Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3010 0 пікір 5 Наурыз, 2011 сағат 11:04

Думан Анаш. Көсем

Кеше «abai.kz» ақпараттық порталының ұйымдастыруымен «Әлихан Бөкейханның 145 жылдығы» атты баспасөз мәслихаты өттi. Аталған жиынға Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдi, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Iсмақова, «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Бейбiт Қойшыбай, саясаттанушылар Айдос Сарым, Расул Жұмалы және баспасөз өкiлдерi қатысты.

Көсем. Ұлт көсемi. Әлекең туралы бұлай демеске әддiң жоқ. Бөкейханов туралы бұра тарту - арға сын.

Ол - шын мәнiнде Алашқа пана болған, дүйiм жұртты соңынан парасатты түрде ерте бiлген ұлт көсемi.

Әлихан қазақтың бiртұтастығына қызмет еттi.

«Бiртұтас Алаш идеясы» - осы жанкештi еңбектiң көрiнiсi. Мәселен, сол уақытта қазақ даласынан бөлiнiп қалған Шығыс Түркiстандағы қазақтардың өзiне деген жанашырлықты таба аласыз Әлиханның бойынан. Оған дәлел - «Бiз Отанымызда отырмыз. Олар сыртта жүр» деген Әлекеңнiң сөзi бар. Алашорда қозғалысы көсемiнiң тапсырмасы бойынша 1918 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мен Мiржақып Дулатұлы Қытайдағы Шәуешекке барады. Бұл сапарында Ахаңдар шет жұрттағы қазақтардың басын құрап, әңгiмелеседi, кiтаптарын бередi.

Кеше «abai.kz» ақпараттық порталының ұйымдастыруымен «Әлихан Бөкейханның 145 жылдығы» атты баспасөз мәслихаты өттi. Аталған жиынға Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдi, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Iсмақова, «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Бейбiт Қойшыбай, саясаттанушылар Айдос Сарым, Расул Жұмалы және баспасөз өкiлдерi қатысты.

Көсем. Ұлт көсемi. Әлекең туралы бұлай демеске әддiң жоқ. Бөкейханов туралы бұра тарту - арға сын.

Ол - шын мәнiнде Алашқа пана болған, дүйiм жұртты соңынан парасатты түрде ерте бiлген ұлт көсемi.

Әлихан қазақтың бiртұтастығына қызмет еттi.

«Бiртұтас Алаш идеясы» - осы жанкештi еңбектiң көрiнiсi. Мәселен, сол уақытта қазақ даласынан бөлiнiп қалған Шығыс Түркiстандағы қазақтардың өзiне деген жанашырлықты таба аласыз Әлиханның бойынан. Оған дәлел - «Бiз Отанымызда отырмыз. Олар сыртта жүр» деген Әлекеңнiң сөзi бар. Алашорда қозғалысы көсемiнiң тапсырмасы бойынша 1918 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мен Мiржақып Дулатұлы Қытайдағы Шәуешекке барады. Бұл сапарында Ахаңдар шет жұрттағы қазақтардың басын құрап, әңгiмелеседi, кiтаптарын бередi.

Бұл турасында әдебиетшi-ғалым Айгүл Iсмақова өз сөзiнде: «Шеттен келген қазақтар Мағжанның, Жүсiпбектiң тiлiн сол шұрайлы күйiнде сақтаған» десе, жазушы-тарихшы Бейбiт Қойшыбай елдегi көшi-қон саясатын да бiр кездегi Әлихан Бөкейхан бастаған «Бiртұтас Алаш идеясының» шеңберiнде қарастыру қажет дейдi.

