Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7849 0 пікір 6 Наурыз, 2011 сағат 15:20

Мір Шайыр. Ман ата немесе «Маңқыстау» атауының шығу тарихы туралы

Мәселе 1975 жылы Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» кітабындағы зерттеулер тәсілдерінің қуат беруінен Маңқыстау (ол кездегі жазылуы осылай) атауының пайда болуын, мұндағы біріккен сөздердің түпкі мағынасын сан түрлі мысалдармен, әдістермен жіліктеп, талдаудан басталып еді. Асықпай зерттей жүріп, содан сегіз жылдан кейін тарихи-лингвистикалық "Мекенім менің Маңқыстау" мақаласын жариялаған едім. "О, Данышпан Дүние!.." трилогиясынан соң "Великая Степь" трилогиясын орыс тілінде баяу жаза бастаған қазіргі күндері бұл еңбекте ең ежелгі, бұдан ондаған мың жыл бұрынғы Ұлы Даланың, Қазақстанның, Қазақ халқының Әлемге әлі мәшһүр емес, бірақ Әлем білуге, мойындауға міндетті жарқын, асулы тарихи сәттерін бүгінгі өмірімізбен кіріктіре, сан тарам дойырдай өріп шығарсам деп ниет еткем. Мұрат еткем. Қазіргі қазақ және әлем ғалымдарының кейбір "атүсті" тұжырымдарын өткір көзіммен аршып тазартып, қайта саралай жүрдім. Сөйтіп, ақырында бала кезден әрбір маңғыстаулықтың құлағына сіңген Ман Ата туралы аңызға Заратуштрадан (Заратустра), "Авестадан" таралған еңбектерден ("Заратустра. Учение огня. Гаты и молитвы") дерек таптым.
Бұл тақырыпты әуелі «Коммунис­тік жолдың» 1984 жылғы 29 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған «Мекенім менің Маңқыстау» мақаламнан бастайық. Маңызды мәлімет көп. Ол кезде «ман» сөзінің мән-мағынасын да көпшілік біле бермейтін.

Мәселе 1975 жылы Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» кітабындағы зерттеулер тәсілдерінің қуат беруінен Маңқыстау (ол кездегі жазылуы осылай) атауының пайда болуын, мұндағы біріккен сөздердің түпкі мағынасын сан түрлі мысалдармен, әдістермен жіліктеп, талдаудан басталып еді. Асықпай зерттей жүріп, содан сегіз жылдан кейін тарихи-лингвистикалық "Мекенім менің Маңқыстау" мақаласын жариялаған едім. "О, Данышпан Дүние!.." трилогиясынан соң "Великая Степь" трилогиясын орыс тілінде баяу жаза бастаған қазіргі күндері бұл еңбекте ең ежелгі, бұдан ондаған мың жыл бұрынғы Ұлы Даланың, Қазақстанның, Қазақ халқының Әлемге әлі мәшһүр емес, бірақ Әлем білуге, мойындауға міндетті жарқын, асулы тарихи сәттерін бүгінгі өмірімізбен кіріктіре, сан тарам дойырдай өріп шығарсам деп ниет еткем. Мұрат еткем. Қазіргі қазақ және әлем ғалымдарының кейбір "атүсті" тұжырымдарын өткір көзіммен аршып тазартып, қайта саралай жүрдім. Сөйтіп, ақырында бала кезден әрбір маңғыстаулықтың құлағына сіңген Ман Ата туралы аңызға Заратуштрадан (Заратустра), "Авестадан" таралған еңбектерден ("Заратустра. Учение огня. Гаты и молитвы") дерек таптым.
Бұл тақырыпты әуелі «Коммунис­тік жолдың» 1984 жылғы 29 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған «Мекенім менің Маңқыстау» мақаламнан бастайық. Маңызды мәлімет көп. Ол кезде «ман» сөзінің мән-мағынасын да көпшілік біле бермейтін.
...Каспий теңізінің шығысындағы ұланғайыр аумақты алып жатқан жер атауы - Маңқыстау. Ата-бабамыздан қалған асыл мұра мекеніміз, қойнауы байлыққа толы Маңқыстау... Оқыған, сан алуан ғылым салаларын меңгерген оның бүгінгі ұрпағы - біз туған өлкемізді жаңартып, жасартып жатырмыз. Бірақ оның озалдан неліктен бұлай аталғандығы бізге әлі нақты белгілі емес.
