Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4951 0 пікір 6 Наурыз, 2011 сағат 14:56

Жанна Иманқұлова. Ұлттық құндылықтар ұлағаты

Алла әмірімен түскен Құран кәрімнің Хұжрат сүресінде: «Бір-біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік» деп жазылған.

"Құран Кәрімдегі аятты және тіл төңірегіндегі сан-салалы, құпиялы, тарихи толғамдарды ой елегінен өткізген адамның мынадай қорытындыға келері хақ: тілдердің әрқилылығы, түріміздің, дініміздің басқа-басқа болуы, Құдай санасымен, қолымен құрастырылып, әдейі жасалған рухани-физиологиялық байлық" (М.Шаханов, "Ұлт анасы - тіл", 2010 ж., 41-бет) - деген әр ұлттың дамуы, тілінің қанаттануы, салт-санасының, руханияттарының сақталуы турасындағы парасат биігінен айтылған баға үлкен жетекшілік қызмет атқарары сөзсіз.

Ұлт болып қалу мүмкіндігі ұлт өкілдері өздерін ерекшелейтін рухани құндылықтарын жоғалтып алмағанға дейін ұласады. Бүкіл жер шарындағы 6,5 млрд. адамның қай-қайсысы да белгілі бір ұлт өкіліне жатады. Қай ұлтты алып қарасаңыз да дәстүрге негізделген тұрмыс-тіршілігі, кәсібі, соның ыңғайындағы тарихы, мәдениеті, өркениеті бар.

Көне грек философиясында адам белгілі бір ұлтқа жатуын сезіну үшін бес түрлі шартқа сай болуы тиіс делінеді:

1-ші ұлтының тілін жақсы білу қажет;

2-ші ұлтының дінін меңгергені жөн;

3-ші ұлтының дәстүрін толық бойына сіңіруі тиіс;

4-ші ұлтының тарихын түгендей алуы абзал;

Алла әмірімен түскен Құран кәрімнің Хұжрат сүресінде: «Бір-біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік» деп жазылған.

"Құран Кәрімдегі аятты және тіл төңірегіндегі сан-салалы, құпиялы, тарихи толғамдарды ой елегінен өткізген адамның мынадай қорытындыға келері хақ: тілдердің әрқилылығы, түріміздің, дініміздің басқа-басқа болуы, Құдай санасымен, қолымен құрастырылып, әдейі жасалған рухани-физиологиялық байлық" (М.Шаханов, "Ұлт анасы - тіл", 2010 ж., 41-бет) - деген әр ұлттың дамуы, тілінің қанаттануы, салт-санасының, руханияттарының сақталуы турасындағы парасат биігінен айтылған баға үлкен жетекшілік қызмет атқарары сөзсіз.

Ұлт болып қалу мүмкіндігі ұлт өкілдері өздерін ерекшелейтін рухани құндылықтарын жоғалтып алмағанға дейін ұласады. Бүкіл жер шарындағы 6,5 млрд. адамның қай-қайсысы да белгілі бір ұлт өкіліне жатады. Қай ұлтты алып қарасаңыз да дәстүрге негізделген тұрмыс-тіршілігі, кәсібі, соның ыңғайындағы тарихы, мәдениеті, өркениеті бар.

Көне грек философиясында адам белгілі бір ұлтқа жатуын сезіну үшін бес түрлі шартқа сай болуы тиіс делінеді:

1-ші ұлтының тілін жақсы білу қажет;

2-ші ұлтының дінін меңгергені жөн;

3-ші ұлтының дәстүрін толық бойына сіңіруі тиіс;

4-ші ұлтының тарихын түгендей алуы абзал;

5-ші ұлты мекендеген жердің ой-шұңқырын жақсы білуі парыз.

Осы сипаттар түгел бойынан табылған адам ғана сол ұлттың толық өкілімін, ұрпағымын деуге құқылы. Ежелгі Афина азаматтарына эллан тілінде сөйлей алмайтындармен некеге тұруға заң жүзінде тыйым салынған. Бұл заңды әрбір грек бұлжытпай орындап қана қоймай, ұрпағына насихаттаған.

Ұлт болып ұйысу белгілі бір географиялық ендікті алып жатқан адамдар тобының басқа да тұрмыстық, дүниетанымдық, ең бастысы тілдік бірліктерінен туады. Әр ұлттың ғасырлар бойы сараланған рухани құндылықтары ұрпақтан ұрпаққа желісін үзбей беріліп отырылуы тиіс. Ал дәл біздің ұлтымыздың өз менін жоғалтып алу себебі, салдары тарих тереңіне шөксе де, әлі де рухани дамуымызға кедергі болуда. Өткел бермес болып көрінген ұлт тағдырындағы түрлі қысылтаяң уақыт та, ұлт рухы алмастай жарқыраған дәуір де уақыт сынды ұлы көшке қарсы тұра алған жоқ. Бүгінгі күн де ертең тарихқа айналғанда, ұрпағымыз бұл кезеңді қаншама дәуірлер ата-бабасы аңсаған тәуелсіздігі бола тұра, қазақы рухтың халқымен қауыша алмай пұшайман болған кезеңі деп жүрмесе...

Қазақ халқына елдігін нықтап, түрлі жаугер-шіліктен аман қалып, тарихта ұлт болып қалуы үшін 275 жыл (1456-1731ж.) уақыт кеткен. Көш көлігі - түйе, мінгені - жылқы, баспанасы - киіз үй болған эпикалық көшпелі өмірдің асыл қалыбында кісілік пен парасат басшылыққа алынған қоғамдағы қазақтар ғажайып асқақ рухты болды. Ат тұяғы баратын жердің бәрімен табиғи байланыста болған халық өр, намысты, текті, жауынгер болып келді. Бұған дәлел - Күлтегін, Білге қаған мен Елтеріс қаған заманы мен көк сүңгілі түріктерге жалғасқан жойқын шайқастар, Шыңғыс ханның қайысқан қолына қарсы аласапыран жорықтар, жайындай аузын ашқан Ресей бодандығына жолбарысша атылған Кенесары, Наурызбай, Исатай-Махамбет, Сырым, Жанғожа, Есет батырлар көтерілістері.

