Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7032 0 пікір 28 Наурыз, 2011 сағат 08:37

Зарина Бүйенбай. Мағжан ақынның манифесі

Жақында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих және филология мамандығының магистранттары тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелдінің ұйымдастыруымен «Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар? Көкте - бұлт, жерде - желмін гулеген, Жер еркесі - желдің жөнін кім сұрар?», - деп жырлап өткен ақын Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық» атты шығармасын жан-жақты талдауға бағытталған «Дөңгелек үстел» өткізді. Аталмыш шараға қатысқан жастардың қызу талқысында айтылған ең тұшымды деген ойларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Жақында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих және филология мамандығының магистранттары тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелдінің ұйымдастыруымен «Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар? Көкте - бұлт, жерде - желмін гулеген, Жер еркесі - желдің жөнін кім сұрар?», - деп жырлап өткен ақын Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық» атты шығармасын жан-жақты талдауға бағытталған «Дөңгелек үстел» өткізді. Аталмыш шараға қатысқан жастардың қызу талқысында айтылған ең тұшымды деген ойларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Бүгін осы «Дөңгелек үстел» барысында біздің жиналуымызға себеп болған - осыдан 85 жыл бұрын жазылған Мағжан ақын­ның «Табал­дырық» аталатын шығар­масы. Кезінде тергеу материалдарында бұл еңбек «Платформа» деп аталған. «Платформа» (француз сөзі) - белгілі бір саяси партияның, қоғамдық ұйым­ның, топтың әрекет бағдарламасы дегенді білдіреді. Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары елімізде жаппай репрессия саясаты жүргізілген мезгілде Алаш зиялылары, арасында Мағжан Жұма­баев та бар, үстінен жүргізілген сот үрдісі барысында тергеушілер бұл құжатқа мүмкін болғанша саяси реңк, астар беріп, оны Кеңестік билік пен Коммунистік идеологияға қарсы қа­зақ ұлтшылдарының ортақ бағдарла­ма­лық құжаты ретінде қарастыруға тырысып, «Платформа» деп атады.

«Табалдырық» жай ғана ағымдағы шығарма емес. Ол қоғамдағы күрделі де, түбегейлі саяси, әлеуметтік және ру­ха­ни өзгерістер жағдайында өмірге келген туынды. Оны өмірге әкелген сол тарихи мезгілде илеуге түскен қа­зақ шындығы.

1924 жылдың соңы мен 1925 жыл­дың алғашқы күндері жазылған Мағ­жан Жұмабаевтың «Табалдырық» атала­тын еңбегі тоталитарлық билік жүйесін орнату жолына түскен большевиктік идеологияға қарсылықтың нақты көрінісі еді. Шығарманың Коммунистік Орталықтың империядағы қазақ сияқты халықтардың қоғамдық өмірдегі ұлттық ерекшеліктерін есепке алмастан рухани өмір саласында да өз ұстанымдарын әмбебап құндылық ретінде жоғарыдан күшпен телуіне қар­сы көңіл-күйді білдіретін құжат екен­дігі  айқын. Сонымен бірге, «Та­бал­ды­рық» сол бір күрделі өзгерістер кезеңінде ұлттық көркем ой, әдебиет қан­дай ұстанымда болуы керек деген сауалға берілген негізгі де дәлелді жауап еді.

«Табалдырық» жазылған уақыт қа­зақ зиялылары үшін күрделі де ауыр уақыт  болатын. «Табалдырық» арқы­лы Мағжан ақын тығырықтан шы­ғатын жолды ұсынды. Ол жол білім беру және сенім арқылы ұлтты жаңа өмірге дая­рлау еді. Ал большевиктік идеология ұсынған жол бұл қазақ қо­ғамына ұлттық мәдениеттің бағыт-бағдары мен мазмұнын анықтау ісінде Орталық­тың шешуші ролін мойындау, яғни мәдени құндылықтарды жасаушы халық­тан өзге мәдениеттер жасаған үлгілерді тұтынушы халыққа айналу еді. Яғни «Табалдырық» мә­дени өмір саласындағы идео­логиялық зорлыққа берілген интеллектуалдық жауап қана емес, сонымен бірге, сол бір аумалы-төкпелі заманда ұлттық өнердің, әде­биет­тің бағыт-бағдарын анықтап бер­ген бағдарламалық құжат та еді. «Та­бал­дырықтың» осы екі қырын бірдей бағалау аса маңызды.

Кез келген заман құжатының аты, әрине, оның мазмұнына, көтерген жүгіне сәйкес болғаны жөн. Осы тұр­ғыдан алғанда «Табалдырық» сырт­тан таңылған ресми идеология­лық ұста­нымға қарсылық қана емес, соны­мен бірге, мәселеге ұлттық көзқарасты ашық та, анық білдірген мәлімдеме орнында жүретін құжат. Құжаттың осы қырларын негізге ала отырып, біз оны манифест деп атауды ұсынамыз. Яғни ақын Мағжан Жұмабаевтың манифесі.