Әртүрлі басылымдарда бұған әркім әралуан пікір айтып жүр. Бірқатары бұрын осы түбекте Маңқыстау деген қала болғанын, қазір ол теңіз суы астында қалып, бұл өлкенің сол қала атымен аталып кеткен болуы әбден мүмкін екендігі жайлы пікір тастайды. Солай болса болар, бірақ оның Маңқыстау аталуы неліктен және ол не мағына береді?
Осы сұраққа жауап беруге талпынған бірқатар зерттеушілер Маңқыстау атауы «Маңғаз тау» деген сөздерден шыққан болар дейді. Көңілге жағымды болғанмен, бұл арзан жорамалға келісу қиын. Біріншіден, «Маңғазтауда» «з» дыбысы ассимиляцияланып, «с» дыбысына өзгерсе, бәлкім, өзгерер, бірақ ортадағы «а» дыбысы «ы» дыбысына айналатындай оңай эволюцияға беріле қоймайды. Себебі ол алдыңғы және соңғы буындардағы бар дауысымен «айқайлап» тұрған екі бірдей «а» дыбыстарымен қуатталып, онан сайын айқындалып тұр. Сондықтан «Маңқыстау» сөзінің ортаңғы буынындағы «ы» дыбысы өзгеріс жолымен пайда болған емес, қазақ тілінін барлық заңдылықтарына сай органикалық орналасқан «ы» екенін мо­йындаймыз. Екіншіден, кейбір жазбалар­да ол «Мангышлак» делінеді. «Мангышлак» пен «Маңқыстау» күмәнсіз бір мағынаны білдіріп, бір-бірін дәл баламалап тұр. Бастапқы түбір екеуіне ортақ. Мәселені содан бастаған тиімді. Ал әзірше шолуымызды жалғастырайық.
Бірқатар лингвистер Маңқыстау атауы «Мыңқыстау» деген сөздерден шыққан болар деп дүбәра болжам айтады. Мың қыстау... Маңқыстау... Қапелімде көкейге қона кететін секілді. Бірақ мәселеге үңіле келе, бұған да келісе алмаймыз. Себебі бұл жағдайда алдыңғы буындағы «ы» дыбысы өзгеріске енуі ешбір мүмкін емес. Өйткені төңірегіндегінің бәрі оған ықпал етуге пәрменсіз дауыссыз дыбыстар және екінші буында оны тағы бір «ы» дыбысы қуаттап тұрған болар еді. Ал соңғы буындағы жалғыз «а» дыбысы өзінің алдындағы екі бірдей «ы» дыбысына әсер ете алмақ емес. Бұдан шығатын қорытынды - «Маңқыстау» атауының алдыңғы буынындағы «а» дыбысы табиғи орныққан «а» екені кәміл. Екіншіден... Маңқыстаудағы қыстауларды кім, қашан санай қойды екен? Бүйтіп күмәнданушылар да жоқ емес. Оған бір қосымша дерек: Қазақстанда «Мыңжылқы» деген жер бар. Ол «Маңжылқы» деп өзгере қоймаған...
Сонда «Маңқыстау» атауы қайдан шыққан? Оның мағынасы не? «Қыстау» түсінікті делік. Ендеше, «ман» не мағына береді?
Республикалық басылымдарда бұрын жарияланған мақалаларда «ман» сөзі ежелгі оғыз тілінде «қой» деген мал ата­уын білдіретіндігі, демек, Маңқыстау «қой қыстауы, қойлы мекен» деген ұғымды беруі мүмкін деп болжалдайды. Авторлар «ман» сөзінің бұл жерде тек қана осы мағынада тұрғандығына нақты дәлел келтіре алмайды. Сонда «ман» сөзі не мағына береді?