«Кеңес тұсындағы автономиялық республика билiгi ашаршылыққа, халықтың қырылуына әсер еттi. Бiз көбiне оған орталық билiк - Мәскеудi кiнәладық. Бiрақ, қуыршақ мемлекет ретiнде 2 миллионнан астам адамның аштықтан қырылуына Мәскеудiң айтқанын асыра орындаймыз деген жергiлiктi басшылық (голощекиндiк - ред.) жасаған науқан да әсер еткенiн мойындау қажет. Сондықтан, сырттағы шашылып кеткен қандастарымызды жинау үшiн бiр кездегi тарихқа қайта оралып, сол үшiн ел алдында опынып, кешiрiм сұрауымыз керек. Бұл үшiн мемлекеттiк опыну құжаты жан-жақты деңгейде қабылдануы тиiс», - деген ұсынысын жеткiздi.

Әрине, Әлихан туралы әңгiмемiздi шет жұрттағы қандастар мәселесiнен бастағаны несi дерсiз? Рас, Бөкейхановтың бөлек бiтiмдi ұлт көсемi ретiнде Ахаң мен Мiржақыпты Шәуешекке жiберуi - оның күллi қазақтың бiр мұратына бас тiккен тегеурiндi саясаткер екендiгiнен хабар берсе керек. «Бiз бөлiнген ұлтпыз. Әйтпесе, ХХ ғасыр басына дейiн қазақ бiртұтас ұлт болған. Оған дәлел «Қазақ» газетi екi рет жабылса да, Алаш қайраткерлерi абақтыға тоғытылса да Шәуешектен батысқа дейiнгi атырапта жатқан қазақ халқы қалтасынан қаржысын шығарып, жылу жинап, сол газеттiң қайтадан шығуына, қайраткерлерiнiң абақтыдан босауына ықпал етiп отырған. Ал, қазiргi уақытта Батыс Еуропадағы қазақ латын әлiпбиiн, Қытай­дағы қазақ төте жазуын, елiмiздегi қазақ кириллицаны қолданғанынан-ақ, жоғарыдағы бiртұтас­тығы­мызды жоғалтқанымызды байқаймыз», - дейдi саясаттанушы Айдос Сарым.

Баспасөз мәслихатында Мәкең, Мәмбет Қойгелдi айтқан әңгiме тереңнен қозғап, санаңды сiлкiлегендей әсер қалдырды. Тарих қай әрекетiңiздi болса да бұлтартпайды ғой. Айғақ бар жерде сенiм бар. Сондықтан Мәмбет ағамыз айтқан әңгiменiң бiрсыпырасын жеткiзе кетсек.

Қазiргi уақытта, өкiнiшке орай, Алашорда қозғалысы мен өкiметiнiң көсемi Әлихан Бөкейхановтың тұлғасына қатысты кейбiр жәйсiз әңгiмелердi де көз көрiп, құлақ естiп қалады. Соның көбi, жаһанды «уысында» ұстап отырған ғаламторда. Мiне, сол желi iшiндегi желбуаз, қысыр әңгiмелердiң бiрi Әлекеңнiң қайраткерлiк тұлғасына шәк келтiрiп, ол ғұмырының соңғы 15 жылында неге қазақтың жанынан табылмады, неге қазақ аштықтан қырылып жатқанда болыспады дегенге саяды.

