Сенбі, 20 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 8914 16 пікір 29 Тамыз, 2018 сағат 18:08

Көлгінов Исатай мен Махамбетке МАИ қызметкерінің міндетін жүктемек пе?

22 тамызда «Abai.kz» ақпараттық порталына белгілі қоғамдық белсенді Талғат Қатауовтың  "Пушкинге ескерткіш қойған Орал Махамбетке бюст те орнатқан жоқ" атты мақаласы жариялаған еді. Сол мақалаға Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі  «Оралда Исатай мен Махамбетке ескерткіш тұрғызылады» деген жауап берді. Іле-шала Талғат Қатауов "Көлгіновтің Исатай-Махамбет ескерткішін «заправканың» қасына орнатуы - әруақты қорлау!" деген үндеу жариялады. Оған Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы жауап берді.

Abai.kz ақпараттық порталы осы мәселені індете жаза бастағаны сол еді, бізге Алтай Көлгінов басқаратын облыстағы олқылықтар туралы мақалалар қарша борады. Басты көтерген мәселемізден ауытқымайық деген ниетпен әзірге белгілі журналист Тихон Әліпқалидың мына бір мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.  

Abai.kz ақпараттық порталы

Біздің өңірде XIX ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарында билік тізгінін ұстаған Жәңгір хан, Баймағамбет сұлтандар елі мен жұрты үшін ақырып теңдік сұраған халық батырлары Исатай мен Махамбеттің артына түсіп, ақырында, бастарын алып тынып еді... Бүгінгі билік басындағылар енді олардың рухтарын қудалауға көшті. Қазіргі тілмен айтқанда, Жәңгір – халықты қан қақсатқан коррупционер болатын. Жерін тартып алып, үсті-үстіне салық салып, әлеуметтік жағдайын қиындатқасын қалың ел, қарапайым халықтың хан езгісіне қарсы дүр көтерілгені – әбден зерттеліп айқындалған, тиянақты бағасы берілген тарихи ақиқат.

Бірақ қайтерсің, Жәңгір хан кезіндегідей жемқорлық жайлаған заман орнады, әр деңгейдегі билікке әділдік пен ақиқатқа пысқырмайтын өпірім, әулекі әкім-қаралар келді. Халық сүйіспеншілігіне бөленген ұлтымыздың озық ойлы тұлғалары, зиялы жұрт, күллі әлеумет екі ғасырға жуық алқалаған көтеріліс басшылары Исатай мен Махамбетке тәуелсіздік дәуіріндегі билік иелері теріс ыңғай таныта бастады...

Біздің қазіргі әкіміміз Көлгінов секілді азаматтарға халық өкілдерінен гөрі, елді езіп-жаншып тонаған, орыс патшасының отарлық саясатын қолдап, соның көзжұмбай қолшоқпары болған Жәңгір хан – ерекше сүйкімді, жандарына керемет жақын болып шықты.

Жәңгір ханды дәріптеуге келгенде, әлгілердің «жандары» жомарт, пейілдері кең. Исатай мен Махамбеттің рухын асқақтатып, сол арқылы елдің, жұрттың, кейінгі толқын жас ұрпақтың патриоттық сезімін аялап өсіруге, өрбітуге, жасатып жаңғыртуға мүлде құлықтары жоқ. Біздің өңір басшыларының Орал қаласында Исатай-Махамбет ескерткішін орнату мәселесін бірнеше жылдан бері созбаққа салып, әрі итеріп, бері тартумен жүргені – бұған нақты дәлел.

Қос батырға арнап облыс орталығында еңселі ескерткіш орнату бастамасын – әуелі 2012 жылдың басында «Исатай-Махамбет» қоғамдық қоры көтерген еді. Осы мақсатқа орайластырып «Орал өңірі» газетінде жариялаған мақаламызға Ақжайық жұртшылығы жедел үн қосты, жан-жақты қолдау білдірді. Қоғамдық ортада зор ықыласты, ынталы жаңғырық (резонанс) туғызған соң, облыс әкімдігі де қарап қалмады. Жұртшылық жақтаған бастаманы мақұлдап, ескерткіштің жоба-жоспарын жасау міндетін алға тартты.

