Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5398 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:21

«Бүгінгі күн: қазақ драматургиясы және театр репертуары»

 

 

Өткен аптада Қазақстан Жазушылар Одағы «Бүгінгі күн: Қазақ драматургиясы және театр репертуары» атты тақырыптағы үшінші пленумын өткізді. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бөлім меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаров, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров сынды айтулы азаматтар қатысты. Пленумда жазушы-драматургтер, театр сыншылары мен режиссерлар өз ойларын ашық айтып, театр өнерінің дамуы жөнінде келелі пікірлерін ортаға салды.
«Театр өнері арқылы Республикамызды бүкіл әлем таныған ел дәрежесіне көтеріп, бүгінгі заманға сай өркендеуімізге толық мүмкіндік бар. Бұл іргелі міндеттің жүзеге асуына қаламгер-драматургтеріміз де өз үлестерін қосып келеді. Болашақта да қоса бермек. Қосуға тиіс. Өйткені, театр өнерінің қайнар көзі мен арқауы – ұлттық драматургия», – деп сөз бастаған Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин ХХ ғасыр қазақ қауымы үшін жауапты кезең болғанын, жаңғыру, қайта өрлеу, жасаруды қазақ өнері бастан кешкенін, сол кезде қазақ театры өзінің қарлығаштарын ұшыра бастағанын, жеткізді. «Біз театрды халыққа сөзіміз өтетін, халыққа жан-дүниемізді жарқыратып ашып беретін бірден-бір алтын арқаулы кеңістік деп бағалайтын едік. Жаһандану дейтін дәуірде театрдың жаңа кезеңі басталды. Соның түйінді сәті сәуірдің 9-ы күні Лермонтов атындағы мемлекеттік орыс драма театрында Елбасының театр қайраткерлерімен болған жиынында ашық байқалды. Нұрсұлтан Назарбаев театр, репертуар, драматургия жөнінде, жаңа дәуірде қалай жазуға болады, жаңа қаһарман кім деген сұрақты бізге төтесінен қойып, ұйымдастыру шараларын қалай атқаруға болатынын алдымызға тартты. Біздің көптен жоспарлап жүрген бұл басқосуымыз соның жалғасы тәрізді болып отыр», — деді Нұрлан Мырқасымұлы.
Жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағы драматургия кеңесінің төрағасы Сұлтанәлі Балғабаев: «Ұлан-асыр, көл-көсір қазақ әдебиетінен жақсы пьеса табылмайды дегенге сену қиын. Тіпті өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы мемлекеттік грантына ие болып, үздік шыққан оннан астам белгілі драматургтердің жаңа пьесаларының бір-екеуіне ғана болмаса, қалғандарына 50 театрымыздың сахнасынан орын тимепті. Тапсырма бойынша конкурстарда жеңімпаз болған шығармалар еліміздің театр сахналарында көптеп қойылуға тиісті емес пе”, — деп жиылған көпшілікке сауал тастады. Мұны Елбасы сөзін де елеме¬гендік деп түсінетінін де жеткізді. Қазақ дра¬матургиясы мен театр репертуарына қатысты өзекті проблемалардың біртіндеп реттеліп шешілуі орайында мониторинг жүргізу, жас режиссерлер мен жас драматургтер толқынын тәрбиелеу, пьесаларға лайықты қа-ламақы төлеу, драматургиялық шығармаларға мемлекеттік конкурс жариялауды жалғастыру, драматургия кеңесінің жұмысын жақсарта түсу мәселелерін назардан тыс қалдырмады.
Ал, Қазақстанның Халық жазушысы Дулат Исабеков: «2030 жылы қазақ әдебиетінде драматург болмай қалуы мүмкін. Өйткені, қазір 40 жастағы драматург жоқ. Саусақпен санарлық қана қалды», — деп ағынан жарылды. Онан соң, драматургтердің аударма пьеса қоюға әуес театр басшыларына өкпесі барын жеткізді. Бұл сынға орай Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Талғат Теменов «бізде бүгінгі күнді айшықтап беретін жақсы драматургия жоқ» деді. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер театрының басшысы театр проблемаларының бүгін ғана туындамағанын, талай жылдардан бері қордаланып келе жатқандығын алға тартты. «Театр проблемасы 30-50-ші жылдарда да болған, алдағы уақытта да бола бермек», — дей келе, жазушылардың театрға сирек келетінін, сөйте тұра сын айтатынын жеткізді. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай болса: «Қазақтың әдебиеті бай. Инсценировкаға жүгіну керек. Әдеби монтаждауға бару керек. Қазір күнкөріс спектакльдері қаптап кетті. Еліміздің 7 театры режиссерсыз отыр. Театр саласында жүйе жоқ, театр мен драматургияда байланыс үзілген», — деп ащы шындықтың бетін ашты. Белгілі театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаев: «Облыстардағы театрлардың не істеп, не қойып жатқандығында ешкімнің шаруасы жоқ. Екі бас театрымызда қырғыз драматургтерінің спектакльдері қойылып жатыр. Ал Бішкекке барыңызшы, қырғыз театрларында біздің қойылымдар көрсетіледі ме екен?», – деді. Режиссер Әубәкір Рахимов Жазушылар одағының драматургия кеңесі мен театрлардың бірлесіп жұмыс істеуін ұйымдастыру қажет¬тігіне назар аударды.
Пленумның соңына қарай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед талқыланған мәселеге байланысты өз ойын білдірді. «Елбасымыз бәсекеге қабілеттілік туралы ұлттық идеяны айтқан еді. Ол — экономиканың ғана емес, негізінен ұлттық өнердің, ұлттық мәдениеттің, ұлттық әдебиеттің бәсекеге қабілеттілігі. Бүгін¬гі заманда біздің қазақ сияқты халыққа білім-ғылымның, парасаттың, руханияттың биіктігі керек. Дулат Исабеков пьесасы¬ның шетел сахналарына жол ашуы біздің өнердің де бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетеді. Қазақ драматургиясында тоқырау ешқа¬шан болған емес, алдағы уақытта да болдырмаймыз. Жақсы пьесалар¬ға “Тәуелсіздік толғауы” деген атпен конкурс жариялауымыз соның айғағы» — дей келе шешімін таппай тұрған бірнеше мәселенің түйінін тарқатты. Министрлік жанынан жеті адамнан тұратын Көркемдік кеңес құрылатын болды. Облыстық театрларға да осы тараптан пьеса ұсыну қарастырылмақ. Театр мәселелерін жазатын журнал биылдан қалмай шығуға тиісті. Басқа тілдерден үздік пьесалар аударып, кітап етіп шығарудың да жағдайы жасалмақ.
Осы сәтте Елбасының биылғы сәуір айындағы театр қайраткерлерімен кездесуі еске оралады. Сол кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Отандық театрлардың репер-туарына тәуелсіздіктің биік талаптарына сай, осы заманғы тақырып¬тарға жазылған, көркемдік сапасы жоғары жаңа пьесаларды көптеп алу керек», — деп атап көрсетіп, сахна өнерін жаңа биіктерге көтеру жөніндегі негізгі мақсат-міндеттерді белгілеп берген еді. Бұл соның жалғасы болғай!

 

Ақан БІРЛІК
«Ана тілі» газеті 12 маусым 2009 жыл

0 пікір