Осы сұрақ әрдайым менің бір бүйірімде жататын. Оған жауап іздеп, көптеген анықтамалық, ғылыми әдебиеттерге, сөз­діктерге үңілдім. «Ман» қазіргі қазақ, түрікмен және басқа түркі халықтарының көне тілінде «адам» деген ұғымды білдіреді екен. Бірақ «Маңқыстау» «Адам қыстауы, адам мекені» деген мағынаны білдіретіндігіне қалай көз жеткіземіз? Бұлтартпас дәлел бар ма? Маңқыстаудан өзге жер аттарында, басқа да сөздерде тіркесіп айтыла ма? «Ман» сөзі түркі халықтарының тілдерінде, соның ішінде қазіргі қазақ тілінде өзінің бастапқы «адам» мағынасында сақталған ба? Әліге дейін қолданылып жүр ме? Сөйтсек, бар екен... Қолданылып жүр екен... Және өте көп пайдаланады екенбіз. Біз оның тек бастапқы мағынасын ұмыта бастаппыз...
Қазіргі қазақ тілінде, сондай-ақ қазақтармен тілдік байланыста болған басқа үндіеуропалық ұлттар тілдерінде «адам» мағынасында қолданылып тұрған «ман» сөзіне қатысты жүздеген мысал бар. Олардың қазақ тіліндегі пайда болу тарихына - этимологиясына да көз жібердім. Әрине, көбі архаизмге айналып барады. Ал бірқатары бертін пайда болып, қазіргі әдеби тіл нормамызға берік орныққан. Сондай ежелгі сөздердің бірі - «қаһарман». «Қаһар» араб, парсы тілдерінде «құдірет» деген ұғымды білдіреді. Ол «ман» сөзімен бірігіп, бастапқыда қазақ тілінде алдына келгенді кәрлі сұсымен имендіретін, суық түсті айбынды батыр адам деген мағынаға ие болған. Былайынша - қаһарлы адам. Ал жаңа әдеби тілімізде «қаһарман» «батыр адам», «кейіпкер» деген биязы тұлғаға айналған. Немесе - «шабарман». Бұрынғы кезде үстем тап билеушілерінің бұйрығын, жарлығын, олардан тарайтын жаңалық хабарларды халыққа жеткізуге шаптырып жіберетін немесе «алып кел, барып келдің» адамын осылай атаған. Қазіргі халықаралық ұғымда бұл - «курьер». Сол сияқты «аламан» сөзі де бір елді шауып, олжа алып қайтушы адам немесе сондай адамдардан құралған әскер қолы деген мағынаны білдіреді. Жаңа өркениетке дендеп енген қазақтың қазіргі тілінде «аларман» сөзі пайда болып, қолданыла бастады: «аларман» - «покупатель». Сол сияқты «оқырман», «көрермен» (көрерман).
Ал «атаман» - мемлекет билігіне ба­ғынбайтын әскери отрядтың, топтың бас­шы адамы. Дәл мағынасында - ата адам. Атамандар Кеңес өкіметі тұсында бүлікшіл­дер ретінде біржола жойылды. Ме­ніңше, өте дұрыс жасалған. Себебі атамандар бастаған жасақтар күшімен патшалық Ресей көрші халықтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, жерлерін тартып алып отырған.
Бұрынғы кездері «ман» сөзі адам­дардың кәсібіне байланысты анық­тауыш сөздерге қосып айтылып, кейін сол адамдардың еңбек, кәсіп құралдарының атауына айналып кеткен. Мәселен, «сақман» (дәл мағынасында - сақ адам) - егінді құстан қорғайтын адам. Кейін бұл кәсіп иесінің егіске қонған торғайларды тас лақтырып үркітетін қа­рапайым еңбек құралы «сақман» атауына ие болып, адамның өзі «сақманшы» аталып кеткен. Қазір біз төл күтушілерді осылай «сақманшы» деп жүрміз. Аңшылық құралы қақпанның да төркіні «қақман» - аң ұстайтын адам. Мұнда «м» дыбысы алдыңғы қатаң дауыссыз «қ» дыбысының кейінгі ықпалымен қатаң дауыссыз «п» болып өзгерген. Немесе «құрал-сайман» сөзін алайық. Бұл алғашында «құралы сай адам» деген мағынаны білдірген. Қазір ол еңбек, кәсіп құралдарының жиынтық жалпы атауы мәніне ие болған. Бұл сөз әуел баста Алтай өңірінде, ұсынақты найман тайпасында пайда болуы әбден ықтимал. Ежелгі Лу Синнен жеткен қасиетті аңыз бойынша «найман» «киелі қызыл иттен жаралған адам» деген мағынада. «Най» - қызыл ит, «ман» - адам. Бертін келе «най» «жолбасшы адам» мағынасын иеленгенін байқаймыз. Мәселен, «ауылнай» - ауылдың басшы адамы.