Көп ұзамай жергілікті орган басшылары лайықты деп тапқан орынның жай-жапсары, бүкіл ерекшеліктері, мүсін өнерінің заңдылықтары түгел ескеріліп, облыс әкімдігінің келісімімен ескерткіштің жобасы тиянақтылып түзілді. Авторы анау-мынау көшенің көк аттылысы емес, елімізде кең танымал мүсінші, республиканың еңбек сіңірген қайраткері Болат Досжанов болатын. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары  қол қойып, «Исатай-Махамбет» қорына келіп түскен ресми хатта тиісті қаржының бюджеттен таяу уақытта бөлінетіні туралы хабарланған-ды. Бірақ, неге екені белгісіз, облыс әкімдігі тарапынан берілген уәденің соңы сиырқұймшақтанып кетті. 2012 жыл өте барды. Одан кейінгі жылдың да талай айы артта қалды. Айтатындары сол баяғы: «Қаржы табылмай жатыр, жетпей жатыр». Түсінгендей, сенгендей едік...

Жаны бар сөз! Біздің де болжамымыз да осыған ұялап жүрген-ді. Көп қаржы бөлінген жобадан елге, халыққа ешқандай пайда болмаса да, әкімдердің соған құлшынып тұратынынан соны ұққандай едік. «Исатай-Махамбет ескерткішінен де мұрттарын мықтап майлап алғысы келген-ау» – деген ойға қалдық...

«Айтқан құлда – жазық жоқ» демекші, «Жүздесу» газетінің 2013 жылғы 24 қазан күнгі санындағы көлемді мақаламда мәселенің мәнісі барынша талданып, ел-жұртқа жария жасалды. Көтерілген мәселе – елеусіз қалмады, көпшілік үлкен қолдау білдірді. Алдыңғылардың бірі болып, сатирик жазушы, ойы өткір отаншыл патриот Ғаббас Қабышев үн қосты.

Өткен 2017 жылдың жазында «Үкімет бұрынғы Б.Досжановтың жобасын кесіп-пішіп бекітті, қос батырдың ескерткіші әуелде келісілген БҚМУ-дың алдындағы алаңға орнатылатын болды, таяуда бюджеттен қаржы бөлінбек» – дегенді естігенде, үміт оты қайтадан жанып, ағыл-тегіл қуанғанымды қалай жасырайын...

Алайда, Үкіметтің бұл шешімінің жүзеге асуы да – созалаңдап ұзай берді.  Батырлардың мүсіні қаланың сыртындағы айналма жолдың бойында Шағанның жағасында... қалаға батыстан келіп кіретін күре жолдың үстінде – Ысқырық тауы қырқасында...Зашаған кентінің аумағындағы оралмалы жолда орнатылмақ-мыс...

Ел ішін кеулеп кеткен осы секілді қауесеттер ойымызды ойран-топыр жасады. Сонда Үкіметтің шешімі қайда қалды?

Биылғы жылдың өзінде Исатай-Махамбет ескерткішін орнату мәселесі ел-жұртты дүбілтіп, әлденеше қайтара қаралғаны – айна-қатесіз шындық. Жыл басында ескерткіштің орнатылатын орынын өзгертпек болған облыстық комиссияның отырысына Үкімет бекіткен жобаның авторы Б.Досжанов өзі келіп қатысты. Ол бекітілген ескерткіш жобасының бұрын таңдалып келісілген орынға есептеліп жасалғанын, орын өзгерсе мүлде басқа тұрпаттағы ескерткіш орнату керек болатынын, оңдай жағдайда өзінің сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ғ.Оспанқұлов заң бұзуға болмайтынын ескеріп, мәселені талқылауды осы жерден түпкілікті тоқтатты. Сонымен орын да, жоба да өзгертілмей, ескерткіш бұрынғы келісілген қалпында орнатылатын болды.

Тағдыр шіркінге не дауа, бұдан кейін бір кішкене уақыт өткенде Б.Досжанов кенеттен дүние салды. «Өлдің Мамай – қор болдың»...