«Бұл тарихшылар тарапынан саналы түрде жасалып отыр. Әйтпесе, ондай сөздi басқа мамандық өкiлдерi айта алмайды, - дейдi бұл сауалға Мәмбет Қойгелдi мырза. - Бөкейханов 1922 жылы Семейде ұсталғаннан кейiн Мәскеуге апарылды. Оған өкiметтiң ресми шешiмi бойынша бiр бөлмелi пәтер берiлдi. Бөкейханов сол пәтерден шығу құқынан айрылды. Яғни, ол 1937 жылы атылғанға дейiнгi 15 жыл уақыт бойы үйқамақта отырды. Одан бұрын патша өкiметi де (осы жерде патша өкiметi мен кеңес өкiметiнiң айырмасы шығады) 1908 жылы Бөкейхановты Қазақстаннан жер аударған болатын. Сол арқылы патша өкiметi де 1917 жылға дейiн Бөкейхановты Қазақстанға келу құқынан айырды. Бөкейханов Самара қаласында тұрды. Бiрақ, сол Самарада тұрып-ақ, қазақ ұлт-азаттық қозғалысының теориялық-практикалық негiзiн қалады. Дегенмен, қуғында жүрсе-дағы, Абайдың кiтабын 1909 жылы Петербордан шығарған, «Қазақ» газетiнiң ашылуына түрткi болған Әлекең болды. Батыс Қазақстанда кеңес өкiметi орнағанға дейiн университет бiтiрген бiр дәрiгер бар. Есiмi еске түспей отыр. Сол кiсiнiң Ахмет Байтұрсынұлы екеуiнiң сөйлескен әңгiмесi туралы ОГПУ тергеуiнде айтылады: «Бiз Байтұрсынов екеуiмiздiң пiкiрiмiз мынау. Кеңес өкiметiне қарағанда патша өкiметi жақсы екен. Сәл де болса мейiрбандығы болды, бiзге жұмыс iстеуге мүмкiндiк бердi» дейдi. Ал, кеңес өкiметi олардың басын жұтты. Неге жұтты? Осы уақытқа дейiн оны кездейсоқ ауытқушылық деп қараушылар да бар. Олай емес. Бұл саналы түрде жасалды. Бұл - қазақты басынан айыру, түптеп келгенде, қазақтың жерiн алу әрекетi едi. Сөйтiп, 1922 жылдан 1937 жылға дейiн Қазақстанға келу құқынан айрылған Әлекең осы жылдар аралығында елге бiр-екi мәрте келедi. Онда да үйқамақтан Ғылым академиясы экспедициясының құрамына алу туралы сұрауға орай шығарылды. Бiрақ, осында келгенiн ОГПУ органдары бiлiп қойып, орта жолдан оны қайтадан Мәскеуге апарып, Бутырка түрмесiне жауып қойды. Бұл мезетте Бөкейхановты кадеттер партиясының бiр лидерi Сталинге кiрiп, түрмеден босатып алған. Әлекең үйiнде бақылауда отырды. 1921 - 1922 жылғы аштықта қазақ халқының 1 миллионға жуығы қырылды. Әсiресе, бұл оңтүстiкте, Торғай өңiрiнде қатты жүрдi. Сол кезде көмек көрсету жөнiнде ұран тастап, көмек көрсеткен Алаш қайраткерлерi болатын. 1932 - 1933 жылғы ашаршылыққа келсек, Бөкейхановтың басшылығымен бұған қарсы әрекеттер болған. Мәселен, Смағұл Сәдуақасов бастаған топ 1927 - 1928 жылдары Голощекиндi Қазақстаннан кетiруге әрекет жасады. Олар осы мақсатпен Мәскеудегi басшыларға шыққан. Мәселен, Сталинге оппозицияшыл бағытта болған Троцкиймен, Зиновьевпен, Каменевпен Голощекиндi кетiру жөнiнде байланыс орнатқан. Мұның ар жағында да Әлекеңнiң идеясы тұр. Смағұл Сәдуақасов - Әлиханның туған күйеу баласы. Голощекиннiң бiр сөзi бар. «Мәскеуге iссапармен келген қазақ қайраткерлерi пойыздан түсе салысымен Кремльдегi өкiмет үйiне бармайды. Бiрiншi Бөкейхановқа барып, сонан кейiн Кремльге барады», - дейдi ол. Әлекең, шамасы келгенше аштықты болдырмауға тырысқан, қолдан жасалған апатқа қарсы күрескен тұлға. Оған айғақ жеткiлiктi. Бiрақ, кеңес өкiметi оны тұтқында ұстады. 1925 жылы Сталиннiң Қазкрайкомға жазған хатынан кейiн Әлихан Бөкейханов Шығыс баспасы, одан кейiн Орталық баспасынан қызметтен шығарып жiберiлдi. Жұмыстан босатылғаннан кейiн Бөкейхановтың отбасын асырайтын қаржысы болмай қалды. Өкiмет оның университетте оқып жүрген ұлы Сергейге стипендия бермей қойды. Қазақстанда жүрген азаматтар, iшiнде министрлер де бар, Әлекеңе жiберу үшiн жасырын түрде өз қалталарынан қаржы жинаған. Яғни, олар ұлт көсемiн жасырын қаржыландырып тұрды. Кейiннен олардың барлығы репрессияға ұшырағанда тергеу орындары «Бөкейхановқа жинаған ақшаға қанша қаржы қостың?» деген сұрау қояды.

