Сейсенбі, 20 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 109623. Жазылғандар — 105145. Қайтыс болғандар — 1796
Саңлақ 1726 0 пікір 1 Қазан, 2018 сағат 12:59

«Алматы Турында» италиялық велошабандоз топ жарды

Astana Pro Team командасының италиялық велошабандозы Давиде Виллелла «Алматы Туры - 2018» көпкүндік веложарысының жеңімпазы атанды.

29-30 қыркүйек күндері оңтүстік астанамызда өткен веложарыс алтыншы рет қатарынан ұйымдастырылып отыр. Осы жолы да өткен жылдағыдай доданың екі кезеңі болды және 30 қыркүйекте Медеу мұз айдынындағы мәреде аяқталды.

Бірінші кезең ҚБТУ ғимаратының алдындағы «Астана» алаңынан басталды, содан кейін пелотон «Қала айналымы» көшелерімен жүріп өтті – барлығы 7 айналым. Сөйтіп, жарыс «Астана» алаңындағы мәреде аяқталды (183,4 шақырым). Бұл кезеңде қарсыластарынан 35 секундқа озып Давиде Виллелла мәреге бірінші келді.

Ал екінші кезеңде «Халық Аренадан» жарыс жолына шыққан шабандоздар өткен жылғыдай «Медеуде» тізгін тартты (152,2 шақырым). Бұл кезеңде «Астананың» тағы бір шабандозы, испаниялық Луис Леон Санчес топ жарды. Ол мәре сызығын 4 сағат 11 минут 35 секундта кесіп өтті. Одан кейін төрт секунд айырмашылығымен екінші болып Делио Фернандес (Delko Marseille) келді, ал үшінші орынға бірінші кезеңінің жеңімпазы Давиде Виллелла жайғасты.

Осылайша, екі кезеңнің қорытынды нәтижесі бойынша Давиде Виллелла турнир жеңімпаз атанды. Ал Юрий Натаров (Ұлттық құрама) үздік қазақстандық шабандоз деп танылды.

Оларды ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Кәлетаев пен Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Райымбек Баталов құттықтады.

Әлемнің 15 мемлекетінен 19 команда қатысқан халықаралық веложарыстың жалпы жүлде қоры 40 мың еуро болды.

Abai.kz

0 пікір