Жұма, 29 Наурыз 2024
Қазақ жері 10232 27 пікір 26 Қазан, 2018 сағат 16:49

Жер, тағы да жер туралы...

Астанада алқа-қотан жиын өтті. Онда жер мәселесі сөз болды. Біз де бардық. Қатыстық. Өз ойымызбен бөлістік. Енді естіген-көргенімізді егжей-тегжейлі баяндайық.

Форумды кім ұйымдастырды?

Әуелі кешелі-бері әлемжеліде әлек салуға әлі жеткен кей азамат – Мұхтар Тайжан жер мәселесіне қатысты жиын өткізіп, өз жақтастарына ғана сөз берді десті. Әңгімені осы жайдан бастайық. Бұл жиынды кім өткізді?

Жауап: Бұл агроөнеркәсіп мәселелеріне арналған «Astana agro forum-2018» деп аталатын алқа-қотан жиын. 24-25 қазан аралығында Астанада өтті.  Оны ұйымдастырушы – ҚР Ауылшаруашылық министрлігі еді. Бізді де бұл жиынға аталған министрлік шақырды.

Аталған форумға ұзын-ырғасы 800-ге жуық адам қатысты. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастап, Өмірзақ Шөкеев қостап, Астананың ақ жағалылары алқынбай келді демесеңіз, форум қонақтарының дені ауыл еңбеккерлері мен шаруа қожалықтардың басшылары, агросектор мамандары болды. Жалпы форум туралы әңгіме осымен тәмам.

Панелдік отырыс

Жоғарыда аталған форумның бір секциясы белгілі қоғам қайраткері, Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжанның модераторлығымен өтті. Панелдік сессияның тақырыбы: «Жерді ұтымды пайдалану» деп аталады.

Бұл отырысқа жалпы ҚР Ауылшаруашылығы кіші министрі Берік Бейсенғалиев бастап, министрліктің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков қостаған ұзын-ырғасы 80-нен астам адам қатысты.

Олардың қатарында, заңгерлер Абзал Құспан мен Ерлан Қалиев, қоғам белсенділері Жәнібек Қожық пен Нұрлан Сәдір, желтоқсаншы Нұрлыбек Қуанбаев пен заңгер Айгүл Орынбек те сөзталқыға қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Мұхтар Тайжан панелдік отырысты өз баяндамасымен ашты. Негізгі 4 бағыт бойынша ұсынысын ортаға салды. Айтпақшы, Мұхтар Болатханұлы өз ұсынысын сессия отырысынан бұрын әлеуметтік желіде жариялаған еді. «Мұхтар жер мәселесін халықпен емес министрлікпен шешкелі жүр» деп дабыра салған кей азаматтың да ойы шатасуы сондықтан болар деп түйдік.

Жә, енді ұсынысқа тоқталайық. Мұхтар Болатханұлы қандай ұсыныстар айтты?

Интродакшн

Осы ретте айта кетейік, «Abai.kz» ақпараттық порталы Жер дауы ушықпай тұрғанда-ақ, алғашқылардың бірі болып мәселе көтерді. «Үкімет қазақ жерін аукцион арқылы сатып жатыр» деп мақала жазды. Мақаланы осы жолдардың авторы, яғни мен жаздым. Сөзіміз сұйық шақпасын, бірлі-жарым дерек, міне тағы:

«100 МЛН.ГА ЖЕР АУКЦИОН АРҚЫЛЫ САТЫЛАДЫ»

https://abai.kz/post/42038

«ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІ АУКЦИОНДА САТЫЛА БАСТАДЫ»

https://abai.kz/public/index.php/post/41137

«ҚАЗАҚ ЖЕРІ ЛАТИФУНДИСТЕРДІҢ МЕНШІГІНЕ БЕРІЛЕДІ»

https://abai.kz/post/43638

«ВИЦЕ-МИНИСТР ӨСКЕНБАЕВ: ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІН ЕШКІМ ТАРТЫП АЛМАЙДЫ!»

https://abai.kz/post/43386

Ол кезде Жер мәселесі ҚР Ұлттық экономика министрлігінен бақылауында болатын. Ал Ерболат Досаев аталған министрлікті тізгіндеп тұрған. Сол кездегі кіші министр Қайырбек Өскенбаев «Abai.kz» ақпараттық порталына арнайы сұхбат беріп, жер дауына қатысты өткір сұрақтар қойылған. Бұл материалдар қат-қат болып архивте жатыр.

