Жұма, 19 Сәуір 2024
Саңлақ 4665 0 пікір 17 Тамыз, 2018 сағат 12:53

«Қайратқа» білікті бапкер керек

«Қайрат» футбол клубы биыл Еуропа лигасы аясындағы жорығын іріктеу кезеңінің үшінші айналымында аяқтады. Алматылықтардың жолын кескен Чехияның «Сигма» командасы.

Бауыржан Исламхан бастаған жігіттер екінші айналымда азулы «АЗ Алкмар» командасын артқа тастаған болатын. Алайда, бұл алдамшы нәтиже болып шықты. Жаңа маусым басталғалы ала-құла өнер көрсетіп жүрген алматылық команда жанкүйерлерін жерге қаратып кетті.

Бапкерлері мен ойыншылары миллиондаған жалақы алатын «Қайрат» командасын жолдан шығарған Чех елінің шеберлері жайлы айта кетейік. «Сигма» - тура бір ғасырлық тарихы бар клуб. Бірақ, бұл команда Еуропаның үздіктері қатарынан саналмайды. Германияның атақты transfermarkt сайтының мәліметіне сүйенсек, команда сапындағы ойыншылардың трансфер нарығындағы жалпы құны 9,45 млн еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншысы — Якуб Плшек (1,3 млн). Ал алматылық команда ойыншыларының құны 15.8 млн.

Чехиялық команданың бір ерекшелігі команда сапында жалғыз легионер бар. Ал өзгесі өз елінің ұландары. бізді қызықтырғаны да дәл осы жағдай. Команда шетелдік шеберлерге емес, жергілікті ойыншыларға сенім артады. Салыстыру үшін айта кетейік, «Қайрат» сапында 9 легионер доп тебеді. Кеше «Сигмаға» қарсы ойында бұлардың жетеуі жасыл алаңда өнер көрсетті. Басқаша айтқанда, «Қайраттың» қыруар қаржыға шақырған шетелдік ойыншылары, тек чехиялық футболшылардан құралған ортаңқол команданы жеңе алмады. Жеңе алмады дейміз-ау, қос ойынның қорытындысы бойынша 4:1 есебімен масқара болып жеңілді.

Ал бұл жеңіліске іші ашып, өзін кінәлап отырған бапкерді көрген жоқпыз. Бапкер деп «Қайрат» командасы Испаниядан аттай қалап алдырған Карлос Алос Феррер жайлы айтып отырмыз. Бұған дейін бірде-бір кәсіптік клубтың тізгінін ұстап көрмеген Карлос бапкер өзінің біліксіздігін байқатып жүр. Сардары айбатты, сарбазы қайратты алматылық команданың тәлтіректеп екі аяғын тең баса алмай жүргеніне осы испан маманы кінәлі.

Кеше матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында журналистердің «келесі кезеңге өте алмауымызға сіздің бапкерлік тәжірибеңіздің аздығы себеп болды ма» деген сұрағына, өзінің шынымен де «Сигма» командасының бапкерімен салыстырғанда тәжірибесіз екенін айтты. Соған қарағанда, Карлос бапкер Еуропа лигасы сынды ірі турнирде команданы үлкен жетістікке жеткізуге дәрменсіз екенін мойындайтын секілді.

Ендеше, өзіне де, ойыншыларына да сенімсіз тәжірибесіз шетелдік маманға сенім артудың қанша қажеті бар. Еурокубоктарда ел үмітін ақтайды деген «Қайраттың» тізгінін қалайда білікті бапкер ұстағаны жөн.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

0 пікір