Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Дін мен тін 9653 46 пікір 1 Қазан, 2018 сағат 08:49

ҚМДБ араб дәстүршілдігінен бас тартқан жоқ

Қазақ халқының қоғамдық санасының танымдық қабатында бүгінгі күні күрделі өзгерістер жүріп жатыр. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы бұл өзгерістер ертеңгі күнгі қазақтың қандай халыққа айналатынын, біртұтас халық болып тарих сахнасында қалады ма, жоқ әлде түрлі этникалық бірліктерге бөлініп, салт-дәстүрі мен мәдениеті бөлек халықтарға айналады ма, болмаса бір-бірімен қырқысып, мүлде жоқ болып кетеді ме? – деген күрделі сұрақтарға жауап беретін болады. Қазақ дүниетанымындағы бұл өзгерістер Тәуелсіздікпен бірге келген «деидеологизация» үдерісімен бірге келді. Өзінің ұлттық идеологиялық ұстанымын айқындамаған мемлекет халқы сыртқы күштер бағыттап отырған діни-рухани экспансияның құрбандығына айналды.

Олар өздерінің рухани экспансиясын рухани өмірдің бар саласына бағыттады. Дін, музыка, мода т.б. салаларын түгелге жуық қамтыды. Сөйтіп қазақ руханияты талауға түсті. Кешегі Кеңес өкіметі кезеңіндегі қазақ халқы мен қазіргі қазақтың арасында ат пен түйедей айырмашылық бар. Ол кезеңде қазақ рухани-мәдени тұтастығы бар, біртұтас халық еді. Қазіргі қазақта сол тұтастық жоғалды. Оның жоғалуына ықпал еткен жоғарыда айтылған  үдерістер болғанын қайталап жатудың қажеті жоқ. Бұлардың ішінде діни ағымдардың ықпалы, әсіресе, уаххабилік-салафилік ағымның ықпалы бәрінен де жоғары болды. Бұл бағыттағы ықпалдың пәрменді болуына сол кезеңдегі ҚМДБ басшылығы белсенді әрекет еткеніне бәріміз куәміз. Ол кезеңде ҚМДБ бір жағынан, қауіпсіздік органдарымен бірігіп сопылармен күрессе, екінші жағынан ҚМДБ Құран кітабын атақты  сəлəфилік тəпсірші Ас-Саадиге  (Сауд мемлекетінің экс-мүфтиі Усайминнің ұстазы) сүйеніп аударған Эльмир Кулиевтің орысша аудармасын он мың тиражбен(10 000) бастырып, Президент Назарбаевтың сыйлығы деп Қазақстан мешіттеріне таратуы болды. http://www.gorodpavlodar.kz/News_1013_4.html). Қазіргі күні ол кітаптың зиянды екені анықталып, қолданыстан шығарылды. Бірақ ол кітаптан қалған таным-түсінік ҚМДБ имамдарының санасында сақталып қалды. Уағыздарын сол баяғы сарынмен жүргізіп келеді.

Рас. Қазір мешіттер «Ханафи мазхабындамыз» – деп айтатын болды. Онда да тек, намаз оқығанда «аминді іштен айтыңдар», «аяқты талтайтып тұрмаңдар» т.с.с. сыртқы формаға назар аударып, ішкі мазмұнға өзгеріс енгізген жоқ. Сол баяғы уаххабилік-салафилік таныммен сабақтас араб дәстүршілдігін сақтап қалды. Араб дәстүршілдігі мен уаххабилік-салафилік таным арасында айтарлықтай айымашылық жоқ. Солай болғандықтан әлі сол баяғы әруақпен күресу, Аллаға серік қоспау туралы уағыздар жалғасып келеді. ҚМДБ атынан шығып, осы жолды уағыздаған А.Сманов, А.Қуанышбаев сияқты уағызшылар қаншама жастың таным-түсінігін қазақтың рухани болмысынан алшақтатты. Жырауларымызға жын жетектетті, әулилеріміз басындағы шырақшыларды «есекбастарға» айналдырды. Ол уағызшылар біраз уақыттан бері сыртқа ысырылғандай болып еді, соңғы кездері қайта эфирге шыға бастапты. ҚМДБ бағытының қазақтың дәстүрлі діни танымына сай келмейтіні туралы қаншама мақалалар жаздық, дәлелдедік. Бірақ, ҚМДБ сол баяғы әуенінен бас тартатын түрі жоқ (Соңғы кезде бір күдік пайда бола бастады. ҚМДБ-ға бас тартуға мүмкіндік бермей отырған басқа бір күш бар сияқты. Әйтпесе, ҚМДБ-ның қазіргі басшылығында қазақтың дәстүрлі дінінен хабары барлығына күмәнім жоқ).

Өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан кейін қазақтың басын қайта біріктіретін күн туғандай болып көрініп еді. Соны арқаланып, қазақтың басы біріксе екен деген үмітпен бірнеше мақала жазып та тастадық. Аздап қазақ руханиатына бетбұрыс жасалғандай болып, дінбасын ауыстырып, әулиелі жерлер туралы деректерді жинап, өткенді еске алып дегендей сілкініп қалып едік. Тіпті өткен жылдан бері кейбір қалалар мен облыстарда мектеп оқушылары арасында жыр-дастандар жаттатып, сайыс өткізіп, қомақты жүлделер тігіп, қазақты қайтадан өз рухани арнасына бұруды қолға алды. Бұл өте қуанарлық жағдай. Бірақ сол қуанарлық жағдайда бізді қуанта қоймайтын тағы бір кілтипанымыз бар. Ол - еліміздегі руханияттың діңгегі болып саналатын мешіттеріміздің әруақты жоққа шығаратын бағытынан айнымауы. Олар қазақтың сан ғасырлық рухани діңгегі болған дәстүрлі діни танымының негізі – сопылықты, сол негізде сан ғасыр бойы қалыптасқан қазақ руханиятының жауһарларын жоққа шығарудан танар емес. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруында» асты сызып айтылған «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деген сөздерін де қаперге алмайтын сияқты. Мұның өзі қазақ арасында ойы бар азаматтарды діннен бас татуға дейін апарып жатқанына куә бола бастадық. Мысалы, Фейсбук парақасында мына бір жазбаны оқып, көшіріп алып едім, (авторының атын көшірмеппін) енді соны назарларыңызға ұсынайын: «Милары дінмен уланған діни дүбəрəларды көрсем құсқым келеді бар ғой. Біздің елде оң өзгерістің болмай тұрғаны осындай дүмшелердің кесірінен. Кешегі дене шынықтыру мұғалімінің әрекетін қос қолдап қолдар едім өз басым. Сол намаз оқып жатқан оқушылар ертең өзіне де, елге де зиянды дүбəрə болып шығатынына еш күмәнім жоқ. Өткенде Сайрагүл қамаудан босап шыққан күні түнде Алатау ресторанында Абзал Құспанның осы Сайрагүлді шығарып алуға Хьюман Райтс халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының сіңірген еңбегін айта келіп "Мен үшін бұл адамдардың дәрежесі кез-келген мұсылманның дәрежесінен кем емес" деді. Абзалдың осы сөзімен толық келісемін. Өз басым әсіредіншілдерді былай қойғанда Ханафи масхабын дәріптейміз деп жүрген өзіміздің діни басқарманың айтып жүрген дінінен әлдеқашан безіп кеткенмін. Бірақ Құдай мен Пайғамбардан безген жоқпын. Егер біздің дініміз бізді өркенитке бастамаса ондай дінді қабылдамаймын. Біздің діни басқарма жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті жойып жіберуде. Ал негізінде мұсылман адам отансүйгіш болуы керек. Мұсылман адам қазақы бауырмал болуы керек. Мұсылман адам әділетсіздікпен күресуі керек. Мұсылман адам өзін ғана емес басқа адамдардың да проблемасын ойлауы керек еді. Осының бәрі біздің елде керісінше болып жатыр. Ендеше өзімізді мұсылманбыз деп алдамай-ақ қояйық». Міне, көріп отырсыздар, бұл жазбаны қазіргі еліміздегі мешіттердің ұстанған бағытына берілген баға деп қабылдауымызға болады. Ал, бұдан да сорақы пікірлер бар. Соларға да кезек беріп көрелік. ФБ-да Михаел Шерімбек атпен белгілі азамат өзінің парақшасында былай депті: «ҒИБАДАТТАР НЕ ҮШІН ҚАБЫЛ БОЛМАЙДЫ ЯКИ ДӘРЕТ АЛҒАНДА КӨТТІ ҚАЛАЙ ЖУУ КЕРЕК?
Дисклеймер: Ұлы мәртебелі ....  шайхыларыңыздың 5 жыл лицензияланған медреседе оқып, "Ислам шариғаты" курсын тамамдап, араб тілінің "Сарф" һәм "Наһв" кітаптарын да аяқтап, Құран Кәрімнің 4 парасын жатқа білетінін алдын-ала тағы да ескертіп өткім келеді. Сондықтан, ... жасағысы яки дінитышу синдромымен пікір қалдырғысы келетін діндарлар* ары ойнасын. Ұлы шайхының қаһарына ұшырайсыңдар, тегі! Рахмет.
________________________________
Жалпы, кез-келген дінге жаңадан келген адам жаратушымен байланыс жағдайына жақындап ғибадат жасауының алғашқы қадамдарын дәретті дұрыс алу ережелерінен бастайды. Бізде де солай болды. Дәретханаға кірген кезде, «Әъузү билләһи минәл хубси, уәл хабаисты» бар ниетпен айтып кіріп, барынша таза болып шығуға тырысатынбыз. Неге? Өйткені, ішкиіміңде нәжіс қалып кетсе, ғибадатың қабыл болмайтынын мұғалімдер қатаң ескертетін. Менің бар қорқынышым сол болатын» деп келіп, ары қарай былай деп жалғастырады: «Кей-кейде күліп алмақ мақсатында һәм бүгінгі мұсылман қоғамының бейшара халіне кезекті рет көз жеткізу үшін ислами сайттар мен форумдарды қарап тұратын әдетім бар, -деп бастайды да, әрі қарай сайттардағы жазылатын мәселенің сол дәрет пен сол сияқты ұсақ-түйектен аса алмағандығын тілге тиек етеді. Соңын былай қортындылайды: «Діннің қай жағынан жүрек тыныштығын іздеп, келгің келсе де, түбінде осы көттің дәрежесіне қайта орала бересің, орала бересің...
Жай ғана ислами сайттар мен мешіттердің ресурстарына кірсем, Жұмада талқыланатын мәңгілік тақырыптар бар. "Талақтың діндегі үкімі", "Оразаның 10 артықшылықтары", "Ғайбаттың үкімі", "Исламдағы 4 әйел алудың үкімі", "Садақа мәселесі", "Әйелдің һәм еркектің ақысы"… Мен мешітке барғым келмейді. Тізесі шыққан барша адам жалыққан тақырыптар ғой, бәрі де...
- НЕГЕ? Неге мешіттерде прогрессивті мұсылманның қазіргі қоғамдағы орны туралы, Исламдағы ғылым туралы, Мұсылманның технология жетістіктерін қолдану шарттылықтары туралы, Мұсылманның әлемдік ізгіліктерге қосуы тиіс үлесі жайлы жақсы уағыздардың орнына үнемі көтті қалай жуу туралы уағыз естуіміз керек? – деп қортындылайды.

