Жұма, 29 Наурыз 2024
Бетбұрыс 8234 32 пікір 29 Тамыз, 2018 сағат 13:39

Үкіметтің жаңа құрамы қандай болуы керек?

09.09.2016 жыл. Кәрім Қажымқанұлы Ұлттық Қауіпсіздік қызметіне «сұранып» барғанына 2 жыл. 2016 жылы Президент Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, Мәсімовтің міндетін ауыстырды.  Сөйтіп, жап-жаңа Үкіметбасын тағайындаған еді. Ол – Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев болды. Бәкең де бұл қызметке іштей дайындықпен жүрген екен, айналысы екі-үш күнде Үкіметтің жаңа құрамын жасақтап шықты.

25.01.2017 жыл. Президент Назарбаев арнайы қаулы шығарып, Үкімет құрылымына аз-кем өзгеріс енгізді. Пәлендей өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Сол Үкімет. Сол құрам. Тек орындары ғана ауысып отыратыны болмаса, бұл соңғы 10 жылда Президент пәрменімен жасалатын рокировка қалыпқа айналған. Оған Ақорда да, жұрт та үйренген.

Кадрлық кризис. Зейнеткерлер

Кадрлық кризиске ұшырап, Ақорданың тығырыққа тірелгеніне біраз уақыт өтті. Президент партияластарының ішінен өзіне серік еткендері ендігі саяси белсенділігі, саяси дейміз-ау, адами белсенділігі әлсіреген, бүкірбел пенсионерге айналған. Сонда да көңілжықпастықпен, әлгілердің кейбірін Сенат дейтін пансионатқа отырғызса, еті тірілерінің өкілеттігін 2025-2028 жылға дейін созып берді. Жә, әңгіме ол туралы емес, қазір.

Саясаттанушылар һәм саясаткерлер соңғы уақытта сайлау туралы сөз ете бастады. Күз келісімен, Ақорда жақта ауа-райы ауысады, Үкімет қайта жасақталады екен. Ауыс-түйістің ауылы алыс емес деген ауандағы әртүрлі болжамдар айтыла бастады.

Бір білгіштер Иманғали Нұрғалиұлын елге қайтарады десе, енді бір білгіштер билікке сырттағы саяси диссиденттер күші келеді (біз Әбләзов деген әккі қуды емес, Қажыгелдинді меңзеп отырмыз) екен деген әңгімелер айтыла бастады.

Қалай болғанда да, қазір ел-жұрттың сайлау құқы бар да, сайлану құқы жоқ. Бір анығы – билік транзиті түбі сөзсіз болады. Билік транзитінің екі жолы бар. Біріншісі – Өзбекстан үлгісінде, ың-шыңсыз өту. Екіншісі – Армения мен Украина үлгісінде революциялық жолмен өту.

Әрине, бізге Өзбекстан үлгісі тиімді. Қазіргі геронтократ билікке де керегі осы жол. Ол үшін – халыққа сайлау құқығы ғана емес, сайлану құқығы да берілуі тиіс.

Ендігі мәселе мынау. Саясаттанушылар болжағандай, осы күзде билікте өзгеріс болып жатса, Үкіметтің жаңа құрамы қандай болуы керек? Онда кімдер болуы керек? Біз өз картинамызды түзіп шықтық. Ол Сізге ұнамауы бек мүмкін. Дегенмен, ол біздің субьективті пікіріміз. Сіз де ертеңгі Үкіметтен өзіңіз көргіңіз келген кандидатты ұсыныңыз. Ұсына аласыз! Ендеше біздің нұсқа, мінекейіңіз...

Жаңа Үкіметтен кімдерді көргіміз келеді?

ҚР Үкіметбасы – Әміржан Сағидрахманұлы Қосанов.

Әміржан Қосанов – 54 жаста, қазір. Зейнетке шығуға 9 жылы бар. Саясаткер. 1991 жылдары Жастар ісі жөніндегі мемкомитетте істеді. 1994-те Жастар ісі, спорт және турзим министрінің орынбасары болды.

Әкежен Қажыгелдин командасы Үкімет басқарған жылдары (1994-1997 жылдар) Үкімет басының, Үкіметтің баспасөз қызметін басқарды.

