Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Өзіңе сен 10711 62 пікір 26 Қазан, 2018 сағат 10:07

"Миллион кімге бұйырады?" бағдарламасына қатысқыңыз келе ме?

«Телевидение адамнан да қызығырақ, олай болмаса төрімізде теледидар емес, адам тұрар еді» депті бір данышпан. Расында мына заманда теледидар көретін адам аз десек те, көк жәшікке арагідік көз салатынымыз жасырын емес. Әсіресе, соңғы кезде интеллектуалды бағыттағы бағдарламалар саны көбейді. Биыл көзіқарақты көрерменге «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы жол тартты.

Осыдан 20 жыл бұрын Ұлыбританияда «Who wants to be a millionaire» жобасы жарық көрді. Сол сәттен бастап британдық формат әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Бүгінде «Мимллион кімге бұйырады» бағдарламасын әлемнің 120 елінде көрсетеді. Ал ТМД елдерінің ішінде бұл формат Ресейде және Қазақстанда ғана көрерменге ұсынылған. 2000 жылдары бағдарлаамның алдымен орысша, сонан соң қазақша нұсқасы көрсетілген еді. Серік Акишев пен Ескендір Сергебаев сынды тележүргізушілерді халыққа танытқан да осы жоба. Ел болып әр ойыншының миллионер атануына тілекші боп отыратын едік. Бірақ 5-6 жылдық көрсетілімнен соң бағдарлама жабылып қалды.

 Өткен жылы Серік Акишевпен бірге «Кто возьмет миллион» жобасы көрерменге қайта ұсынылды. Сол сәтте «Қап, неге алдымен қазақшасын көрсетпейді» деп қынжылғанымыз бар еді. Алайда араға бір жыл салып, «Хабар» арнасы супер шоудың қазақтілді нұсқасын көрермен назарына ұсынып отыр. Әрине, бұрынғы жүргізуші Ескендір Сергебаев жоқ, қазір бағдарлама тізгіні  танымал журналист Досымбек Өтеғалиевтің қолында. Осы уақытқа дейін бағдарламаның 6 шығарылымы жарық көрді, Алайда ойыншылар 90 мың теңгеден арыға аса алмай отыр. Бірақ алдағы уақытта білімі мен ақылына сеніп келген ойыншылар 10 миллион теңгенің иесі атанады деп сенеміз. «Расында, бастапқыда ұтыс сомасы аз болды. Дей тұрғанмен бірте-бірте 300 мың, 600 мың ұтқан ойыншылар көбейіп келеді. Алдағы уақытта 10 миллионның иесі табылады деп сенеміз. Бір қызығы, халықтың бағдарламаға деген қызығушылығы жақсы, бәріміз бірден миллионер атанғымыз келеді ғой, бірақ оған жету үшін миды іске қосып, білімге сүйену керек» дейді бағдарлама продюсері Әйгерім Досым.

Айтпақшы, бағдарламаға қатысу тәртібі оңай. Бағдарлама продюсерлерінің айтуынша, миллионер атанғысы келетін адам  К1 кілтсөзін 3698 қысқан номеріне СМС арқылы жолдау керек. Сонан соң ойыншы берілген сұрақтың дұрыс жауабын СМС арқылы 9684 номеріне жолдайды.  Жауап дұрыс болса, ойыншының номері ортақ жүйеге тіркеледі. Арнайы генератор тіркелген номерлердің ішінен 300 номерді іріктеп алады. Сол 300 номерге редакторлар қоңырау шалып, 5 сұрақ қояды. Ескере кету керек, 5 сұраққа мүдірмей жауап берген ойыншы ғана студияға шақырылады.

Халықаралық деңгейдегі телевизиялық формат болғандықтан, «Миллион кімге бұйырады» супер шоуының тәртібі мен ережесінде бәлендей өзгеріс жоқ. Бірақ биыл жүлде қоры 10 миллион теңгеге тең болып отыр. Бұл бағдарламаның ресейлік нұсқасын көріп жүрген көрермен жақсы білетін шығар, Дмитрий Дибров тізгіндеген шоуға тек өнер адамдары қатысып жүр және ереже мен студия декорациясына бірқатар өзгертулер енгізілген. Ал біз  бағдарламаның классикалық форматынан еш ауытқыған жоқпыз. Яғни, ойыншы қарапайым халықтың арасынан таңдалады, үш жеңілдік беріледі, он бес сұрақ қойылады. Егер ойыншы біліміне сеніп келсе, он бес сұраққа мүдірмей жауап берсе, 10 миллион теңгенің иесі атана алады.

«Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы білімді азаматтардың миллионер атануына ықпал етіп қана қоймайды, көрерменнің ой-өрісін дамытуға ықпал етеді. Теледидар алдында отырған көрермен сұраққа жауап беру арқылы білім деңгейін тексеріп көреді, ал мектеп оқушылары мен студенттер бұрын соңды білмеген ақпаратқа қанық болады. Мақсатымыз – ойыншылардың білім деңгейін тексеріп көру ғана емес, әр көрерменнің зияткер болуына атсалысу. Әр сенбіде сағат 20:15-те «Хабар» арнасын қосып, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасын көруді ұмытпаңыз. Елімізде миллионерлер көп болсын», - дейді Әйгерім Досым.

Abai.kz

62 пікір