Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Тарих 10849 6 пікір 14 Қыркүйек, 2018 сағат 10:40

Аққұба, бидай өңді, қынай белді Ақсұлу ақын

Ақсұлу Орысбайқызы

Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатқан заманда тат басқан асылдарымыз да шаң-тозаңнан аршылып, қалың елмен қауышып жатыр. Азапты тағдырдың уын жұтып, сағыныштың запыранынан сарғайып, қорлықтың салмағынан көз жұмған Ақсұлу Орысбайқызының өмір жолынан қалың оқырман әлі де бейхабар. Қамшы сабындай қысқа ғұмырының ішінде ақын қыз артына көп мұра қалдырған. Соның ішінде хатқа түскен өлеңдері бір төбе болса, айтыс өлеңдері бір төбе.

Ақсұлу 1873 жылы Жітіқара ауданына қарасты қазақ ауылында туған. Айтыста суреттелген кескін-келбетіне назар аударсақ, ақ құба, бидай өңді, қынай белді, қиғаш қас, сүмбіл шаш нағыз арудың бейнесін көреміз. Ақын қыздың өскен ортасы жағалбайлы ішіндегі Балқожа әулеті өлең-жыр десе ішкен асын жерге қояды екен. Әкесі Орысбайдың шағын дәулеті болған, жас күнінен сал-сері атанған. Араб жазуымен ерте хат таныған, көзі ашық ақын қыздың жан-жақты жетілуіне оның ұстазы Ақмолланың да көп әсері болған. Қазақ, башқұрт, татар халықтарының ортақ ақыны атанған Ақмолла Желқуарға келіп, қарағайдан қиып, үш бөлмелі мектеп үйін салғызған. Бұл ауыл қазіргі Жітіқара қаласының іргесінде болғаны белгілі. Ақмолла Орысбай ауылында Ақсұлудай зерек шәкірттеріне Құран аяттарын жаттатумен бірге орыс, араб, парсы тілдерін үйреткен, сонымен бірге өлең жазу теориясын да оқытқан. Ол өзінің Ақсұлу қызға арнаған өлеңінде де:

«Ақ бетің айдын көлдің алабындай,

Шаһирдың қасын сұлу қаламындай,

Қып-қызыл екі бетін алқызыл гүл,

Талқала, Троискінің қаласындай.

Топ жарған, үкілеген жүйрігімсің,

Оқытқан шәкіртімнің арасында-ай.

Еліңнің жақсыларын бір дәріптеп,

Сайрашы сандуғаштың баласындай», – деп шәкіртіне үлкен баға береді.

Ел еркесі болып, ешкім бетін қақпай өскен ақылды қыздың өмірі ерлік пен өрлікке, өкініш пен өксікке толы.

Қазіргі Орынбор мен Челябі облыстарының шекарасында, яғни, Ор суы мен Ақ Жайықтың екі ортасында орналасқан Мұқыр өлкесінің болысы Ермағамбет те елге белгілі ақын екен. Ол Орынбордың атты әскерін мыңдаған жағалбайлы жылқысымен қамтамасыз етіп отырған атақты шонжар болған. Бірақ, «жылқысын көптігінен баға алмайтын» жағалбайлының үйір-үйір жылқысы сол маңайға қоныстанған казактардың еккен егінін жиі-жиі таптап кететін болғандықтан, станицалар мен қазақ ауылдары арасында егес туа бастаған. Осындай егеске болыстың өзі де араласып, жылқысын айдап алған атаманға қарымта қайтару мақсатымен Қызыл қаласына өрт салады. Екі елдің арасын ушықтырмас үшін Ақсұлу бір тойдың үстінде болысқа өзі соқтығып, әйгілі «Орыстың бетке соқпа орыстығын» деген жырын айтады. Бұл айтыста ақын қыз жеңіске жетеді.

Ақсұлу көпшіліктің өтініші бойынша өз ұстазы Ақмолла ақынмен бірнеше мәрте айтысқаны туралы да деректер кездеседі. Бірақ, бұл айтыстар да ел аузында түгел сақталмаған.  Алайда, осы айтыстардың бірінен кейін Ақмолла өз қолымен жасаған күмістеген ерін Ақсұлуға сыйға тартқанын, ал Ақсұлу өз қолымен әдіптеген қазақы шапанды ұстазының иығына жапқанын қалың ел күні бүгінге дейін аңыз қылып айтады.