1932 жылы Мәскеуде Алаш зиялыларының екiншi толқынының үстiнен сот болды. Олар - Досмұхамедов, Тынышпаев, Ермековтер едi. Оларды соттап, Воронежге 5 жылға

жер аударды. Сонда Мәскеудегi сот Алматыдағы Голощекинге телеграмма салады: «Бiз алашордашыларды Бутырка түрмесiнде ұстап отырмыз. Оларға қоятын еш айып жоқ. Елге қайтарамыз» дегенде, Голощекин былай жауап жiбередi: «Алаштықтарды елге еш уақытта қайтаруға болмайды. Егер оларды Бутырка түрмесiнен босататын болсаңыздар, қазақтың алдында қарабет боламыз» дейдi. Сөйтiп, Алаштың екiншi буыны Воронежге 5 жылға жер аударылып кете барады. Сонда Мәскеудiң Бутыркасынан түрме мәшинесiне мiнгiзiп, Алаш зиялыларын вокзалға алып келген екен. Мұны Жұмахан Күдерин былай деп еске алады: «Вокзалға түссек, бiздi Бөкейханов күтiп тұр екен. Этаппен пойызға отыруымыз керек. Мәшинеден түскен уақытта Бөкейхановты қоршап тұра қалдық. Бөкейханов «Жiгiттер, уақыт аз. Қазiр сендердi пойызға салып алып кетедi. Тез әңгiмелесiп алайық. Сендермен кездесуге ресми рұқсат алып келдiм», - дедi. Әлекеңмен сөйлесiп жатқа­нымызда Сұлтанбек Қожанов пен Есқараев екеуi келдi. Содан кейiн Әлекең: «Екiге бөлiнейiк, айтатын сөздерiңдi айтып қалыңдар» дедi. Сөйтiп, Қожановпен бiр тобымыз кеттi. Әлекең бiзге: «Сендер не үшiн сотталып бара жатқандарыңды бiлесiңдер. Сендердiң ешкiмнiң алдында кiнәларың жоқ. Сендер ел үшiн сотталып бара жатқан азаматсыңдар. Мұңаймаңдар, бастарыңды төмен түсiрмеңдер. Алла қаласа, әлi жақсылық келедi» деп шығарып салды. Содан Мәскеу вокзалынан Воронежге барғанша күлiп-ойнап бардық», - дейдi. 1932 жылы қамау­да отырған Әлекең осындай қиын күндерде де өз идеясынан танбаған.

Ал, оның хаттары бар. Мысалы, сонау солтүстiктегi ақ Балтықта жатқан Мiржақыпқа хат жазады. Ол кезде хатты жабық конвертке салуға болмайды. Тек ашық жазасыз. Сонда Әлекең Мiржақыпқа: «Шырағым, Мир-Якуб! Аяғыңа  киген етiк тар болса, дүниенiң кеңдiгiнен не пайда? Қайтейiн.. Қолыман келер шарам жоқ» деп араб тiлiнде хат жолдайды. Хатының соңында Мiржақып жақсы көретiн бiр әдемi келiншектiң атын атап: «Жақында Мәскеуге келiп қайтты. Сәлем айтты саған» дейдi көңiлiн көтеру үшiн. Мiне, Әлекең өле-өлгенше идеясына берiк, таза болған тұлға».