Білім және  ғылым  жолындағы жас­­тар­дың «Табалдырықта» жасалған тұ­жы­рым, идеяларды терең игеру ар­қы­лы ой-өрістерін тереңдетіп, жаңа сапаға бағыт-бағдар алары даусыз.

Алма Ашербекова, тарих мамандығының магистранты:

- Мағжан Жұмабаев бұл еңбегінде ұлттық сипатынан айырылу қаупі төнген әдебиет пен мәдениеттің келешегі үшін қам жейтіндерге қозғау салу арқылы рухани тіршілік­тің болашақ бағыт-бағдарын айқындау­ды көздеді.

«Адабият не нәрсе? Адабияттың жалпы заңы» атты бөлімінде «Ұққысы келген адамда бір қолымен қиратып, бір қолымен жаңа дүниені құрып жатқан пролетариаттың өзінің өмірі феодализм мен реализмнің қоспасы екені ашық қой. Тарихта ең зор, ең қасиетті істер осындай қоспа өтпелі, транзиттік дәуірде істемек. Терең де, екпінді де әдебиет осындай қоспа (өтпелі транзиттік) дәуірде тумақ». Осы транзиттік  дәуірде  «Алқа» мұра­ты тарихи қажеттіліктен туындады. «Табалдырық» манифесінің жазылуы азаттық сана, зиялы елдік нышанның нақтылануы еді.

«Бұл күнге шейін төңкеріс әм адабиятымыз» бөлімiнде төңкерістің қазақ еліне қаншалықты әсер еткенін айтады. «Үстіміздегі зор төңкеріс бізге өз тарихымыз тудырған, өз тари­хы­мыз­дың қатынасы болған таныс төңкеріс емес, Еуропа  тарихы ту­дыр­ған жат төңкеріс еді. Төңкеріс пен қа­зақ тұр­мысының сырты ғана соқ­тыққан сықылды болғанымен, санасы дағ­дылы жолмен келе жатты». Қазақ қаламгерлеріне біз төңкерісті жыр­ламадың деп ренжімеуіміз керек, өйткені, әдебиет табиғи жолмен дамуда. Бірақ қиын өтпелі кезеңмен санаспайынша, іс алға жылжымайтынын айтып, манифесте қоғамдық ой­­ды жер бедеріне қарай ағатын суға теңеп, жаңа жол іздеу керектігін айтады. Бұл жолда «ойымыз да, қиялымыз ­да, адабиятымыз да Азия иісі аңқы­мауы мүмкін емес. Бағыттың бір екені даусыз болғанымен, пролетариат­тың өз тарихының, машинасының, қайыс камзолының иісі шықпауы, қазақтың мың жылдық тарихының елтірі тұма­ғының иісі шықпауы мүмкін емес», - деп қазақ әдебиетінің даму бағыты ұлттық табиғи бағытта болуы керектігін ашық айта бiлдi.

Жасқа жөн сілтейтін, адасқанды жолға салатын, қисыққа тез болатын, «Табалдырық» манифесі газет бетінде жарияланбаса да ұлт­шыл ақын-жазу­шыларымыздың басын бір арнаға тоғыстыруға мұрындық болды.

Мағжан Жұмабаевтың «Табалды­рық» манифесі арқылы халықтың тарихи зердесіне барлау жасай отырып, ұлттық сана-сезімін ояту, жігерін қай­рау арқылы елдік сананы ұлттық мүд­де негізінде қалыптастыруды көз­деді. Бұл өз кезінде мүддесі аяққа тап­тал­ған, елі мен жері отарланған ұлт үшін аса қажет манифест. Қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерген манифест.

Айгерім Айнақұлова,

филология мамандығының 2-курс магистранты:

- Мағжан Жұмабаевтың «Табалды­ры­ғы» - пролетариат  төңкерісі дәуі­рінде, Кеңес үкіметі кезінде қазақ әдебие­тін дұрыс дамытып, дұрыс қа­лыптас­тыруға бағыттаған құнды еңбек. Ұлт  әдебиетінің  атқаратын мін­­деттерін анықтаған М.Жұмабаевтың ұстанымы - елдің  ұлттық  сана-се­зі­мін ояту, бұрын дербес ел болған­дығын есіне салып, жасыған жігерін қайрап, өркениет жолына түсуіне көмектесу. Бұл  хақында М.Қойгел­диев: «Ұлт әдебиетінің пролетариат төң­керісі заманында бір ғана тап­шылдық жолында ғана емес, әуелде ұлтшылдық ұстанымда болмасқа шарасы жоқ», - деп көрсетеді. Себебі, ол кездегі әде­биет­те дәуір сұранысына сай әлеумет­тік-таптық және ұлттық сезімдердің қатар жүруі тиіс еді. Демек, қазақтың бүгінгі қайғы-мұңы, ыза-кегі, жыры мен күйі, қуанышы мен сүйініші көрініс таппаса, әдебиет бола алмайды және бұл ұстаным ұлт өмірінің кезең­дік ерекшеліктерінен туындайды. Яғни бұл «қазақ әдебиеті басқа елдің әдебиетінің көшірмесі болуға тиіс емес» деген сөз. Мағ­жан­ның ұстаны­мын Ілияс Жансүгіров, Мұх­тар Әуезов сынды ақын-жазушылар қолдап, «Күйші», «Құлагер», «Хан Ке­не» атты туындыларымен ел ықы­ласына бө­лен­ді. Сондай-ақ, М.Жұма­баев­тың сонау дәуір­де айтқан пікірлері, Ш.Елеу­ке­новтың ай­­қын­­д­ағанындай  «алғашқы да соңғы теориялық еңбегі» бүгінгі заманда да өзектілігін жоғалтпай, уақыт талабымен ұштасып келеді. Қорыта айтқанда, репрессия құрбаны - ақын Мағжан қиын-қыстау заманда, әдебиет майданында табанды­лық танытқан, қазақ болмысының  қазақ әдебиетінде исінің аңқып тұ­руын көксеген азамат. Ал «Табал­дырық» - қай уақыт­та болмасын сананы селт еткізер дүние екені даусыз.

Жарасбек Спабеков, тарих мамандығының 1-курс магистранты:

- Кеңес Одағының  Батыры, Қа­зақс­танның Халық Қаһар­маны Бауыржан Момыш­ұлы­ның: «Абайы бар, Мағжаны бар әдебиет - әдебиет», - деуі Мағжанды ұлы Абайдан кейін қоюы тегін емес. Мағжан: «Абай - қазақ даласына кеулеп келе жатқан капитализмге, отар­шылдыққа қа­зақтың қанды жас төгіп, еріксіз шалған бірінші құрбаны. Ел сиреп, ақыл айтудан бастап өмірден үміт үзуге, тұңғиық ойға барып тірелген Абай өмірінің, ақындығының трагедиясы да, тереңдігі де осында. Абай­дың алыптығы қыл көпірдің үс­тінде тұрғандығы, екі қолымен екі өмірімен алысқандығы», - дейді. Екі қолымен екі өмірмен алыс­қандығы дегені: бірі - қазақ болмысын қайтсем сақтаймын, санасын қайтсем оята алам, - деп жанталасса, бірі - жарқын болашақ үшін күре­седі.

«Енді төңкеріс һәм адабиятымыз» деген бөлімінде: «Үстіміздегі төңкеріс адамзаттың тарихында теңі жоқ төң­керіс. Адамзат тарихының ең соң­ғы албастысы отаршылықты, капитализмді жойып, тарихты жаңа арнамен ағызуға бет алған төңкеріс. Еуропаның отары болған, жалпы Шығыс елінің еңбекшілері, шығыстың бір ұшқыны болған, әсіресе, толқынның ішінде отырған еңбекші қазақ елі мынау тең­сіз төңкерісті досым деп ұқпай, қасым деп ұғуы, тіпті, мүмкін емес», - дейді. Мағжан Жұмабаевтың «Алқа. Табал­дырық» атты шығармасын қазақ тарихында, қазақ әдебиетінде ерекше орын алған манифест ретінде қабыл­дағанымыз дұрыс болар.

Әлия Болатхан, тарих мамандығының 1-курс магистранты:

- Біздің бүгін ашық манифест етіп жариялап отырған қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Та­балдырығындағы» басты  ұстаным - бүгінгі өмір талабымен тікелей са­бақтас. Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер қатарына енуді мақсат тұтқан қазақ халқы Мағжанның «Заман талабына сай әскер болуға міндеттіміз» деген пікірмен жүруі шарт. «Табалдырықтың» негізін салушысы: «Қазақ елі Еуропа көзімен қарағанда мәдениет қоры жоқ, кедей ел болған­дықтан жалпы айқайдың екпінімен кету қаупі тұр, бірақ аққан судың өзі­нен айырылмайтын сипаты - ағу еке­нін ескеру», - дегені батыстық атаулының бәріне белшеден батып қалмауды меңзейді. Қазақ қай заманда да: «Өзінше, қазақша, Азияша» болса ғана ұлылыққа, өркениетке жетеді. Бұндай пікірге келу кездейсоқ емес. Мағжан Жұмабаев әр қазақтан қазақтың өзі­нің ойын, өзінің  сезімін, өзінің қия­­лын, өзінің ұғымын жыр­лауға  міндеттейді.

Қорыта айтқанда, Мағжан Жұма­баев­тың  ұлттық  мүддені  көтеру мақ­са­­тында құрған «Алқа» ұйымының идея­сын қазіргі жас ұрпаққа таныстыра отырып, оның бүгінгі уақытпен са­бақтастығын түсіндіру аса ма­ңызды.

Жазып алған

Зарина Бүйенбай

0 пікір