"Қарға тамырлы қазақ" деген сөз тіркесі аясында орнаған үзілмеген беріктік болды. Қазақ өзінікін өзеккке теппеді, қазақтың танымында қайыршылық, қол жайып күн көру болмады. Халық тыныштығын ойлаған көсемдер, дау-дамайды шешетін әділ билер ел тұтқасын ұстаған азаматтардың, байлардың көкірек керген кезі болса дереу сабасына түсіріп, жанындағы кедей-кепшікке қарайласуды міндеттеп отырған. Малшы, жалшы ретінде түрлі қызмет етсе де, алақан жайып, қайыр тілеген қазақ болмады. Сондай-ақ біздің халқымыздай әйел қауымын ардақтаған ел де болмаған. Еуропа «мыстан аулау» деп шырайлы сұлу қыз-келіншектерін отқа жақса, шығыста ислам діні толық орнамай тұрған кезде өз туған қыздарын тірідей көмген жағдайлар орын алса, тіпті шыққан тегіміз туыс халықтардың өзі әйелдерінің бет-жүзін тұмшалап ұстаса, қазақ қыздарын жарқыратып, үкідей үлбіретіп өсірді. Болмысы дарқан, жайбарақат та тыныш қазақ қиын-қыстау, намысқа сын сәттерде түгелдей өзгеріп шыға келетін. Ұлт мүддесі жолында кез келген қазақ жанын берді.

Өзінде біте қайнаған тілін, жерін, елін сүюді ұрпағына жүрек балқытар өлең-жырмен дарытты. Жоңғар қалмақтарымен кескiлескен ұрыс кезiнде Қоңтажыда кеткен кекті сөз құдiретiнiң күшiмен қайтарған қаз дауысты Қазыбек бидің:

"Біз - қазақ деген мал баққан елміз,

Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпанды басындырмаған елміз,

Басымыздан сөзді асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм-тұзын ақтай білген елміз,

Асқақтаған хан болса,

хан ордасын таптай білген елміз.

Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,

Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.

Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.

Сен қалмақ болсаң, біз қазақ,

қарпысқалы келгенбіз,

Сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз,

Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз;

Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,

Танысуға келмесең шабысқалы келгенбіз;

Сен қабылан болсаң, мен арыстан,

алысқалы келгенбіз;

Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз;

Берсең жөндеп бітіміңді айт,

Бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!" - деуі жоғарыдағы сөздеріміздің бір ғана дәлелі. Мұндай дәлелдерді жүздеп, мыңдап келтіре беруге болады.

Тіліміз бұл кезеңде жеке ұлттың бар қажетін өтейтіндей дәрежеге көтеріліп дараланды. Қарлұқ, оғыз, қыпшақ, шағатай, салжұқ болып үлкен бес топқа, қырық тілге, жүз диалектіге бөлінген жалпы түркі тілдерінің ішінде тіліміз туыстығы жағынан 12 тілмен (қазақ, татар, чуваш, башқұрт, қырым татарлары, қарақалпақ, құмық, қарашай, малқар, ноғай, қарайым, қырымшақ) бірге қыпшақ тобын құрады. Қазақ тілі түркі тілдес халықтардың ішіндегі сөздік қоры жағынан өте бай, дамуы жағынан да көш озық тұрған тіл. Бұл жай өзімдікі болған соң мақтану емес, дәлелденген, зерттелген нақты тұжырым. Кезінде түрколог В.Радлов «Әлем тілдерінің ішінде мен үш тілді ұлы деп білемін. Ол - орыс, француз, қазақ тілдері» - деп баға берсе, тағы бір әйгілі түрколог С.Е.Малов: «Түркі халықтары ішіндегі ең суретшіл образды тіл - қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен де, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты» - деген болатын.

Тіпті, халқымыздың тіліндегі сөздік қор туралы айтпай-ақ, дыбыстар жүйесін алайық. Дыбыс дегеніміздің өзі адам құлағымен ести алатын түрлі үндер. Олар жалпылама алғанда физикалық, биологиялық, музыкалық, тіл дыбыстары болып бөлінеді. Ал тіл дыбыстары сол тілдегі мағына және сөз ажыратуға қатыса алатын дыбыстар яғни, фонемалар. Мысалы: сал - сәл, тол - төл, тұс - түс, тыс - тіс... дыбыстар алмасқан сайын мағына өзгеріп, сөздерді ажырата аламыз. Осы фонемалар турасында ғылыми теориялық негіз салған Бодуэн де Куртенэ психофонема психобейнеден келіп шығады деген болатын. Бұл теорияның қағидалары бойынша әр ұлт өкілдерінің санасында, ойлау қабілетінде сөз мағынасын өзгертетін дыбыстардың психологиялық бейнелері болады. Сол бейнелер арқылы халық бір-бірімен тілдік қарым-қатынас жасайды. Дыбыстардың, сөздердің сөз тіркестерінің, сөйлемдердің психобейнелері ұлттың барлық мүшелерінің ойында бірдей болады (сан жағынан да, сапа жағынан да) сондықтан олар бір-бірін толық түсініп, тілдесімдік қатынасты табиғи заңдылық ретінде жасайды. Әр тілдің өзіне ғана тән төл дыбыстары болатынын қарапайым түрде былай түсіндірсек: бір тілдің дыбысталуы өте жағымды (қазақ, француз) болса, енді бір тілдікі мысалы қытай тілі шаң-шұң еткен өңкей ащы дыбыстар жүйесінен түзілген, алтай, якут тілдері дауыссыздар жүйесіне негізделгендіктен құлаққа түрпідей тиеді. Әр дыбыстың артикуляциялық, акустикалық, генетикалық сипаттамасы болады. Мысалы, қазақ тіліндегі дыбыстардың барлығы дерлік ауыз қуысынан шығады. Тіліміздегі кез келген дыбысты айту кезінде өкпеден шыққан ауаны ауыз қуысында еш кедергіге ұшыратпай, не мұрын жолымен айтып көріңізші. Ол дыбыстар біздің тіліміздегі саздылығынан, ерекше ойнақылығынан жұрдай болады да қалады. Тілдегі әр дыбыстың айтылуы құлаққа жағымды саздылыққа ие болуы да тілдің ұзақ даму жолын көрсетеді. Дыбыстардың саздылығынан тіліміздегі кез-келген сөзді бағындырып тұрған буын үндестігі мен дыбыс үндестігі келіп шығады.