Иә, Әлекең туралы таңды-таңға ұрып айтуға болады. Тарихшыларымыз, кешегi Кеңес Нұрпейiс, бүгiнгi Мәмбет Қойгелдi бастаған алаштанушы тарихшыларымыз шаң басқан архивтерде жылдап отырып жинаған дерек жеткiлiктi. Тек бұл еңбектер нақты идеологиялық насихат құралдарына өзек болып, iске асуда кiбiртiктеп келедi. Мәселен, Әлихан туралы деректi фильмнiң, көркем фильмнiң түсiрiлмеуi - Алаш идеясының заманауи деңгей­де насихатталмай отырғандығының көрiнiсi. Бұл ретте халықты ХХ ғасыр басында ағартушылық жұмыспен қамтыған Алаш қайраткерлерiнiң iзiн бүгiн де жалғастыру қажет-ақ.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДI, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы: Латын Америкасы үшiн Симон Боливар қандай тұлға болса, Әлихан Бөкейханов қазақ үшiн сондай тұлға

Бүгiнгi ғылымда Алаш туралы әлi де анықтала түспеген пiкiрлер бар. Алаш идеясы мен қозғалысын кейбiр азаматтар белгiлi бiр топтың iс-әрекетi ретiнде бағалайды. Немесе Алаш идеясын коммунистiк идеология мен саяси жүйеге қарсы шыққан қозғалыс ретiнде бағалаушылық бар. Бұл жерде мына нәрсенi ескеруiмiз керек. Алаш деген сөз - ұлт-азаттық қозғалысы және идеясы деген сөз. Яғни, бұл тар топтың әрекетi, тiршiлiгi емес, бұл - жалпыұлттық қозғалыс. Кез-келген саяси қозғалыстың алдына қоятын бiрiншi мақсаты - мемлекеттiң тәуелсiздiгi, дербестiгi. Сол мемлекеттiк тәуелсiздiк пен құрылым арқылы жердi сақтау, жер арқылы елдiң тәуелсiздiгiн, болашағын сақтау. Сондықтан, Алаш идеясы - мәңгi идея. Қазақ халқы, қазақ ұлты тiрi болатын болса, онда Алаш идеясы да тiрi болады.

Қазiргi кейбiр журналистер арасында қалыптасқан үрдiс бар. Бұл - Алаш қайраткерлерi мен қозғалысын бүгiнгi саяси жүйеге қарсы қою әрекетi. Бұл дұрыс тенденция, ұстаным емес. Қазiргi қалыптасқан мемлекеттiк билiк пен жүйе - қазақ жерiнде қалыптасқан жаңа тұрпаттағы, қазiргi сұранысқа жауап бере алатын мемлекет. Халықаралық қатынас жағдайында әлемдiк деңгейде қалыптасқан мемлекет. Сондықтан, алаштық идеяны қазiргi мемлекеттiк идеяға қарсы қоюдың керегi жоқ. Бiрақ, бiр жәйттi түсiнуiмiз керек. Рас, Алаш қозғалысы көтерген идея мен қазiргi мемлекеттiк идея мен қоғамдық жүйе арасындағы байланыс әлсiз. Мұны мойындау керек. Неге әлсiз? Айталық, қазiргi қоғам Алаш идеясын 1917 - 1918 жылдарда қабылдағандай нелiктен сiңiре алмай отыр? Әрине, түсiнедi, құрметтейдi. Бiрақ, мұның бiр нәзiк қыры бар. Жетпiс жыл өмiр сүрген кеңестiк жүйе Алаш идеясын мүлде басқа бағытта насихаттады, басқа мағынада көрсеттi. Кеңестiк идеология «Алаш - ұлттық идея емес» деген ұстанымда болды. Яғни, Алашты ұлттық идеяға, ұлттың ұстанымына қарсы қойды.

