Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2676 0 пікір 6 Наурыз, 2011 сағат 15:04

Асқар Ақтілеу. Қазақ газетін қайдан табамыз?..

Қазақ газеттерінің дүңгіршектерде аз, тіпті керек десеңіз, өте сирек кездесуі бұрыннан белгілі жайт, бүгін де ешкімге таңсық емес. Көп жағдайда айтылатын басты сылтау - сұраныстың төмендігі. Расында да, солай ма?!

Таяуда бір жайттың куәсі болдық. Елордадан шыққан қазақ тіліндегі жаңа басылымдардың бірінің өкілі еліміздің батыс өңірін аралай келе, ат басын Ақтөбеге де тіреді. Қаладағы санаулы ғана тарату нүктелерін аралай жүріп, газеттерді тарату бойынша келіссөздердің Алматы не Астанада жүргізілетінін білдік.

Қазақ газеттерінің дүңгіршектерде аз, тіпті керек десеңіз, өте сирек кездесуі бұрыннан белгілі жайт, бүгін де ешкімге таңсық емес. Көп жағдайда айтылатын басты сылтау - сұраныстың төмендігі. Расында да, солай ма?!

Таяуда бір жайттың куәсі болдық. Елордадан шыққан қазақ тіліндегі жаңа басылымдардың бірінің өкілі еліміздің батыс өңірін аралай келе, ат басын Ақтөбеге де тіреді. Қаладағы санаулы ғана тарату нүктелерін аралай жүріп, газеттерді тарату бойынша келіссөздердің Алматы не Астанада жүргізілетінін білдік.