Ақмолла мен Ақсұлуды жастар бір тойдың үстінде айтыстырыпты. Ақсұлу әуелі айтыстан бас тартады. Ұстазымның алдында әдептен аспаймын деген уәж айтады. Сонда Ақмолла: «Сыйлағанына рақмет! Олай болса, айтыстың жаңа түрін ойлап шығарайық. Жиналған жұрттың көңілін көтерейік. Сіз қазақ елінің жақсылығын айтыңыз. Ақын үш нәрсені: адамгершілікті, батырлықты, сұлулықты міндетті түрде жырлауы керек. Адамгершілік – елдің ұйтқысы, батырлық – елдің қазынасы, сұлулық – елдің көркі», – дейді. Осы айтыста Ақмолла ақын өзінің үш елдің баласы екенін жырға қосып: «өз елің күншіл, қайын жұртың міншіл, нағашы жұртың сыншыл, жақсы болсаң, мақтанар, жаман болсаң, сақтанар», – деп көсілсе, Ақсұлу башқұрт батыры Салауаттың жорығына қосылған Жантас батырды былайша жырлайды:

«Серігі Салауаттың батыр Жантас,

Тұлғасы болған дейді бейне жартас,

Жорықта неше түрлі ұлы-кіші,

Өткізген бір басынан талай айқас,

Көрсеткен найзагерім нағыз ерлік,

Болғанда Тройскіде үлкен шайқас,

Болыпты жалғыз түйе, жалғыз аты,

Сонда да ел көшкенде көштен қалмас,

Құлаштап Теміртаста кен қазғанда,

Білегі салдырамас, қары талмас,

Үйінде асар асы болмаса да,

Бас иіп, байға барып, күнін салмас.

Тапқанын ортақ бөліп, елге берген,

Дастархан түнілмепті жомарт ерден,

Сұрамай ешбір байдан бір де көмек,

Ер болған өз күшіне өзі сенген.

Бір азғын шен мен шекпен аламын деп,

Жантас пен Салауатты сырттан сатқан,

Бес жүз ер Теміртасқа бет алғанда,

Оғынан сол азғынның қаза тапқан».

Ақсұлу-Кеншімбай айтысы барлық қазақ айтыстары ішінде ең шоқтығы биік сөз барымтасына жататынын айтулы ғалымдар да, белгілі ақын-жазушылар да әлдеқашан мойындаған.

Мәселен, С.Мұқанов «Айтыстар туралы» деген мақаласында XIX ғасырдың айтыстарын жасаушы ақындардың көпшілігі тарихқа мәлім екенін айта келіп, ақын қыз-келіншектерден аты сақталғандардың ішінде Ақсұлуды атап өтіп, оның Кеншімбаймен айтысына үлкен баға береді. Айтулы айтыстарды тілге тиек қылған Сәбең Біржан-Сара айтысынан кейін Ақсұлу-Кеншімбай айтысын екінші орынға қояды. Ақсұлудың құрдасы Ахмет Байтұрсынов та ақын өнерімен жақсы таныс болғанға ұқсайды. Ол «Әдебиет танытқыштың» «Көріктеу» деп аталған тарауында Ақсұлу мен Кеншімбайдың  айтысынан үзінді алып:

«Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі,

Меймандос келсе қонақ, барша жұрты,

Шығады қыз-бозбала серуенге,

Үстіне масаты мен киіп құлпы»

деген өлеңін мысал қылады. Сонымен бірге Кеншімбайдың:

«Ақсұлу, айтар сөзді аңдамадың,

Аузына келген сөзді сандаладың.

Қыз бала елдің жайын қайдан білсін,

Білмесе қыз бен жайын бозбаланың», – дейтін шумағын да мысалға алып, сөзді ашып айтпай, ұшығын ғана көрсеткен жырға бүкпелеу деген анықтама береді. Ахмет осы кітаптың «Тарихи жыр» тарауында «Кеншімбай мен Ақсұлу айтысында елдеріндегі кемшілік, осалдық жағын айтып, бас адамдарының осал мінезін айтып, мүдіртпек  болған», – дейді.