«Өнер алды - қызыл тіл» деп бағалаған қазақ халқында тұспалдап, мақалдап, мақамдап, тақпақтап сөйлеу негізінде жыр, терме, толғау, дастан, айтыс, шешендік өнер, қара өлең, өлең түрлері сияқты әдеби өнер үлгілер қалыптасқан. Сөз мәйегін тізіп, құлақ құрышын қандыра, ерекше ырғақпен, ынтықтыра сөйлеу логикалық дұрыс ойлауда, ал ол қазақтың қан тазалығын сақтай отырып ұрпақ өрбітуінде жатыр. Жалпы түркі тілдері жанұясынан шығып, ұлтымыздың бүкіл әлеуметтік бейнесін қалыптастырып, ұлттық менталитет, саяси, оқу-тәрбиелік, тұрмыстық жадыны ұстап тұрған тіліміз үш ғасыр даму дәуірінен өткен.

Жылқы мінездес текті халқымыз наным-сенімін орнықтыруда діндердің ішіндегі ең тазасын, әділін ұстана білді. Ақыл-ойдың биігіне жеткен кемеңгерлердің көпшілігі ислам дінінің ақиқатын еріксіз мойындап, бас иген. Орыстың ойшылы Иван Бунин: «Құранның бұйрығына құлақ аспағанды қарғыс атсын!» - десе, Александр Пушкин: «Жаратқанға табыныңдар. Ол - аса ұлық», ал Лев Толстой: «Мені Мұхаммед үмметінен деп есептеулеріңізді өтінемін», - деп исламды мойындағандықтарын әйгілеген. Ал керісінше ислам дінінде туылып көкірек көзі ашылған соң өзге діннің ұлылығын мойындап кеткен әлемдік тұлғаларды таба аламыз ба? Әрине жоқ. VII-VIII ғасырлардан бастап ислам діні біздің халқымыздың санасында орныға бастады. Бұдан кейінгі жерде әр қазақ баласы ата-бабасы ұстанған дін қағидаттарын орындау арқылы ұлт тұтастығына кепіл болды.

Халқымыз әлмисақта жаратушы рухынан сипат алған адамның өмір айналымына жіберілу мақсаты - даму, дағдару, шегіну, қайта жаңғыру жолдарынан өтіп, өсіп, өңделіп, пенделіктен періштелік биіктікке дейін көтеріліп барып өз иесіне қайта қосылуы үшін екендігін терең түсінді.

«Түркістанда түмен бап, Сайрамда бар сансыз бап, Отырарда отыз бап, Бабтардың бабын сұрасаң, Ең үлкені - Арыстан бап, Ең кішісі - Алаша бап», демекші бабтар мен әулиелер өлкесін исламсыз елестету тіпті мүмкін емес. Адамның жаратушысымен тікелей байланысы, әрі адамдарды оған жеткізетін ақиқат жол екенін түсіндірген ойшылдарымыз - Яссауи, Бекет ата, Абай, Шәкәрім халқын діни таным-түсінікке жетеледі.

Тілі мен діні дамыған халық салт-дәстүрден әсте кенде болмаған. Дәстүр халықтың дүниетанымына орай қалыптасып, жалпыхалықтық сипат алды. Олай болуға себеп - дәстүр әркімнің жеке басындағы жай мәселелерге қатысты емес, халықтың әлеуметтік, психологиялық, мәдени, толып жатқан басқа да тұр-мыстық, жағдайына байланыстылығында. Дәстүрдің енді бір сипаты - тұрақтылығында. Оны қаласа өзгертіп, қаламаса өшіріп тастауға бір адамға иелік жоқ. Тағы бір артықшылығы - дәстүрдің өміршеңдігі.

Ар мен намысын қасықтай қаны қалғанша қорғаған, жомарт та дарқан, адал да ақкөңіл қазақ халқының тұрмысы түгелдей малмен, көшпенділікпен тығыз байланысты болды. Ұлттық психологиялық ерекшелiк қасиетi, философиялық ойлау жүйесiнiң негiзi тұрмыс-салтымен қалыптасып, дәстүрге айналды. Сөйтiп, салт-дәстүрлер, бiр жағынан, халықтың тұрмыс-тiршiлiгiнiң айнасы iспеттi болса, екiншiден, сол арқылы ғасырлар бойы өз ұрпағын еңбекке, адамгершiлiкке, өнерге, өмiрге икемдеуде тәрбие құралы болды.

Осылайша отаршылдық қамытын кигенге дейін кең жазира даласында сөзге шешендігінен, дініне беріктігінен, елін, жерін шексіз сүйетіндігінен туған қазақтың зор рухты, асқан текті бейнесі кемеліне келген еді.

Отаршыл империя кезеңі қазақ тарихында (1731-1916ж.) 185 жылдық уақытқа ұласты. Ресейдің ресми тарихында «отарлау», «бодандықтар», «агрессия», «шет жерлерді басып алу» деген сияқты сөз тіркестерін таба алмайсыз, бұл мағынаны тарихшылары «жаңа жерлерді игеру», «Ресейдің қол астына өз еркімен кіру», «одақтасу» сияқты сөздермен береді. Жауыздыққа, жендеттікке, отаршылдыққа қарсы сөйлеген тұстарда орыс ұлтшылдары: «...единственная страна в мире, не знавшая колоний, это - Россия!» - деп, барын сала дәлелдейтіндері бар. Бірақ тарих деректері мұны теріске шығарады. Мысалы:

1346 жыл - Коми жері

1478 жыл - Карелия

1489 жыл - Солтүстік Карелия

1552 жыл - Қазан хандығы жойылады

1556 жыл - Астрахань хандығы

1557жыл - башқұрт тайпалары Қазан хандығына жасалған зор шабуылды көргеннен соң орыстар құрамына бірден өтеді. Кейін отаршылдықтың зардабынан кейін жиналып қарсы тұрулары тарихта «башқұрт көтерілісі» деген атпен қалады.