Орталықта қазақтілді басылымның тағдыры қалай шешіліп жатқанын білмеген соң, ол туралы ештеңе айта алмаймыз. Ал Ақтөбедегі бір тарату мекемесінің басшысы дүңгіршектерінің тарлығын айтып, онсыз да өтпей жатқан газеттерінің көптігін алға тартып, әлгі жаңа басылым өкілінің ұсынысына әрең құлақ асты.
- Егер газеттеріңнің жарнамасы керемет болса, мен оны таратуға аламын. Жарнамасы жадағай болса, оны ешкім білмесе, басылым тарату нүктелерінде босқа жатып қалады. Әрі, өтпеген соң, бізге де пайда жоқ, - деген сарында зар илеп қоя берді.
Сөйтсек, қызығы алда екен.
- Егер газеттеріңіз өтсін десеңіздер, дүңгіршектің маңдай тұсына, халықтың көзі түсетін жерге іліп қоя аламыз. Бірақ бұл қызмет - ақылы. Бір дүңгіршектегі бір орын - айына 1 мың теңге. Егер, басылымның логотипі бейнеленген стикер ілеміз десеңіздер, ол да ақылы. Ол да айына 1 мың теңге, - деп жалғастырды сөзін әлгі тарату мекемесінің басшысы.
Оның сөзінен ұққанымыз, қазақ тіліндегі газеттер өтімсіз екен. Сондықтан оны қабылдап алып, босқа орын ұстап тұрудың бекер іс екендігі. Бәлкім, ол коммерциялық пайданы көздеп те тұрған шығар. Бизнес тұрғысынан алғанда, кез келген кәсіпкерлік нысан  табыс түсіруді көздейді емес пе?
Енді осы жерде мынадай ой туындайды. Қазақ газетттерінің дүңгіршектерде өте аз кездесуі қазақ басылымдарының тек оқылмайтындығымен түсіндіріле ме? Әлде табыс түсіруді көздеген таратушылардың «бәрібір өтпейді» дегенді желеу етіп, олармен келісімшартқа отырудан бас тартуы ма?
Бұл ретте айта кетейік, мұндай жайт тек Ақтөбеде ғана емес, еліміздің кез келген қаласында кездеседі. Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалалары туралы сөзім жоқ, анда-санда жолымыз түскенде байқайтынымыз, не республикалық, не жергілікті қазақтілді газеттердің кездеспеуі. Алматыда бір кварталда бір дүңгіршек бар деген күнде де, қазақ газеттерін тауып алу үшін он квартал өтетініңді айтсаңшы. Астанада, шынымды айтсам, санаулы қазақ газетін тек теміржол вокзалы мен әуежайдан ғана таба аласың. Онда да, жер-жерде 15-25 теңгеге сатылатын күнделікті басылымдарды Астана вокзалы мен әуежайында кемі 80-100 теңгеден аласың.
Бірде Астанада Ақпарат министрлігі өкілдерімен өткен кездесуде Қазақстан бас редакторлары клубының басшылығында қызмет жасайтын ағайларымыздың бірі - қазақ газеттерінің жағдайы өте керемет екендігін алға тартты. Жасыратыны жоқ, үлкенмен қарсыласайық демедік, бірақ шындықты айтуды жөн көрдік. Сол жиында-ақ, басқаны қозғамадық, Ақтөбедегі жайтты баяндап бердік. Қай газеттің қалай, шамамен қанша таралыммен  таралып жатқанын да санамалап бердік. Өңіріміздегі кей қазақ газеттерінің жасанды жолмен таратылмауы, сұраған басылымның орнына басқа газетті тықпалауы, тіпті жаздыртып алған күнде, пошта қызметкерлерімен күнара сөзге келіп, іздеп жүріп оқитын басылымдарымызды әрең қолға түсіретінімізді, алыс ауылдағы ағайынның, бір аптада бір рет, қыс мезгілі кішкене мінезін танытса, айына бір рет қана газет алатынын жеткіздік. Ақпараттары ескірген газетті, әйтеуір, оқылатын бір дүние табылар деген оймен ауыл қазағы, әрине, оқиды.
Жасыратыны жоқ, «халықты оқыту керек» деген ой айтқан медиа-менеджер Мейірхан Ақдәулетұлының да басы бәлеге қала жаздады. Ол туралы «Жас қазақ» бетінде жазылды. Облыстық екі, аудандық он шақты газетке жетекшілік етіп отырған, ол қазақтілді басылымдарды таратудың балама жолын қарастыру қажеттілігі жөнінде ойларын да айтты.   
Әріптесіміз Серік Әбдібек қазақ газеттерін шығарып қана қоймай, оны таратуға мемлекеттің де араласуы қажеттігін айтады.
- Қазақ газеттерін шығарып отырғандардың өнімі сатылып жатса, байып кетпесі анық. Бұл жерде қазақ оқырмандарының ақпарат алуда қиындық көретінін айтқан жөн, - дейді ол.
Ал қазақ газетін тегін тарату арқылы еш қиындыққа кезікпей отырғанын алға тартқан «Нұрдәулет» газетінің құрылтайшысы әрі «Нұрдәулет» мешіті» қайырымдылық қорының төрағасы Мақсат Байжарқынов, өзге емес, нақ «Қазпоштаның» «Нұрдәулет» газетін неге тіркеуге алмағанын түсінбейтінін жеткізді. 
- Мен газетті сатпаймын. 1000-1500 данамен шығарамын да, тегін таратамын. Қайырымдылық қоры атынан кетеді. Сатпаған соң, ешқандай қиындық жоқ.
- Бір кездері газетіңізді дүңгіршектерден сатып алып жүрдік қой...
- Сатылған кезі болған шығар, кейде артық шығарсақ, сатқан шығармыз, жалпы тегін таратамын. 
- «Қазпошта» арқылы таратпайсыз ба?
- Жоқ! (Әңгімелесушіміздің даусы қатты шықты - авт.) Біз тіпті «Қазпоштаға» тіркетпедік. Олардың бізді неге тіркемегенін  білмедім. Ал, Әділет министрлігі тарапынан, әрине, тіркелдік.  
Қазақ газеттерін оңай табасыз ба?
- Іздесең табылады. Кез келген газетті іздесең табылады. Рас, дүңгіршектерде жоқтың қасы, бірақ мен іздеймін. «Халық сөзі» деген газетті  күні кеше «Нұрдәулеттің» қасынан сатып алдым. Қазір қолымда «Ақтөбе», «Айқын», «Алтын ғасыр», «Алтын орда», «Дат» газеттері жатыр. Тек іздеу керек.
Бірақ Мақсат ақсақал газеттерді қанша уақыт іздейтінін айтпады.

Ақтөбе облысы

«Жас қазақ» газеті

0 пікір