Бір қызығы, «Айтыс» кітабының 1965 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген бірінші томында біз айтып отырған Ақаң мысалға келтірген алғашқы шумақтың екінші жолы «меймандос келеді оның барша жұрты» деп жазылса, екінші шумақтағы екінші жол: «аузына келген сөзді талғамадың» деп берілген. Біздің ойымызша, не кітап редакторы, не нұсқасын ел аузынан жазып алушы немесе осы жырды айтушы адам айтыс мәтініне өзгеріс енгізгенге ұқсайды. Ал мағынасына, сөздің қисынына қарайтын болсақ, басқа да көңілге күдік туғызатын дүдәмал тұстар кездеседі. Өйткені, Ақсұлу мен Кеншібай айтысы қазан төңкерісіне дейін де мерзімді баспасөз бетінде жарияланған және кең-байтақ қазақ жерінде көп жырланған айтыс. Айтыстың алғашқы нұсқасының бірін көрнекті фольклоршы ғалым, этнограф Әбубәкір Диваев жазып алған. «Жағалбайлының қызы Ақсұлу дегеннің жаппас Кеншімбаймен айтысқаны» деп ат қойылған бұл айтыс:

«Бісімілла, әуелі айтар сөздің басы,

Келмейді бісімілләсіз сөз ыңғасы.

Ер жігіт тарта соғып, тартынбайды,

Бар болса қабырғалы қарындасы.

Пайдасын ақыреттің кім ойлайды,

Мал, шіркін, азматтың көңіл қошы,

Жеті ру жағалбайлы, аты Ақсұлу,

Айтысқан Кеншімбаймен кеңес осы.

Шықтым да сиыр жылы, келдім Орға,

Хат жаздым темір қалам алып қолға,

Хакімге жұрт иесі писарь болып,

Атандым төрт аяғы бірдей жорға,

Ауылында жағалбайлы ақын қыздың,

Естідім Ақсұлудың даңқын сонда» деген Кеншімбай аузымен айтылған сөздерден басталады. Ал қазіргі уақытта жарық көріп жүрген айтыс кітаптарына енгізіліп жүрген екінші нұсқасын Қазақстан ғылым академиясының ғылыми қызметкері, ғалым Мардан Байділдаев ел аузынан жазып алған.

Айтыстың негізгі өзегі екі нұсқада да түгел сақталғанымен, айырмашылықтары да жоқ емес. Мәселен, Мардан Байділдаев нұсқасында:

«Әлемге әл білмеген таң болады,

Сен бота ойнақтаған от басқандай» – деген жолдар бар. Әбубәкір Диваев нұсқасында бота емес, бұзаудай деп айтылады. Ақсұлу іле-шала берген жауабында Мардан Байділдаев нұсқасында: «Әлемге әл білмеген таң болады, ер жігіт әлін білген болмайды қор»,– деп жауап қайырады. Осындағы Кеншімбай айтқан жолды Ақсұлудай сөз қадірін білетін ақын сол күйінде сөзбе-сөз қайталамаса керек еді. Сол секілді Кеншімбайдың берген жауабында екі нұсқада екі түрлі айтылған жолдар да бар:

«Кемітер ерді әйел деген сөзбен,

Бұл жерде өтірік айтып, дұшпан болма».

(М. Байділдаев нұсқасы)

«Кемітер әйел ерді деген сөз бар,

Аллаға өтірік айтып, дұшпан болма».

(Ә. Диваев нұсқасы)

Шамасы, осы айтыстағы Алла, бісімілла секілді сөздер кейбір «қырағы» редакторлардың қолымен сызылып тасталуы ғажап емес. Оның үстіне кейбір шала-шарпы ұйқасқан жолдар, түсіп қалған сөздер де редактордың және құрастырушының көп сөзге жіті қарамағанын дәлелдейді. Мәселен, «Жазушы» баспасынан 1965 ж. жарық көрген үш томдық «Айтыстың» алғашқы томының өзінде Ақсұлу – Кеншімбай айтысында: «Қаштым да Ақмешіттен Арқа келдім, алыстан арып-ашып, зорға келдім», – деген жолдар бар. Дұрысы: Арқа емес, Орға келдің болуы керек.

