Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 6294 4 пікір 3 Қазан, 2018 сағат 09:01

Мың түйе және кестеші қыз

Елбасының өсиеті

Көпті көріп, қария жасқа келген Елбасы, алғыр ойлы жас азаматқа ел тізгінін тапсырыпты. Жас Елбасы өзіне сенім артқан абыз елбасыдан ұмытпай жүретіндей бір өсиет айтып беруін өтініпті. Сонда, абыз елбасы мына шағын хикаяны айтып берген екен:

«Қожа бірде көк есегіне мініп, оны баласына жетелетіп  базарға келе жатады. Жолыққандар:

— Ұятсыз, есекке өзі мінгенше ана қаршадай  баласын мінгізбей ме! – деп, сөгеді. Мұны естіген Қожа  баласын мінгізіп, өзі жетелеп жүреді. Қарсы келгендер:

— Ақымақ шал, жап-жас баланы мінгізгенше өзі мініп  жүрсе жөн емес пе! - деп, мінейді. Бұл сөзді құлағы шалған Қожекең енді баланы мінгестіріп алып  жүреді. Алдынан кез келгендер:

— Оңбағандар, жұдырықтай есекке екеуі бірдей  мініп алғанын қарашы! - деп кіжінеді.

Мынандай сөзді  естіген соң  Қожа  есектен  түсе қалып, баласын қасына алып жаяу келе жатады. Жолда ұшырасқан біреулер:

— Ха...ха... мына бишараларды қара! Өгіздей есекті бос жетелеп жаяу келе жатыр! - деп,  келеке қылады. Сонда амалы құрыған Қожа, баласына қарап:

— Балам, енді не істейміз?!  Енді, есекті  көтеріп алудан басқа амал қалмады... депті».

Абыз елбасы, жас Елбасыға: «Мен ұзақ жыл ел басқарғанда, дәл осы хикаядағы күйді басымнан кешумен болдым. Амалдың бәрін жасадым, бірақ елдің сынынан құтыла алмадым, енді сен еш сынға ұшырамайтын бір амал тап!» депті.

Жас Елбасы дәруіштің кейпінде киініп сахарада жайылып  жатқан елін аралып, ел ішіндегі талай-талай шешендер мен көсемдерден не қилы әңгіме тыңдап, ешкімнің сынына ұшырамайтын амал жоқ екеніне әбден көзі жетеді. Бірақ, ең соңында ауыл шетіндегі «жалғыз шал» деп, аталған мүсәпір қария: «Амал жоқ деген нәрседе де амал бар!» депті. Бұл сөздің мәнісін сұрағанда, қария  мына тәмсілді айтып берген екен.

 

МЫҢ  ТҮЙЕ  ЖӘНЕ  КЕСТЕШІ ҚЫЗ

Бұл бұдан екі жарым ғасыр бұрын болған оқиға екен. Атамның атасының атасынан жалғасқан әңгіме ғой. Ал, бүгін сол аңыз секілді боп кеткен әңгімені көпшілікке айтудың сәтті түсті:

Әуелі, мына қызықты қараңыз!  Шебер қыздың өз аты  ұмытылған  сайын  ел  атаған аты тіпті, жайыла түскен.  Ақыр соңында қыздың Асылжан деген атын  туған ата-анасы ғана білген.

«Кестеші қыз» атын шартараптығы  ел басшыларынан  бастап балаға дейін естіген, әйгілі болған.

Оның  даңқын осылай шығарған шебер қыздың біз кестемен кестелеген өрнектері еді. Кестесінің бояуы кемпірқосақпен таласқан, дейді. Бедерлеген гүлдерін  өсіп тұрған гүлден ажырату қиын, дейді. Бейнелеген  сандуғашы  мата бетіндегі жансыз бейне болса да  әуезі құлаққа  келгендей болады, дейді. Бұл, дейді-дейдінің әбден аңызға айналған кезі екен.

Жас қыз бұл керемет өнерді шешесінен үйреніпті. Ол шеберлік оның әжесінен ауысқан, деседі.

Осы керемет өнердің  құпия  кілті  баяғы әулеттен бері жоғалмай келе жатқан  алмастан соққан бізде болса керек. Біз қандай матаға не кестелесе де жүзі еш мұқалмайтын, жүзінен төгілген түсті жіптерді матаға өз өңінен де асырып түсіретін өте ғажап асыл аспап болыпты.

Күндердің күнінде, даңқы өзінен де асып бара жатқан  «кестеші қызды» Хан алдына шақырып алып мынандай жарлық береді:

«Алақандай ақ матаға мың түйенің бейнесін сыйғызып кестелеп әкел! Еженханға сыйға тартам. Алты ай уақыт берем. Бітірсең ханымым боласың, бітірмесең басыңнан айырыласың!» депті.

Кестеші қыз үйіне келе шешесімен ақылдасып  іске кіріседі. Күнді – түнге, түнді – күнге жалғап, алмас бізбен алақандай матаға түйенің бейнесін кестелейді. Талай қиық мата түйе суретіне толып, керексіз  болып қала береді. Алақан көлеміндей матаға ең көп дегенде, жүз түйе сиыпты. Енді, қалған 900 түйені қайда, қайтіп сиғызады?!

