Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Саңлақ 5241 4 пікір 11 Қыркүйек, 2018 сағат 13:29

Андорра-Қазақстан: Әуесқой құраманы жеңе алмадық

Кеше UEFA Ұлттар лигасы аясында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Андорра футболшыларын жеңе алмады. Есеп 1:1!

Жеңе алмады деп отырғанымыз тегін емес. Құраманың қуаты жағынан болсын, футболшылардың жеке әлеуеті жағынан болсын қарсыласымыздан көш ілгері едік. Андорра құрамасының жартылай кәсіби футболшылардан құралғанын бұған дейін де айтқан болатынбыз. Демек, біздің миллиондап жалақы алып, футболмен кәсіби түрде айналысатын ойыншыларымыз Андорраның әуесқой футболшыларын оңай ұтуы керек еді.

Қаржы жайлы сөз шығып қалған екен, Қазақстан құрамасындағы ойыншылардың трансфер нарығындағы жалпы құны Андорра футболшыларынан 100 есе жоғары екенін айта кетейік. Ал алатын жалақы мөлшері мен футболға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы Андорра секілді 80 мың ғана халқы бар шағын елден әлдеқайда көп екені сөзсіз. Бірақ, Қазақстан құрамасы Андорра-ла-Велье қаласынан тең есепті қанағат тұтып қайтты.

Қазақстан құрамасы жолдастық кездесулерде өте сәтті өнер көрсеткен болатын. Осы нәтижелерге қарап жанкүйерлер Станимир Стоилов бастаған біздің құрама Ұлттар лигасындағы қарсыластарын қалпақпен ұрып алады деп үміттенген. Алайда, мақтаулы маманның қолынан ештеңе келмеді. Ұлттар лигасы аясында алдымен Астанада Грузиядан 0:2 есебімен жеңілді. Ал екінші ойындағы нәтижесі мынау.

Біздің ойымызша, қазақ футболына үлкен өзгеріс керек. Бұл өзгерісті федерация басшыларынан бастаған жөн. Федерация тізгінін қалайда футбол маманына ұстату керек. Болмаса, зейнеткерлік жасына жетіп, кеше ғана мемлекеттік қызметтен "қуылған" Әділбек Жақсыбеков қазақ футболына жаңалық енгізеді деп үміттенудің еш жөні жоқ.

Ұлттар Лигасы. D дивизионы. 1 топ

Андорра - Қазақстан 1:1 (0:0)

Голдар: 68’ Логвиненко (0:1) 85’ Алаэс (1:1) 

Қызыл қағаз: 76’ Мужиков

Қазақстан құрамасы: Эрич, Постников, Қуат, Мужиков, Исламхан, Тұңғышбаев , Щеткин, Муртазаев, Шомко, Бейсебеков, Логвиненко.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

4 пікір