Сенбі, 20 Сәуір 2024
Анық-қанығы 5590 5 пікір 1 Қазан, 2018 сағат 09:35

Арамызда жалған «желтоқсандықтар» масайрап жүр

Сәлеметсіз бе, Сайлау аға!

Аға, Сіздің Abai.kz ақпараттық порталына жариялаған "Олар... жалған желтоқсаншылар..." атты мақалаңызды оқыдым.

Сіздің пікіріңізді толық қолдаймын! Алла Сізге жар болсын! Рас, арамызда жалған «желтоқсандықтар» масайрап жүр. Олар біреудің суретімен, біреудің құжатымен, тағы да басқа амал тауып, ақталғандар. Мысалы, менің суретіммен ақталғандарды өз көзіммен көрдім. Осы сөзіме Алланың алдында да, құзырлы органдардың алдында да жауап бере аламын. Өзім туралы айтқанымды кешіріңіз – дәлел болсын деп жаздым. "Ана тілі" газетінде жарияланған мына суретте  ақ телпек киген – менмін. Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін осы сурет бойынша мені тауып, сол кездегі мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен прокуратура ҚазМУ-дағы оқуымнан да, комсомолдан да қуды.

Атам қазақ «Байлық, билік, даналық – Алладан» деп сенетін. Бірақ «Атың шықпаса – жер өрте» дегендей, атақ пен байлық үшін кейбіреулері «желтоқсан қаһарманы» болып шыға келді.

Қорыта айтқанда, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура бәріміздің құжаттарымызда қайтадан тексеріп, «осы топ – ақталғандар, осы топ – жалғандар» деп, сайтта ресми түрде жариялайды деп сенемін.

Кім кім екенін халық білсін. Сын сағатта халқымен бірге болғандарды екі дүниеде де Алла жарылқасын!

Ақшагүл Жемісбаева, желтоқсаншы

Abai.kz

5 пікір