Жұма, 19 Сәуір 2024
Саңлақ 5443 3 пікір 10 Қазан, 2018 сағат 10:19

Бекарыс Сәдуақас жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарды

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте 6 қазан жалауын желбіреткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында құрама қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.

Кеше еліміз спортшылары бір алтын, бір күміс жүлдеге қол жеткізді. Айта кетерлігі, қос медалді де дзюдошылар жеңіп алды.

Жігіттер арасында 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен 17 жастағы балуан Бекарыс Садуақас мұхиттың арғы бетінде мықтылығын дәлелдеді. Финалға дейін Иран және Венгрия спортшыларының бетін қайтарған Бекарыс ақтық сында грузиялық Илья Сулуманидзені вазари әдісімен жеңді.

Ал қыздар арасында 78 келіде күш сынасқан Маргарита Гриценко финалда германиялық Раффаэла Иглден жеңіліп, күміс медаль алды. Маргарита ширек финалда эквадорлық  Эдит Ортизді, жартылай финалда чехиялық Эстер Свободованы жеңді.

Жасөспірімдер арасындағы III Жазғы Олимпиада ойындары 6-18 қазан аралығында өтеді. Ірі спорттық шараға 206 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Дүбірлі додада Қазақстан намысын 57 спортшы қорғайды.

Айта кетейік, осыған дейін жасөспірімдер арасындағы Жазғы Олимпиада ойындары алғаш рет 2010 жылы Сингапурде, кейін 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен болатын. Төрт жылда бір рет өтіп тұратын байрақты бәсекеге 14-18 жас аралығындағы спортшылар-юниорлар ғана қатысады.

Abai.kz

3 пікір