ҚРХП партиясы құрылғанда, Әкежан Қажыгелдиннің орынбасары болды. Сол партияның атқарушы төрағасы қызметін атқарды. Сондай-ақ, Қазақстанның Демократиялық күштері Форуымының арқарушы төрағасы болды. Сонымен қатар, ЖСДП, Азат партияларында да белсенді қызмет істеді.

Саяси көзқарасы адекватты, жаңашыл пікірлерімен қоғамдық мәселелердің басы-қасында жүрген белді саясаткер. Жаңа құрылған «Жаңа Қазақстан» форумының өкілі.

Кландар бөліске салған билік пен экономиканы, оған мақұлбас қоғамды өзгертудің демократиялық жолын, саяси реформалардың эффективті үлгісін ұсынып айтып жүр. Әміржан Қосановтың саяси ұсыныстары «Abai.kz» ақпараттық порталында жиі жарияланып тұрады. Сол жерден оқып аларсыздар.

Ал біз Үкімет басының орынбасарларына кімді ұсынамыз деген сұраққа ауысайық.

Қазірге дейін Үкіметбасының 4 орынбасары болып келді. Біз үш орынбасарға қысқарттық.

ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Серік Ахметов.

Иә, ҚР Конституциясына сәйкес, сотталған азаматтар саяси қызметке алынбайды. Дегенмен, бұл біздің ойымыздағы кандидат. Серік Нығметұлы Ахметов өз уағында Үкімет басқарды. Президент әкімшілігінде қызмет істеді. Қарағандыда әкім болды. Үкіметте ұзақ жыл жүрді. 2012 жылы Үкіметбасы болып тағайындалып, 2014 жылы Президенттің пәрменімен отставкаға кеткен.

Ол Үкіметті басқарып тұрған жылдары биліктегі кланаралық шайқастың құрбаны болды дейді, білетіндер. Әсіресе, билік пен экономиканы өзара бөліске салған кейбір лоббилік топтардың жолын кескені айтылады.

Біз де бір мысал келтірейік, 2012 жыл. 5-желтоқсан. Үкімет басшысы Серік Ахметов Үкімет отырысы мен мемлекеттік жиындарды мемлекеттік тілде өткізу туралы шешім қабылдады.

Серік Ахметовтің өзгелерден тағы бір артықшылығы – басқару ісінде кабинеттік стильге иек артпай, облыстарды, өңірлерді аралап, жұрттың тұрмыс жағдайын өзі көріп қайтатын. Ол зам-премьер кезінде де ертеңнен қара кешке дейін кабинетінде таңылып отырмай облыстарды аралауға жиі шығатын. Тағы бір айта кетерлігі,  Серік Ахметов 2011 жылдың желтоқсанында қанды оқиғаға орын алған Жаңаөзенге екі рет барып, қайғы жұтқан жергілікті жұртпен, қамкөңіл мұнайшылармен ашық сөйлесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап қайтуын нағыз азаматтыққа, батылдыққа балар едік.

ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Расул Жұмалы.

Расул Жұмалыны жұрт жақсы біледі. Саясаттанушы. Өткір тілді алтернативті пікір иесі. 1992-2007 жылдар аралығында Мемлекеттік қызметте болған. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде және Үкіметінде, сондай-ақ Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Либия, бірқатар басқа мемлекеттерде жұмыс атқарған. 2007 жылдан бері «Эксклюзив» жорналының бас редакторы. 150-ге тарта мақалалары мен сараптамалық еңбектері жарық көрді. «Геополитика Центральной Азии. О былом и насущном» атты кітаптың авторы.

Қазіргі саяси жүйенің дағдарысында Расул Жұмалыдай білікті кадр керек-ақ.

ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Дина Елгезек.

Неге Дина Елгезек? Өйткені, ол қазіргі биліктегі кадрлық саясатты жиі сын тезіне алады. Сынаған адамның өзіне лауазым беріп, оның да қарым-қабілетін байқап көру керек деп ойлаймыз.

Оның үстіне Дина Елгезек журналистикадан ысылып шыққан сақа маман. Халықтың мұң-мұқтажын жақсы біледі.

