Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 8348 6 пікір 29 Тамыз, 2018 сағат 08:47

Жүсіпбек Қорғасбек. Қыш адам

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек "Ақжелкен" жасөспірімдер журналында қазақ қаламгерлері турасында сериялы эсселер жариялап жүр. Өткен жолы Бексұлтан Нұржекеев туралы "Аңыз Бексұлтан" атты эссесін оқырман назарына ұсынып едік. Бүгін Қадыр Мырза-Әлі туралы "Қыш адам" атты жазбасын оқырмандарға тарту еттік. "Ақжелкен" журналдың оқырмандары тек жастар болғандықтан да, кейбір жылт еткен жылы дүниелерді жалпыға жеткізу бізге міндет деп білеміз.

Abai.kz ақпараттық порталы

«Ақын батыр болмаса ақын емес» деген сөз ол кезде де айтылды. «Батыр ақын болмаса батыр емес» дегендей қисынсыз-ақ. Бір талантты сыншы: «Бұл кезден де өтерміз», – деген. Қадыр ағамыз Жоғарғы Кеңестің депутаты болмай тұрған кез еді. Сөз тапқырлығы тамсантып, айтқыштығы тәнті еткен. Не айтса да, Қадыр айтсын дескен. Депутаттыққа да сол айтқыштығы үшін сайланғандай болды. Алайда екі мəрте депутат болып, екі ауыз сөз айтпай кетті. Көңілімізді алдарқатып болса да сөйлемеді. Депутаттың сөйлегеннен басқа не жұмысы бар дестік.

Желтоқсан оқиғасына қатысты қоғамдық комиссияға жетекшілік етті. Онда да халықтың қалап тұрған сөзін айта қоймады. Көзі тірісінде айтылмай да ашылмай кеткен бір жұмбағы осы. Тіпті, «Өз тіліне өзі қожа адамдар көбіне-көп үндемейді» деп кетсе де жұмбақ! Бізді таңырқатқаны, бұл үнсіздіктің өмірлік һәм ақындық ұстанымымен сәйкеспейтіні. Әйтпесе «Елім деп соқпайтын жүректі ит жесін», «Орыс теріс айтпайды, орыс теріс істейді», «Ханға қызмет етпе, халыққа қызмет ет» дегендей афоризмдерді басқа емес, Қадыр ақынның өзі жазғанын жақсы білеміз. Сөйте тұра: «Тақ үшін пышақтасқанша, Бақ үшін құшақтасқан артық», – деп салғаны тағы бар.

Мұны айтқан адам заманның бет алысынан хабарсыз болды деуге ауыз бармайды. Тіпті кейбір болжамдарының бүгінгі өмірімізбен дәлме-дәл келгеніне қайран қалмасқа әддіңіз жоқ. «Бір ауызға бір емес, бірнеше тіл сыяды, бірақ соған ана тілін сыйғыза алмасаң, қазақ болмай-ақ қой», – дегені үш тілдің әңгімесі шықпастан бұрын айтылды.

«Жат жердегі мола өзің жатсаң да, сенікі емес» деген сөзі де талайды еске түсіріп тұр. «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі елімізде Ұлттық домбыра күні жарияланғанда дап-дайын ұран болып шыға келді. «Латын тіліне көшуді қуана құптаймын, біз түгілі латын тіліне Мәскеуге тікелей тәуелді татарлар да көшетін шығар», – деген болжамы да дәл бүгін айтылып отырғандай әсер береді.

Ақын біздіңше алдымен ойшыл болу керек. Абай салған жол сол емес пе? Сыншылардың жазуынша, Қадыр ойшыл ақын. Ойшыл ақында отты өлеңнен гөрі уытты өлең басым болады. «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның», – деген Төлеген Айбергенов. Бір айдай бірге жүрген күндер мен түндерде Қадыр ақынның да жаны көп нәрсеге ауыратынын білдім. Бірақ ол ашу мен ақылды үнемі таразыға салып өлшеп тұрғандай көзін қысыңқырай қалатын еді. Сол кездегі Қадыр ақынның сар садақтай тартыла қалғанын көрсеңіз!

