Жұма, 29 Наурыз 2024
Әне, көрдің бе? 7285 42 пікір 28 Қыркүйек, 2018 сағат 13:56

Сүйегі қурап қалған Кеңес өкіметін балағаттауды тоқтатар кез жетті

Бір кездері біз сияқты одақтас республикалардың бірі болған Латвияның Инара Балоде есімді тұрғыны әлеуметтік желіге пост жазып, "Латвияның қазіргі заманғы ұлтшылдары  Мәскеудің басқыншылық езгісінен зардап шекті деген мәлімдемелері нағыз сандырақ" деген пікір білдіріпті.

"Өткен уақыттың қорқыныштары туралы қазіргі заманғы ұлтшылдардың сандырақтарын оқудың өзі жиіркенішті. Мен 1960 жылы Латвия КСР-інде тудым. Латыш тілінде тегін білім алдым, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгердім, консерваторияда фортепиано класы бойынша еркін дайындалдым. Бүгінде мен ашығын айтқанда саяси ұпай алуға деген талпынысқа көбірек ұқсайтын «басқыншылық» туралы ұрандарды түсінбеймін. Қайта бүгінде бізге бір тілді білім алуды тықпалап, ұлтшылдық идеялар үшін бас шұлғуға мәжбүрлейді. Бірақ әлем біркелкі бола алмайды, адамдарды бір балшықтан соғып шығуға болмайды. «Басқыншылық» тек зақымданған мида ғана  болады" дей келіп автор ойын одан әрі жалғастырады.

"Мен сол «режімде» дүниеге келдім және айтарым ешқандай басқыншылық болған жоқ. Латвияда қазір нағыз режім орнады: сөзбұйдалық көп, бақылаулар көп, кеңес берулер көп – орыс тілін қолдануға болмайды.

Билік ұстанған саясат бүгінде көпшіліктің ашу-ызасын тудырады, адамдар одан әбден шаршады. 60-шы жылдары туған біздерде бәрі де болды: бақытты балалық шақ, білім, саламатты тағам. Маған және мен сияқтыларға КСРО кезіндегі өмір бекершілік болды деудің қажеті жоқ".

Рига қаласының тұрғыны ел басшылығына арнаған сөзін былайша түйіндейді:

"Сендердің бұрынғы биліктен қай жерлерің артық: бәлкім, қазіргі кезде өсіп бара жатқан мемлекеттік борыш пен ХВҚ-ның қаржылық езгісінде отырғандығымызбен шығар? Бұрын зауыттар пайда болып жататын, енді жұмыссыздық пайда болып жатыр. Біз сол кеңестік рубльмен көп дүниеге қол жеткізетінбіз және қазіргіге қарағанда әлдеқайда тұрақты болатын".

Міне, бүгінде жасы 58-ге келген латвиялық Инара Балоде ханым осылай дейді.

Осынау нәзік жанды әйел затының ер адамдардың да бәрі бірдей айта бере алмайтын сөзді айтқаны және «Маған және мен сияқтыларға КСРО кезіндегі өмір бекершілік болды деудің қажеті жоқ» деген сөзі маған ой салды. Өйткені бізде де өткенге өкпе айтушылар табылып жатады. Біз де қазақ халқының басына түскен ауыртпалықтарға қит етсе Кеңес өкіметін кінәлай бастаймыз. Бірақ бізде тек Кеңес өкіметі ғана емес, оған дейінгі патша үкіметі де, оның алдындағы замандар да кінәлі. Бірақ мәселе онда емес, менің айтпағым мүлде басқа.

Өткен кезең, мейлі жақсы болсын, мейілі жаман болсын, бізге ұнасын-ұнамасын, ол – тарих. Ал, тарихты сызып тастауға болмайды. Бұл – бір.

Екіншіден, сол заманда ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз өмір сүрді, біздерді өмірге әкелді. Біздер де сол заманда өмір сүріп мектеп табалдырығын аттадық, одан жоғары оқу орнын бітірдік, еңбек жолымызды бастадық, үйлендік, балалы-шағалы болдық. Ал, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін көп ұзамай туғандар немере мен шөберенің қызығын көрді. Біразы жап-жақсы қызметтер атқарып, зейнет демалысына шықты. Бүтіндей бір дәуір дерлік уақыт. Соның бәрін қалай жоққа шығаруға болады?

