Сенбі, 20 Сәуір 2024
Саңлақ 5135 3 пікір 7 Қыркүйек, 2018 сағат 11:17

Қазақстан - Грузия: Баяғы жартас сол жартас

Кеше UEFA Ұлттар лигасы аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Грузия футболшыларын қабылдап, 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

Құрама тізгінін Станимир Стоилов ұстағалы командалық ойын түзелгендей көрінген. Үш жолдастық кездесуде сәтті өнер көрсеткен футболшылардан отандық жанкүйерлер үлкен үміт күткен еді. Алайда, мақтаулы маманның өзі алғашқы сынақтан сүрініп отыр.

Жолдастық кездесу мен ресми ойнның бәсі бір емес екенін біз кеше көрдік. Көктемде жолдастық матчта Венгрияны жеңіп (3:2), Болгариядан жеңілген (1:2) Қазақстан құрамасы жазда Әзірбайжан футболшыларын қарсылас құрлы көрмеген еді(3:0). Алайда, біздің құрама болгариялық маманның жетекшілігімен өткен алғашқы ресми ойында Владимир Вайсс бастаған грузин футболшыларына қарсы қауқар таныта алмады. Ұпай түгілі гол соғудың да сәті түскен жоқ.

Негізгі қос құраманың қуаты қарайлас болатын. Мамандар кешегі ойында қай құраманың жеңіске деген жігері басым болса сол үш ұпай олжалауы мүмкін деп межелеген. Бұған Қазақстан құрамасының өз алаңында өнер көрсетіп жатқаны қосылып, таразының біздің жігіттер жағы сәл басып тұрғадай көрінген. Бірақ, матч нәтижесі мүлде басқаша болды. 90 минут бойы қазақстандық футболшылардан жеңіске деген талпынысты байқай алмадық. Осының алдындағы үш жолдастық кездесуде көрсеткен тамаша ойынның тең жартысын да ортаға сала алмады.

Мықты мотиватор саналатын болгариялық маман Станимир Стоилов та біздің жігіттердің жігерін жани алмады. Бірінші таймдағы тең ойыннан кейін, үзілісте Стоилов бапкер шәкірттерін алаңға қайрап шығарар дегенбіз. Бірақ, керісінше қонақтар екінші таймда үздік өнер көрсетті. Кезінде "Қайрат" командасын баптап, қазақ футболының қыр-сырына қаныққан словакиялық маман Қазақстан құрамасын оңай ұтып кетті.

Ұлттар лигасы. D лигасы

Қазақстан - Грузия - 0:2

Гол соққандар:  0:1 - 69' Чакветадзе, 0:2 - 74' Малый (өз қақпасына)

Қазақстан: Эрич, Малый, Постников, Қуат (Тұрысбек), Мужиков, Исламхан (Зейнутдинов), Жуков, Щеткин, Муртазаев (Сейдахмет) , Шомко, Бейсебеков;

Грузия: Лория, Какабадзе, Кашия, Кверквелия, Квеквескири, Канкава, Казаишвили, Квилитая, Меребашвили, Чакветадзе, Наваловский

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

3 пікір