Туып-өскен жеріміз бөлек, жасымыз алшақ, ендеше біз қалай бір ай бірге жүрдік деген сұрақ туады. Бұл 2004 жылы қыркүйек айында болған жағдай еді. Мен «Жас Алаш» газетінің бас редакторы болып тұрған кезімде ҚР Парламент Мəжілісіне сайлауға түстім. Бір ай бойы бір округтегі үш ауданды аралауым керек. Соның алдында ғана «Иірім» атты кітабын жазып, қатып-семіп қалған қоғамдық сананы түртпекке алып жүрген Қадыр ағаға қолқа салдық.

Алғашқы күні Қоңырөлең деген ауылға келіп қондық. Қонақүй жоқ, бірақ қонақжай үй көп. Арамызда екі ақын, екі жазушы, бірнеше əнші бар. Екі ақынның бірі Қадыр ағамыз, екіншісі – Керім Елемес. Түннің бір уағына дейін əн айтылып, күй тартылды. Керімнің əншілігі де бар еді, дауысы бəрінен асып түсті. «Ойпырмай, біздің Керім сахнаның гүлі екен-ау», – деген сөздің бірі Қадыр ағамыздың аузынан шықты. Не керек, жолдан бір шаршап, дастарқан басынан екі шаршап, кеш жаттық.

«Қадыр ағамыз жайлы жатты ма екен, əурелеп қойған жоқпыз ба?» деп уайымдаңқырап барып ұйықтадым. Таңға жуық құлағыма құңғырлап, азан шақырған дауыс келді. «Бұл ауылда мешіт жоқ сияқты еді ғой», – деп таңырқағандай болдым. Өң мен түстің арасында жатып, басымды жастықтан жұлып алсам, қасымда құжырайып Керім отыр. «Аллаһу акпарды» мақамдап созғанда, дауысы бір алыстап, бір жақындап естіледі. Үй толы адамның тəтті ұйқы құшағында жатқанымен жұмысы болмай, азан шақырып отырған осы Керім екен.

Таңертең алдымен Қадыр ағаның қабағына қарадым. Ол кісі таңғы шәйға отырғанша сыр берген жоқ. Шəй үстінде: «Керімжан, кеше кешкілік арқаланып айтқан əніңнің жаңғырығы таң алдында тағы да құлағыма келді», – деп іштарта əзіл тастады. Бұл күніне төрт-бес кездесу өткізетін сүргін жүрістің «біссімілләсі» болатын. Мен кездесу сайын: «Маған дауыс беріңіздер», – деп кеудемді соғамын. Ұрыста тұрыс жоқ, небір өткір мəселелерді көтеремін. Жұрт Қадыр ағамыздың аузына қарайды, сонда Қадыр ағамыз: «Бұл бала сіздердің балаларыңыз ба?» – деп бар жүкті өздерінің мойнына артады да кетеді.

«Қадыр Мырза Әли келіпті», «Қадыр Мырза Әли айтыпты» деген сөз біздің жақты біраз дүмпітті. Сөйтіп жүргенде бір ай уақыт та зу етіп өте шықты. Сайлаудың бірінші туры аяқталарда ма, әлде екінші турға өтерде ме, ол кісі еліміздің батыс өңіріне баратын болды. Негізгі партияның атынан сайлауға түсіп жатқан бір үміткердің сөзін сөйлеуі керек екен. Кетерінде шығарып салып тұрып: «Қадыр аға, бұл екі партия қарсылас қой, бүгін мына партияның, ертең ана партияның сойылын соққандай болып қалмайсыз ба?» – дедім жұмсартып. Қадыр ағам түк те сасқан жоқ: «Мен партиясына қарамаймын, адамына қараймын», – деп сарт еткізді.

