Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Саңлақ 4161 1 пікір 11 Қазан, 2018 сағат 11:40

Пара Азия ойындары: Алғашқы бес жарыс күнінде 4 алтын медаль бұйырды

Джакартада екі алтын медаль алған Ержан Сәлімгереев.

Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан ІІІ Пара Азия ойындарының алғашқы бес күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына төрт алтын медаль түсті.

Айта кетерлігі, алтын жүлденің барлығын жүзу спортынан бақ сынап жатқан спортшыларымыз жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Сиязбек Далиев S5 категориясындағы спортшылар арасында 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден жеңімпаз атанды. Ал 9 қазанда 100 метр қашықтыққа еркін жүзуде (S6) бірінші орын алған Ержан Сәлімгереев ертеңінде S6 санатында 50 метрге еркін жүзу жарысында да ерледі. Сөйтіп, Ержан Азия Параойындарында ел қоржынына екі алтын медаль салды.

Тағы бір алтын жүлдені 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Ғабидуллина алды. Ол Пара Азия ойындарында 100 метрге еркін жүзуден үздік шықты.

Жүзу спортынан бақ сынап жатқан спортшыларымыз бұнымен шектелген жоқ, ерлер арасындағы S10 санатында 50 метрге еркін жүзуден қазақстандық спортшылар Сергей Кинах күміс медаль, ал Дмитрий Ли қола медаль еншіледі.

100 метр қашықтықта (S-10 санаты) Сергей Кинах екінші орынды иеленді.

Әнуар Ахметов S-13 санатында 100 метр қашықтықта күміс жүлде жеңіп алды.

Әйелдер арасында 100 метрге еркін жүзуден алтын медаль алған Зульфия Габидуллина 200 метрге еркін стильде жүзуден (S-5 санаты)  қола медальға қол жеткізді.

Қазірге дейін 4 алтын 10 күміс 10 қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы жалпы есепте 13-ші орында келеді.

Abai.kz

1 пікір