Енді министрлер кабинетіне келейік. Қазір біздің елдің Үкіметінде 16 министрлік бар екен.

ҚР Ішкі істер министрі – Иманғали Тасмағамбетов.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігін тапжылмай 7 жылдан аса уақыт басқарып келе жатқан Қалмұхамбет Қасымовтың отставкасын жұрт талап етті. Неге? Қазақшаға, қазаққа жаны қас Қасымовтың Ішкі істер министрлігіндегі бар қызметін тікелей Жаңаөзен оқиғасымен байланыстыруға болады. Жаңаөзенде жұртқа оқ атқан министр бұл. «Тағы шықса тағы атамыз» деген министр бұл. Оның министр болған тұсында Қазақстанда қылмыс көбейгендігін нақты статистикамен жаздық, өткен жолы.

Жалпы, бұл лауазымға кім лайық деген сұраққа ұзақ бас қатырдық. Бір өкініштісі шенді азаматардың ішінен өзіндік нақты  позициясымен елге көріне білген, қоғамдық талқылауға әзір, диалогшыл полицей жоқ екен. Біз ары ойланып, бері ойланып, ондай адамды есімізге түсіре алмадық.

Бір анығы – Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне үлкен реформа қажет. Ал оны жасайтын тұлға өз іштерінде жоқ. Сондықтан, бұл қызметке біз – Иманғали Тасмағамбетовті лайық деп білеміз.

ҚР Сыртқы істер министрі – Қайрат Әбдірахманов.

Қайрат Құдайбергенұлы Әбдрахмановтың ел ішінде имиджі жоғары дей алмаймыз. Дегенмен, оның Сыртқы істер министрлігін басқарудағы тәжірбиесі жоғары екені даусыз. Сыртқы істер министрлігі – мемлекеттің сыртқы имиджі.

Әбдірахманов тұсында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Қазақстан Халықаралық саясатта бейбіт бітімгерліктің алаңына айналды. Сирия мәселесінде дауласқан тараптар Астанада бас қосты. Былайғы күнде қару асынып, атысып жүрген екі тарап бір үстелде келісім жасасты. Даулы Каспий мәселесі де ойдағыдай шешілді.

Оның үстіне қазіргі Қазақстан мен Қытай арасындағы этникалық қазақтар мәселесінде Қайрат Әбдірахманов командасы бірқатар жұмыстарды қолға алып, атқарып келеді. Демек, Қайрат Құдайбергенұлы бастап қолға алған, Қытайдағы қазақ мәселесі шешімін тауып, түйіні шешілгенге дейін министрлік қызметіне мұрсат берген жөн.

ҚР Қорғаныс министрі – Сәкен Жасұзақов.

Неге Сәкен Жасұзақов? Өткенде ғана Президент Назарбаев қызметінен босатқан Сәкен Жасұзақов шын мәнінде әскери адам. Жасұзақовқа дейін Қазақстанның қорғанысын бірнеше әскери емес азаматтар басқарды.

Екі жыл Қорғаныс министрі болған Жасұзақовтың әскери саладағы тәжірибесі қандай еді? Жасұзақов деген кім?

Ол 21 жасында Алматыдағы жалпы әскери командалық училищесін бітірген. 1978-1987 жылдары Балтық бойы әскери округінде барлау взводының командирі, барлау ротасының командирі, жеке барлау батальоны штабының бастығы секілді қызмет баспалдағынан сатылай көтерілген азамат. Ауған соғысында "Қара майор" деген атпен бүкіл әлемді мойындатқан Борис Керімбаевтің қоластында жүріп, майданның өтін де көрген.

Ол Министр болған тұста әскери гарнизондарда спорт кешендері, тұрғын үйлер мен жатақханалар салынды. Және біздің әскер далалық жерлерде жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден астам іс-шара өткізді.

Біз бұл қызметке әуелде Ауған көрген батыр Бақытжан Ертаевты ұсынбақшы ек. Бақытжан Ертаев қазір 66-да. Зейнеткер.

ҚР Қорғаныс және Аэроғарыш министрі – Айдын Айымбетов.

