сәт өткенімізге шолу жасап қою абзал. Тауарихқа қарасақ – бір заманда әлемді аузына қаратқан көшпенділер империясының Ұлы Дала төсіндегі бір сынығы жаңаша ұйысып, өз этностық атауымен мемлекет құрған да, төрт ғасырға созылған дербестігінен соң елдігінен айрылған, сөйтіп ғасырға жуық отарлық езгіде қиналған.

Одан отарлаушыларға қарсы көтерілген, нәтижесіз қилы бұлқыныстардан кейін, жаңа өркениетке сай, ұлт азаттығын көздеген қозғалысты өрістетіп, орыс империясындағы тәуелсіздік аңсаған халықтармен бірге  монарх қамытынан құтылған да,  «Алаш-Орда» Халық Кеңесін құрып, елдігін уақыт талабына сай жаңғыртқан.

Бірақ таптық жалау желбіреткен дүлей күштің еліткіш-мәжбүрлегіш әрекеті басым түсіп, одан айрылып қалған, содан соң, қара халыққа жақын көрінген, ұлттық құрылымдардың баршасының түбіне жеткен сол дүлей күштің қызыл туы астында қазақ та автономия алып, еркін ел болдық деп масаттанған; Елдіктің бірқатар белгісін қазақ шынымен де қызыл туды желбірете жүріп  жаңғыртқан: ел басқару құрылымын түзген, жаппай сауаттануға бет бұрған, патшалық империя бөлшектеген жер-суы мен халқын бір шаңырақ астына жинаған.

Бірақ Ұлттық Апатты – кеңестік билік жасанды да сұрапыл ашаршылығымен үш дүркін есеңгіретіп, халық ретінде жойылып кетуге тақалтқан алапат ашаршылықтарды – бастан кешкен; Зұлматтан құр сүлдері қалған халқымыз тап сол кеңестік биліктің жетекшілігімен қайта түлеп, рухани жаңғыра алған, нәтижесінде: мемлекеттік қылмысын саясатпен әрлеп жасыруға шебер  большевизмнің қолымен ауыр нәубетке ұшыраса да, еңсе түсірмей көрсете алған өмірге құштарлығы лайықты бағасын алған, автономиялық республикасына кеңестік билік көсемі «тәуелсіз социалистік мемлекет» тәжін кигізген де, одақ құрушы республикалар қатарына қосқан.

Екінші дүниежүзілік соғыстың қан қасабына қазақ жалпы санының төрттен бірін сол кезгі ортақ отанды қорғау мақсатында жіберген, оның төрттен үшін құрайтын боздақтар майдан далаларында қалған; Кеңестік билік республика аумағын 30-шы жылдардан қаптатқан концентрациялық лагерьлерге, өзге өңірлерден зорлап көшірілген халықтардың жаңа мекеніне айналдырған, одан, 50-ші жылдары тәтті ұрандармен қазақ жер-суын жаңаша отарлау науқанын үдемелете жүргізген, сондай большевиктік әрекеттер салдарынан қазақ өз жерінде ұлттық азшылық деңгейіне дейін  құлдырап кеткен.

Әлденеше ондаған жылдарға созылған билігі тұсында жаңа тұрпатты отарлаушылар ел-жұрт санасын билеуде көп табысқа жеткен: 20-шы жылдар ортасында ел басқаруға орталықтан келген эмиссар армандаған санаға «нивелировка» жасау сынды мұратты 50-60-70-ші жылдары совет одағы ауқымында «жаңа адам тәрбиелеу», одақ құрамындағы өзге ұлттар үшін «орыс тілін екінші ана тіліне айналдыру» жоспарларына ұластырып, қапысыз жүзеге асырған – кешегі бұратана, бүгінгі өзге ұлттармен «құқтары тең» қазақтың бар ақыл-ойының, арман-мүддесінің орындалу кілтін орталыққа байлаған, тиісінше қазақ елінде сол кіндік биліктің айтқанынан шықпайтын, өз бетінше ой түйіп, халқы үшін пайдалы бірдеңе істеуге не өресі жетпейтін, не батылы бармайтын,  түрі ғана ұлттық, ал ішкі мазмұны жалпыимпериялық сипатқа сықыған  орыс тілді саяси элита қалыптастырып алған.

Сол элитаның биліктегі партияның биік құрамын құраған «аса беделді де құрметті» бөлігі тағдыршешті сынға төтеп бере алмаған, мәскеулік орталық өзі пұрсат еткен демократиялық жаңару бағыттарын белінен басып, қазақ республикасын басқаруға қазақ үшін көлденең көк аттыны жібергенде, оны заңды түрде кері қағудың орнына, бас шұлғи қабыл алған, сонда олардың бұл қылығына – төбелеріне қойған таңдаулыларының құлақкесті құлдық шешіміне – халық үнсіз мойынсұнғанмен, оның жас ұрпағы намыстанған:  өскелең өрендер дүр сілкініп, көкірекке ұялаған сұрақтарына жауап алу үшін астананың басты алаңына шыққан, бірақ совет билігі олардың бейбіт шеруін өкіметке қауіп төндіргендей көріп, одақтас республика жастарының  конституциялық құқтарын аяққа таптап жатқандарына ой жүгіртпестен, тез ауыздықтай қою үшін, құдды отар құлдарын жуасытқандай тәсілмен дөрекі де тұрпайы күш қолданғанда,  өрімдей қыз-жігіттер ашынып,  саяси наразылығын қайтпас ереуілге, азаттық көтерілісіне ұластырған.