Үшіншіден, жекелеген адамдардың қасақана әрекетінің салдарынан орын алған ашаршылық пен өз арамыздан шыққан, шаш ал десе бас алатын қанды белсенділердің қаскөйлігінің кесірінен өршіп кеткен саяси қуғын-сүргін әкелген қасірет болмаса, бүтіндей алғанда қазақ халқы сол жылдары тегін білімге, тегін медициналық қызметке қол жеткізді. Еліміздің кең-байтақ даласында жаңадан елді мекендер, қалалар пайда болды. Халық біртіндеп киіз үйлерін тастап қолайлы пәтерлерге көше бастады. Олар да тегін берілді. Автожолдар мен темір жолдар салынды.  Ұлтымыздың мақтанышына айналған көптеген қоғам және мемлекет қайраткерлері, өнер және спорт майталмандары сол кездері орасан зор жетістіктерге қол жеткізіп, еліміздің атын әлемге паш етті. Кешегі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде талай қазақ, олардың ішінде Әлия мен Мәншүк сияқты батыр қыздарымыз да бар, Отан үшін деп жандарын пида етті. Сонда солардың бәрін ұмытуымыз керек пе?

Төртіншіден, «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз бар. Егер кешегі кеңестік қоғам шынымен де соншалықты жексұрын болса, бүгінде өзіміз есімдерін ауыздан тастамай айтып жүрген қазақтың зиялылары қалайша сол «жаман қоғамда» дүниеге келіп әрі өмір сүре отырып жақсы адам болып шыққан? Осы тұрғыдан алсақ, қазіргі таңда қазақ деген халықтың негізін құрап отырған өзіміздің де тәп-тәуір азамат екенімізге күмәнмен қарауға тура келеді емес пе?..

Бесіншіден, ол қоғамда көптеген кемшіліктердің болғанына қарамастан, бұрын-соңды адамзат тарихында орын алған барлық қоғамдардан бір артықшылығы болды. Ол – социалистік қоғамның «Алтын алма, алғыс ал» деген принципті, яғни дүниеге, байлыққа қызықпа, нағыз адам бол деген қағидатты ұстануы еді. Және көптеген адамдар солай болуы тиіс екеніне сенді, өздері де солай болуға тырысты. Сондықтан да халық бүтіндей алғанда кедейлеу тұрғанына қарамастан бір бірлеріне көмектесуді, қайырым жасауды өздері үшін парыз деп білді. Адами мінез алдыңғы орынға шығып, адамдардың арасында ешқандай есепке, алыс-беріске негізделмеген берік достық пен жолдастық орнады. Сондықтан да шығар, КСРО-ны құлатудың жоспарын жасаған кезде АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы кеңестер елі халқының бойындағы адамгершілік қасиеттер мен ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастарға іріткі салу керек, сонда өзі де іріп-шіріп бітеді деген мақсат қойыпты.

Қазір ше? Қазірде сол замандарда жасаған жақсылықтарымызды аузымыздан суымыз құрып, аңыз ғып қана айтатын күнге жеттік. Енді бір аз уақыттардан кейін дүниеге келетін ұрпақ ұлтымыздың игі қасиеттерін айтпақ түгілі, қазақ деген халықтың сондай жомарт, сондай қайрымды болғанына мүлде сенбейтін күннің тууы да әбден мүмкін.

Біз бұл жайттарды кеңестік жүйені көксегендіктен (ондайлардың бар екені де рас) айтып отырған жоқпыз. Ол заманның енді қайтып келмейтінін бүгінде еңбектеген балаға дейін түсінеді. Біздің айтпағымыз, адам тарихты жоққа шығарып, өзінің өткеніне топырақ шашпауы тиіс деген ой. Егер оның жаман жақтары болған болса, одан жиреніп, жақсы жақтарынан үйренген жұрт қана алға озады.