Қазақ Көкбөріден жаралдық дейді. Итальяндықтар Қара қасқырды еміп адам болдық дейді. Бәрінің төркіні бар. Қасқырдың ит тұқымдас екені әуелден мәлім. «Итальян» сөзінің түпкі шығу тегі - «ит-ал-ман» десек, қателеспейміз. «Ит емізген адам» дегенді білдіреді. Екінші­ден, қазақта аналықтың бөтен, жетім төлді «алуы» - «емізуі» деген мағынада. Бұл - көнеріп бара жатқан сөз. Италияның ежелгі түркілермен байланысы Аттиладан да (т.ж.б. - 453 жылы қаза тапқан) сан ғасыр бұрын болған. Бұл арийлер мен ежелгі түркілердің бұдан бес, алты мың жылдың аралығында Ұлы Дала бойымен Батыс Еуропаға өткен дәуірлерінде, одан бұрын да болғанын байқаймыз. Содан тіл алмасулары да жүзеге асқан. «Ит-ал-аман» біздегі «итемген» (ит-ем-ген(ит емуші адам) есімдігімен мағыналас. Бұл жерде «ген» - «адам» мағынасында. Мәселен, «көреген» - көргіш адам.

<!--pagebreak-->

Қазіргі қазақ тілінде «ман» сөзі қосы­лып айтылатын бұдан да басқа көптеген сөздер бар. Соның бірі «бағман» - бақ өсіруші адам. Алдыңғы «б» дыбысының әсерімен қазақ тілінде «бағбан» деп айтылып, жазылады. Қазақстанның бірқатар оңтүстік аудандарында әліге дейін осы «бағман» тұлғасында айтылатыны бар. «Бақ» сөзіндегі «қ» дыбысының бұл жерде ілгерінді ықпалмен ұяң дауыссыз «ғ» болып өзгеруі бізге түсінікті. Немесе «дұшпан» - жау адам. Тәжік, ауған, өзбек тілдерінде «дұшман» деп айтылады. Ал қалтаға түсуші ұрыларды қазақ «қалтаман» (карманник) деп атайды. Бұдан да басқа мысалдар келтірейік. Айталық, «думан», «құман», «қырман», «мұсылман» (муслиман), «меңдуана» (мандуана), тағысын тағы. Бірақ бұл сөздердің пайда болу, қазіргі мағынасына ие болу тарихы ұзақ әңгіме. Дегенмен ойлана үңілген оқырман жоғарыда біз талдаған үлгімен олардың «ман»-«адам» сөздеріне қатысын айқындай алады.
Қазіргі үндіеуропа тілдеріндегі сөз­дерден мысал келтірейік: супермен (суперман), гурман, рекордсмен (ман), бармен, киберман (киборг) және басқа.
«Ман» сөзі адам аттарында да, жер атауларында да өте көп кездеседі. Әсіресе, Маңқыстауда. Бауырлас халықтардың және түрікмен тілінде де солай. Реті келгенде айта кетейін, түрікмен сөзі де «түрікман» - «түрік адамы» деген мағынада.