Қадақтай ғана Қадыр ағамыз талайды сөзбен қалпақтай түсірген қандауыр кісі. Денесін тік ұстап жүргендіктен, бойының аз-кем аласалығы біліне де бермейтін. «Әй, менің пальтомды Сырбай киіп кеткен бе?» – деген сөз де Қадырдан қалған. Бір оқпен екі қоянды атқандай, уытты тілмен өзін бір шалса, алып денелі Сырбайды екі шалып тұр. Өзіне соншалықты қатал қарайтын, бір өзі бір фабрика сияқты қатаң жоспармен жұмыс істейтін, кейде өзінің жанын өзі жаралап сөйлейтін ондай шыншыл адам біздің арамызда жоқтың қасы. «Қадыр өлеңді математикалық дәлдікпен жазады», – дегендей сөздер оның өз болмысымен де біте қайнасып жатқандай еді. Ағыл-тегіл сезімнің жетегінде жүретін  ақындар Қадырды түсінбейтін, әр сөзі шегедей қағылатын Қадыр оларды түсінбейтін. Атышулы «Иірім» атты бас-аяғы жұп-жұмыр кітаптың жазылуының бір себебі осында жатса керек.

Біздің студент кезімізде Қадыр Мырза Әлиге: «Ақындардың ішпесе жаза алмайтыны рас па?» – деген сұрақ қойылды. Сонда ол: «Олар жақсы өлеңді сау кезінде жазады, мас болғанда оқиды. Кейбір ақылы жоқтар соның байыбына бармай, сандалып кетеді», – деп жауап берді. «Атлантидада батып өлгендерден гөрі, араққа батып өлгендердің саны көптеу» деген де сөзі бар. «Жазмыш» пен «Иірімнен» аңғарғанымыз, ол өз замандастарының ішкілікке салынып, жігерсіз өмір сүргендерін онша ұната қойған жоқ. Сынаса солардың түрлі қылықтарынан көрінген ұлт басындағы күйректік пен босаңдықты, пәрменсіздік пен парықсыздықты сынады. Егер сондай келеңсіздіктерді атын атап, түсін түстеп жазды екен деп Қадыр Мырза Әлиді ұнатпасақ, онда қисын бойынша Абайды да ұнатпауымыз керек.

Шындап келгенде Қадыр Мырза Әлидің өзі де біршама жұмбақ адам. Өмір сүрген ортасы қандай орта болғанынан хабарымыз мол. Ақындардың өмір жасы осылай болуы керек деген түсінік қалыптасқан кез. Қырықтың қырқасында шалғымен шапқандай жапырылып түсетін. Ол жастан аман шыққандар қадау-қадау. Соның бірі Қадыр болса, көпшілік Қадырды сол үшін де қатты адам дейтіндей көрінетін. Ақындар отқа ұмтылған жындыкөбелек сияқты болатын десек, ешкімнің талағы тарс айырыла қоймас. Бізбен бірге отқа түс, отқа түспесең адам емессің деген түсініктің өзі түсініксіз. Ал өлеңнің өзін математикалық дәлдікпен жазатын ақын өмірде қателесуі мүмкін бе? Осы тұрғыда қалай өмір сүруді Қадекеңнен неге үйренбеске дегің келеді. Ұзақ жасап, ұл мен қыздың қызығын көріп, немере-шөбере сүйіп деген де бір арман. Бірақ…

Қадыр ағамыз жартылай қалаға, жартылай ауылға ұқсайтын Қалқаманның көшесінде аяғын баяу басып келе жатты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреатының қолында жарты литрлік банкісі бар. Мемлекеттік сыйлыққа қосып, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын да алған адамға ұқсамайды. Орыс тілінде жазбағаны болмаса, Олжас Сүлейменовтердің қатарында тұратын-ақ ақын. Кей жылдары бір жылда екі кітаптан жазып шығарған адам бұлайша қоңыртөбел болып жүрмесе керек еді. Қолындағы банкісінің жайын сұрасақ, бір орыс кемпірден ешкінің сүтін алып ішеді екен. «Маған келіп әңгіме айтып кетеді», – деді оң жақта отырған бір сырлас бойжеткен. «Е, Қадыр ақынның өмірін ұзартуға мүмкіндігің болыпты ғой», – деген сөз абайсыз аузымыздан шығып кетті. Бұл ауруханада ем қонбай, ешкінің сүті де шипа болмай, ақын ағамыз өмірден өте барғандағы қимастықпен айтылған сөз еді.