Ал, қазiргi уақытта БАҚ құралдары мейлiнше Алаш идеясын насихаттаудың жаңа әдiстерiн меңгеру керек. Бiздiң мемлекетiмiзге ғаламда орын бар екенiн әлем мойындап отыр. Сол сияқты алаштық идеяға да бiздiң қоғамымызда орын бар.

Алаш туралы бiз зерттеу еңбектерiмiздi кiтап қылып жариялап жатырмыз. Сөремiзде тұр. Бiрақ, ол кiтапта айтылған идея жұмыс iстемей жатыр. Кiтаптағы идеяны қазiргi сұранысқа лайық дәрежеде бiз мектепке жеткiзуiмiз керек. Оқулықтарға енгiзуiмiз керек. Жоғары оқу орын­дарының оқу бағдарламасына да енгiзу керек. Менiңше, бұған қарсылық жоқ. Бiрақ, енгiзуге бiздiң интеллектуал­дық деңгейiмiз, белсендiлiк жетпей жатыр. Әлекең туралы жалпы халыққа түсiнiктi, көркем фильм қажет. Жуырда «Мұстафа Шоқай» көркем фильмi жарыққа шықты. Оның сценарийi де, режиссурасы да сауатсыз. Көтерген мәселесi басқа арнада, М.Шоқайдың рухында емес.

Латын Америкасы үшiн Симон Боливар қандай тұлға болса, Әлихан Бөкейханов қазақ үшiн сондай тұлға. Сол сияқты Мұстафа Кемал Ататүрiк Түркия үшiн, Махатма Ганди Үндiстан үшiн қандай тұлға болса, Әлекең қазақ үшiн сондай тұлға. Бiз осындай дәрежеде насихаттауымыз керек. Мiне, осындай дүниенi халықтың рухани өмiрiнiң құрамдас бөлiгiне айналдыруға келген кезде қазiргi ұрпақтың бұған интеллектуалдық деңгейi жетпей жатқанын мойындауымыз керек.

Бiз Алаш идеясын насихаттауда тығырықта тұрмыз. Бiрiншiден, бiз ХХ ғасырда жеңiлген, жеңiлiске ұшыраған ұлтпыз. Алаш қозғалысының жеңiлiсi соның айғағы. Бiз осыны ғылыми, рухани-мәдени деңгейде мойындауымыз қажет. Бiз қазiр қандай тұңғиықтан шығып келе жатырмыз, кеңестiк жүйе қазақ халқын қандай тереңге ұрындырды? Яғни, тығырықтан шығу үшiн қандай тұңғиыққа түске­нiмiздi мойындауымыз, қандай апатқа ұшырағаны­мызды түсiнуiмiз керек. Бiз белгiлi дәрежеде қағынан жерiген киiк сияқтымыз. Өзiнiң ұлттық тарихынан, ұлттық идеясынан жерiген ұлтқа ұқсаймыз. Олай болса, Алаш идеясын насихаттаудың жаңа әдiс-құралдарын игеруiмiз керек.

Алаш идеясын насихаттауға байланысты мемлекеттiк сұраныс болуы керек, мемлекеттiк бағдарлама жасалуы қажет. Алаш қайраткерлерiн насихаттауға байланысты мемлекеттiк бағдарлама неге жоқ? «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалынды. Осы бағдарлама аясында жасалған iс-шараны әлем мойындайды. Ал, «Мәдени мұраның» бiр саласы, ең маңызды саласы Алаш идеясы мен оның мұрасын насихаттау болу керек едi. Ұлт зиялылары Алаш идеясының мемлекет тарапынан жоғары интеллек­туалдық деңгейде насихатталуына көңiл аударылуы­на мұрындық болуы керек. Мұны талап етуiмiз керек. Өйткенi, Алаш идеясы бiздiң идеямыз, бүкiл ұлттың, халықтың идеясы.