2016 жылы жалпыхалықтық қарсылық болды. Комиссия құрылды, тағысын тағы. Оқиғалар хронологиясын қайталап жатпайын. 2016 жылы жер дауы қалай басталып, қалай тыншығанын сіздер, жақсы білесіздер. Ақыр-соңында Президент пәрмен беріп Жер кодексінің жекелеген баптарына мараторий жариялады.

Президент жариялаған мараторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсаны аяқталады. Әрі қарай ше? Әрі қарай жер тағдыры не болмақ? Мараторий мерзімі бітуге 3 жыл қалды. Ал бізге жер дауына нүкте қоятын жаңа Заң қабылдау қажет. «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген халық талабы міндетті түрде ескерілуі қажет.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін Мұхтар Тайжан мырза 4 бағыттағы ұсыныс айтты. Енді сол ұсыныстарға көз жүгіртейік.

Мұхтар Тайжанның 4 ұсынысы

Бірінші ұсыныс: Жалға беру институтын енгізу

 «Жерді жалға беру нарығы тек Қазақстан азаматтары мен 100% қазақстандық заңды тұлғаларға қолжетімді болуы тиіс. Және де бұл нарық электронды, яғни халыққа айқын әрі ашық болуы керек. Сонда ғана халықтың «жер ешкімге сатылмасын, тек қана қазақстандықтарға жалға берілсін» деген талабы орындалады», — деді қоғам қайраткері.

Ол үшін Жалға беру институтын енгізу қажет-ақ. Яғни:

- Жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге мүлде болмайды;

- Ашық кадастр енгізу қажет. Жер нарығы электронды базада ашық, әрі айқын болуы керек;

- Жерді Қазақстан Республикасының азаматтарына жалға беру керек;

- Жерді 100% қазақстандық заңды тұлғаларға жалға беру керек. Яғни, шетелдік инвесторлар мен соакционерлері бар компанияларға жерді жалға беруге болмайды;

- Субарендаға тыйым салу керек. Жерді жалға алып, оны үшінші тарапқа пайдалануға беруге болмайды.

Екінші ұсыныс: Бірыңғай жер салығын енгізу

Қазіргі таңда жерді жалға алған кезде оған салынатын салық мөлшері 1 гектарға 37 теңге екен. Ал жалға алған жерді игере бастағанда оған салынатын салық 37 теңгелік салыққа тағы 7 түрлі салық қосылады. Бұл жерді жалға алып, оны игеру тиімсіз деген сөз.

Мұхтар Болатханұлының айтуынша, осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқан үлкен мәселенің бірі – бос жатқан жерлер. Латифундистер де жерді жалға алып, оны не өздері пайдаланбайды, өзге өзгеге мүмкіндік бермейді.

«Бұл мәселемен қалай күресуіміз керек? Салық жағынан алып қарасақ, жермен айналысу тиімсіз болып тұр. Керісінше, бос тұрғаны тиімді. Біз мұны өзгертуіміз керек. Жерді жалға алдың ба, жұмыс істе, салық төле. Жұмыс істесең де, істемесең де, салық тұрақты болуы тиіс. Сонда ғана бос жатқан жерлер азаяды», — деді ол.

Бірыңғай жер салығы не береді? Жерді жалға алған адам оны игерсе де, игермесе де бірыңғай салық төлеуі тиіс болады.

Ақпарат ретінде айта кетейік, Қазақстанда ауылшаруашылығы мақсатында пайлануға болатын жер көлемі шамамен 200 млн. гектарды қамтыса, қазір оның 100 млн. гектарға жуығы ғана қолданыста. Ал жеке меншіктегі 1 миллион 300 мың гектар жер бар екен. Бұл дегеніңіз 0,6 пайызды құрайды. Яғни, жалпы АШ мақсатындағы жердің 99,04 пайызы деген сөз.

Үшінші ұсыныс: Космо-мониторингті заңдастыру

Космо-мониторинг деген не? Бұл спутниктік мониторинг. Қазір жер мәселесіне келгенде бізде ашық кадастр жоқ. Яғни, ашық әм обьективті мәлімет жоқ. Бұл дегеніңіз бос тұрған жерді мемлекет меншігіне қайтаруды біршама кедергі келтіретін фактор.

