Жұма, 19 Сәуір 2024
Анық 5750 0 пікір 16 Қараша, 2018 сағат 17:44

Медициналық сақтандыру – медициналық көмек сапасы мен қолжетімділігінің кепілі

2017 жылы 1 шілдеден бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу жөніндегі денсаулық сақтау реформасы басталды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) заңнамалық базасын жетілдіру аясында 2017 жылдың 30 маусымында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуді қарастырған Заң қабылданды.

2017 жылдың 30 маусымында қабылданған Заңды жүзеге асыруда 31 нормативтік-құқықтық акт қабылданатын болады. Олардың ішінде Үкіметтің 10 қаулысы мен 21 бұйрық бар. Халықаралық қаржы институттарымен жүргізілген жұмыстар жалғасуда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ақпараттық жүйесін құру мақсатында, мүдделі мемлекеттік органдармен, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Бұл халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табыстарына қарамастан медициналық және дәрі-дәрмектік көмекте тең қол жетімділікке кепілдік береді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген соң денсаулық сақтау жүйесі бәсеке жағдайындағы жұмысқа түбегейлі ауысады, бұл медициналық қызметтер сапасын заңға сәйкес арттырады. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой айтты.

МӘМС-ды енгізудің қажеттігі неде?

Вице-министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесіне жаһандық сын-тегеуріндер (жұқпайтын аурулар өсімі, жаңа технологияларды енгізу есебінен жүйенің ресурс сыйымдылығы, егде адамдардың санының артуы) денсаулық сақтаудың шығындарын ұлғайтуға әкеледі.

Халықаралық тәжірибеде міндетті медициналық сақтандыруды енгізу жоғарыда көрсетілген сын-тегеуріндерге жауап береді және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізген соң денсаулық сақтаудың жалпы шығындары ұлғая түседі, бұл медициналық қызметтердің жоғарғы сапасы мен қолжетімділігімен қамтамасыз етеді.

«Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қажеттігі әрі қарайғы мемлекеттік құрылыстың «100 нақты қадам» Институционалдық реформаларының Жоспарында, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы - 2050: Бір Мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген», - деді А. Цой.

Енгізу мақсаты мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ынтымақты қатысуына негізделген медициналық көмек көрсету міндеттері мен кепілдемелерін қамтамасыз етудің теңдестірілген әрі тұрақты жүйесін құру болып табылады.

Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне әркімнің қатысу деңгейі мен жауапкершілігі нақты айқындалатын болады.

Қандай жұмыстар атқарылды және алда не күтіледі?

А. Цойдың айтуынша, МӘМС енгізу шаралары 2016-2017 жылдарға бекітілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің Жол карталарына сәйкес іске асырылады.

МӘМС жүйесінің қызмет көрсетіп бастауын және МӘМС бойынша төлем мерзімінің 2018 жылғы 1 қаңтарға ауысуын қарастыратын Заңға қол қойылды.

МӘМС жүйесінің қызмет көрсетуін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы әзірленді. Заң жобасында МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығының тұжырымдамалық тәсілдері бойынша өзгерістер мен толықтырулар, МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығы, жалпы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі, сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тегін медициналық көмек көрсетуінің кепілдендірілген көлемінің бірыңғай төлемшісі жөніндегі анықтамасы қарастырылған.

Министрлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсетін жарналар мен аударымдар туралы және халық жағдайы (сақтандырылған/сақтандырылмаған) туралы мәліметтер сақталған «Медицина қызметтерін алушылар тіркелімі» мен «Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру» атты ақпараттық жүйелерді әзірлеп, сынақтан өткізген.

Айта кету керек, жоғарыда аталған жұмыстар аясында Денсаулық сақтау министрлігі министрліктің ақпараттық жүйелерін өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктіруді жоспарлайды. «Ресурстарды басқару жүйесі» АЖ түзету жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, медицина қызметкерлері, халық және жұмыс берушілер арасында МӘМС енгізуге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

«МӘМС-ды енгізуге дайындық шаралары 2017 жылы жалғастырылады және 2018 жылғы 1 қаңтарға қарай МӘМС жүйесінің барлық қатысушыларының жүйенің толыққанды қызмет көрсетуінің басталуына әзірлігін қамтамасыз ету жоспарлануда», - деді А. Цой.

Жүйе қалай әрекет ететін болады?

МӘМС жүйесі қызмет етуші адамдар, жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың аударымдарына құрылады. Халықтың осал топтарына жарнаны мемлекет төлейтін болады.

Жұмыс берушілердің жарналарының жалпы мөлшерлемесі 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2%-ды, 2018 жылы - 3%, 2019 жылы - 4% және 2020 жылдан бастап 5%-ды құрайтын болады.