1557 жыл - Удмурт елі

1558 жыл - Сібір хандығы

1630 жыл - Бурят, Якут елдері

1654 жыл - Украин жері

1721 жыл - Эстония, Видземе, Латвия

1731 жыл - қазақтардың бодандығы басталды. XVIII ғасырдың 60-шы жылдары орыстар қазақтардың барлық өлкесіне бекіністер салып үлгереді.

1742 жыл - Қарақалпақстан Ресейдің протек-тораттығына (протекторат өзге елдің құқығын шек-теуші, билік етуші) өтеді де, 1873ж. Ресей құрамына кіреді.

1756 жыл - Кенді Алтай

1771 жыл - Қалмық хандығы

1772 жыл - Белорусс жері

1774 жыл - Солтүстік Осетия, Үлкен және Кіші Кабарда

1783 жыл - Қырым елдері

1793 жыл - Молдавия

1795 жыл - Литва

1801 жыл - Шығыс және Батыс Грузияның біраз бөлігі Ресей құрамына өтеді. Шығыс Арменияны толық жаулап алудың жорықтары басталады.

1805 жыл - Қарабах хандығы

1810 жыл - Ингушетия

1812 жыл - Бессарабия

1813 жыл - Кавказ халықтары

1815 жыл - Литва

1828 жыл - Шешендерді басып алу 1859 жылға дейін созылған.

1863 жыл - Қырғыздар

1864 жыл - Батыс Грузия толық бағындырылады

1868 жыл - Бұхар хандығы

1873 жыл - Хиуа хандығы

1875 жыл - Қоқан хандығы

1878 жыл - Аджар елі

1885 жыл - Түркістан

1919 жыл - Тува елі Ресей бодандығына өткен. Бұл мәліметтерді жіпке тізгендей етіп көрсетудегі мақсат - отаршылдық саясат жүргізуге жанталасқан Ресейдің түпкілікті халқы мен өзгелердің арасына от жағу емес, өзіміздің жарым-жартылай дәрменсіз қалған ұлттық рухымызды тірілту ғана.

Өзге ұлттар мылтықпен, зеңбірекпен қаруланған тұрақты әскері бола тұра орыстардың басқыншылы-ғына төтеп бере алмай, бір-екі жылдың ішінде бодандық құрығына ілініп қала берсе, қазақ жерін тұтастай иеленіп, әр жердегі көтерілістерін басып-жаншу үшін империяның 150 жылға жуық уақыты кетті. Басқа отар халықтардың қарсылықтары аз уақытта тойтарыс алып, қайта бас көтермеуі олардың ұлттық санасының әлсіздігін танытады десе болады. "Ресей отаршылдары қазақ жерiн бiр жарым ғасыр бойы жаулағанда, олар отты қарумен, тұрақты армиямен қаруланса да әр жердегi қазақ батырларының қол бастаған жанкештi қарсылығына ұшырап, алға жылжи алмай келдi. Мұның басты себебiн орыс тарихшысы Аничков қазақтардың елiне, жерiне деген махаббатынан туындаған ұлттық санасының жоғары деңгейде болуында деп атап көрсеттi"(М.Мырзахметов, "Түркістан", 2007ж.). Осы себепті де орыс отаршылдары өзгелерден озық, асау, кесек біткен халықты тізгіндеуде өзгеше тәсілдер қолданды. Оның бірі 1865 жылы патшалық еткен Александрдың қазақтарды шоқындырып орыстандыру туралы ресми құжаты еді. Бұл құжат бойынша іске кіріскен орыс миссионерлері (Ұлы жүзді - Остроумов, Орта жүзді - Алекторов, Кіші жүзді - Ильминский бөліп алған), орыс-қазақ мектептер жүйесін түзеді. Аралас мектептер империя үшін халықты ұлттық өзегінен ажыратып, табиғи таным-түсінігін өзгертіп, қазақ халқын саналы, ерікті түрде мәңгүрт етудің тамаша жолы болған саяси құрал болды. Бұл мектептер орыс емес ұлттарды патша өкіметінің саясатына, дініне, тіліне құлшылық етуге тәрбиеледі. Қазақтың тілін, салт-дәстүрін, өмірін зерттеп, ауыз әдебиеті материалдарын жинап, «Қазақ тілін үйренуге арналған материалдар» атты сөздік (Қазан, 1861 жыл), «Өздігінен орыс тілін үйренуші қазақтарға көмекші оқу құралын» жасаған, патша өкіметінің орыстандыру саясатына шын берілген Н.И.Ильминский болды. Қазақтарға отарлау саясатын жүргізуде олардың тұрмысы мен салтының және қоғамдық қатынастарының ерекшеліктерін ескере отырып жүргізу қажет деп есептеген миссионер шығыс халықтары үшін "орыс емес ұлттарды орыстандыру және шын мәнінде оларды діни және тілі жағынан орыс халқымен біріктірудің» педагогикалық жүйесін жасады.

Ата-бабамыз ғасырлар бойы тірнектеп ең асылын сұрыптап жинаған рухани байлығын - тілін, дінін, салт-дәстүрін жатқа жойғызбау үшін жанталаса қорғанды. Мен көндім деп екі қолын көтеріп қарап отырмады. Десе де Ресей империясының миссионерлiк, нәсiлшiл-шовинистiк саясатты тынбай ұстануы нәтижесіз болмады.

