Жұма, 19 Сәуір 2024
Саяси портрет 34619 53 пікір 1 Қараша, 2018 сағат 14:12

Комсомол тойын тойлауды алғаш болып көтерген Қуаныш Сұлтанов

2018 жылдың 4 сәуірінде «Комсомольская правда Казахстан» дейтін газет «Комсомольцы проведут форум в честь 100-летия организации» атты мақала жариялапты.

Сәуірде ҚР Ұлттық ғылым академиясының филиософия және политология Институтында бұрынғы комсомолдар бас қосып, 100 жылдықты атап өту туралы ақылдасқан екен.

Сол жиында ділі бөлек, діні жат басқа біреу емес, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің егде жастағы депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз сөйлепті. Комсомолдың 100 жылдығын атап өту үшін Президенттің атына хат жолданғанын айтыпты. Бұрмалады демеңіздер, газетте сөзбе-сөз былай деп жазылған:

«Куаныш Султанов, экс депутат, первый секретарь ЦК ЛКСМ Казахстана в конце 70 х годов прошлого века, рассказал присутствующим, что было написано письмо президенту Нурсултану Назарбаеву с просьбой дать добро на проведение торжества в честь юбилейной даты. Добро было получено, форум планируется провести 20 октября в Алматы, в ГАТОБ имени Абая, там же, где в свое время проводились все съезды ВЛКСМ».

Енді осыны қазақшаға қотарып берейік.

«70-жылдардың аяғында Қазақстанның ЛКЖО ОК бірінші хатшысы болған, экс-депутат Қуаныш Сұлтанов жиынға қатысушыларға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жолданғанын хабарлады. Ол хатта мерейтой датасын салтанатты түрде атап өту үшін рұқсат беруін сұралған. Рұқсат берілген. Форум 20 қазанда Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында өтеді. Ол жерде бұрын Бүкілодақтық лениндік-коммунистік жастар одағының барлық сьездері өтетін», - деп жазылған.  http://www.kp.kz/8681-komsomoltsy-provedut-forum-v-chest-100-letiya-organizatsii

Өздеріңіз білесіздер, комсомолдың 100 жылдығын Алматыда дүркіретіп тойлаған өлі комсомолдың өлмеген өкілдері бұл тойды Қазақстанның өңірлерінде де атап өтуді бастап кетті.

Сорақы болғанда Қазақстанның негізгі заң шығарушы органы саналатын Мәжілісте депутаттар бір-бірін құттықтап, ескі одақты көкседі. Ол жиынға кімдер барғанын бұған дейін де жаздық. «Қызылдардың құйыршықтары мем-қызметтен кетсін» дедік, Тәуелсіздікті тәрк еткен шенділері Тәуелсіздік ұрпақтарынан кешірім сұрасын дедік. «Ләм-мим» деген депутат табылмады. Былқ еткен біреу болған жоқ. Керісінше, «жастар тарихты ұмытпауы керек» деп көлгірсіді. Жә, ол туралы қайталап жатпайық, міне сілтеме: https://abai.kz/post/79906

Сонымен комсомол жыры қайдан шыққаны белгілі болғандай. «Комсомол тойын» атап өтуде алғашқылардың бірі болып бастама көтерген басқа-басқа емес өзіміздің Қуаныш Сұлтанов екен. Тіпті Елбасының атына хат та жазыпты. Комсомолдың 100 жылдығын ел көлемінде тойлауға Президенттің рұқсатын да алыпты.

Сұлтановтың ақталу сөзі

 «Комсомол саяси ұйым ретінде жұмысын тоқтатқанымен, кезінде сол ұйымның жұмысын адал атқарған мыңдаған адам бармыз. 15 жылға жуық уақытым тікелей комсомолмен байланысты. Сондықтан мен комсомолдағы қызметім үшін ұялатын, қысылатын, қызаратын еш нәрсем жоқ, керісінше, өстім өз қаталарымды, адамдарды жетелей жүріп, өзім үйрендім. Кеңес одағының тұсында ашаршылық болды. Оған комсомол кінәлі емес. Олар жас балалар сіздер сияқты. Әке шешелеріңіздей адамдар тапсырма берді, заман солай болды. Сондықтан тарихты беталды күстаналай беруге болмайды», - деп сөйлеген еді Сұлтановтың өзі.

Қызыл жүйедегі қызметі

73 жастаға комсомол Қуаныш Сұлтановтың еңбек жолына көз жүгіртейік. Сұлтанов ескі одақтың тірі кезінде бірсыпыра қызметте атқарғанын білеміз.

