Жұма, 19 Сәуір 2024
Анық 12605 0 пікір 1 Желтоқсан, 2018 сағат 17:37

Қазақстан БҰҰ-ға қалай мүшелікке өтті?

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясы­ның 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты алға тартты. Оның біріншісі – барлық үкіметтердің ізгі ниет білдіру тәртібімен “бір+бір” формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы – Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ-дан қолдау тауып, Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды.

1992 жылдан бері Қазақстан тек қана халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде қабылданып қоймай, сонымен бірге онда өзінің лайықты орнын таба білді.

Қазақстанның БҰҰ жүйесі жұмысына қатысуы еліміздің көпжақты дипломатиясының басты бағыттарының бірі, ол елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізіп, әлеуметтік-саяси, экономикалық және қоғамның т.б. салаларында қолайлы халықаралық жағдайларды туғызады. Осы бағыттың негізгі мақсаты халықаралық сахнада ҚР-ның ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мүдделерін, саясат пен экономикада әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты даму ортасын құруды, әлемдік қауымдастық мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіруді көздейді.

Мемлекетіміздің басшылығы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды салаларындағы БҰҰ-ның рөлін күшейтуге бағытталған БҰҰ сол кездегі Бас Хатшысы К.Аннанның қызметін қолдай отырып, ҚР-ның осы беделді ұйым, оның мамандандырылған мекемелері, қорлары және бағдарламаларымен ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған бағдар ұстануда.

Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы тарихындағы басты шаралардың бірі БҰҰ Бас Хатшысы К.Аннанның Қазақстанға 2002 жылғы 17-18 қазандағы ресми сапары болды, ол Қазақстанның БҰҰ-мен онжылдық ынтымақтастығының нәтижелерін бекітіп, ықпалдастықтың болашағын айқындады.

Мемлекеттікті құру сатысында Қазақстанға сарапшылар, техникалық және қаржы көмегін тарту ісінде БҰҰ Даму Бағдарламасы, Балалар Қоры, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар.

БҰҰ-ның Жарғысын мүлтіксіз орындау негізінде, Қазақстан Ұйымды нығайту мен БҰҰ басшылығымен әлемдік қауіпсіздік жүйесін құруға күш-жігер жұмсауды толық жақтайды.

БҰҰ-ның қазіргі таңдағы маңызды мәселелерді шешудегі басым рөлін тани отырып, Қазақстан осы ұйымда орын алып отырған үрдістерден тыс қала алмайды. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері бүкіл әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне үлкен үлес қосып келеді. Ядролық қарудан бас тарту, Азияда сенім шараларын орнату, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үрдістерді нығайту, өркениеттер мен діндер диалогын шақыру – осының бәрі біздің мемлекетіміздің БҰҰ Жарғысының ұстанымдары мен мақсаттарына сәйкес атқарған істерінің әлі де толық емес тізімі.

Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін және оның бітімгершілік әлеуетін нығайту жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсете отырып, БҰҰ-ның резервті келісім-шарттар жүйесі мандатын кеңейту шараларын оң бағалайды. Қазақстанның осы бағытта белсенді қызмет атқаруының дәлелі Қазақстандық бітімгершілік батальонының (Қазбат) құрылуы, әрі осы батальон сарбаздарының Иракта тұрақтандыру күштері қатарында қызмет көрсетуі болып табылады.

Қазақстан 2003 жылы БҰҰ-ның дайындық іс-шаралары жүйесіне үлес қосу жөніндегі Өзара түсіністік меморандумына қол қойып, қазіргі таңда бітімгершілік операцияларға Қазбат батальонының адам, бронетехника және көлік ресурстарын бөлуге дайындығын, әрі БҰҰ-ның бітімгершілік операциялары үшін сатып алулар жүйесінде неғұрлым белсенді қатысуға ынтасын білдіреді.

Біз БҰҰ мен аймақтық ұйымдар арасындағы ықпалдастықты кеңейтуді, әрі аймақтық ұйымдардың өздері арасындағы ұйымдасқан қылмыс, есірткі қаупі, заңсыз миграция, діни экстремизм, жоқшылық пен АҚТҚ/ЖҚТБ таралуымен күресте серіктестік байланыстарын кеңейтуді қуаттаймыз.

Қазақстан БҰҰ-ның және оның мамандандырылған мекемелерінің мүмкіндіктерін Арал теңізінің тартылуы, Семей сынақ алаңының радиоактивті ластануы, ауыз-су көздерінің ластануы секілді техногендік және экологиялық апаттардың экономикалық және гуманитарлық салдарларын азайтуға мақсатты түрде пайдалануды көздейді. Осы тұрғыда жеке назарды Мыңжылдық даму мақсаттары мен орнықты даму ұстанымдарын жүзеге асырудағы Қазақстанның белсенді қатысуына аудару керек.

1992 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің, қорларының және бағдарламаларының өкілдіктері жұмыс істеуде. Олардың қызметі техникалық, кеңес және қаржылық көмек көрсетуге бағытталған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) - жалпы құзыры бар, ашық түрдегі халықаралық, мемлекетаралық әмбебап ұйым. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1945 жылы КСРО, АҚШ, Ұлыбритания және Қытай арасындағы келісім негізінде құрылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы 1945 жылдың 26 маусымында қабылданып, 1945 жылдың 24 қазанында күшіне енді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен принциптері Жарғының 1-2 баптарында бекітілген. Осыған сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымы мына мақсаттарды көздейді:

• халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

• ұлттардың теңдігі және өзін-өзі басқару принципін құрметтеу негізінде халықтар арасында достық қарым-қатынасты дамыту;

• экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуде және адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын дамыту мен қолдауда әріптестікті жүзеге асыру;

• ұлттардың осы мақсаттарға жету жолында үйлестіруші орталық болу. Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі принциптерге сүйеніп әрекет етеді:

• оның барлық мүшелерінің егеменді теңдігі; • олардың мойнына алған барлық халықаралық міндеттемелерді адал орындауы;

• олардың арасында туындайтын халықаралық дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу;

• басқа мемлекеттерге қарсы күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоқы көрсетпеу;

• олар Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес жүргізілетін барлық шараларға жанжақты кәмек көрсетуі керек;

• Біріккен Ұлттар Ұйымы оған мүше емес барлық мемлекеттердің осы принциптерді ұстануын талап етеді, өйткені бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет;

• Біріккен Ұлттар Ұйымына Жарғы ешқандай жағдайда мемлекеттердің ішкі ісіне жататын әрекеттерге араласуына құқық бермейді. Кез келген бейбітшілік сүйгіш, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын мойындап, ондағы міндеттемелерді орындауға келіскен мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше бола алады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдері: қытай, ағылшын, француз, орыс, испан тілдері. Бұлардан басқа Бас Ассамблеяда, Қауіпсіздік Кеңесте және Экономикалық және әлеуметтік кеңесте ресми тіл ретінде араб тілі қосылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымы алты басты органнан тұрады. Ол: Бас Ассамблея (БА), Қауіпсіздік Кеңесі (ҚК), Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Халықаралық сот, Қамқорлық жөніндегі Кеңес және Хатшылық...

Abai.kz

0 пікір