Маңқыстауда көп кездесетін адам аттарының бірі Қараман - қара адам. Сол сияқты Сарман - сары адам. Ақман - ақ адам. Нұрман - жүзі нұрлы, шұғылалы адам. «Нұр» - біздің бағзы тілімізде, сондай-ақ моңғол тілінде аспан мағынасында. Қазақ жаңбырдан іркілген қақты «нұрдың суы» (аспан суы) деп те айтады. Қазақ тілінде «нұршапағатты» сәуле, жарық» деген ма­ғынаға ие болған. Мәселен, күннің нұры. Бұл әлгі пікірімізді қуаттай түседі. Сондай-ақ Айман - ай дидарлы адам (қыз) деген ұғымды білдіреді. Нұғман да - адам аты. Түбірі Нұқ - пайғамбардың есімі. Інжіл кітабында Ной - топан су туралы аңыздың кейіпкері. Немесе Александр Македонскиймен соғысқан бағзы сақ, дай қолбасшысы Спитаменді алыңыз. Заратуштра Спитама руынан. Спитамен (Спитаман) сол рудың құрметіне қойылғанын байқау қиын емес. Қазір балаға Өзбек, Әзірбайжан, Тәжік, Орысбай деп ат қоятынымыз секілді.
Енді Маңқыстаудағы «ман» сөзі қо­сылып айтылатын жер атауларына тоқ­талайық. Шетпенің батысында, Шайыр мен Тұщыбектің арасындағы таудың биік шоқысы Отпан (Отман) тауы деп аталады. Мұның «от адам» деген түсінік беретіні енді бізге айқын. Бірақ ол неліктен бұлай аталған?
От арқылы белгі беру тарихта өте ерте дүниеден белгілі. Бұл байланыс тәсілі Ежелгі Шығыста, түркі халықтарында, Грецияда, Кавказ халықтарында және де басқа көптеген елдерде түн қата жүрген керуен, жолаушыларға белгі беру мақсатында, сондай-ақ елге шапқыншы жау тиіп жатқанын білдіріп, қорғану, қол жинау мақсатында, дабыл ретінде қолданылған. Теңіз, мұхиттардағы кемелердің бағытын айқындауға қазір қолданылып жүрген маяктың да шығу тарихы осы от арқылы белгі берумен тығыз байланысты.
Ертеде жаугершілік көп болуына байланысты от арқылы белгі беру, басқа да көршілері сияқты, Маңқыстауда кеңінен мәлім болған. Шапқыншылар келетін бағыттағы алысты болжауға қолайлы биік тау басында күндіз де, түнде де күзеттер тұрып, ол жау келе жатқаны жөнінде кейінгі елге от жағып хабар беріп отырған. От алыс аймақтардағы биіктіктер басынан бір-біріне виртуалды эстафета ретінде беріліп, ол ақырында бүкіл елге көрінетін ең биік тау басында маздатылған.
Маңқыстауда Мансуалмас деген жер бар. Бұл «адам су алмас» деген мағынада ма, әлде «суы сарқылмайтын» деген ойды білді­ре ме, әйтеуір, тарихы тереңдегі атау екенін пайым­даймыз. Ең бастысы - мұндағы «ман» «Маңқыстау» атауындағы тектес тұлғамен үндесіп тұр.
Сай - Өтес станциясына таяу жердегі Үстіртке көтерілетін биік тауды, асуды халық ежелден Ман Ата (Манаты) деп атайды. Әуелі бұл жерде «ман» сөзінің «адам» мағынасында тұрғандығын дәлелдеу үшін білім-білігі көбірек үлкендердің сөзіне, халық аузындағы тұжырымдарға жүгінеміз.
Кезінде Тоқтамыс Үсен әулиемен, бүгінде Самдағы Теректінің ежелгі Көш­мағамбет қорымында жерленген, басына зиярат етіп, түнегендерге шапағатын тигізіп жатқан дана тұлғамен ұзақ уақыт бір қоныста отырып, зайырлы әңгімелерін естігем. Ескіше үлкен білімді, шетелдерде оқыған, тарихтан, орыс тілі мен әдебиетінен (орыс романдарын әуелі сол үйден көріп, оқуға тырысқам), қазіргі ғылымнан, соның ішінде алгебрадан (аль джабр) да білігі мол бұл кісі: «Ман Атаның өзі Адам Ата деген сөз» деп отыратын. Жергілікті жердегі бұдан да басқа көзі ашық үлкендердің, өз ата-анамның біз сөз етіп отырған орынды «Адам Ата - Ман Ата» деп қосарластыра, ал кейде ашық дауысты дыбыстармен үндестіре «Адам Ата әулие» деп сиынып отыратынына талай мәрте куә болдым. Бұл - әрбір маңқыстаулыққа тән.