Кеңес үкіметі (1916-1991ж.ж.) идеясы басқадай насихатталғанмен, тікелей отаршыл империяның ісін жалғастырушы болды. Кеңес үкіметі орнай бастағандағы адамдар өмірінің күнделікті тұрмыс шындығынан қоғамдық тіршіліктің сыры аңғарылып, кез-келген фактіден үлкен тарихтың сипатын сезуге болады. Қазақ елінің тарихындағы зардабы осы күнге дейін жойылып бітпеген, аса қасіретті нәубеттің бірі - ұжымдастыру болды. Өкімет кедейлерді байларға (көбісі күн көрісі бар орташа ауқаттылар) жауықтыра айдап салып, ұрдажық белсенділерді құтыртып, қас қағымда елдің ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық жүйесі мен өмір салтының астан-кестеңін шығарды. Бай деп саналғанның мал-мүлкі түгел тәркіленіп, өздері абақтыға қамалды немесе байланып-маталып ит жеккенге айдалды. Жалған жала жабылып, атылып-асылды. Бұл нәубеттің ақыры бұрын-соңды болмаған жаппай ашаршылыққа ұласып, халықтың жартысынан көбі қырылды. Нәубеттен үріккен халықтың бір бөлігі жаяу-жалпылап шекара асып, бөтен елге кірме болды.

Қолдағы малынан оп-оңай айрылғысы келмеген, бірақ заманының ауқымынан сырт кете алмаған қазақ халқы талай-талай шырғалаң мен сарсаңға, күдік пен толқуға түсті. Колхоз жаңа ұйымдасып, әлі де көңілдері дүдәмал жүрген адамдарды шолақ белсенділер одан сайын дүрліктіре түседі. Мысалы, сол кезеңнің реалистік суретін қалдыра білген Б.Майлин шығармасында салық туралы: «Шеше, тыңдаңыз, сіздің үйге берілген жоспар: бір пұт ет, он қадақ шыртылдақ, он қадақ ескі темір, он қадақ ескі жүн, төрт мүйіз, бес тұяқ, бір ит терісі, бір мысық терісі...» - деп келтірсе, тағы бір жерінде: «Колхозға кіргеннің малы да, жаны да өзінікі болмайды екен ғой. Үндеместің үйі біліп, қоңыр сиырын қалаға сатуға апарғалы жатыр екен, колхоздың бастығы барып: «мал сенікі емес»деп жетегінен шешіп алып қалыпты. О да ойыншық-ау, адамды айтсайшы, бәрінен де масқарасы - әйелді ортаға салады білем. Неке болмайды дейді. Әйел мен еркекті нөмірлейді дейді».

Қазақ халқына империя да өз кезінде қатты қысым жасағанмен, сақтап тұрған қорғанышы - ауыл ақсақалдарына, ел ағаларына бағынған дәстүрлі тұрмысы еді. Кеңестік қызылдардың белден басып жүргізген кохоздастыру, ұжымдастырулары қазақ халқының тұрмыс-салт ерекшелігін де быт-шыт қылды. Нақ осы уақытта өздері ештеңенің жөн-жосығын түсінбесе де, мансапқа қызығып, көп нәрсені бүлдірген "іштен шыққан" топас белсенділер қаулап кетті. Отызыншы жылдардың бас кезіндегі Қазақстанда орын алған нәубетке осы «шаш ал десе, бас алатын" жандайшаптар да айрықша себепкер еді. Олар екі сөздің басын жөндеп кұрай алмай тұрса да, орыс сөздерін араластырып, ата-бабасы естімеген сөздермен сөйлеп, үріккен елдің зәресін ұшырды.

Сол уақытта желі салған мына ыңғайдағы: "Жолдастар! нағыз тәртіп беремін, үдетпелі жоспар жиырма төрт сағат ішінде орындалады, понятно? Оның үшін не істеу керек? Вот былай істеу керек: мәселен, үй салса, оның алдымен төрт аяғын тұрғыза ма? Төрт аяғын тұрғызады, яғни қадайды. Понятно? Сосын стенасын қалайды. Сонан крышасын покрывать қылады... Понятно? Бұл да сол: алдымен төрт аяқтан бастау керек. Орысша айтқанда низ дейді. Нағыз опасность низда жатыр, понятно? Бір кітаптан оқығаным бар... Ымм... да вот былай: «капиталистическое хозяйство» өрбиді дейді, - низдан, понятно?" (Б.Майлин «Талтаңбайдың тәртібі») дүбәралық кейін тамырын тереңге жіберді.

Ал, кеңес өкіметі беті бүлк етпестен, мұны кеңес халқының ұлы жеңісі (байлардың көзін құртуды) ретінде бағалап, солай деп ұрандауды талап етті. Кеңес үкіметі ұлттық мүддені жоюға үлес қосқандарды тайраңдатып қою арқылы олардың ісін ерлікке балаудың тұқымын септі.

И.Сталиннiң 1937 жылғы: «Мы не только уничтожим всех врагов, но и семьи их уничтожим, весь их род до последнего колена» (Леонид Млечин. КГБ, председатели органов госбезопасности (рассекреченные судьбы). Москва, 2005, стр.152), - деген нұсқауы ұлт қамын ойлайтындарды бір сыпырып тазалап алды.

Сонымен қатар көп ұлтпен араласа отыру науқаны да, тәжірибесіз қазақтардың атамекеніне қоныстандырылған әр түрлі келімсектердің жағдайы да "коммунистік интернационализм" күшімен жан-жақты жасалды. Ана тілінен ажырап бара жатқан халықтың тарихын да, мәдениетін де, өркениетін де Кеңес үкіметі жасаған болып шығып, қазақ елі өз тарихынан өзі ажырады. Қазақ ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлы 1915 жылы: "Алһамдул-илла, аз емеспіз, алты миллион қазақпыз" десе, 1916-45 жылдардағы жатқа кеткен биліктің 30 жылдық ойранынан қазақ халқы еш уақытта болмаған қырғынға ұшырап, үштен екісінен айырылып, 1,5 миллиондай ғана адамы қалады.