Жалдамалы жұмыскерлер аударым жіберуді 2019 жылдан бастап  - кірісінің 1%, 2020 жылдан бастап кірісінің 2% деңгейінде жүргізе бастайды.

Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарына жарна аударатын болады. Мемлекеттің жарна мөлшерлемесі орташа айлық жалақысының 7%-ын құрайды. Сонымен қатар, мөлшерлеме көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады: 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%, 2023 жылы 6%, 2024 жылдан бастап 7%.

Заң жобасына сәйкес, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден халықтың әлеуметтік осал тобының 14 санаты, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері босатылады. Барлығы – халықтың жалпы санының 50%-дан астамы немесе шамамен 10 млн адам.

Жұмысшының, жұмыс берушінің, жеке кәсіпкердің және мемлекеттің экономикалық белсенді емес халық үшін барлық төлемдері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі.

Қор медициналық ұйымдардан медициналық қызметтерді Бірыңғай стратегиялық сатып алушы болады және ТМККК аясында, сондай-ақ МӘМС бойынша медициналық қызметтерді конкурстық негізде мемлекеттік және жеке клиникалардан сатып алады.

Егер медициналық ұйымның ресурстық қамтамасыз етуі бекітілген минималды стандарттарға, ал көрсетілетін қызметтер сапаның бекітілген қағидаларына сәйкес болса, онда медициналық ұйым қызметтерді әлеуетті жеткізуші болып таңдалады.

Барлық медициналық ұйымдар Қазақстан Республикасының сақтандырылған азаматтарының Бірыңғай тіркеліміне қолжетімді болады.

Азаматтар жүгінген жағдайда медициналық қызметкерге оның ЖСН енгізу және оның сақтандырылғандығы мәртебесін растауды алу жеткілікті.

Егер аударымдар жасалса, жүгінген адам сақтандыруда ұсынылған қызметтердің барлық спектрін пайдалануға құқылы. Егер аударымдар болмаса, оған медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көмек көрсетіледі, ал қалған шығындарды ол өзі төлейді.

МӘМС әсерлері

МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек; стационарлық медициналық көмек; жоғары технологиялы медициналық қызметтер; стационарды алмастыратын технологиялар; ұзақмерзімді мейірбикелік күтім көрсетілетін болады.

Жалпы, қосымша қаржы ресрустарының түсімдері есебінен МӘМС енгізу медициналық қызметтің халық үшін қолжетімділігі мен сапасын айтарлықтай арттырады. Емханаларда кезекті азайту мақсатында емханаларда электронды кезектер енгізіледі. Халықтың білікті педиатриялық көмекке сұранысын қанағаттандыру үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде педиатриялық учаскелерді кезең-кезеңмен қалпына келтіру және олардың үлесін арттыру жоспарланған.

Медициналық қызметтер сапасы денсаулық сақтау саласында стандарттарды бекіту, клиникалық хаттамалар және медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру бойынша алгоритмдерді енгізу, медициналық қызмет көрсетуге денсаулық сақтау субъектілері арасында конкурс ұйымдастыру, медициналық қызметтерді аккредиттеу, қызметтердің сапасы және көлемі бойынша келісімшарттық міндеттемелерді бақылау нәтижелерін, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелерін есепке ала отырып, қызметтерге төлеу арқылы қамтамсыз етіледі.

Сондай-ақ, МӘМС енгізумен халықтың жалпы практика дәрігерлерімен қамтамасыз етілуі алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) деңгейінде жоғарылатылады. Жалпы практиканың 1 дәрігеріне жүктеме  2000 тіркелген тұрғыннан 1500 адамға дейін азаяды.

МӘМС жүйесінде амбулаторлық-емханалық көмек қызметтерін кезең-кезеңмен арттыру қарастырылған. Бұл қолжетімділікті арттырып, кезектілікті азайтады, сәйкесінше қабылдау сапасына әсер етеді, себебі дәрігер әр науқасқа көбірек уақыт бөле алады.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға және өмір сұру ұзақтығын арттыруға, халықтың сұранысына жауап бере алатын денсаулық сақтау жүйесін құруға, амбулаторлық деңгейде дәрілік қамтамасыз етуді кеңейтуге, денсаулық сақтау жүйесіндегі бейресми төлемдер деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайтынын атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауының қорытындысы бойынша Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне МӘМС-ті іске қосқан сәтке дейін ол тиімді және кедергісіз жұмыс жасауы үшін барлық тәуекелдерді есептеуді тапсырды. Бұдан өзге, Премьер-Министр денсаулық сақтауды ақпараттандыру және дәрілік заттарға бағаны реттеуді енгізу бойынша заңнамаға түзетулерді әзірлеу бойынша кең жұмысты қамтамасыз ету қажеттігіне баса назар аударды.

Abai.kz

0 пікір