«Сот та, әкімшіліктер де қағазға қарайды. Ал қағазды бәрібір адам, яғни бір шенеунік әзірлейді, дұрыс па?! Сондықтан бізге объективті, ашық мәлімет керек болып тұр. Мұндай мәліметті тек заманауи спутниктер бере алады. Олар NASA, AIRBUS, EСA. Ашық кадастрды екі жыл бойы талап етіп отырмыз. Өкінішке қарай, еш нәтиже жоқ. Ал мына спутниктік база ашық кадастрдан да күшті. Себебі, жер кімнің қолында ғана емес, оны қалай игеріп отыр, қанша субсидия бөлінді, қанша солярка алып отыр, мұның барлығы халыққа ашық болады. Меніңше, біз осы космомониторингті заңдастыруымыз керек. Сонда сот та, әкімшілік те бұл ақпаратты мойындауға міндетті болады», — деді ол.

Космо-мониторинг туралы кейінірек жазамыз. Ал қазір төртінші ұсынысқа тоқталайық.

Төртінші ұсыныс: Банктерде кепілде тұрған жер мәселесі

Мұхтар Тайжан форумға қатысып отырған мемлекеттік органдардан банкте кепілде тұрған бос жерлердің мәселесін шешуді өтінді.

«Өкінішке қарай, мұндай жерлер өте көп. Қаншама қоршап алынған жер бос тұр, халық та пайдалана алмайды. Президент айтпақшы, бұл жерлерге арамшөп өседі, қасындағы алқаптарға кесірін тигізеді. Сондықтан қазір осында Ұлттық банк, Жоғарғы сот, Бас прокуратураның өкілдері отыр, осы сұрақты мен соларға жолдаймын», — деді қоғам белсендісі.

Қазақстанда өте көп жер банктерде, кепілдікте тұр. Кепілдікте тұрған жерлердің несиесі жабылмағандықтан, ол жерлерді пайдалануға мүмкіндік жоқ. Сондықтан бұл жерлер – өлі жерлер санатына жатады. Әдетте, несиені алған заңды тұлға әлдеқашан банкрот болған немесе қазір бұл тұлға мүлдем жоқ. Кей жерлердің бос тұрғанына 15 жыл болған. Аталған мәселенің шешімі табылмаса, банкте кепілдікте тұрған жерлер тағы 50 жыл игерілмеуі - әбден ықтимал.

Космо-мониторинг деген не?

Космо-мониторингке қайта оралайық. Панелдік отырысқа ҚР Қаржы министрлігінің мамандары келіп қатысқан еді. Бізге космо-мониторинг жобасын қысқаша таныстырып берді.

Бұл – ашық кадастрдың альтернативті нұсқасы. Қарапайым тілмен айтсақ, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланудың бірыңғай электрондық базасы. Бұл база бойынша Қазақстанның кез келген облыс, елді-мекендеріндегі АШ мақсатындағы жер телімдеріне кім қожалық етіп отыр, ол қалай игеруде, бір жылда қанша субсидия бөлінді, қанша солярка алып отыр, барлығы ашық болады.

«Qoldau.kz» порталы – біз жоғарыда айтқан электрондық база. АШ мақсатындағы жерді пайдалану туралы деректердің электрондық банкі. Спутниктік түсірілім арқылы электрондық базадан жерге қатысты мәліметті толық білуге болады.

Бұл жоба әлі әзірлену үстінде. Десе де біз аз-кем шолу жасап көрейік.

Аталған электрондық базада:

- Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың үшін өтінімдердің тізімі;

- АӨК субьектілерінің электрондық картасы;

- Жайылымдарды басқару және пайдалану бойынша электрондық карта базасы;

- Көктемгі дала және егін жұмыстарына жеңілдетілген дизель жанармайын үлестірудің базасы енгізілген.

Бұған қоса спутниктік түсірілімдер арқылы әрбір жер телімінің иесі туралы мәліметтер толық қамтылған. Сондай-ақ, әр шаруаның жерді қалай және қай мақсатта игеріп жатқаны, оның қанша субсидия алғаны, жеңілдетілген жанармай отынын қанша көлемде алғаны туралы ақпараттар базада жиыстырылған.

Субсидиялар деген бөлімде: Тыңайтқышқа берілетін субсидия, гектарлық субсидия, балыққа, аң-құсқа, түлік малға, дәнді-дақылға, тұқымға, суға т.б. субсидиялардың тізімі және оларды кімдер алып отырғаны белгіленген.

Жеңілдетілген бағамен дизель жанармайын қай облыстар қанша мөлшерде алып отырғанын да көруге болады.