Дей тұрғанмен, халық осы жердегі қасиет иесін неліктен Адам Ата немесе Ман Ата дейді? Ол кім? Кәдімгі мифтік Хауа Ананың сүйіспенді Адамы ма?
Бір ғажабы - Маңқыстаудағы Адам Ата - Ман Ата Хауа Анаға байланысты айтылмайды. Ендеше, бұл көзбен көруге, қолмен ұстауға болатындай, нақты, бағзы замандарда да айқын деректерге сүйеніліп, өмірде болған адамға қатысты айтылған Сөз, Атау болып тұр ғой.
Қазір көзі сиреп бара жатқан ұлы­ла­рымызға құлақ түрсек, ескіден жеткен қасиетті шежірелер бойынша, дәл осы Ман Ата аймағындағы қалың жынысты, адам аяғы баса бермейтін таулы шатқалдарда Адамзаттың Түп Атасы Ман Атаның сүйегі жатқан көрінеді! Мұны біз жаңағы Тоқтамыс Үсен әулие тұрпатты ұлылардан мың мәрте естігенбіз. Ал қазақтың зайырлы ақыны Түмен Балтабасұлы (1884-1957) «Маңқыстау» толғауында «Маңқыстау - машайықтың жатқан жері» деп айқындай түскен. «Машайық» - алғашқы адам (хомосапиенс) деген мағынада. Дегенмен қосымша фактілер болмаған соң Ман Ата аңызы аңыз күйінде қала берген.
Әрине, соған қарамастан, осы де­ректермен-ақ Ман Ата атауының Адам Ата деген ұғыммен егіз екендігіне оқырманды иландыруға болар еді. Сөйтіп, «Маңқыстау» атауындағы «ман» сөзінің «адам» мағынасында тұрғандығын, демек, бұл атау ежелгі һәм қазіргі қаһарман адамдар мекені деп айқындай, дәлелдей түсер ек. Алайда оқырман көкейінде қылтанақтай да күмән қалмауы үшін мұны адамзаттың ежелгі пайғамбары Заратуштраның есі­мімен, ол қалдырған жазба ескерткіш «Авестамен» байланыстыра түйіндеген орынды. Заратуштра деректері бойынша Адамзаттың Арғы Атасы Манн дәл осы аймақта, Заратуштра ғұмыр кешкен дәл осы өңірде, бірақ одан сан мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген екен. Шетелдік зерттеушілер Г.Уэллс, П.Шантепин де ля Соссей, ресейлік А.Шапошников, В.Абаев, В.Людвинская, сондай-ақ әйгілі неміс философы Фридрих Ницше бұл туралы аңыз-дерек тек ирандықтарда, германдықтарда және бірінші кезекте сақтарда (скифтерде), демек, бүгінгі қазақтарда сақталған деп дәлелдейді.
Дей тұрғанмен, сабыр етейік: Ман Ата - Адам Ата нақты тарихи тұлға болса, ол кім? Маңғыстауда өмір сүрген делік. Қайда туған? Қайдан келген?
Осы тұста адам баласы тарихы үшін аса маңызды бір мәселеге назар аударған жөн. Ғалымдар осыдан 70-80 мың жыл бұрын, бәлкім, одан да ертеде, соңғы деректер бойынша 150 мың жылдай бұрын, Африка құрлығынан Солтүстікке көшкен бағзы адамдар теңіздерді, өзен-суларды жағалай-жағалай, қазіргі Таяу Шығысқа, Жерорта теңізі аймағына жеткен, одан Еуропаға, біздің Арқа өңірлеріне асқан деп тұжырымдайды. Бірақ Парсы шығанағы төңірегіндегі, Таяу Шығыс, Алдыңғы және Кіші Азиядағы елдерде Манның Бастапқы Қонысы туралы мұндай аңыз, дерек жоқ. Ендеше, Африкадан ежелгі адамдар, мәселен, Манн бастаған алғашқы лек теңіз жағалай әуелі Маңқыстауға келген, көшбастаушы көсемі Манн осы жерде жерленген; сол алғашқы лектің ұрпақтары Каспийдің шығысымен, терістігімен Еуропаға, біздің Арқа өңірлеріне өткен де, бір бөлігі таулы, сулы, нулы осы аймақта қоныстанып қалған; тек содан мыңдаған жылдан кейін басқа лектер неғұрлым қысқа жол - Кіші Азия арқылы Еуропаға қоныс аудара бастаған деуге негіз жоқ емес. Бұдан 70-80 мың жыл бұрынғы Каспий теңізінің оңтүстік, оңтүстік-шығыс, солтүстік-шығыс және солтүстік аймақтары Таяу Шығыс аймақтарынан биік болуы себепті олардан бұрын құрғап, бұрын көкорайланып, флора мен фаунаға ерте байыған, адам өміріне қолайлырақ болған. Археологиялық, геологиялық деректер бұл пікірді қуаттай түседі.
