Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Саңлақ 4348 0 пікір 22 Тамыз, 2018 сағат 10:17

Қазақстан студенттер құрамасы өз тобында бірінші орын алды

Алматы қаласында студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтіп жатыр. 17 елдің жас футзалшылары Almaty Arena және Halyk Arena спорт кешенінде бақ сынауда.

Еліміздің студенттер құрамасы топтық кезеңдегі үш ойында да жеңілген жоқ. Алғашқы екі ойында жеңіске жетіп, үшінші матчта тең түсті.

Қайрат Құлбарақов шәкірттері алғашқы ойында Чехия құрамасын 4:3 есебімен жеңді. Қазақстан құрамасы сапынан Дәурен Тұрсағұлов пен Ақеділ Мәдияров екі голдан соқты.

Қазақстан – Чехия – 4:3
Гол соққандар: Тұрсағұлов (2), Мәдияров (2) - Павел Дрозд (2), Давид Дрозд
19.08.2018. Алматы. Almaty Arena.

Ал екінші кездесуде біздің футзалшылар Жаңа Зеландия құрамасынан басым түсті. Бұл матчта 2:0 есебі тіркелді.

Қазақстан - Жаңа Зеландия - 2:0
Гол соққандар: Черномордов, Кнауб.
20.08.2018. Алматы. Almaty Arena.

Топтық кезеңдегі соңғы ойында еліміз құрамасы жеңіске жете алған жоқ. Қазақстандық студент футзалшылар Беларусь елінен келген құрдастарымен 1:1 есебімен тең тарқасты. Қазақстан құрамасының ойыншысы Арнольд Кнауб екі ойын қатарынан гол соқты.

Қазақстан - Беларусь - 1:1
20.08.2018. Алматы. Almaty Arena.

Осылайша, жарыс қожайындары жеті ұпай жинап, өз тобында бірінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, әлем чемпионаты 26 тамызға дейін жалғасады. Ойындар Halyk Arena және Almaty Arena мұз сарайларында өтеді. Ғаламдық додаға 17 елдің өкілдері қатысуда. Алматыға шын мықтыны анықтау үшін 16 ерлер 9 әйелдер кұрамасы келген болатын.

Abai.kz

0 пікір