Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Міне, әңгіме! 7590 16 пікір 28 Қараша, 2018 сағат 10:38

Шетел стадион салатын қаржыға Шымкентте ремонт жасайды

Биыл ғана республикалық маңызы бар қалалар қатарына қосылған Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардың шырайын асыруға шындап кіріскен секілді. «Адамдардың әдемі киім кигені секілді қала да жайнап тұруы керек» деп есептейтін әкім жақында «Қажымұқан атындағы орталық стадионды» жаңартпақшы көрінеді.

Бұл туралы қала басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингте айтты. Шымкент қаласының намысын қорғайтын «Ордабасы» футбол клубының Еуропа лигасы іріктеу кезеңіне қатысатынын ескеріп, команданың жасыл алаңын жөндеуден өткізіп бермекші екен. Әбдірахымовтың айтуынша, Шымкенттегі стадионды қайта жаңартуға 44 млн еуро инвестицияланған екен.

- Биыл «Ордабасы» командасы ел чемпионатында 4-ші орын алды. Сөйтіп Еуропа лигасына қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл біз үшін ауыр міндет. Осы міндеттің үддесінен шығу үшін дайындықты бастадық. Алдағы бір жарым жыл ішінде стадионды жаңартамыз. Біз бұл жұмысты словакиялық компаниямен бірлесіп істейміз. Бұл жұмысқа мөлшерімен 44 млн еуро инвестиция тартылады, - деді  Ғабидолла Әбдірахымов. Әкімнің бұл сөзін Bestnews сайты жариялады.

Еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкент шаһарының өсіп-өркендеуіне қарсы емеспіз. Қала тізгінін қолына алған Ғабидолла Рахматоллаұлының дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанына да күмәніміз жоқ. Алайда, бізді таңғалдыратыны біздің шенеуніктердің саусағының ұшы қимылдаса болғаны миллиондар мен миллиадтар «атқа қонады». Тіпті, қазақ билігі аз қаржы жұмсап көп іс тындыру дегенді мүлде білмейтін шығар деген ойға қаласың. Айтпағымыз, тек жөндеу жұмысына 50 млн доллар жұмсау сәл артық шығын екені сөзсіз.

1969 жылы пайдалануға берілген «Қажымұқан атындағы орталық стадион» құшағына 20 мың адамды сыйдыра алады. Ғабидолла мырза осы алаңды жөндеуден өткізуге 44 млн еуро (мөлшермен 50 млн доллар) жұмсаймыз деп отыр. Ал өзге елде бұл қаржыға су жаға стадион соғып алады. Мысал үшін айта кетейік, Украина 2008 жылы 34 мың адамға арналған «Днепр-Аренаны» бар болғаны 40 млн долларға соғып алды. Ал 2014 жылы қабырғасы қаланған «Борисов-Аренаны» салу үшін Беларусь билігі бар болғаны 58 млн долларға шығындалды. Ал енді салыстыра беріңіз, өзге ел су жаңа стадион салатын қаржыға біздің билік не істеп жүр?

50 млн долларға стадионның кем-кетігін түзетіп жүрген қазақ билігі мыналардай жаңа алаң салу үшін қанша қаржы жұмсайды? Әрине, халқы қоңырқалта күн кешсе де билігі байлыққа малтап жүретін Қазақстанды өзге елмен салыстыруға әсте келмейді. Өзгелер 50 миллионға салған құрлысқа біздің елде 150 млн жұмсалады.

Бұл сөзді біз ойдан құрастырып отырған жоқпыз. 2009 жылы  «Астана Арена» стадионы пайдалануға берілді. Елордада орналасқан футбол алаңы 30 мың адамға арналған. Осы стадионды салуға бақандай 182 млн доллар жұмсалды. Ал енді өз сұрағымыздың жауабын өзіміз бердік. Ақшаның көзіне қарамайтын қазақ билігі стадионды қанша қаржыға салатынын айттық. Тағы да өзгелермен салыстырып көрейік, 2011 жылы украиндер «Арена Львов» стадионын 80 млн долларға салып алды. Бұл стадионға 35 мың адам сыяды. Бұны аз десеңіз, Түркия «Водафон Парк» стадионын салуға (2016 жыл) 110 миллион доллар жұмсады. Бұл алаңнан бір жолда 42 мың адам футбол тамашалай алады. Байқап отырсаңыз «Астана Аренадан» әлдеқайда үлкен. Жұмсалған қаржы әлдеқайда аз. Осы жерде әділ болу үшін айта кетейік, «Астана Аренаның» төбесінде ашылып-жабылатын қозғалмалы шатыры бар. Бұл да құрлыс құнын қымбаттатқан себептердің бірі.

Ақыры футбол жайлы сөз болған екен кеше ғана жарияланған тағы бір мәліметті айта кетейік. Атақты «Global Sports Salaries» компаниясының мәліметінше Қазақстан Премьер лигасы футболшыларға жалақы төлеуден әлем бойынша 25-шы орында тұр екен. Елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады. Әрине, бұл сома аталған тізімнің көш басында тұрған Англиямен ($3,935,197), екінші, үшінші орындағы Испания ($2,896,151) және Италиямен ($1,999,865) салыстырғанда түкте емес. Алайда бұл елдерде футболшыларға төленетін жалақы қарапайым халықтың қалтасынан шықпайды. Әр команданың жеке иесі, өз демеушісі бар.

Осы тізімде біздің алдымызда тұрған 24 елдің бәрі футболда табысқа жетіп, аладоптан ақша тауып отырғандар. Қытай, Жапония, Сауд Арабиясы және АҚШ-ты айтпағанда қалған жиырма ел дәстүрлі футбол «державасы». Бұлар футболға қанша қаржы бөлсе де жарасады. Ал ана төрт ел шекесі шылқыған бай мемлекет. Біз сөз еткен бірнеше миллионға бұлардың да ештеңесі кетпейді. Осындай алпауыттардың арасында Қазақстан да жүр. Не футболда жеткен жетістігі жоқ, не тапқан табысы жоқ. Қаттырақ айтқанда, халықтың қаржысымен қайдағы қисық аяқтарды асырап отыр. Футболда бізден әлдеқайда мықты Өзбекстан бұл тізімде алғашқы елуге де кірмейді.

Сөз соңында айтарымыз елімізде жол жөндеуге, түрлі нысандарды салуға мемлекеттен миллиардтап қаржы бөлінеді. Алайда сол қаржылардың пайдасын халық емес қалың қарға-құзғын көріп отыр. Мол қаржы бөлінген құрлыстың сапасыз болып шығып, жыл өтпей қайта жөндеуді қажет етіп жатқанын талай көрдік. Әлдемде сан-санақсыз іс тындыруға жететін құнды қағаздар Қазақстанда түкке тұрғысыз тиын-тебенге айналатын секілді. Әйтпесе, жаңа нысандар салатын қаржыға көне құрлысымызды жамап-жасқап жүрмейтін едік қой. Ал футболдың жыры өз алдына. Ебін тапқан елдерде аладоп шексіз пайда көзі. Турис тартудың, экономиканы дамытудың таптырмас жолы. Ал біздің елде халықтың қалтасындағы ақшаны аладоп айналасындағы шенділер мен сапасыз футболшылардың еншісіне жарату ғана.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

16 пікір