...Жаңадан конкурс жарияланған екен. «Облыстық комиссия сол конкурстың қорытындысын шығарады» – дегенді кездейсоқ құлағым шалып, өз еркіммен отырысқа мен де қатыстым. Комиссияның таңдауына ұсынылған бес-алты жоба тұр, залда. Соның үшеуінде Исатай мен Махамбет өзара ренішті, өкпелі жандардай екі жаққа қыңырая қарап қалған. «Мыналары несі?» – деп сұрайын. «Біреуі – әуежай жаққа, екіншісі – Подстепный ауылына көз тігіп тұрған кейпі ғой» – деп түсіндірді басы-қасында жүргендер...Мұның нақты мәнісін – комиссия отырысы басталғанда бір-ақ ұқтым. Ескерткіш енді әуежай мен Подстепной ауылының жолдары тоғысқан жерде, екі бірдей бензин құю стансасының тұсында орнатылмақ екен...Апыр-ау, сонда халық батырларының рухына жол бойындағы көлік қозғалысын бақылайтын МАИ қызметкерінің міндетін жүктемек пе? Әлде, батырлардың өкпесіне шаң қаптырып, бензин исімен рухтарын улап өлтірмек пе? Онсыз да осы біздің Оралда Махамбеттің рухын – Жәңгір хандай жебір-жалмауыздың алдында жығып салғанын күллі халық, қазақ зиялылары жақсы біледі. Енді қос батырды қайтара өлтіруге қалай шыдауға болар. Осы ойлар басыма шапшыған бетте орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін...

Қаланың ішінде, халықтың қайнаған ортасында тұрмайтын болса, ол ескерткіш орнатылмай-ақ қойсын. Айдалада тұрған ескерткіш елге, халыққа қызмет етпейді. Батырлардың монументтік мүсіні, ең алдымен, рухымызды көтеруге, жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастыруға қажет. Анау айдаладағы ескерткішке өздігінен кім барады? Ескерткіштің алдында рухани-тәрбиелік, көпшілік шаралар үздіксіз өткізіліп жатпаса, қаланың мың сан тұрғыны өз қалауымен ұдайы тағзым етпейтін болса, халыққа, елге қандай пайда?..

Ішімде осылай бұрқ-сарқ қайнаған дүниені алқа топтың алдында апыл-ғұпыл ақтара салдым...

«Қос батырдың ескерткішіне қала ішінен қазір орын тимесе, келер ұрпақтар түбінде әйтеуір бір жөнін шығарар, лайықты шешімін табар, әзірге аруақтарды да мазаламай, босқа қыруар қаржы да шығындамай, мәселені тып-тыныш жауып тастағанымыз жақсы» – дедім.

Комиссия мүшелері, қоғамдық белсенділер қарсылық жасамады. Мәжіліске төрағалық етіп отырған облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов орынды ұсыныс-пікірді өңір басшысына айтып жеткізетінін білдірді. Ескерткішке қала ішінен лайықты орын табылатынына үміттендірді. Артынша облыс әкімі А.Көлгінов қаланың және облыстық мәдениет басқармасы басшыларына «қала ішінен ескерткішке орын табыңдар» – деп тапсырма бергенін естігенде, кәдімгідей қуандық.

Енді сол қуанышымыз су сепкендей басылып, еңсеміз етбетінен түсті. Иен қаланың ішінен орын табылмапты. Жергілікті билік органдары ескірткішті бензин исі булықтырған жол бойына орнатуға кірісіп жатыр...

Тірісінде өздері, өлісінде рухтары қор болған, қайран батырлар-ай! Махамбет қызғыш құсқа: «Сені көлден айырған – Лашын құстың екпіні. Мені елден айырған – Хан Жәңгірдің тепкіні» – деп мұң шаққан еді-ау...

Қос батырдың рухын қаладағы қалың елден айырып, аулаққа қуған кімнің тепкіні: ақынның ба, әкімнің бе? Күллі халық ардақтыларының рухын айдалаға қуған масқараны кім көрген?!.

Әлгілер ел-жұрт алдында масқара ұятқа қалатынын, тарихтың айыптауына ұшырайтынын ойлай ма екен, сірә?! Әлде, «Шайтан алсын, шал алсын – Төкең байғұс мал алсын» демекші, «мейлі ескерткіш қайда тұрса, онда тұрсын – «откат» ақша қалтамызға құйылсын» – деген коррупциялық ниет күш алып кетпесе, не қылсын – осындай да ой келеді сорлы басыма. Әйтпесе, соншалық әңгүдік емес қой: айдалаға қыруар қаржы төгетіндей!
Абай хакімнің «қалың елі, қайран жұрты» – сіздер не дейсіздер бұған?..

Тихон Әліпқали, Қазақстанның құрметті журналисі, Орал қаласы

Abai.kz    

 

16 пікір