Егер латвиялық ханым айтқан «Маған және мен сияқтыларға КСРО кезіндегі өмір бекершілік болды деудің қажеті жоқ» деген сөзге келсек, мен де, дүниеге келіп, мектепте, жоғары оқу орнында оқып, еңбек жолымды бастап, отбасын құрып, балалы-шағалы болған өмірімнің бүтіндей бір бөлігін бекершілік деп жоққа шығаруға, ортасынан бір-ақ сызуға  үзілді-кесілді қарсы болар едім. Осы орайда мынадай бір жайт еске түседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын, журналистік әуестігім оянып, жасы 80-нен асқан бір ақсақалдан «Бүкіл өмір жолыңыз кеңестік дәуірде өтті. Сол заман туралы не айтар едіңіз?» деп сұрадым. Сонда жаңағы ақсақал «Кеңес өкіметінің жақсылығы да, жамандығы да болды. Егер сол екеуін безбенге салып салмақтар болсақ, қалай дегенде де жақсылығы басымдау ғой» деп жауап берді. Өткен кезеңге қатысты сыңаржақтыққа, қызбалыққа салынбай, объективті түрде айтылған пікір сірә, осы шығар-ау деп ойладым мен сол жолы.

Жалпы, басқа түскен ауыртпалықтар үшін әлдебіреулерді кіналап, бар пәлені өзгелерге жаба салу қаншалықты дұрыс деген де ой келеді. Өкінішке қарай, мұндай әдет біздің де бойымыздан табылып қалып жатады. «Адамдар әрқашанда кінәні белгілі бір жағдайлар ықпалына аудара салады. Мен жағдайлар ықпалына сенбеймін. Бұл әлемде өзіне қажетті жағдайларды іздеген және егер  таба алмаса, оны өз қолымен жасаған адам ғана табысқа жетеді», деген екен белгілі ағылшын драматургі Бернард Шоу.

32-ші жылғы ашаршылықта миллиондаған қазақтың қырылғаны рас. Бірақ оның сол жылдары республиканы басқарған Голощекиннің және басқалардың (олардың арасында қазақтар да бар) қолдан жасаған қастандығы екенін көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Іздеген адам ондай мәліметтерді табады да. Бірақ біздің тарихшыларымызға архив қопарғаннан гөрі модаға айналған Кеңес өкіметін жамандау әлдеқайда оңай. Өйткені ол адам емес, тек жүйе ғана. Демек не айтсаң да «көне береді». «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп осындайды айтса керек. Егер Кеңес өкіметінің мақсаты қазақты қырып тастау болса онда сонау өзі құрылған 1917 жылдан құлап қалған 1991 жылға дейін ол өкімет жер бетінде бірде-бір қазақты қалдырмас еді. Және сондай саясат жүргізіліп жатса оған біздің халық қарсы да тұра алмас еді. Іс жүзінде жағдай мүлде керісінше болған. Егер белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің мәліметтеріне сенер болсақ, 1916 жылы 5 миллион 650 мың болған қазақ 32-ші жылғы ашаршылықтан кейін 2 миллион адамға кеміген де одан кейін үнемі дерлік өсумен болған. Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де 600 мың адамға ғана кеміген. Ол әрине, зұлмат соғыстың зардабы. Ал соғыс аяқталған 1945 жылдан бастап өсу басталған. Дәл осы жылы халқымыздың саны 3 миллион 150 мың болса, арада небары 45 жыл өткенде, яғни 1990 жылы қазақтар 10 миллионға жеткен.

Біз мұның бәрін құрдымға кеткен кеңестік дәуірді мақтау үшін емес, барды – бар, жоқты жоқ деу  үшін ғана айтып отырмыз. «Өткенге қарай отырып – қалпағыңды шеш, болашаққа қарай отырып –  білегіңді сыбан», дейді екен араб мақалы. Бәлкім бізге де сүйегі қурап қалған кеңес өкіметін балағаттаумен алтын уақытымызды босқа шығындап, анадан зорлық көрдік, мынадан қорлық көрдік деп көз жасымызды көл ете бергенше, тәуелсіздікке қол жеткізген қазіргідей жауапты шақта сол тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін, кеңестік заманда кеткен олқылықтардың орнын толтыру үшін білек сыбана еңбек ету керек шығар. Оның үстіне, боссөзділікпен, таусылмайтын той-томалақпен жүріп біраз уақытты зая жібергенбіз бе қалай, жан-жағыңа көз салсаң атқаратын жұмыстар да жетерлік сияқты...

Қалай дегенде де, өткеннің бәрін өкініш деп білу өмірдің мәнін жете түсінген жанға тән қасиет емес.

Сейфолла Шайынғазы

Abai.kz

 

 

42 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3559