Мен бір нәрсені түсіндім. Егер бала-шағасынан көп үміт күтпесе, адам қайтадан қайраттана бастайды екен. Еліне, ұлтына, ағайынына жасаймын деген қызметін жасап болса да, ұрпағы жасамаған нәрсені жасаймын деп тағы ұмтылады екен. Бұл қайраткер адамдарға тән қайсарлық шығар, кім білген. Адам жаратылысы туралы неше түрлі тылсым сырлар ашылып жатқанда, бұған да еш таңғалуға болмайды. Қадыр Мырза Әли «Жазмыш» пен «Иірімде» сондай тылсым сырлардың талайын тауып жазды. Өмір – асау тұлпар десек, өле-өлгенше өзі де жалына жармасып өтті. Қалқаманның көшесінде қолына банкі көтеріп бара жатқан, қаймана жұртқа түр-түсі өте таныс адамның бір сыры осы еді. Алайда ол бүгін-ертең құлай салатын адам сияқты көрінбеген. Дәрігерлердің қателігінен о дүниеге ертерек аттанып кете барған сыңайлы. Жақын араласқан адамдардың арасында сондай да бір әңгіме бар.

Бәлкім, бұл да көп аңыздың бірі болар, кім білген. Атақты адамдардың өмірі де аңыз, өлімі де аңыз. Олар не істеп, не қойды, бәрі халықтың көз алдында. «Иірімнің» ізіне салсақ, Қадыр ағамыздың өз жеке басы туралы да айтылар әңгіме жетерлік. Бір жолы Астана – Алматы жүрдек пойызына Оралдың бір бақуатты қазағымен бірге отырдым. Қадыр Мырза Әлиді туған ағасындай жақсы көретінін айтты. Өмірдегі бар жақсылықтарды отбасыларымен бірге өткізіп келген кісі көрінеді. Бір сөзінде: «Қадыр ағамыз жайсыздау өмір сүрді», – деп қалды. Көзіне қарасам, әншейін жанашыр бола қалып айтып отырған секілденді. «Жайсыз өмір сүрсе, осынша кітап жазар ма еді?» – деп ойладым мен. Тағы бір жолы әдебиетте өзімен тел өскен Тұмағаң: «Осы Қадыр маған «балаң қазақша сөйлемейді» деп тиісуші еді, өзінің үш баласы да орыс келін түсіріп жатыр», – деп өкпелеген сыңай білдірді. Кейін афоризмдер жинағын парақтап қарасам, Қадағаң отбасындағы сол жағдайға шамырқанғандай, тіл туралы біраз қанатты сөздер жазып тастапты. Бірақ, халық арасында жатталып қалғаны ертеректе жазған:

«Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте», – деген өлеңі еді.

Сөз арасында Тұманбай Молдағалиевтің:

«Қазақ болып туғаннан соң бөбегім,

Қазақ болып қалу керек түбінде», – деген өлеңі барын да еске сала кеткен артық болмас. Құдайға шүкір, жақында «Ақ желкен» журналының тілшісі Қадыр ағамыздың немерелерінің бірінен сұқбат алып келді. Сойы Сырым, шығыс медицинасының маманы, шығыс жекпе-жегімен шұғылданады. Түрі-басы атасынан аумайтын арыстай азамат болып өсіпті. «Атамның кенже ұлының баласы Мұхит суретші. Мұхиттың айтуынша, атам екеуміздің сөйлеу мәнеріміз қатты ұқсайды», – деген сөзі жып-жылы күйінде көкейімізге қона қалды. Ең бастысы, Сырым тілшімізге қазақша сөйлепті.