ХХ ғасырдың басында-ақ ояна бастаған қазақ санасы бас көтеріп, қазақ зиялылары "Алаш" партиясын құрып, Түркістан автономиясын да орнатып үлгерген еді. Бұл да қазақ халқын қынадай қыруды сұрап тұрған, яғни, өзге елдер сияқты бұға бермей, бірден дүр етіп көтерілетін қазақтардың өр, саналы рухын тез арада өшірмесе, санын да азайтпаса болмайтын саяси жағдай болды. Осы аз уақыт аралығында үштен екісін жоғалтқаннан соң, қазақ халқы ұрпақ ауысу кезінде табиғи түрде келесі ұрпаққа салт-дәстүр, дүниетаным, тіл, дін сияқты руханияттарын беру мүмкіндігінен айрылды. Үш ғасыр бойы жиналып, ұқыптап ұрпағының зердесіне құйылып келген ақпараттар ағыны тоқтап, шорт үзіліп қалды.

"Ақтабан шұбырынды" зардабынан да асып кеткен бұл зұлматтар санға ғана емес, сапаға да сызат түсірді. Кең байтақ өлкеде сиреп қалған жер иесі, ұшан-теңіз байлық қожайыны - қазақтар өзге келімсек ұлттардың ығына, орыстандыру саясатына толығымен бағынышты болды.

Десе де, ата-бабаларымыздың қанына тартып, саннан сапа шығады деген заңдылықтың растығын дәлелдеген де біздің ұлтымыз болды. 1986 жылғы желтоқсанда жастарымыздың өзге ұлттар арасында ең алғаш болып кеңестік озбыр өкіметке бас көтеруі бабасының бабасындағы өр рух пен тектілік мүлде жоғалып кетпегенінің айғағы болды.

"Елу жылда ел жаңа" дейді халқымыз. Тәу еткен тәуелсіздіктің де 20 жылын еңсеріп қалдық. Бізге қазақтың рухын өзіне қайта қызмет еткізу қажет. Шырқап кеткен прогресс бүкіл ғаламға шеңгел салуда.

Қазір теледидарсыз, ғаламторсыз, компьютерсіз күнделікті тұрмысты елестету мүмкін емес. Күнделікті, апталық, айлық ақпараттық бағыттағы газет-журналдар неше мыңдаған тиражбен таратылып жатыр. Не жазылатыны, олардың барлығын кім оқитыны тағы да бөлек мәселе. Қазір адамдардың көпшілігі кітап, газет-журнал оқып оқырман болудан гөрі, уақытын ысырап етпей көрермен болуға көшкен. Сондықтан да визуалды ақпарат көздерінің жұлдызы жарқырап тұр.

АлмаТВ, ДТВ, Айкон, т.б. көрсететін 100-ге жуық телеарналардың ішінде 24 сағат бойы толық, тұщымды қазақша сөйлейтінін таба алмайсың. Ұлттық арна болып саналатын телеарналардың өзінде де олардың тіл мәртебесін көтеріп жатқаны шамалы.

"Ұлт мұңына мүлде жаны күймейтіндер...", "Басы түгіл тізесін де имейтіндер..." жұрттың бәрін дал қылған түрі қазақтар керісінше, шамалары жеткенше орыс тілін қолданыстан шығармай отыру мақсатын көздеген. Өз тілінде сөйлей алмасын, бірақ ол да қазақ қой, өзі сөйлемесе де, өзгелерге не үшін бөгет жасауда деген сауалға жауап табу мақсатында психология ғылымына жүгінуге тура келді. Психология әр адамның қандай дәрежеде болсын, әйтеуір ұлттық сезімі болады да, ұлттық сезім нышаны ұлттық қадірден, ұлттық мақтаныш сезімінен және бір ұлтқа тәнділікті сезінуден тұратынын негіздейді. Ал ана тілінде сөйлей алмайтындардың ұлтқа тәнділікті сезіну эмоциясы сол тілде сөйлейтіндерден төмен болады екен. Міне, сіз бен біз іздеген бір жауап.

Мүмкін, ол қандастарымыз өздерін солақай саясаттың құрбандары ретінде ақтағысы келетін де шығар. Бірақ тәуелсіздік дәуірінде туған бала-шағаларына, немерелеріне олар не айтып ақталмақшы. Қалай айтсақ та еліміз тәуелсіздігін иеленіп отырған кезде, әлі күнге бала-шағасына теледидардан күндіз-түні басқа ұлттың салт-санасын сіңіртетін, кейіпкерлері өзге тілде сөйлейтін мультфильмдерді, кино-хабарларды беру, ұлттың генофондына, ұрпақтың келешегіне қиянат жасау болып табылатынын тілін менсінбейтіндер қашан сезінеді екен.

"Қазақ әдебиеті"(19.11.2010ж.) газетінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, филология факультетінің 3-курс студенті Арман Әлменбет "Шөлдеген қазақ рухы" атты мақаласында: "...Өткен жылы-ау деймін, елге барғанда қалада тұратын аталас ағамның кішкентай ұлы ойыншықтарының арасына кіріп кетіп, "соғысып" ойнап жатыр екен. Екі жақтың да атынан өзі сөйлеп, өзі келтіріп жүр. Онша мән бермей, өз бетіммен отырғанмын. Тыңдасам інім "Рақымжан, ат! Алға!" деп ұрандап қояды арасында. Еріксіз езуіме күлкі үйірілді. Шақырып алып сұрасам, ана тілі пәнінен Рақымжан Қошқарбаевтың ерліктері туралы өткенбіз дейді. Риза болдым. Қалай риза болмайын, жайшылықта адам шошырлық түрлері бар, заты да белгісіз құбыжықтар туралы мультфильмдерді көріп, әңгімесі де солар туралы болып жүретін қаланың бір баласы Рақымжанның ерлігін үлгі тұтып, ойынына араластырып жүрсе! Қаршадай ұлдың ұлттық рухы шөлдеген! Бұл - соның көрінісі" - дейді.