- 1967-1976 жылдары Панфилов аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

-  1976-1981 жылдары Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы болып сайланып, қызмет етті.

- 1981-1983 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мәдениет бөлімінің меңгерушісі,

- 1983-1987 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімінің меңгерушісі,

- 1987-1990 жылдары Қарағанды Облыстық партия комитетінің хатшысы,

- 1990-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Идеология бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

- Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің 9-13 шақырылымдарының депутаты болып сайланды.

- 1981 жылы «Қазақстан комсомолы» деген кітап жазған.

Өзі айтпақшы, өмірінің 14 жылын комсомолға, 10 жылын компартияға адал арнаған Куаныш Сұлтанов Тәуелсіздік алғаннан кейін де тақтан түспей, түрлі дәрежедегі мемлекеттік қызметтерді атқарды.

Айтпақшы, комсомолдың тойын өткізу үшін Президенттен рұқсат алған Сұлтанов, сол жиында Президентке рахметін айтып жатқанын бірлі-екілі бейне жазбалардан көріп қалдық.

Қуаныш Сұлтанов дегенде «ол «жағымпаздық жарысында» шашасына шаң жуытпайтын жеке дүлділ» дейді әлемжелінің айташылары. Бұлай деулеріне бірнеше себеп бар.

«Қазақта мемлекет болмаған»

2016 жылдың қыркүйегі. 5 қыркүйек күні депутат Сұлтанов Қазақстан ұлттық телеарнасының «G20 cаммитіне» байланысты арнайы шығарылымында сұхбат берген.

Сол сұхбатында Қуаныш Сұлтанов мырза тілшінің өңменінен өткізіп тұрып былай деді:

«Қытай өзі дәстүрлі халық. Дәстүріне көп сүйенеді. Бұрын-соңды олар Қазақстанды ешқашан мемлекет деп мойындаған емес. Кезіндегі шекара бөлістері 1880 жылғы(?), 1860 жылғы(?) шекара бөлістерінің бәрі Қытай мен Ресейдің арасында болған. Біздің қазақтың жерін бөлгенде қазақ қатынаспаған. Неге қатынаспаған? Мемлекет болмағанбыз. Біз Ресейдің құрамында болғанбыз. Осыны біз қадірлей білуіміз керек.  Осыны біз бағалай білуіміз керек...»

Осыны естіп бетімізден тай тепкендей отырып қалған едік. Кейін Сұлтанов өзін ақтап былай деді:

«Бұл жерде сөз былай айтылған. Бізді, қазақ жерін Ресей мен Қытай кезінде бөлген. Сөйтіп, шекара өткен. Бірақ қазақ қатынаспаған. Неге қатынаспаған? Оған қатынаспаған себебі мемлекет болмағандықтан деген сөз айтылды. Ол жерде жалпы мемлекеттің тарихы туралы әңгіме болған жоқ. Контекстен жұлып алып берген».

Ал енді екі мәтінді өздеріңіз саралап, қорытындысын да өздеріңіз шығарыңыздар.

«Астанаға Назарбаев атын беру керек»

2016 жылдың қарашасы. Астанаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды.

«Біз Конституцияда Астана атауына қатысты өзгерту енгізуді ұсындық. Ата Заңда өзгерістер болуы мүмкін. Осы сұрақтар жөнінде әлі ақылдасатын боламыз. Бас қаланың атауын «Нұрсұлтан» немесе «Назарбаев» деп атауға болады. Бұл халықтың ұсынысы», - деді депутат.

Әріптестері оны қолдады. Әлеумет қолдаған жоқ. Күлкі етті. Күлді. Сұлтановтың өзіне де, сөзіне де күлді. Жұрттың күлгені оның көңіліне тиген екен. Кейін «пікірге қарсы аргумент айтуға болады, жеке басқа тиіскені несі», деп жұрттың қылығын «мәдениетсіздікке» теңеді. Хошында Сұлтановтың соңғы сөзі бұл емес еді.

«Елбасының еңбегі Конституцияға енуі керек»

2016 жылдың қарашасы. Қуаныш Сұлтанов Конституцияда Елбасының есімін ерекше атап көрсету керектігін айтып, ұсыныс жасады. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті әм оның мемлекетімізді, соның ішінде Елорданы салуға қосқан үлесі үшін Коснтитуцияда аты аталуы керек дегенді айтты.

«Әуежайға Назарбаев атауы берілгені тарихи әділдік»

2017 жылдың маусымы. Қуаныш Сұлтанов Астанадағы әуежайға Назарбаев атының берілгенін тарихи әділдік деп бағалады.