Расын айтайын, Қадыр ақынның образын сомдарда алғаш не жазарымды білмей шашылып қалғанымды жасырмаймын. Ойдағы там-тұмдаған жылы пікірімізді жоғарыда нұсқалған комиссия жұмысына байланысты Мұхтар Шахановтың кеше ғана айтқан сөздері күл-парша қылды. Бірақ, Қадыр ағамыз көзі тірі болса: «Абаймен бірге сыналғанның айыбы жоқ», – дер ме еді, кім білген. Мұхтар Шахановтың: «Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан», – деген өлең жолын елдің бәрі білген соң айтып отырмыз. Осы аралықта ақынның жары: «Мұхтарға барам, айтам», – деп біраз назаланған көрінеді. Көзі тірісінде қаншалықты сүйеу болғанын білмейміз, ал өзі жоқта абыройына ара түскеннің жөні бір басқа. Әркім-әркімнің әйелі еті тірі болып, күйеуінің жоғын жоқтап жүрген жоқ. Үш ұлдан көрген ұрпақ та жалғыз ағаштан тараған жапырақтай болып жамырап өсіп келеді. Алайда Қадыр ағамызға «Өкінішіңіз бар ма?» десе, «Жоқ» дей алмауы әбден мүмкін еді.

Қадыр Ғинаятұлы 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. Алматыға елуінші жылдардың ортасына қарай оқуға түсу үшін келіпті. ҚазМУ-ді бітірген соң осында қызмет істеп тұрақтап қалған. Ол заманда қалаға келген қазақтың азаматтары қадау-қадау, жалғыз-жалғыз. Отбасымен қопарыла көшіп келу деген сирек. Елде жалғыз шеше, мұнда сүйген жар. Мен деген талай жігіт екі әйелдің ортасында жалтаңдап өмір сүруге мәжбүр болған. Қадыр ағамыздың бір өкініші болса, сол анамызға жасай алмаған қамқорлығы шығар. Анамыздың есімі Мағыраш екен. Мағыраш анамыз туралы Сырымнан сұрадық. Сырым әжесі Салтанаттан төмендегідей мәліметті анықтап берді. Мағыраш анамыз да Жымпитыда 1914 жылы дүниеге келіпті. Қай ай, қай күні екені белгісіз. Құжатында да көрсетілмеген, соған қарағанда өзі де білмеген болуы керек. «Жылдың қай мезгілі екені белгілі шығар, бірақ құжатында жазылмапты», – деді Сырым. Қадырдай арысты туған Мағыраш анамыз 83 жас жасапты. Қадыр ақын анасын сол Жымпитыдағы қорымға өз қолымен қойған. Ақынның өзі 76 жыл ғұмыр кешті.

Жалпы қазақтың қарайлас ақындары Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев және Оразақын Асқар үшеуі бір жылдың төлдері. Қадыр қаңтарда, Тұманбай наурызда, Оразақын мамырда туған. Араларында ептеп бәсеке де болған болуы керек. Бірақ, сырлас, сыйлас, қимас жандар. «Ене мен келін батыспапты» деген қазақтың айта салатын сөзі бар. Мәселенің мән-жайын бір білсе осы Оразақын ағамыз білер деп арнайы телефон шалдық. «Апамыз қазақ па, Алматыға неге көшіп келмеген, қартайғанда кім бағып-қаққан?» – деп сұрадық. «Қазақ емеспін деп айтқан жоқ, – деді Оразақын Асқар. – Алматыға келіп-кетіп тұрды. Ол кісі келгенде қонаққа шақырысып тұрдық. Қадыр маған шешемнің әкелгені деп, бір қара қойдың басын мұжытты. Шешесі туралы «нағашыларымызға барып келдік» деп бөлектеп айтып отырғанын білем. Қарашай-шеркеш дегендер қазақпен етене араласып кеткен ғой. Қазақтың талай мықты жігіттері солардан әйел алған. Алматыға көшіп келмесе, бақилық болғандардың жатқан жерін тастап кете алмаған шығар. Менің білуімде, дәстүрді берік ұстанған жады мықты кемпір болатын. Сол жақта Қадырға берілген үйде, Қадырдың үлкен баласының, яғни немересінің қолында тұрды деп естігем».