Айтыс өнеріне терең талдау жасаған Мұхтар Әуезов үлгілі айтыстар қатарына Ақсұлу – Кеншімбай айтысын да жатқызады. Ақсұлу жырлары мен айтыстарын терең үңіліп оқыған адам оның парасат жағынан өз заманындағы көп ақыннан озық болғанын  аңғарады. Сол тұста ауыл өміріне дендеп ене бастаған алыпсатарлық пен парақорлық секілді жағымсыз қылықтарды әшкерелеуімен, әйел тағдырына ерекше мән беруімен Ақсұлудың сол кездегі көршілес орыс, татар, башқұрт халықтары тұрмыс-салтымен, мәдениетімен жақсы таныс болғанын, олардың жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге шақырғанын байқаймыз.

Ақсұлудың ет жақын туысының бірі Құрамыс Орысбаев Ақсұлу – Кеншімбай айтысын жатқа біледі екен. Ақсақалдың жадында қалған айтыс нұсқасы да Әбубәкір мен Мардан ағалар жазып алған айтыспен сәйкес келеді. Қария Ақсұлу мен Кеншімбай айтыс аяқталғаннан кейін Төлеміс мырзаның үйінде тағы да сөз қағысқанын баян қылды. Айтыстан кейін болған осы айтысқа назар аударайық:

Ақсұлу:

Кеншімбай, өлең іздеп келдің қайдан?

Ала үйрек алма мойын ұшар сайдан.

Келгенде қырық жасқа өлең іздеп,

Мойнына мінген екен ала сайтан.

Кеншімбай:

Бұл тойға мен келмедім, көп әкелді,

Бірге жүр осы тойға деп әкелді.

Сіздерге тайбұқалар жарамайды,

Болмаса кәрі бұқа деп әкелді.

Ақсұлу:

Кеншімбай, неменеге бұлғақтайсың,

Сай ма еді төрт құбылаң, сырғақтайсың,

Келгенде қырық жасқа өлең іздеп,

Ақыным, сен қайтерсің жын қаққасын.

Кеншімбай:

Мен өзім той дегенде тоймаушы едім,

Өлеңді қой дегенде қоймаушы едім.

Ақсұлу, сен жеңдің ғой, мен жеңілдім,

Ешкімге бой бермен деп ойлаушы едім.

Ақсұлу:

Кеншеке, неменеге жүрсің тасып,

Келіп ең біздің елге қарның ашып.

Алған соң біздің елден әбден тойып,

Жеңем деп Ақсұлуды дабыл шашып.

Кеншеке, шамаң келсе тағы да айтыс,

Өлеңмен жібертейін Сібір асып.

Кеншімбай:

Ақсұлу, айтысам деп тұрсың тасып,

Сенімен айтыспаймын сырым шашып.

Елімнен шығып едім бір себеппен,

Сағындым ел-жұртымды, болса нәсіп.

Тұрушы ем менің өзім Сыр бойында,

Барушы ем онда-дағы қыз тойына.

Елімнен бір себеппен жалғыз шықтым,

Кінә қып тағып қойдың сен мойныма.

Ақсұлу:

Кеншеке, жүруші едің судай тасып,

Сөзінен Ақсұлудың қалдың сасып.

Жеңіліп Ақсұлудан қалғаннан соң,

Кеншімбай, біздің елден кеттің қашып.

Сонда Кеншімбай Төлеміс мырзаға былай деген екен:

«Бұл Жайық ел жайлаған жай екен ғой,

Жайықта жағалбайлы бай екен ғой,

Әрқайсы бір мыңдаған жылқы айдаған,

Еліңнің төрт құбылысы сай екен ғой,

Жаз болса, ақ боз үйін тігіп алып,

Кәрі-жас іздейтіні той екен ғой...»

Қайым айтыс түрінде өткен айтыс сөз барымтасының тағы бір қырын көрсетеді.

Енді бір ел құлағына салатын жайт. Қазан қаласында төңкеріске дейін басылған кітаптарға сүйеніп, Ақсұлудың туған жері Жітіқара ауданына қарасты Тасқарасу ауылы деп жазылып келген болатын. Ал айтыс Төлеміс мырзаның ауылында өткені белгілі. Оған айтыста Кеншімбай аузымен айтылатын:

«Баласы Балқожаның Төлеміс-ті,

Жігітке өнер деген керек іс-ті.

Айтысын екі ақынның көреміз деп,

Үш жігіт төрт-бес қызбен жөнелісті.

Үш жігіт төрт-бес қызбен барып келді,

Ақынды Ақсұлудай алып келді.

Қызығын екі ақынның көреміз деп,

Жиылып тамашаға халық келді», – деген жолдар да дәлел бола алады.