ХХ ғасырдағы әскери күшпен басып-жаншылған ұлт-азаттық көтерілістердің соңғысы болған осы тарихи оқиға кезіндегі жуасыту және жазалау операцияларынан соң, қолға тірі түсірілген саяси қарсылық көрсетушілер мен оларға іш бұрушыларды «37 жыл» рухында сөккен, сазайын тартқызған репрессиялық шаралардан бес жыл өткенде – халқымыз ғасырлар бойы аңсаған мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді.

Қазақтың осындай тайғақ кешкен тар жолдан күллі кедергіні бұзып-жарып аман өтуі арқылы жеңіп алған Тәуелсіздігінің мерейлі күні ел-жұртты ерекше шаттыққа бөлейтін  бүкілхалықтық ұлы мереке болып табылады. Биыл бұл күнді жиырма жетінші  мәрте атап өтеді екенбіз. Осы күн қарсаңында, әдетте, биік мінберлерден тәуелсіз дамыған еліміздің жетістіктері айтылады, алынуға тиіс жаңа белестер, сол орайда атқарылмақ міндеттер сөз болады.  Ретімен дәріптеле бермек жетістіктер мен толассыз айтылмақ мерекелік лебіздерге қосылатынымды білдіре отырып, мен, дегенмен, осы күндері ұмыт қалдырылмауға тиіс кейбір жәйттер жайын да ескерте кетсем деймін.

Көңілдегі түйткіл түсінікті болу үшін, біздің ұрпақтың саналы ғұмырының басым бөлігі советтік дәуірде өткенін еске салғым келеді, сол шақтағы аса ұлы мереке – ескі күнтізбемен 25 қазанда жасалғандықтан,  7 қараша сайын тойланатын «Ұлы Қазан социалистік революциясы» мейрамы болатын. Бұл күннің әр адам санасына алтын әріптермен өшпестей болып түсірілгендігі сондай, әлемге танылған ірі жазушыларымыздың бірі: «Халқымның туған күні – Ұлы Октярь екенін балаларымның балаларына дейін айтып кетемін», – деп жер-жаһанға жар сала уәде берген. Алайда заман өзгерді, кешегі қызыл империя шынжырынан азат болған халықтар шын туған күндерін – елдік мәртебеге қол жеткізген күндерін – ең ұлық мереке ретінде тойлап жүр. Тек бізде отарлық дәуірдің темір құрсауынан құтылғанымызға қуанатын  сезім баршаның жүрегін жаулай қоймаған сияқты көрінеді маған. Тіпті, еліміздің осы ең басты мейрамы қарсаңында студенттердің оқу үдерісін үзіп, жаппай каникулға жіберу әдетке айналғанын, желтоқсанның бастапқы күндерінде тәуелсіздік күнін емес, одан жарты айдай кейін туатын жаңа жылды қарсы алуға дайындықты бастап кететінін көргенде, «биліктің мұнысы несі, мемлекеттік мерекеге шынымен де өзі немқұрайды қарай ма, қалай»  деген күдік көкірекке ұялайтын.

Тәуелсіздік мерекесінің Сексен алтының желтоқсанында жастар қарсылық шеруіне шыққан күнге тұспа-тұс келуі жоғарыда айтылған күдіктің жауабын ұстатқандай сықылданатын.  Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығында орын алған тағдыршешті өзгерістерге, іс жүзінде империя ішіндегі жаңа тарихқа жол салған саяси көтеріліске өз дәрежесіне сай баға берілмегендіктен, оның тәуелсіздік тұғырына қаланған маңызды кірпіш іспетті рөлі бағаланбады деп саналатындықтан, тап сол күнгі еске алуға жол беру – жастардың жаңа толқуына апаруы ықтимал деп, қолайсыз қозғалыс туғызбаудың амалын осылайша қарастырса керек. Оның үстіне, бұдан 9 жыл бұрын тура сол күнде (бұл жолы империя отарында емес,  империя құрсауынан азат болған тәуелсіз елдің тап өзінде) орын алған тағы бір қасіретті оқиға – Жаңаөзен трагедиясы болды.  Осы екі қайғылы оқиға құрбандарына тағзым етуді көп жан борышы санайды. Өкімет, ыңғайы, сондай шара кезінде жастардың, негізінен студенттер тарапынан ойластырылмаған жағымсыз әрекеттер бұрқ етуі мүмкін деп сескенетін сияқты. Сонымен, ұлы той күнінің  екі бірдей оқиға құрбандарын еске алу күнімен тұстас келуі шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам ретінде көріне алмауына себеп болып отырғаны анық па деймін. Егер билік мүлдем басқа өкіметтің, тарих сахнасынан кеткен өкіметтің қылмысын қорғаштағандай болмай, Сексен алтының қаһарлы Желтоқсанын империя құрсауын бұзған саяси көтеріліс ретінде атап, сол көтерілістің рөлін асқақтата көтеріп, тәуелсіздігіміздің салтанатты мерекесін құрбандарға тағзым етуден бастап жатса, әсер, сөз жоқ, басқаша болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, ұдайы елемеу жағы басым түсіп келеді. Ол аздай, енді оған, жеті жылдан бері, өкіметтің орашолақтығынан адамдарды атуға жол берілген жаңа қылмыс қосылды. Оған опынып жатқан ешкім байқалмайды. Мұндайда көңіл қалай екіұдай болмасын. Осындай жағдай өзгермей тұрғанда, биылғы мерекенің де кейінгі жылдардағыдай сұрықсыздау өтпесіне кім кепіл...