Осы көктемде жасы сексен үшке келіп отырған Оразақын Асқардың елжірей айтқан әңгімесінің түйіні осы болды. «Бұл әңгіменің ақынның шығармашылығына қаншалықты қатысы бар?» деген сұрақ тууы мүмкін. Ақын да әлдекімдер айтып жүргендей «АҺ» дегенде, Алланың аузынан түсе қалған жоқ. Олар да адам баласы, олар да пенде. Біздің басымызды қатырған тіршілік түйткілдері олардың да басын қатырған. Анасының құлпытасының басына жазылған төмендегідей өлең шумағы жүрегіңді шым еткізетіні содан да болуы керек. Бірден басын ашып айтарымыз, мұндағы сөз пендеауи әңгіменің ауаны емес, әркім-әркім есіне тұтар даналық сөз деуге әбден лайық.

Бала боп қызық көрмеген,

Баладан қызық көрмеген,

Байдан да қызық көрмеген,

Қайдан да қызық көрмеген,

Бұл жерде жатыр кейуана.

«Мұндай жыр қандай көкіректен шығады?» деп еріксіз таңырқайды екенсің. Бұл жолдардың ар жағында: «Келдім, көрдім, көндім» деген терең философиялық дүниетаным жатыр. Бір кезде Қадыр ойдың, ақылдың ақыны деген де сөз шыққан. Бір қызығы, «ойдың, ақылдың ақыны» деген сөз «аса керемет емес» дегендей естілген. Бірақ, сезім мен эмоцияның ақыны Олжас Сүлейменов өз өлеңдерін аударуға басқаны емес, нақ осы ақылдың ақынын таңдағанына баспагерлер куә. Сөйтіп өршіл рухқа ақыл дарытқан «Қыш кітабы» атты аударма жыр жинағы дүниеге келді. Сол замандағы әдебиеттің аламан бәйгесінде Қадырды өз шығармалары бір мойындатса, Олжасты аударған аудармасы екі мойындатты.

Осы мақаланы жазарда суретшіге «Қадыр ақынның бет-бейнесін құм таулардың беткейінен шығарып салып берші» деп өтініш айттым. Ойымда жастық шағымызда қазақтың екі үлкен ақынына бірдей тән туынды ретінде айрықша әсер еткен «Қыш кітабы» тұрды. Ал, көз алдыма ақынның біздің жақтағы көгілдір таулармен астасқан құм тауларға іштарта қарап тұрғаны келді. Бала күнімде аудандық газетке «Топырақтаудың етегінде ауылым» деп мақала жазған мен пақыр туған жерім өзен-су мен ну тоғайға толы болса да, осы бір арса-арса құм тауларды ерекше жақсы көретінмін. Оны басқасы басқа, ал құм арасынан келген Қадыр ағамызға көрсетпеуім мүмкін емес болатын. Сонда ол кісі: «Апыр-ай, мынау нағыз Асанәлі кино түсіретін жер екен», – деп ерекше тамсанған еді. Өзінің өңі де сол кезде батар күннің шұғыласына бөленіп, топырақ түстене күреңітіп тұрғаны көз алдымда сурет боп қалды. Мақаламның «Қыш Адам» деген аты міне, осыдан да шықты.

Бәлкім, мен оның образын енді тапқан болармын. Оның сабырындай сабыр екінің бірінде жоқ. Оның төзіміндей төзім де ешкімде жоқ. Алғаш көргенімде ежелгі грек амфитеатрының алаңқайына жарқ етіп шыға келген ділмар шешенге ұқсап кеткен. Алыс та жақын әдеби ортада ол сол қыштан құйылған мүсіндей бір қырым артық еті жоқ сыптай қалпынан бір өзгермеді. Оның жетпіс алты жас жасаған өмірінде жетпістен астам кітап шығарғанын ойласаң, бұл ешқандай да көпірме қызыл сөз емес екенін ұғасың. Өмірінің соңындағы оншақты жылда 2 томдық афоризмдер, 20 томдық шығармалар, 11 томдық аудармалар дайындап кетіпті.