Иә, бізде Қорғаныс министрлігінен бөлек Қорғаныс және Аэроғарыш министрлігі бар. Бұрынғы Қазғарыш агенттігінің негізінде құрылған министрлік. Қазақстанның ғарыш саласында қордаланып жатқан проблемалары аз емес. Бір «Байқоңырды» айтсақ та жеткілікті. Ресейге 2050 жылға дейін жалға беріп қойдық. Болмашы тиын-тебенге.

Бірінші бұл министрлікке кім лайық? «Ешкі сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Ғарыш саласындағы мәселелерді бір білсе Айымбетов біледі. Айымбетов қазақтан шыққан үшінші ғарышкер. Қайсыбір жылы өзіміздің Байқоңырдан Айымбетовті ғарышқа ұшыру үшін Ресейге 20 миллиард төлеген едік.

Екінші мәселе – аталған министрлікті таратып, оны ҚР Қорғаныс министрлігінің комитеті ретінде қайта жасақтауға да болатынын ескерте кеткіміз келеді.

ҚР Инвестиция және даму министрі – Саясат Нұрбек.

Не үшін бұл орынға Саясат Нұрбек лайық? Саясат Нұрбек – «Болашақтық» кадр. Жоғарғы лауазымды қызметтерде болмағанымен, мемлекеттік қызметте жүрген адам.  Заман ағымындағы жаңашыл қағидалар оған етене таныс. Білімі де жетеді.

ҚР Еңбекпен қамту және халықты әлеуметтік қорғау министрі – Рақым Айыпұлы.

Тәуелсіздік алған 27 жылдың ішінде елімізге миллионнан астам қандас келді. Олар қазір үлкен әлеуметтік топқа айналды. Олардың проблемалары алдағы он жылда шешіліп біте қоймайтын маңызды мәселеге айналарын уақыт көрсетіп отыр. Осы уақытқа дейін оралмандардан бір министр тағайындамағанымыз тағы бар. Шетте оқып, алып елдің тәжіибесін бойына сіңірген Рақым секілді азаматтардың потенциалын пайдалану - бізге міндет.

ҚР Білім және ғылым министрі – Мұрат Әбенов.

Мұрат Әбенов аталған министрлікте қызмет істеген адам. Бұл азаматты қоғамның жасы да, жасамысы да жақсы таниды.  Әбеновте бәзбір шенеуніктер сияқты өктем мінез жоқ. Қашан да ел-жұртпен тонның ішкі бауындай аралас-құралас. Парламент мәжілісінің депутаты болған тұста кез келген қоғамдық, ұлттық мәселеге өз көзқарасын ашық білдіріп жүретін.

Әбенов дегенде тілші қауымның есіне не түседі? «Алматы» телеарнасында қазақтілді журналистерге қысым көрсетіліп, кейбір ұлттық мәселелер жөніндегі хабарларды эфирге жіберуге тыйым салынғанда журналистерге араша түсіп, Парламентте талқы жасаған да осы азамат. Ащы шындықты айтамын деп, халықтың мұңын жеткізетін орнынан босап қалғаны да сондықтан.

Ол «Серпін» бағдарламасы арқылы оңтүстік жастарын солтүстікке апарды.

Экс-вице-министр Жер дауы кезінде құрылған комиссияда да жақсы жұмыс атқарды. Білім саласындағы олпы-солпы, қыңыр-қисық реформаларды ашық сынаған адам. Ендеше аталған қызметте тың реформа жасауға Әбеновтің әлі жетеді деп есептейміз.

Ал Әбеновтің орынбасары қызметіне белгілі ұстаз Айман Сағидолла мен Аятжан Ахметжанұлын ұсынар едік.

ҚР Ауылшаруашылық министрі – Талғат Ермегияев.

Талғат Амангелдіұлы өз ісін жақсы атқара алатын адам. Ол басшылық қызметте болған тұста Қазақстан спортшылары Халықаралық деңгейде Қазақстан атын шығарды. Көк туымызды көкте желбіретті.

Талғат та белгілі бір деңгейде саяси шайқастың құрбаны болған адам. Талғаттың капиталы бар. Қазір тұралап қалған ауылшаруашылығын дәл осы Талғат Ермегияевтың қолына тапсырар болсақ, ілгерілеу болар деген үмітіміз де жоқ емес.