Айтып отырғанында шындық бар ма? Бар! Өкінішке орай, біздің ҚМДБ қоғам ішіндегі мұндай наразылықтарға мойын бұрар емес. Оның себебін біз сол ҚМДБ уаххабилік-салафилік бағыттан бас тартқанымен, араб дәстүршілдігінен бас тартпауынан  деп түсінеміз. Соның салдарынан қазақтың дәстүрлі діни танымы мешіттерге әзірге бас сұға алмай келеді. Басқаша айтқанда, қазақтың бар рухани-мәднени болмысының өзегі болған діни түсінік-танымдар ҚМДБ мешіттері үшін жат.

Енді осы жерде қысқаша қазақтың дәстүрлі діні мен араб дәстүршілдігіне қатысты қысқаша түсіндіріп өту қажеттігі туындап отыр. Өйткені, діннен хабарсыз көпшілік Ислам діні бір емес пе деп ойлауы мүмкін. Дін бір болғанымен сол дінді қабылдау, түсіну әртүрлі болып келеді. Мысалы, қазақтың Исламды қабылдауында мынадай ерекшелік бар. Біз Исламның өзін дін және шариғат деп, екіге бөліп қарастырамыз. Шариғат – адамның тәніне, жалпы материалдық дүниеге қатысты мәселелерді қарастыратын заңдар жүйесі. Дін болса адамның рухына, рухани болмысына қызмет етеді. Сондықтан да қазақта рух-әруақ қазақы діни танымның өзегі десе болады. Қазақ үшін рухты мойындамау – дінсіздікпен тең. Ұлы Абайдың:

Ақыл мен жан өзім, тән менікі,

Мен менен менкінің мағынасы екі.

Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

Менікі өлсе өлсін, оған бекі, - деуінің  астарында үлкен мән жатыр. Өйткені, қазақ жан мен тәнді тең көрмейді. Жанды (рухты) әркезде жоғары қояды. Тәнді уақытша, жанды-рухты мәңгілік категория деп біледі. Абай атамыздың мына өлеңінде бұл мәселе былай тұжырымдалады:

«Табиғат өлсе өлер, адам өлмес,

Бірақ ол қайта келіп ойнап, күлмес.

Мен менен менікінің айрылғанын,

Өлді – деп, ат қойыпты өңшең білмес». Демек, адамның тәні өлсе де, жаны өлмейді. Ол екі дүниеде қатар өмір сүретін мәңгілік жаратылыс. Сондықтан да  қазақы діни таным өткінші өмірді емес, мәңгілікті, екі дүниені қатар қояды. Ең бастысы қазақы діни танымда ғибадат басты орынға қойылмайды. Басты орынға адамның кісілік болмысы қойылады. Бұл діннің талаптарына сай келеді ме? Иә, сай келеді. Құранда «Асыр» сүресінде адам баласынан ең алдымен иманды болуын, жақсы амалдар жасауын, әділетті болуын, әрі бар нәрсеге сабырмен қарауын талап етеді. Абай атамыз Құранның осы сүресін былай деп тәпсірлеген екен:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жол осы деп әділетті.

 

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахиқ біл,

Ойлан дағы үшеуін таратып бақ,

Басты байла жоына малың түгіл.

 

Дін де осы, шын ойласаң тағат та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ –Хақтың досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.

 

Руза, намаз зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс». Демек, дінге бет бұру тек тағат-ғибадат емес, алдымен адам өзінің адами болмысын қалыптастыруы. Қазақтың барлық рухани қазынасы адамның осындай адами, кісілік болмысын қалыптастыруға бағытталған. Соның арқасында ғана қазақ даласында түрмелері болмады, жесірін жылатпады, жетімін қаңғытпады. Бүгін келіп сол рухани қазына қоғамның рухани бейнесін, адами болмысын  қалыптастырудан  тыс қалып отыр. Оның орнын қазіргі күні арабтың таным түсінігі басты. «Бес парызды орындасаң болды, жәннәттің төрі сенікі» дейтін уағызшылар шықты. Бірақ, бұл жерде ол туралы сөз қозғамаймыз. Ол жеке, арайы мақаланың тақырыбы.

Алайда, мешіттердегі осы араб дәстүшілдігіне негізделген діни уағыздар қазақ халқының белгілі бір бөлігін басқа дінге бет бұруына ықпал етіп отыр. Мешіттердегі қазақ руханиатына қарсы айтылып жатқан уағыздардан шаршаған халық түркінің көне діні Тәңіршілдікке бет бұра бастады. Ең өкініштісі – олардың қатарында қазақ зиялы қауым өкілдерінің көптігі десек артық айтқандық емес. Сонда мына қазақ қоғамы қайда бара жатыр? Бұл сұрақтың жауабын беру оңай емес. Бұл сұрақтың артында бірнеше сұрақ тұр. Біріншісі, ҚМДБ ұстанған бағыт неліктен қазақ болмысына бет бұрмайды? – деген сұрақ. Екіншісі, Тәңірлік дінге бет бұрдық – деп жүрген азаматтардың ойында не бар? Бұл да қазақты іштей ірітуге бағытталған кезекті «проект» емес пе?- деген сұрақтың басы қылтияды. Бірақ, қанша қиын болса да бұл сұрақтарға жауап берілуі тиіс. Егерде бұл сұрақтарға жауап берілмейтін болса, онда ертеңгі күні қазақ халқының тарих сахнасында халық ретінде қалу-қалмау мәселесі туындағалы тұр. Ойланайық.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3512