Әлекеңнiң 140 жылдығы қарсаңында Қарағанды қаласынан шығатын орыс тiлдi газеттердiң бiрiнде «Бөкейханов - террорист» деген сөз айтылды. Осыған жол берiлдi. Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған конференция Балқаш қаласында да өткiзiлдi. Мен қатысып, баяндама жасадым. Балқаш қаласына 40 шақырым жерде Тоқырауын деген өзен бар. Сол өзеннiң бойында Бөкейхановтардың қонысы мен зираты бар. Ал, Балқаш қаласында Бөкейхановтың атына берiлген көшенiң аты, iлiнген суретi де жоқ. Балқаш қаласының әкiмiне айтып едiм, жауап бере алмады.

Бөкейханов жалғыз емес. Оның идеясын iске асырған қозғалыс болды. Батыс Қазақстанда Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған конференцияда ескерткiш ашылды. Бұл жақсы нәрсе. Сол конференцияда мен ұсыныс жасадым. Жымпитыда тұрған Әлмұхамед Оспанов атты Алаш офицерi болыпты. Оспанов атына көше берiңiз деген едiм. Бiрақ, бұл ұсынысым осы уақытқа дейiн жүзеге аспады. Кезiнде кеңестiк билiк орнай салысымен көшенiң аттарының барлығын большевиктерге бердi. Большевик көсемдерiне ескерткiш қойылды. Бiз қазiр дербес мемлекет ретiнде осындай адекватты әрекеттерге бармаймыз. Әрине, Алаш қайраткерлерiне көшелер берiлiп жатыр, бiрақ ескерткiштер қойып, мерейтойын атап өтiп, сол арқылы Алаш идеясын насихаттауға болады.

Бiз қазақты көбiне момын ұлт деп қабылдау арқылы өзiмiздi жуасытып алғанбыз. Шын мәнiнде, ХХ ғасыр басындағы қазақтың саяси элитасы, шығармашылық тобы патшалық Ресей болсын, Кеңес Одағы болсын, өктем жүйеге үнемi қарсы шығып отырған. Бiрде ашық, бiрде жасырын түрде үзiлiссiз қарсылық болған. Интеллектуал­дық қарсылық өте күштi болды. Кеңестiк тарихтың бес томы шығып жатыр. Соның төртiншi томында кеңестiк метедологияны басшылыққа алған. Дегенмен, оның iшiнде қазақтың интеллектуалдық қарсылығы туралы жоқ. 1917 жылдан бастап 1991 жылы кеңестiк билiк сахнадан кеткенге дейiн интеллектуалдық қарсылық үзiлiссiз жүрiп отырды. Оны басқарушы саяси элита көрсетiп отырды, олар әлсiреген уақытта, күшiн жоғалтқан кезеңдерде халықтың өзi көрсетiп отырды. Қарулы көтерiлiс жасаған жағдайы да бар. Бiрақ, бұлар тарихымызда көрсетiлмей келе жатыр. Бiздiң тарихымыз көп жағдайда фрагменттi тарих, үзiк-үзiк тарих. Тұтас тарих емес. Iшкi логикалық жүйе­сi бар тұтас тарихты жасау деңгейiне көтерiле алмай отырмыз.

Әлиханның әкесiнiң аты - Нұрмұхамед. Әлекең фамилиясын екi түрлi қолмен жазған. Ресми құжаттарда «Бөкейханов» деп жазды. Кейбiр еркiн мақалаларында «Бөкей хан» деп қойды. Ал, «Қазақ» газетi, «Айқап» жур­налы сынды басылымдарда оқырман тарапынан қабыл­дан­ған өзiнiң лақап аты бар. Бұл - «Қыр баласы» деп аталады.

