Сенбі, 20 Сәуір 2024
Мәселенің мәні 5224 12 пікір 4 Қыркүйек, 2018 сағат 08:39

Балаларымды өз қамқорлығыма алуыма жәрдем етсеңіз, Сәуле Айтпаева ханым!

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл
Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаева
ханымға

Ашық хат

Құрметті Сәуле Мұханбедианқызы!

Мен Медет Керімбайұлы Надиров айдың күннің аманында өз балаларымды өз қамқорлығыма ала алмай жүрмін. Еліміздің басқа өңірінде өзара келісім арқылы шешілетін қарапайым мәселенің маған келгенде Заң жүзінде шешім таппай тұрғанына таңмын.

Түсінікті болу үшін басынан бастайын.

Мен Гаухар Серікқызы Дүйсенбаевамен 2006 жылдың қыркүйегінің 6-жұлдызында заңды некеге тұрып, отбасы құрдым. Екі балалы болғаннан кейін 2010 жылы Жылой аудандық сотының шешімімен ажырасып кеттік.

2017 жылдың 27 желтоқсанында әйелім Гаухар Дүйсенбаева өмірден озды.

Содан кейін балаларымның болашақ тағдырына алаңдап, ҚР Заңдарының негізінде өз қамқорлығыма алмақ болып, іздене бастадым.

Қазір кәмлеттік жасқа толмаған қызым мен ұлымды нағашы әжесі Гүлбахрам Рақымқызы Дүйсенбаева заңға қайшы болса да, маған қайтармай, тіпті менің әкелік құқығымды шектеп, ойына келгенін істеуде. Енем өзі вахталық жұмыс жасайды. Ол кісі айлап жұмысқа кеткенде балаларым өздеріне мүлдем туыстық қатынасы жоқ адамдардың қолында қалады. Өрімдей қызымның тағдырын жат адамдардың тас талқан етпесіне кім кепілдік береді? Оның үстіне ұлымның, өз қанымның кім көрінгеннің есігінің алдында жүргенін қаламаймын.

Мен алдымен балаларымды алғым келетінін айтып, Гүлбахрам Рақымқызы Дүйсенбаеваға ауызша ұсыныс жасадым. Бірақ, жауапкер нағашы әжесі түбегейлі қарсы болып, балаларыммен кездесуіме тиым салды. Мектептен кейін ботақандарымды менімен кездестірмеу үшін үйден шығармай, қамап ұстады.

Қазір өз балаларымды өзіме қарсы қойып, түрлі әрекет жасап, тіпті телефонмен сөйлесуімізге тиым салып отыр. Мен жат қолындағы балаларымның амандығын біле алмай, уайымдап жүрмін.

Өзара келісім арқылы мәселе шешілмейтініне көзім жеткен соң ҚР-ның "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Заңның 75 бабына сәйкес әрекет етіп, Жылой аудандық сотына шағымданған едім. Бірақ, заң мен жағымда бола тұра іс созбақталып кетті. Сот балаларымды өзіме қайтарып бермеуге ешқандай себеп таппаса да, «арыз мәтінін дұрыс жазбадың» деген желеумен менің талабымды қанағаттандырмады.

Осы жерде балаларымның құқықтарын қорғауы тиіс «Атырау облысы Жылыой ауданы білім бөлімі» өз жұмыстарына аса салғырт қарап отырғанын айтқым келеді. Негізі заң бойынша балалардың анасы қайтыс болған соң бала құқығын қорғау орталығы үш күн ішінде келіп сәбилердің жағдайын білуі керек болатын. Мен бұрынғы әйелім қайтыс болғанда Жылыой ауданына барып, бір апта сонда болдым. Сол кезде бала құқығын қорғау орталығынан ешкім келген жоқ. Бұл орталықтың тағы бір міндеті, анасы қайтыс болған соң бір айдың ішінде балаларды әкесіне табыстауы керек болатын. Егер әкесі баланы өз қамқорлығына аулан бас тартса, өзге туысқандарына өткізіп беруге міндетті. Алайда, біз айтып отырған «Атырау облысы Жылыой ауданы білім бөлімі» қызметкерлері бұның бірін де істеген жоқ.

2018 жылы 23 қаңтар күні «Атырау облысы Жылыой ауданы білім бөлімі» басшысына балаларымды өзіме алып беруін сұрап өтініш жаздым. Ол өтінішіме еш жауап болмағандықтан 17 мамырда екінші рет өтініш жаздым. Бұл өтінішіме аталған мекеме қызметкерлері атүсті жауап берді. Балалардың анасының қайтыс болып кеткенін біле тұра, біздің мәселені «Неке және отбасы туралы Заңның 61-ші бабына» сәйкес ата-аналары бөлек тұрып жатқан балалар қатарында қарастырғанын жеткізді.

Аталған мекеме менің өтінішім бойынша анасынан айрылған балаларды туған әкесіне қайтарып бергеннің орнына, мені ата-аналық құқығымнан шектеу туралы Алматы облысының №2 камелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына шағым түсірді. Бірақ, судья К.Қ.Дуанбекованың жетекшілігімен өткен сот отырысы мені ата-аналық құқығымнан шектеуге еш себеп жоқ екенін анықтап, «Атырау облысы Жылыой ауданы білім бөлімінің» талап арызын қанағаттандырмады.
Осы уақытқа дейін өткен сот процесі менің балаларымды өз қамқорлығыма алсам деген талабымның орынды екенін көрсетіп отырса да, қос құлынымды қайтарып ала алмай жүргеніме 8 ай болды. Осы аралықта үлкендердің талас-тартысынан шаршаған қос жеткіншектің психологиясына ауыр соққы болғаны сөзсіз. Мен шынымды айтқанда балаларымның қандай жағдайда екенін де білмеймін. Олар мені өз туған балаларыма мүлде жақындатпайды, хабарласа да алмаймын. Ал мені балапандарым не ішіп, не киіп жүр, оқуға барып жүр ме, жоқ па деген сұрақтар мазалайды. Жаттың қолында жүрген жеткіншектерімді өз қамқорлығыма алсам деген әкелік тілегімнің орындалуы сонша қиындап кеткеніне күйінемін.

Құрметті Сәуле Мұханбедианқызы!

Мен сізден өз қызметтеріне салғырттықпен қарап, Заң жүзіндегі міндеттерін толық орындамай отырған «Атырау облысы Жылыой ауданы білім бөлімінен» осы мәселеге заң бойынша әрекет етуін талап етуіңізді сұраймын. Бала құқығын қорғау орталығы Заң бойынша анасынан айрылған балаларымды туған әкесінің қамқорлығына өткізіп берсе деймін.

Сәлемнен Медет Керімбайұлы

Abai.kz

 

 

12 пікір