ҚР Ұлттық энергетика министрі - Қанат Бозымбаев

Елімізде Энергетика саласында әзірге Қанат Бозымбаевтің орнын басатындай кандидат жоқ. Сондықтан да, бұл лауазымды өзінде қалдыруды жөн санадық.

ҚР Әділет министрі – Ауыт Мұқибек.

 

Әділет министрі неге Ауыт Мұқибек болуы керек? Аукең заң шығару ісінде өзінің қабілетін анық көрсеткен адам. Әсіресе, Көші-қон заңын түзіп, қабылдауда Ауыт Мұқибектің тәжірбиесі де еңбегі де зор екені даусыз. Және Ауыт Мұқибек қоғамның кез келген өкілімен ашық диалог жасай алады. Білім-білігі де жеткілікті.

ҚР Ұлттық экономика министрі – Болат Жәмішев.

Жәмішев қазіргі билік жүйесіндегі бірбеткей тұлға. Жәмішевтің экономикалық сауаты елдің экономикасын дағдарыстық тығырықтан шығаруға жеткілікті деп есептедік.

Бір жылдары, Ақордада жиын өтіп, кабминнің мүшелерін бір-бірлеп сынап, бықбырт тигендей еткен Елбасы «қазынаның қаржысын оңды-солды жұмсайсың» деп Бақыт Сұлтановты сөккен. Сондағы сөзі: «Жәмішевті сенің орныңа қою керек. Иә, ол ешкімге ұнамайды. Ол маған да ұнамайды. Алайда ол қаржыға ұқыпты» деп еді. Сол Елбасыдан тартып, ешкімге ұнамайтын Жәмішевке және бір мүмкіндік беруге әбден болады.

ҚР Қаржы министрі – Мұхтар Жәкішев.

Жәкішев қазір қамауда. Алайда ол да кланаралық тартыстың жеңілген ойыншысы. Дегенмен Жәкішев «Қазатомпромды» басқарып тұрған тұста Қазақстан нарығына Ресейді де, Қытайды да кіргізбей ұстай білген еді. Жәкішевтің кейбір лоббилік топтардың ығына жығылып кетпейтін қыңырлығы бар. Ол білікті маман. Білімді саясаткер.

ҚР Қоғамдық даму министрі – Дархан Калетаев.

Дархан Калетаевтың министрлігі құрылғанына, жасақталғанына аз ғана уақыт болды. Сондықтан, Дархан Калетаев аталған министрлікте өзін бар қырынан көрсете алды деп есептемейміз. Сондықтан, оны осы қызметте қалдыруды жөн көрдік. Өзін көрсетуге және бір мүмкіндік бердік.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар минситрі – Даурен Абаев.

ҚР Мәдениет және спорт министрі – Арыстанбек Мұхамедиұлы.

ҚР Денсаулық сақтау министрі – Елжан Біртанов.

Бұл үш министрліктің министрлерін өз қызметтерінде қалдыруды ұсынар едік. Себебі, пікір әралуандылығы болғанымен, аталған министрлдік тарапынан атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Әділдігін айту керек-ақ.

 

Енді үкіметке кірмейтін бірер қызметтерге де лайықты тұлғаларды айта кетсек. Келесі жолы облыс басшыларын түзіп шықпақпыз. Оған дейін мына төрт мінбені төрт азаматқа ұсынсақ...

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы – Мақсат Ілиясұлы.

ҚР Бас прокуроры – Абзал Құспан.

ҚР Ұлттық банк төрағасы - Досым Сәтпаев.

ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасы – Дәурен Бабамұратов.

Түйін. Бұл біздің нұсқамыздағы жасақталатын жаңа Үкімет. Алдағы уақта "Abai.kz" ақпараттық порталы белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің де нұсқасын ұсынатын болады. Аталған сауалнамаға сіз де қатыса аласыз, құрметті оқырман? Өз пікіріңізді жазыңыз. Өз ойыңызбен бөлісіңіз? Ал сіз кімді ұсынар едіңіз?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596