Рухани азып-тозып, ақыры мәңгүрттену қазақ халқының құдайдан қалап-тілегені емес, сыналап сіңдірудің салдары болғандықтан, біздің азат дәуірдегі ұрпақтарымыз жоғарыдағыдай әлі ақ қағаздай таза кезінде ұлтына тән рухани құндылықтарды сезінгісі келіп, қазақтықты іздеп тұруы биологиялық, табиғи байланыстың көрінісі. Ең алғаш баласымен тілдік қатынасқа түсетін адам анасы болғандықтан да, халқымыз туған тілін ана тілі деп үлкен философиялық иірімде айқындаған. Бала 5-6 жасына дейін бүкіл өмір бойына керек ететін ақпараттың 80 пайызын алады екен деп қазіргі ғылым анықтаса, Ахмет Байтұрсынұлы да өз тұжырымында бала ең алдымен ана тілінде ғана білім жетілдіруі керек деп дабыл қақты. Дамыған шығыс елдері де ес білгенше баланы тек ана тілінде сауаттандырып, дүниетанымын қалыптастырып алса, Еуропа тіл білімі "отбасы ана тілін сақтайтын - соңғы қорған" деген тұжырымынан танбайды. "Үш тұғырлы тіл" деп ұрандалған науқанның өмірімізге кіріп кеткеніне де біраз жылдың жүзі дөңгеленді. Осы науқан ыңғайында тәрбиелейтін балабақшада "қызымның тілі не қазақша емес, не орысша емес, не ағылшынша емес әйтеуір бір түсініксіз тілде шығып келе жатқанына қиналамын" - дейді бір танысым. Кішкентай қыздың санасына құйылып жатқан ақпараттың көптігінен ол барлығын дерлік игере алмайды. Бірақ миы, жады сергек болғандықтан жаман-жақсы, өзімдікі-өзгенікі демей барлығын түгел сіңіре береді. Мысалы мынадай сөздер қоспасы - "берші" дегеннің орнына - "дайши" дейді. Мұнысы не орысша "дай" емес, не қазақша "бер" емес. Жарайды бүйткен балабақшасы құрысын, ана тілінде қазақы тәрбиеде өзім өсіремін дейтін нағыз патриотымыздың өзін "Теленяня" мен "Nickeldeon" арналары "өшіріп" тастайды. Таңертеңнен кешке дейін дем алмайтын бұл арналар арқылы үйде отырып-ақ балаңыздың тілі өзге тілде шығатынымен қоймай, өзге ұлттың кейіпкерлерін, өзге ұлттың тұрмыс-тіршілігін санасына сіңіріп, қай жағынан алсақ та шалақазақ болып өседі. Сондықтан болашақ буынды да дүбәралық кейіпке қалдырмау үшін, ұлттық басымдықты танытатын телеарналар мен тележобалар жүйесін құру керек.

Кезіндегі талайларды таң қалдырған қазақтардың бойындағы асыл қасиеттердің сынығына ие болып қалудың өзіне айрықша мұқтаж кейіпте қалдық. Мысалы қазақтар туралы зерттеген Ф.Янушкевич: «Қазақтардың ойлау қабілеттілігінің кереметіне менің барған сайын көзім жетті. Сөз дегенде ағып тұр. Бұл жағынан оларды Батыс Азияның француздары деуге болады. Өзіне жоғарыдан менсінбей қарайтын халықтар арасынан бұл көшпенділердің де құрметті орын алатын кезі келеді» деп бір жарым ғасыр бұрын жазып қалдырған. Иә, бір жарым ғасыр бұрын өзіне мұрын шүйіре қарап тұрса да ұлылығын мойындатқан тіліміз қазір өзінен туғандардың менсінбеушілігінде қалып тұрғаны өкінішті.

1865 жылдардан бастап, аралас мектеп ашып, қазақтарды орыстандыру, мүмкіндігі болса шоқындыру саясатын жүргізе бастаған отаршыл империя 1891 жылы жоспар бойынша миссионерлеріне «екі жылдың ішінде қазақ тілін үйреніп алулары керек» деген тапсырма береді де, соның нәтижесінде түрлі зерттеулер жасауға мүмкіндік туады. Керек еткенде екі-ақ жылда тілімізді меңгеріп шыға келген халықтың ұрпақтары мен тұла бойы орыстанған қазақтар тәуелсіздіктің 20 жылдығы дөңгеленсе де қозғалар емес. Осы арқылы талпыныс, ынта, оған қоса қажеттілік тудырмаған жағдайда тіл үйренудің мүмкін еместігіне көз жеткізіп отырмыз. Қалай болғанда да қай тілдің қоғамдағы атқаратын қызметі көп болса, сол тіл басым болады. Туған тіл ғана өзіңнің қай ұлт екеніңді сезіндіреді. Тіл бірлігі болмаса, не ұлт не мемлекет тәуелсіздігі баянды болмайды.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, қазақ тіл білімін қалыптастырушы Ахмет Байтұрсынұлы қадап көрсеткендей, әр ұлттың генетикалық жады, ұлттық коды мен дүниетанымы, психологиясы түгелдей тілінде ғана сақталады.

Жалпы бір тілді ығыстырып шығару процессі кезінде қостілділік біраз уақыт қоғамды жайлап тұрады. Екі тілдің артындағы екі мәдениет пен өркениет өзара айқасқа түсіп барып, жеңімпазы үстемдік ететіні турасында филолог Дэвид Кристалл ой қозғаған. Орыстар французша сөйлеуді сәнге айналдырған кезде Лев Толстой «Ана тілің қайткенде де, ана тілің болып қала береді. Жан-тәніңді салып сөйлеген кезде басыңа бірде-бір француз сөзі келе қоймайды, ал жарқылдата сөйлеуді қаласаң, оның жөні бір басқа» - деген болатын. Қазіргі екі тіл майданы ұзаққа созылған сайын қауіпті екенін басты назарда ұстағанымыз жөн.