Маңғыстау жер рельефтері, таулары қазіргі қалпына осыдан 5 миллион жылдан астам бұрын келіп, орныққан. Тектоникалық ығысулар, жер көшкіні содан кейін болмаған. Маңғыстау таулы шатқалдары үй сияқты. Бекет Ата, Шопан Ата, Шақпақ Ата, Масат Ата, Нияз Қожа әулие орындарына, мыңдаған таулы қойнауларға қазір де паналап отырғың, өмір сүргің келеді. Егер шетелдерден, мәселен, Германиядан өз қаржы, құрал-жабдықтарымен мамандар шақыртып, Ман Ата аймағына, сондай-ақ Жығылған, Тамшалы, Ақеспе, Ұсақ, Үшауыз жерлеріндегі, Ақтаудағы, Каспийдің таулы жағалауларындағы, Шайыр маңындағы, одан да басқа тым ежелгі адамзат қоныстарына, Айрақты, Шерқала үңгірлеріне, Манашы, Сыңғырлау өзендерінің таулы сағаларына, Шүңкілдек, Қарабұлақ шатқалдарына 10-20 жылдық ұзақ бағдарламамен археологиялық жұмыстар жүргізсе, Ман Атаның, ол өмір сүрген дәуірлер адамдарының қаңқаларын немесе алуан-алуан артефактілер табуға болар еді. Бұл Ұлы Дала тарихына, Адамзаттың өз тегін танып-білуіне әлемдік бетбұрыс әкелмек. Ман Ата тауының етегі мен биігі туристік қала салуға қолайлы.
Адам Ата - Ман Ата туралы аңыз бүгінгі Қазақстан, Маңқыстау жерлеріне арийлер келгенге дейін, Заратуштраның «Авестасынан» ондаған мың жыл бұрын пайда болғанын аңғарамыз. Арийлер осыдан 10-12 мың жыл бұрын Ұлы Материк қақ айырылып, Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка және Азия құрлықтары пайда болған кезеңде (меніңше, ғайып болған Атлантида сол жерде) бір бөлігі арғы бетте, бір бөлігі Жапон аралдарында (айн тайпасы) қалып, ұлы көші жаңа қоныс іздеп, оңтүстік-батысқа Аляска беттен жылжи-жылжи, осыдан 8 мың жыл бұрын бүгінгі Қазақстан жерлеріне ене бастаған. Ұлы Даланы шамамен 5,5 мың жыл бойы еркін жайлаған. Даланың бағзы тұрғындарымен арада қақтығыстар болып тұрғанмен, негізінен, бейбіт қатар өмір сүрген. Сосын осыдан 5 мың жыл бұрын бір бөлігі қазіргі Ауғанстан үстімен Үндістанға (Махатма Ганди, Джавахарлал Неру - арийлыктар. Неру. «Взгляд на всемирную историю» трилогиясы), бір бөлігі Маңғыстау, Түрікменстан үстімен Иранға, одан Еуропаға, ал үшінші бөлігі Каспийдің солтүстігімен Батыс Еуропаға қоныс аудара бастаған. Бүгінгі эстон, литван, латыштардың, немістілді ұлттардың бәрі - арийлықтар. Арийлармен бірге біз­дің ежелгі бабаларымыз, сақтардың бір бөлігі, жер бетінің басқа аймақтарына ілесе көшкен немесе арийлерді ілестіре көш­кен деуге негіз көп. Ежелгі сақтардың, арий­лердің бүгінгі испан, итальян, француз ха­лықтарына ықпалының ізі әлі байқалады. Герберт Уэллс зерттеулеріне көз жүгіртіңіз. Немесе Германиядағы Саксония жерлерін алыңыз. Англо-сақ этнониміне назар ау­дарыңыз. Бұл - шетіне көз жетпейтін телегей тарих. Сондықтан біз уақыт жоғалтпай, Ман Ата тақырыбына оралайық.