«Стамбұлда Ататүріктің әуежайы бар, Нью-Йоркта Кеннедидің Парижде, Шарл де Гольдің әуежайы бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі олардан қандай кем деп айтасыз?», деп ағынан жарылған еді, сол кезде.

«Қуаныш Сұлтановты сыйлаймын да, аяймын да»

Айтпақшы, Сұлтановтың 2016 жылғы ұсынысына қатысты белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Аменгелді Айталы пікір айтып былай деген:

«Француз философы Клод Гельвецийдің көреген сөздері есіме түсті: «Өз билеушілерін бетіне басып сынауға хұқы жоқ халықтардың, мақтауға да құқы жоқ. Құлдардың мақтауы ештеңені де білдірмейді». Біздің осы парламент президентті сынап көрген емес, оны демек оны мақтауға да құқы жоқ. Себебі, әділ сын барды «бар» деп, жоқты «жоқ» деп саралап баға береді.

Мен Қуаныш Сұлтановты сыйлаймын да, аяймын да. Ол Д.Қонаевты тақта отырғанда мақтап, тақтан түскенде Колбинге ұнаймын деп сынағандардың бірі. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің VІІІ (1987ж.) Пленумында іс пен сөздің алшақтығын, саяси сенімнің төмендігі, саяси тәкәпарлық, менмендік, құр мадақ биліктің беделін түсіретіндігін айта келіп, Қ.Сұлтанов былай деген еді:

«Осы тұста менің ойыма мынадай сұрақ оралады: бірінші басшылықтың атағын аспанға көтерген кім? Көптеген белгілі басшылар, өздері Орталық комитеттің мүшелері, жылдан жылға үдете түсті, әуелі «құрметтіден» бастап, сонан соң не себепті «аса құрметтіге», одан кейін «көрнекті қайраткерге» айналдырды? Халықтың арасында қандай пікір туғызды, жастарға қандай үлгі көрсетті?». («Социалистік Қазақстан», 17 март, 1987 жыл.)

Ал президентті жарыса мақтаған депутаттар бүгін жастарға қандай үлгі көрсетіп отыр? Құлдардың мақтағаны ештеңені де білдірмейді» деген осы емес пе? Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне шын бағасын береді, бірақ жарамсақтардың мақтауын халық қабылдамайды».

Осы пікірден кейін Қуаныш Сұлтанов та сөз сөйлеген.

«Мен ол Амангелдінің пікіріне ештеңе де айтпаймын. Айтатын әңгімені сол кісіден сұраңыз. Оның сөздері маған жасалған үлкен қиянат», - деген еді Сұлтанов.

Сонымен, комсомолдың 100 жылдығын атап өтуді өзіне ар санамай, парыз еткен, қызыл жүйенің адал сарбазы, бәлкім генералы,  Сұлтановтың саяси сұлбасы осы болды.

Қуаныш Сұлтановтың депутаттық жолы:

2001 жылдың 21 мамырында Президент пәрменімен ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.

2001-2011 жылдар аралығында Сенатта отырды.

2001-2007 жылдары Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетін басқарды.

2007-2011 жылдар аралығында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне төраға болды.

2012 жылдың 15 қаңтарында «Нұр Отанның» атынан Мәжіліс депутаты болып сайланды.

2012-2016 жылдар аралығында Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

2016 жылдың 24 наурызында Мәжіліс депутаты болып қайта сайланды. Тағы да «Нұр Отанның» тізімі арқылы өтті. Өз қызметін сол баяғы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде жалғады.

3 орден, 12 медальмен марапатталған. Темір-терсек, сөлкебайлары мен атақ-мансаптары бір басына жетіп артылады. Бірнеше қайраткерлік атағы тағы бар.

Түйін

Қуаныш Сұлтанов биыл 73 жаста. Ол зейнеткер. Ол 17 жыл бойы депутат болып келеді.

Кеңестік жүйе билеп-төстеген 100 жылда қазақ қолдан жасалған екі ашаршылықты, репрессияны, дүниежүзілік соғысты өткерді. Кеңестік жүйе қазақтың 3/1-ін қасқана өлтірді. Кеңестік жүйенің кез келген элементін ұлықтау – Тәуелсіздікті мойындамаумен тең.

Ал сол жүйені жан-тәнімен қорғап, ұлықтап, 100 жылдығын тойлап, оны Тәуелсіз ұрпақ санасына күштеп сіңіруге қызмет етіп жүрген Сұлтановтың саяси карьерасына нүкте қойылар кез келді деп білеміз.

17 жылда оңдырып ештеңе бітірмеген депутат Қуаныш Сұлтановтың отставкаға кетуі, өзі айтпақшы «тарихи әділдік» болар еді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

53 пікір