Ал осы Төлеміс мырзаның ауылы қайсы десек, бұған дейін «Милютин» кеңшарының бөлімшесі болып келген, орыстар Белоаул деп кеткен елді мекен екен. Ақсұлуды алып келген ауыл да осы маңайда болса керек еді, алайда, Тасқарасу атауы бұл маңайда мүлдем кездеспейді. Төлеміс мырзаның ауылынан он бес шақырымдай ғана қашықтықта орналасқан Басқарасу – қазіргі «Шевченко» кеңшарының орталығы. Араб әрбімен танбаланған сөздерде «т» және «б» әріптері бірдей таңбаланғанын, айырмашылығы осы әріптердің асты-үстіне қойылған ноқаттарда ғана екенін ескерсек, Ақсұлудың туған жері – Тасқарасу емес, Басқарасу деген батыл болжам айтуға болады. Жағалбайлының Аққожа және Балқожа руына жататын ағайындар да осы ауылда аз емес.

Ақсұлу жасынан әкесінің жанына жүріп, ел билігіне де араласқан. Жастай атастырған күйеуі мезгілсіз қаза тауып, әмеңгерлік заңымен оның қатігез ағасына қосақталған қыз тағдыр шынжырын тас-талқан бұзып шығуға әрекет жасайды. Жесір дауында өзін өзі қорғауға шыққан ақын қыздың өткір сөзі ел-жұртын елжіреткенімен, елге әңгіртаяқ ойнатып, қожа болып отырған бай-болыстарға әсер етпейді. Ақсұлу болса, өзімен айтысып, айтыста қыз басынан басқа мін таппай, атастырған күйеуін бетіне салық қылған, бірақ Ақсұлудың өз басын ер жігіттен кем көрмеген Кеншімбайды өзіне тең санап, астыртын сөз байласады. Ару қыздың тағдырына араласуды мәрттік көрген Кеншімбай Ақсұлуды бір түнде алып қашады. Олардың бұл қызығы да ұзаққа бармайды. Кеншімбай алыс сапарда жүргенде қыздың жасырынып жүрген ауылын жансыздары арқылы біліп алған әмеңгері – атақты Адай байдың баласы Қойкелді мырза Ақсұлуды байлап-матап, ауылына алып кетеді. Келе сала айықпас ауыр дертке ұшырап, құсадан қамыққан Ақсұлудың тұла бойына біткен перзенті Құлматайды да туған анасына еміздірмей, бәйбішенің бауырына салады. Сүйтіп, босанғанына үш күн өткеннен кейін барып, тұла бойы тұңғышын еміреніп емізіп, иіскей де алмаған есіл ақын, ару ана жиырма жасында өмірмен қоштасады.

Ақсұлудың баласы Құлматай Адаев өз анасы секілді ел қорғаны болған, қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлердің бірі. Құлматай Троицк қаласында орыс арасында округтік сотта адвокат болып қызмет істеген, «Айқап» журналының тірекші, тілектестерінің бірі болып, Сұлтанмахмұт Торыайғыровпен және Мұхамбетжан Серәлинмен жақын дос болған.

Қойкелді үйінде қапаста өткен бір жылдың ішінде Ақсұлу қаламынан бір дәптер өлең туған. Өкінішке орай, ақын қыз «Қара дәптер» деп атаған, оның көз жасымен, жүрек қанымен жазылған бұл қолжазбаның қай арада қалғандығы белгісіз.

Қазақ халқының қасиетті бір қызының қасіретті тағдыры осылай болған. Ақын қыз Челябі облысының Ноғайбақ ауданына қарасты Александра-Невка деп аталатын елді мекеннің жанындағы қорымда жерленген. 1993 жылы ақынның туғанына 120 жыл, қайтыс болғанына 100 жыл толуын атап өткен жерлестері оның басына қойылған құлпытасқа:

«Ізгіліктің, иншалла, бастап ісін,

Ақсұлуға қойылған тастан мүсін.

Әруақты қадірлеу үлгі болсын,

Әсіресе, кейінгі жастар үшін», – деген жазу жаздырған.

Ақсұлу туралы алғаш қалам тербеген Ресейде тұратын әдебиетші, педагогика ғылымының кандидаты Әмірбек Байниязов. Оның бірнеше мақаласы «Жұлдыз» журналында жарық көрді.

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

6 пікір