ҚР Мемлекеттік сыйлығынан басқа, қазір жойылып кеткен Қазақстанның халық жазушысы атағын да алыпты, қазір берілмей кеткен «Тарлан» сыйлығына да ие болып үлгеріпті. Бұл оның қай-қай ортада да сыйлы адам болғанына айқын дәлел.

Ал қазір әртүрлі әңгіме өлген адамдар туралы да айтыла беретін болды. Әрі мұны «Иірімде» Қадағаңның өзі бастап берді. Сонда таяқтың бір басы өзіне кеп тиерін білмеді деп айта алмайсыз. Қазіргі «жұлдыздардың» басындағы сұмдықтардың қасында ол әңгімелер «әкем-ай» деп көрісетіндей бар. Егер Қадағаң көрегендікпен оның да алдын алмаған болса, бүгінде әдеби ортаны топан су басқандай күй кешер едік. Себебі, қоғамымыздың беткеұстары саналатын ақын-жазушыларға қатысты әңгімелер «Мың бір түн» хикаясынан бір мысқал да кем түспейтіндей көрінетін. Осының бәрін ащысын да, тұщысын да сұрыптап, сараптап өз аузымыздан айтқанымыз халыққа да оң әсер етті. Ондай ақыл иесінің сырттан емес, өз арамыздан табылғанына мың да бір шүкір деуіміз керек. Қаздиған бойы, қандауыр ойы, қанжардай сойымен де есте қалған қаламгердің туған әдебиетіміз үшін жасап кеткен бір еңбегі осы.

Бұған қарап қазақтың қай жазушысы да әдебиет үшін бір Қадыр Мырза Әлидей-ақ еңбек етсе қанеки дегің келеді. Бірақ қазақ жазушысының маңдайына тек қана әдебиет үшін өмір сүру бақытын жазбаған. Ол жәй адам емес, ұлтының отымен кіріп, күлімен шығатын адам болуы керек. Әйтпесе өлеңі ұрандай, романы қорғандай болғанына да қарамайтын болды мына жұрт. Жазудың азабына қаймана жұрттың мазағы қосылса, өмірің тозаққа айналмай ма?!  Бірақ олар ет пен сүйектен емес, құм мен топырақтан жаралғандай соның бәріне де төзіп келеді. Міне, жазып отырған мақаламды аяқтай бергенімде оқырманы көп сайттардың бірінде «Жұрттың жоғын жоқтамаған жазушы жазушы ма?» деген тағы бір мақала жарқ ете қалды. Көзі тірі болып, мұны оқыса қыш мүсін Қадыр ағамыз: «Енді біз не істеп жүр екенбіз?» деп қаздия қалар ма еді, кім білсін. Телі-тентектің сөзі бас жарса:

«Абайла
Күннің үкісін
Жіберер болсаң қозғап бір,
Сау етіп көктің күмісі
Төгіліп кете жаздап тұр.
Қажеті желдің жоқ тегі,
Үф – десең болды аздап бір,
Селдірлеу бұлттар көктегі
Сетінеп кете жаздап тұр!
Даусыңды – алмас қылышты —
Көтерер болсаң аздап бір,
Тырсиып піскен тыныштық
Жарылып кете жаздап тұр»! – деген Қадыр ақынның сөзі тас жарады!

Бұдан кейін «Ақын батыр болмаса ақын емес» деудің жөні бар ма?! «Батыр ақын болмаса ақын емес» дегендей қисынсыз-ақ. Талантты бір ақын айтқандай, «бұл заман да өтер-кетер».  Ақын-жазушыларға әдебиет үшін алаңсыз өмір сүретін күндер де туар. Бірақ, математикалық дәлдікпен жазылған Қадағаңның өлеңдері ол күндерге жете ме, жетпей ме, мәселе сонда!

Дереккөзі: «Ақ желкен» журналы, №8.

Тамыз, 2018

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3513