Қызға жаны ашыған елдегі талай дана, нелер ақылман, неше қилы өнер иелері  келіп не қилы ақыл, айла іздесе де бәрінің жеткен жері осы болыпты.

Ақыры ел сыйлаған бір дана қария: «Е, қызым! Бұл ақылға симайтын нәрсе, Хан сенің өнеріңе емес, жайылған даңқың үшін басыңа қызығып отыр. Жалынып жаныңды сұра!» деген, кеңес беріпті.

Жанынан  баз кешкен жас қыз ел аралап, кезбе болып кетіпті. Жарлық бітуге  бір апта қалған күні кестеші  қыз иен далада мұңға батып келе жатса, жол  бойындағы жалғыз ағашың түбінде отырған бір диуананы көреді.

Қыз бұрылып барып, гүл кестелеген  беторамалын  оған садақаға беріпті. Диуана жігіт жалт етіп қыз жүзіне көз салып:

«Неге қайғыға батып жүрсің?» деп, тіл қатыпты. Кестеші қыз  бастан кешкен  жайын бір-екі ауыз сөзбен баяндап, бұрылып кете берген сәтте диуана жігіт:

«Ақылға сиған түйе, алақандай матаға да сияды ғой!» депті. Осы сөз қыздың көкірек көзін жарқ еткізіп, бейтаныс жанға таңдана қарап қалыпты. Оның үстіндегі киім киісі де қызық екен. Қабат-қабат киінген. Сыртында қалың ақ шапан, оның ішінде  қалыңдау көк шапан, оның ішінде  жұп-жұқа жасыл шапан, оның ішінде жұқалтаң қоңыр шапан. Шапандарының ішінде тағы сондай өң түсті қабат-қабат жейделердің жағасы көрінеді.

Кестеші қыз, таңдана тұрып, «Қалайша бұлай киінесің?» деп, сұрапты. Диуана жігіт:

«Төрт мезгілдің киімі түгел үстімде жүреді. Мезгіл келгенде бір-бірлеп шешіп, бір-бірлеп киінем» дейді, «Қазір қыстың ақыры да таяп қалды...».  Кестеші қыз тағы да таңырқай тұрып: «Неге диуана боп кеттің?..» деді. Диуана: «Жаман мен жақсыны  айырып таниын дегем...».  Кестеші  қыз алыстап кетіп бара жатқанда  диуана тағы да:

«Ақылға сиған бәріне сияды!» деп, айғайлапты.

Сол күні түнде, кестеші қыз түс көреді. Түсіне күндіз көрген диуана жігіт кіреді. Ол қызға өз алақанын жайып көрсетіп тұр екен, дейді.  Жігіттің алақанында бір-біріне тұмсығын тіреп қарама қарсы екі түйе тұр. Әлгі екі түйенің әрбірінің ішінде қабаттасқан тағы бір түйе, оның ішінде және түйе, одан тағы бірі, тағы біреуі... осылайша бірінің ішінде бірі тұрып кішірейген сайын кішірейе беретін  кішкене түйелер сонау алақанның ең түбіне дейін бұлдырап көз тартады.

«Ақылға сиған!..» деп, саңқ еткен дауыстан қыз селк етіп оянса, құланиектеп таң атыпты. Қыз орнынан ұшып тұрып, қос бұрымы тірсегін  сабалап үйіне қарай құстай ұшады, кіре сала кестесін қолына алады...

Ертең жарлықтың соңғы күні  дегенде, толған ай туған кеште, қыз алақандай  ақ матаға  бір-біріне тұмсық тіреген  екі түйенің әрбірінің ішіне бірінен кейін бірін кішірейте отырып, 499 түйені кестелеп те бітіреді. Сөйтіп, тұмсық тірген ең сыртағы екі үлкен түйенің әрқайсысы бес жүзден осылай мың түйе кестеленіпті. Тұмсық тіреген  ең сыртқы екі үлкен түйемен  қабаттасқан түйелердің ең соңғы  ішіндегісі  сіркедей  өте кішкене болса да түйе екені көрініп-ақ тұрыпты!

Сөйтіп, бір-біріне тұмсық тіреген сыртқы екі түйенің әрбірінде бес жүзден солайша, ақ матада  мың түйенің  ғажап бейнесі  көз тартады!

Хан да айтқанына жетіпті, кестеші қыз ханым болыпты. Хан әлгі диуана жігітті іздеп тауып, өз қызын беріп уәзір етіпті.

Осыдан кейін Хан: «Ақылды айтқан адам ақылды болса  да, ақылды іске асырған  адам одан да ақылды» деген  нақылын халқына аманат қалдырыпты. Қыздың ғажап кестесін Еженханға сыйлап, халқын ауыр салықтан азат етіпті.

Бұл ақылман хан Абақ Керей қауымының  Көгедай деген ханы екен, дейді. Кестешілік өнер керей қазақтарына  осы шебер қыздан мирас болған деседі.

Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист

Abai.kz

4 пікір