Жұма, 19 Сәуір 2024
Саңлақ 3938 0 пікір 6 Қыркүйек, 2018 сағат 10:58

Данияр Елеусіновтың төртінші жекпе-жегі қазан айында өтеді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтың төртінші жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды.

Matchroom Boxing промоутерлік компаниясының Twitter желісінде хабарлауынша, Данияр 20 қазанда Бостон қаласында (АҚШ) жекпе-жек өткізбек. Қарсыласы кім болатыны қазірше белгісіз. Айта кетерлігі, бұл бокс кешінің басты жекпе-жегінде WBO чемпионы Билли Джо Сондерс (26-0, 12 КО) пен Деметриус Андраде (25-0, 16 КО) жұдырықтасады.

Әуесқой бокста толағай табысқа жетіп, Олимпида чемпионы (2016 жыл) атанған Данияр Елеусінов биылдан бастап кәсіпқой бокста бағын сынап жүр. Алғашқы жекпе-жегін ақпан айында, Екінші, үшінші кездесуін маусым және тамыз айларында өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Алғашқы жекпе-жегі АҚШ елінде, соңғы екеуі Ұлыбритания жерінде өтті.

Кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген қазақстандық боксшылар аз емес. Алайда, жанкүйерлер әлі де Геннадий Головкиннің орнын басатын былғары қолғап шеберін байқай алған жоқ. Қанат Исламнан күдер үзген көпшілік жаңа есім іздей бастады. Кәсіпқой бокстағы жолын жаңа бастап жатқан жастарды айтпағанда, әуесқой бокста тәп-тәуір жетістікке жеткен Жәнібек Әлімханұлы мен дәл қазір біз сөз етіп отырған Данияр Елеусіновтан қазақ жанкүйерлері үлкен үміт күтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Данияр Елеусінов өзінің соңғы жекпе-жегін 4 тамызда Кардиффте өткізген болатын. Сол жекпе-жекте венгриялық Габор Горбичті төрешілер шешімімен жеңді.

Abai.kz

0 пікір