Жұма, 29 Наурыз 2024
Білгенге маржан 11061 1 пікір 6 Қыркүйек, 2018 сағат 09:58

107 жыл бұрын жазылған қазақтың алғашқы Конституциясы

Бұл - осыдан бір ғасыр (107 жыл) бұрын жазылған қазақтың алғашқы Конституциясы. Құжаттың сол кездегі ресми атауына жүгінсек, "Қазақ елінің уставы". Авторы - Барлыбек Сырттанов.

Әр сөзі жүрекке жылы тиетін осы "устав" жыл сайын, 30 тамызда, ойға орала кететіні бар. Сіздер де бір шолып шығыңыздар деген тілекпен ұсынып отырмын:

1. Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел.

2. Қазақ елінің жеке туы бар. Туы жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі.

3. Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады.

4. Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды.

5. Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.

6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.

7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.

8. Қазақ елі Президентінің орынбасары – Вице-президент. Ол Президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді.

9. Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын (парламент), орындайтын (үкімет) һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады. ІІ. Адам баласының хұқы турасында

10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді.

11. Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге хұқы бар.

12. Қазақ елінде ер адам мен әйел теңді. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады.

13. Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруына һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ.

14. Нәсілдерді бір-біріне итеретін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тыйым салынады. Кінәлілер законға жауапты.

15. Қазақ елінде соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатта хүкім беруі шарт, болмаса қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады.

16. Қазақ елінде адам баласының хат-хабарын ашуға рұқсат жоқ. Рұқсат беру – соттың мойнында.

17. Адам баласының мүліктің барлық түріне ие болуға хұқы бар. Мүлікке ие болу, пайдалану һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлік хұқынан айыру законмен, құнын төлеу арқылы болады. ІІІ. Қазақ жері турасында

18. Қазақ жері оның меншігінде болады.

19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты.

20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады. IV. Сот турасында

21. Сот билігі өз еркімен іске асады.

22. Соттың хүкімі законға һәм сот ережелеріне сүйенеді.

23. Суьялар дау шешкенде хүкметке яки адам баласына бағынбай, закон һәм сот ережелері негізімен хүкім шығарулары шарт. Судьяларға әсер жасағандарға соттың үкімі кесіледі.

24. Қазақ елінде бар судьялар Ұлт мәжілісіне өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады.

25. Орнынан алуды адам баласының арызының негізінде һәм Қазақ елі сотының Председателінің хүкімімен Ұлт мәжілісінде көп дауыспен растайды. Олай болмаса, судья өз атына қайтарылады.

26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар.

27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам.

28. Сот орнында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айырылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады.

13 июнь, 1911 жыл, С.Петербург, С.Б.Алашинский

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610