Жұма, 29 Наурыз 2024
Осы ғой енді... 6933 16 пікір 3 Қыркүйек, 2018 сағат 17:39

GGG командасы жекпе-жек алдында қазақ әнұранының орындалмауын талап етті

Біздің қазақ өзі қоңырқалта күн кешіп жүрсе де спортшылар мен әншілердің жетістіктерін көңіліне медет етеді. Қазақстандық бір әнші, не бір спортшы халықаралық жарыстарда жүлде алса бөркін аспанға атып, той жасауға дайын. Еліміздің атын шығарып, туымызды желбіретті деп ұрандағанда үні алты қырдан асады.

Алайда, осындай кішігірім жеңістерден елдің атағы аспандап кетпейтінін түсінуіміз керек. Қысқасы, жеке спортшы, не әншінің жетістігі ешқашан елдің жеңісі емес. Қарапайым халыққа тіптен қатысы аз. Спортшының жетістігін ел дамуының көрсеткіші ретінде көрсетіп, халықтың көңілін аулап отырған билік өкілдерінің айла-тәсілін аңғаратын кез жетті.

Спорт дегенде есімізге ең алдымен боксшы Геннадий Головкин түседі. Орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) еліміз үшін ең биік белесті бағындырған спортшы. GGG-ге деген елдің ықыласы да ерекше.

Бүгін сол даңқты боксшының басы дауға қалды. Даудың себебі басқа емес дәл осы өзі «аспанға көтеріп, әлемге әйгілеп» жүрген көк туымыз жайлы болып отыр. Кәсіпқой бокста жекпе-жек басталар алдында қарсылас қос боксшының және АҚШ елінің әнұраны орындалады. Алайда, 15 қыркүйек мексикалық  Сауль Альвареспен (49-1-2, 34 КО) жұдырықтасатын біздің Гена осы рәсімнен бас тартқысы келген.

Бұл жайлы «Канелоның» промоутері Оскар Де Ла Хойя мәлімдеді. Бокс маманының айтуынша Головкиннің командасы жекпе-жек алдында екі елдің әнұраны орындалуын қажет емес деп есептеген. Әрі әнұранның орындалмауын талап еткен.

Біз бұл ақпаратты естігенде қарсыластың қазақстандықты аяқтан шалу үшін жасап отырған айласы болар деп елеусіз қалдырған едік. Алайда, Головкиннің командасының берген жауабынан шынымен бір шикіліктің бар екенін байқадық.

Отандасымыздың промоутері Том Леффлер АҚШ ақпарат құралдарына сұхбат беріп әріптесінің сөзін теріске шығаруға тырысқан екен. Оның сөзінше, Головкиннің командасы Қазақстан, Мексика және АҚШ-тың әнұрандары тікелей теле трансляциялар басталмай тұрып орындалуын сұраған. Бұл жекпе-жектердің кідіріссіз өткізілуіне мүмкіндік береді екен.

«Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деп қазақ осындайда айтқан. Демек, Геннадий миллиондаған отандасын «көк тудың желбіреп, әнұранның шырқалған» сәтін көру мүмкіндігінен айырғалы отыр. Мүмкін олар үшін әнұран орындалу-орындалмауы қатты маңызды емес шығар. Алайда, қазақстандық түсінікте Геннадий жекпе-жегінің алдында шырқалған әнұран «бүкіл Қазақстанды әлемге танытады». Әрі осы бір сәттік «бақыт» бүкіл қазақ жанкүйерлеріне күнделікті күйбің тіршілігін ұмыттырады.

Істің анық мән-жайын білмесек те, қос тараптың айтқан уәжінен аңғарғанымыз осы. Демек, кез-келген спортшы үшін ең маңызды мақсат елдің туын желбірету емес. Мейлі, ол Геннадий Головкин болса да! Сол үшін біздің халық әншілер мен спортшылардың жетістігіне марқайып, өз-өзін алдағанды қойғаны жөн.

Естеріңізге сала кетейік, Головкин мен «Канело» арасындағы екінші кездесу 15 қыркүйекте Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтеді. Бұл Астана уақытымен 16 қыркүйек таңертеңге тура келеді.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

16 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594