Дегенмен тығырықтан шығар жол іздеу жөн. Дұрысы – тәуелсіздік мерекесін сол тәуелсіздікті мақсат етіп тұжырымдаған Декларацияның қабылданған күніне ауыстыру. Еске түсірейік – 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің Тәуелсіздік хақындағы декларациясын, ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда сол Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің Мемлекеттік тәуелсіздігі жайындағы заңды қабылдады. Яғни Декларация қабылданған күнді Тәуелсіздік мейрамы етуге әбден болады. Өткен заманға тағы бір көз жүгіртейік. Қазақ АКСР-ін құру жайындағы Декларацияға 1920 жылғы 26 тамызда қол қойылған, ал Қазақ АКСР-ін Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезі  сол жылғы 4–12 қазанда құрды. Қызығы, екі датаны да Советтік Қазақстан тойлаған емес, өйткені соған жол ашқан 7 қарашаны бүкіл  Одақ болып тойлау жеткілікті көрінген болса керек. Бұл – қызыл империя кезінде осылай болды, енді, империялық тәуелділіктен құтылып, өз еркіміз өзімізге тигенде,  тарихи жағдайларды есепке ала отырып дұрыс шешім қабылдауға әбден болады емес пе... Әрі, еске түсірейік, біздің су жаңа тарихымызда да мұндай мысал бар: әуелде Астана күнін билік органдары Ақмолаға барып орналасқан күнге орайластырып тойлап жүрдік те, кейін, елорданы сонда ауыстыру жөніндегі  шешім шыққан күнге ауыстырып алып едік қой... Желтоқсанның 16–17–18-ші күндерін Советтік империя орталығының озбырлығына саяси қарсылық танытып көтерілген және Жаңаөзенде айлар бойы әлеуметтік әділеттілікті бейбіт түрде талап етіп тұрған азаматтарға күш  қолдану салдарынан жазықсыз қырылған құрбандарды еске алу шараларын өткізуге қалдырып, Тәуелсіздік мейрамын 25 қазанда мерекелеуді заңдастыру қажет-ақ. Сонда ғасырлар бойы аңсаған мемлекеттік тәуелсіздігімізді табиғаттың өзі туғызатын қолайлылық ахуалда  мән-мағынасына терең де жан-жақты ой жүгірте отырып тойлауымызға әбден болар еді. Ондай әрекеттің былтырдан бері барша жұртқа зор сілкініс әкелген Президент Назарбаевтың болашаққа бағдар ретінде ұсынып, сананы жаңартуды көздеген бағдарламалық мақаласы мен сондағы рухани жаңғыру жолдарын үстемелей түскен тағы бір бағдарлама іспетті, тарихқа бойлаудың нақты жолдарын Ұлы даланың жеті қыры ретінде атап көрсеткен биылғы мақаласы ауқымында атқарылмақ істерге үндес шығатынына күмән болмаса керек.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тілге осындай ойлар оралып тұр. «Өлі разы болмай – тірі байымайды» деген, бақуатты да бақытты өмір сүру үшін, шын мәніндегі мың жылдық, яғни мәңгілік мемлекет іргесін нығайта түсу үшін қоғамдық тыныс-тіршілігімізге осындай түзетулер мен толықтырулар жасап алудан тартынбайық. Тәуелсіз мемлекетіміздің жұлдызы жарқырап, абыройы арта түсуіне, халқымыздың дәулеті көтеріле беруіне, тыныс-тіршілігі  заман талабына сәйкес жақсара түсуіне, өскелең ұрпағымыздың отансүйгіштік рухта, ең озық демократияға лайық деңгейде тәрбиеленуіне  саналы іс-әрекетімізбен өзіндік үлесімізді қосайық. Ұлы Даланың шын қожайыны атына сай болайық. Келе жатқан ұлы мереке – Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын, тәуелсіз ел азаматтары!

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

5 пікір