Сөйтіп, Ман Ата туралы аңыз «Авеста» арқылы тараған, оны арийлер, сақтар герман тайпаларына, ирандықтарға Ежелгі Қазақстан жерлерінен, Маңқыстаудан ала барған деуге дәлел көп. Сол дәлелдердің ең бастысы - «Авестаның» алғашқы кітаптары бүгінгі Маңғыстау, Үстірт жерлерінде дүниеге келгені! Т.Жұмаханов, Б.Жұмабаев, Л.Тетенко, Т.Шаңбай, Ж.Байжумин еңбектерін қараңыз. «Авес­тада» Қазақстанның жер атаулары - өзен, көл, таулар, сондай-ақ қазіргі қазақ сөздері ондап кездеседі. Арнайы мақала да жаздым.
Өздерін арийлердің тікелей ұрпағымыз деп білетін бүгінгі германдықтарда, не­містерде МАНН есімі ерекше қасиетке ие. Олардың бойында бүгінгі Қазақтың ежелгі ата-бабаларының, ал біздің ұлттың әрбір адамының бойында бағзы арийлердің бір-бір тамшы қаны бар десек, бұл - ақиқат. Жақында бір телешолудағы көрініске таң-тамаша болдым: ұлты неміс, орта салмақ­тағы еуропалық боксшы күрең шашын қып-қысқа алдыртыпты да, екі шекесіне, аппақ құйқасына дейін тықырлатып, Адай таңбасын салдырып алыпты! Фамилиясын анық ести алмадым. Шнайдер секілді. Ақтаудан тарихи Отанына барған жас өзін «Адаймын!» деп басқаларға қыр көрсетіп жүр ме (Маңғыстауда ондай еуропалықтар, «Мы, адайцы, в Москве шороху дали» деп жүретін орыстар, тағы басқалар да болған), әлде бұл бағзы замандардың жаңғырығы ма, білмедім. Жалпы, бүгінгі ұлттар дәстүрлері мен ғылымда пайдаланылатын көптеген таңба, белгілер қазіргі Қазақ руларының таңбаларынан аумайды. Мұны «Ұлы Дала» - «Великая Степь» трилогиясында ішінара пайдаланамын. Дегенмен осы жөнін біреу қажымай-талмай, байыпты зерттесе, бұл Адамзат таным-біліміне үлкен үлес болар еді.
Осылайша «Маңқыстау» атауы әу баста Адамзаттың Түп Атасы Ман есіміне байланысты туған.
Алғашқы «ман» сөзі «адам» деген мағынада тұр деп есептеймін. Ал атаудағы үшінші тұрған «н» дыбысы қазақ тілінің морфологиялық ерекшеліктеріне және алғашқы ұяң дауыссыз «м» дыбысының кейінгі әсерімен, сондай-ақ қысаң дауыссыз «қ», «с» дыбыстарының ілгерінді ықпалымен ассимиляцияланып, ұяң дауыс­сыз «ң» болып өзгергенін тәптіштеп дәлелдеу артық болар.
«Маңқыстау» атауының шығу тарихы туралы шындық пікір осы деп есептеймін. Бірақ шындықтан гөрі өтірік тез тарайтынын ескермеске болмайды. Сондықтан мұндай мәселелер туралы пікір айтқанның жөні осы екен деп, әркім басына келген қиялды дерексіз, келіссін-келіспесін оңды-солды соқталап жаза беруге болмайды деп білемін. Менің бұл тақырыппен асықпай шұғылданғаныма биыл 35 жыл болған екен.

«Ана тілі» газеті

0 пікір