Жайылым жерлердің картасы

Жер иеленуші туралы ақпаратты да оңай алуға болады

Бүгінгі таңда жерді игеру мәселесін - жергілікті әкімдіктер «қадағалап» отыр

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

- Жер мәселесі түбегейлі шешілмей, ауыл шаруашылығы тығырықтан шықпайды, жұрт та тыныш болмайды. Халықтың басым көпшілігінің талап-тілегі – «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!». Жерді жеке меншікке беріп қажет емес, жалға беру – жеткілікті. 49 жыл - кез келген бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім. Жер - мемлекеттің меншігінде болуы тиіс, ал фермерлер жерді жалға алып жұмыс істесін. Онда да Қазақстан азаматтар мен 100 пайыз қазақстандық компаниялар ғана. Сонда «Жер тек қана Қазақстан азаматтарына және тек қана жалға берілсін!», - деген халықтың талабы орындалады. Жер бос тұрмасын – бірыңғай аграрлық салық салынсын. Жер ұтымды игерілсін десек, спутник арқылы қадағалауды заңдастыру керек.

Бүгінгі таңда жерді игеру мәселесін - жергілікті әкімдіктер «қадағалап» отыр. Бұның нәтижесінде жер – латифундистердің қолында, көп жер игерілмей жатыр, ал жұмыс істеймін деген халық үшін бос жер жоқ.

Нұрлан Сәдір, қоғам белсендісі:

- Негізі азаматтар кісінің емес, идеяның қасына топтасуы керек. Сондықтан, жоғарыда айтқан төрт ұсыныс та өзекті деп есептеймін.  Енді сол айтылған төрт ұсыныстың ең құрығанда біреуі жүзеге асатын болса үлкен нәтиже болар еді. Ал енді сіз болып, біз болып осы төрт ұсынысты да жүзеге асыратын болсақ, онда бұл шын мәтінде ауыз толтырып айтарлық жеңіс болар еді.

Бәріміздің де кіндігіміз жерге байланып тұр. Мұнай бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан пленум осы баяндамада көрсетілген жайт төңірегенде өрбіді және жер мәселесіне қатысты өз пікірім осы тезистермен үндесіп жатыр. Жалпы, осы форум барысында және оған дейін/кейін өткен ресми/бейресми отырыстарда өңір-аймақтардан келген белсенділердің басым көпшілігі баяндамада көтерілген мәселелерді қолдағандықтан, бұл тезистерді тек Мұхтар Болатханұлының ғана емес, жоғарыда айтылған белсенділердің ортақ позициясы деп те қарастыруға болады деп ойлаймын.

Бұған қоса полигон жерлері туралы пікір қоса кеткім келеді. Бізде Ресейдің, басқаның жалға алып отырған полигон жерлері бар. Соңғы уақтары осы жерлерді Қазақстанға қайтарып жатыр деген ақпараттар шықты. Дұрыс. Ал енді сол қайтарылған жерлер не мақсатта пайдаланылып жатыр? Ауылшаруашылығы мақсатында, әрине.

Ол үшін полигон болған жерді емдеу керек. Ол сөзсіз жерді жалға алып пайдаланған, мейлі ол Ресей болса Ресей, басқа болса басқаның есебінен жүргізілуі керек.

Марғұлан Сейсембаев, кәсіпкер:

- Бұл жерде мәселе өте дұрыс көтеріліп отыр деп есептеймін. Кез келген бизнес үшін 49 жыл жеткілікті уақыт. Ал екіншіден реестр бойынша қосымша ұсынысым бар еді. Барлық жер иелерінің электрондық тізімі керек.  Мұндай тізімді жасамасақ, мейлі космостан қарасақ та тәртіп болмайды.

Мына ұсынылған жобаға келсек, бұл реестрге әр адал фермер өз жерін кіргізеді. Ал біз қазір адал фермерлер туралы айтып отырған жоқпыз. Адал фермердің қолында жер болса, онда ешқандай мәселе де жоқ. Ал өзекті мәселе – ол латифундистер мен банктерде кепілдікте тұрған жерлер мәселесі.

Содан кейін, жер жеке меншікке берілмесін деген халықтың талабына толықтай келісемін.  Расында қазіргідей жемқорлық дендеп тұрған кезде жерді жеке меншікке беруге болмайды. Қазақстан азаматтарына да, шетелдіктерге де жерді жеке меншікке бермеуіміз керек.

Енді жердің жал нарығына келсек, жал нарығы керек бізге. Жер нарық айналымына кірмесе, ол жерде бизнес жүрмейді. Жер иелерін ауыстыру керек. Жер игерілуі керек.