Кеңестік дәуірде "ұлттар лабораториясы" аталып көпұлттылығымыз жалауласа, тәуелсіз ел болғанда көпдінділігіміз шыға келіп, "діндер лабораториясына" айналдық. 40-тан аса конфессиялардың діни бірлестіктері мен ұйымдарының саны 4000-нан асады. Қазақ халқына ауыз сала бастаған өзге діндерді есепке алмағанда исламның өзі қаншама бөлікке бөлініп отыр. Қазақ жеріне лек-легімен ағылып жатқан миссионерлерге келме деуге де шамамыз келмей қалды. Шет мұсылман елдерінен келген түрлі пиғылды діни топтарға, Сауд Аравиясы, Ливан, Сирия, Мысыр, Пәкістан сияқты елдердің діни оқу орындарында қазақ жастарын үздіксіз оқытуда да қателіктер кетті. Халқымыз ата-бабасы ұстанған, дәстүрлі Ханафи мәзһабынан қалай ажырап, сәләфи, уаһабшы, хизбші, ахмадия, таблиғшы, құраншы болып шыға келгендерін де аңғармай қалды. Құлшылықтың өзгеше түрлерін ойлап тапқан "аққулар", "сұңқарлар" қанат қақты. Олар өз ұстанған бағыттарымен тыныш жүрмей, жергілікті дәстүрлі дін жолындағыларды жазғырып, күнәлауға шығып, қалың қазақты тоз-тоз етті. Осылардың кесірінен көп жерлерде тіпті өлікті жөнелтудің дәстүрлі қағидаларының өзі іске алғысыз болып қалды.

«Діни сенім бостандығы және Діни бірлестіктер» Заңының аясында қазақтар - мешітте, христиандар - шіркеулерінде, еврейлер - синагогасында, буддистер - храмдарында тып-тыныш, өз діндерін өз өкілдеріне уағыздап отырса, ол жердегі әңгіме мүлде басқа болар еді. Керісінше, бұл заңды өздеріне жанған жасыл шамға балаған евангелист-христиандар, белое братство - «Мария «Белый Христос», «Аум Синрике», «Мария Дэвис Христос», т.б. толып жатқан секталар төрге озып, төмендегі қазақтарға "көмек қолын" созуда.

Дүние жүзіне кітаптары миллиондаған тиражбен шығып тарайтын Билли Грэм, Кристина Рой, Джош Макдауэлл сияқты авторлардың кітаптары қазақшаға аударылып, өте сапалы шығарылып, тегін таратылады. Қазақты дінінен ажыратып, шоқындыруға Америка, Англия жыл сайын қомақты қаржы құюда. Сол себепті де шығар, христиан діні секталарының миссионерлері әсіресе қазақтарды шоқындыруға ерекше ынталы болып шығып жатыр. Шоқындырылған қазақтар басқа ұлт өкілдеріне қарағанда Америкаға, Еуропаға бару бақытына ие болатын да көрінеді. Христиан-баптистікті қабылдаған орыс, кәріс т.б. ұлт өкілдері емес, тек қазақтарды апарып жарнамалаудың астарында үлкен саясат жатыр.

Жоғарыдағылар аз көрінсе, әр нөмір мұқабасы жүздері бал-бұл жанған қазақ балаларының суреттерімен безендірілген «Шарапат» журналы 2005 жылдан бері 5000 дана таралыммен ай сайын Иса Мәсіхті дәріптеуде. Журналға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің 2009 жылдың 10 қазан айында №10445 ж куәлігі берілген. Бұл журналдың негізгі тақырыптық бағыты - балаларға арналған рухани танымдық материалдар жариялау жөнінде екендігі белгіленген. Қазақстан Республикасының Конституциясының 19-бабында: «Әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» делінген. Бірақ әлі оң-солын ажыратпаған жасөспірімдерге басқа дінді насихаттап, оны дендеп ендіруге, өзге қалталы күштердің ығына жығылған қандастарымыздың әрекетін қай санатқа жатқызамыз?

Ұлт болуымыздың өзі бір Алладан болғандықтан, оған жету жолы да ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрмен біте қайнасып кеткен таза исламда.

Басында кеңестік қыспақтан құтылып, дінімен қауышуға асыққан қазақ қазіргі уақытта діни сенім-нанымдарының әртүрлілігінен бір-біріне қарсы уәж айтып, қырық пышақ болуда. Осындай алауыздықтарды болдырмау үшін исламның шынайылығын, асылдығын терең түсініп, халық салт-дәстүрімен қаныққан діндарлар исламды өзгелерге насихаттаса ғана бұрылыс болады. Діндар болуға қанша асығып бара жатсақ та, жоғарыда тоқталып өткен түрлі жағдайларды айналып өтуге болмайды.

Тіл мен діннен ажырап, тұрмысы да түгелдей өзгерген кезде көптеген салт-дәстүрлеріміз ізім-қайым жоғалды. Көпшілігінің атауын қазіргі кезде сөздік қордағы археологизмдер қатарынан ғана көре аламыз. Десек те, құда болу, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана т.б. қайта жаңғыртылған наурыз тойы, малдың төлдеуiмен байланысты уызға, күздiкте қарын-майға, қыста соғымға шақыру, көшiп келген ағайынға ерулiк немесе көшерде көршiлерге көшерлiк беру, бие байлау, сiрне, қымызмұрындық, ырым-тыйымдар, жол-жоралғылар халық қолданысына ене бастағаны рас.

Қорыта келе айтарымыз - тіл, дін, дәстүр үштігінің бірлігін берік қалыптастырған рухани күшті тұлғалардан құралған ұлт қана жаһандану тасқынындағы түрлі толқындарға қарсы тұра алмақ. Қазіргі қазақ қоғамына әр дербес ұлттың жаны мен қаны бөлектігі Алла Тағаладан екенін түсінетін, Асан қайғыдай, Бұқардай, Абайдай, Алаш қайраткерлеріндей туған халқына жан жүрегімен құлдық ұратын, ұлттық рухы зор ұрпақ тәрбиелеу парыз.

«Жалын» журналы

0 пікір