Үшіншіден, біз жерге ұлттық сипатта қараймыз. Ол әрине, дұрыс. Сосын біз жерге үкіметтік мүддемен қараймыз. Ал енді бизнес жағынан ешкім қарамайды. Бизнесмендердің де мүддесі бар ғой, құқы бар. Біз оны да ескеруіміз керек.  Менің ойымша АШ жерлерін тек қана 100 пайыз Қазақстан азаматтарына жалға беретін болсақ, қалталы азаматтар жерге ақша салмайды. Қаржысы жоқтар жерді көтере алмайды.  АШ-дағы инвестициялық циклді айтар болсақ 9-10 жыл. Не ексеңіз де ол жерден пайда көру үшін кем дегенде 10 жыл жұмыс істеу керек.

Сондықтан біз мынадай шартқа көнуіміз керек. Жерді шетелдік инвесторға жалға беруге болады. Бірақ шарт бойынша шетелдік инвестор 49 пайыздан артық иелік етпеуі керек. Яғни, жердің 51 пайызы Қазақстан азаматында, ал шетелдік инвестор 49 пайыз иелік ететін болса, ондай компанияларға жалға беруге болады. Бұл менің жеке пікірім. Өйткені шетелдік инвестицияны тартпасақ, тағы болмайды.  Себебі, біз қазір АШ мақсатына тек қана Үкіметтің ақшасын тартып отырмыз.

Абзал Құспан, заңгер:

- Кейбір проблемалық мәселелерді көтере кеткім келеді. Ол барлық облыстарды бар заң бұзушылықтар. Жер заңнамаларының айналасындағы көптеген қитұрқылықтардың куәсімін, куәгерімін. БҚО-дан бір мысал келтірейін, Орал қаласы мен Зленов ауданының ортасында Асан деген ауыл бар. Сол ауылдың төңірегінде бірнеше гектар жер учаскесін облыстық мәслихаттың депутаты Владимир Асанов дейтін азамат ауылшаруашылығын дамытамын деп алды да, 10 сотықтан бөліп сатып жіберді. Қазір ол жерге үй салып тастаған. Біз «Абырой» ҚБ атынан прокуратураға арыз жазғанбыз. Қылмыстық құрам жоқ деп, жауып тастады. Мемлекеттен су тегінде АШ мақсатындағы жерді алады. 10 сотықтан бөліп, жұртқа сатып отыр.

Жоғарыдағы мәселелерді айтып қана қою жеткіліксіз. Бұл мәселелерді шешуіміз керек. Прокуратура органы жер жерде осындай тексерулерді ұйымдастырса. Ал қоғам белсенділері ақпаратпен қамтып бере аламыз. Қазірдің өзінде БҚО ғана емес, көршілес облыстардан аталған ауандағы деректер менде бар.

Жерді ұтымды пайдалану деп отырмыз, бұл мәселеде билік органдары шындап кірісетін болса, бұл шешілетін мәселе.

Қаншама халықтық толқулар болды. Халық тектен тек алаңға шыққан жоқ.  Егер жергілікті атқару органдары өз қызметтерін дұрыс атқарған болса, заңсыз, қитұрқы әрекеттер болмаған болар еді. Латифунистер болмаған болар еді. Өкінішке орай бұл қып-қызыл бөліске, бизнеске айналып отыр.

Қоғам белсенділерінен нақты комиссия құралса және облыстық, аудандық және қалалық әкімдіктер жанында Жер комиссиялары бар, сол комиссияның құрамына қоғам белсенділері кіруі керек.

Оның мысалы да бар. Бір жылдары Қазақстанда сотталған азаматтардың құқығы бұзылуы (түрмелерде ұрып-соғу) көбейіп кеткенде, ІІМ Қоғамдық бақылау комиссиясын құрды. Оның құрамына қоғам өкілдері кірді. Қазіргі таңда бұл жүйе өз жемісін берді.

Жаңағы ҚБК өкілі қандайда бір сигнал түсе қалса, кез келген түрмеге түннің бір уағында болсын кіріп, бақылау жүргізе алады.

Бізге де осындай комиссия құру керек. Ол комиссия жерді бөлу процессіне, жерді тартып алу процессіне қатысу керек.

Түйін. Астанадағы агро форум аясында өткен панелдік сессияда айтылған сөздің ауаны осы. Қоғам қайраткері Мұхтар Болатханұлының баяндамада айтқан төрт негізгі ұсынысына шолу жасадық. Онда не айтылғанын түсіндіріп жазуға тырыстық. Жиынға қатысқан азаматтардың да бірер ауыз пікірін ортаға салдық. Бұл әрине, жалпы ой-пікірдің ықшамдалғандағы түрі деп түсінгейсіздер. 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621