Гегель деген немiстiң философы әлем халықтарын екiге бөледi. Бiрiншiсi - теориялық ұлттар, екiншiсi - теориялық емес ұлттар. Теориялық дамыған ұлттар теориялық деңгейi төмен ұлттарды алдайды, арбайды, қанайды. Сондықтан, бiз қазiргi жаһандану жағдайында теориялық деңгейi бар ұлтқа айналуымыз керек. Оның негiзiнде - жаһандануға қарсы қоятын бiр-ақ дүние бар. Ол интернационализм емес, әлем азаматы болу емес. Егер бұл тұжырымдамаға iлесер болсақ, тағы жұтылып кетемiз. Жаһандануға қарсы қоятын бiр-ақ нәрсе, ол - ұлттық мәдениет, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық көзқарас. Бiр ұлттың бiр ұлттан айырмашылығы - оның көзқарасында, дүниетанымында. Бiз үшiн қазақтың дүниетанымын сақтау маңызды. Егер бұл үдеден шыға алмасақ, онда тағы да иврит, маргинал болып шығамыз.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы: ХХ ғасыр басында Алаш идеясы қазақ идеясымен бiрiктi

Өмiр бiр орнында тұрмайды. Бүгiнгi күнi тарихты түсiну, тарихқа құрмет мәселелерi туындап отыр. Алдағы бесжылдықта Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы келе жатыр. Соған кешендi түрде дайындалуды бүгiннен бастау қажет.

Тарихи сана қалыптаспай еш өзгерiс, даму болмайды. Түптеп келгенде, Алаш идеясы қазақ идеясынан да үлкен иедя. Егер оны ХVII ғасырдан бастап қарар болсақ. Ал, ХХ ғасыр басында Алаш идеясы қазақ идеясымен бiрiктi. Неге Алаш қайраткерлерi тамырлы болды? Себебi, әрқайсысы өз тарихын жетiк бiлген. Бiздiң тарихи санамыз, өкiнiшке орай, шұрқ-тесiк сияқты. Үлкен ойықтар бар. Мәселен, ХVII ғасыр қазақ үшiн түсiнiксiз ғасыр. Еуропа тарихында «темный век» деген ұғым бар. Сол сияқты түсiнiксiз ғасыр. ХVII ғасырдан 1937 жылға дейiн тарихымызда үлкен ойықтар бар. Мұрағатшы ретiнде айтайын, 1933 жылға дейiн Қазақстанда Голощекиндермен күресетiндей қуат болды. Коммунистiк партияның iшiнде жүрiп-ақ оппозиция болған қайраткерлердiң өзiн бiз «жау» жасап жiбердiк. Аттарын да атамаймыз. Мұрағаттың «РКИ» деген қоры бар. Сол кезде ел бойынша Мәскеуге ақпар жiбередi. Егер «РКИ-ден» осы ақпарларды қарасаңыз, сол кезеңдегi күнде толқып жатқан елдi байқайсыз. Бiрақ, 1932 - 33 жылдардағы аштық сол үлкен рухты жойып жiберген сияқты. ХХ ғасырдағы ең үлкен катастрофалардың бiрi - қазаққа жасалған қиянат.

Тарихта идеялар ешқашан өлмейдi. Алаш идеясы 30-жылдары тұңғиыққа кеткенiмен, 60 - 70 - 80-жылдары қайта жаңғырып, жасырын ұйымдар арқылы жалғасты. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында осы ұйымдар туралы да айтуымыз керек.

Айгүл IСМАҚОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор: Әлиханның еңбектерi ХХ ғасыр басында-ақ Оксфорд пен Сорбоннада жарияланды

Қазақтың қай ғалымының еңбегi ХХ ғасыр басында Оксфорд пен Сорбоннада жарияланды? Тек Әлихан Бөкейханұлының еңбегi ғана аталған әйгiлi ғылым ордасында жарық көрдi. Қазақтың қай ғалымы қазақтың тарихы туралы шет елде еңбек жариялады. Тек Әлихан Бөкейханұлының «Қазақ эпостары туралы» еңбегi мен мағлұматтары Оксфорд пен Сорбоннада жарияланды. Алаш қайраткерлерiнiң қазақ мемлекеттiгiнiң мүддесi жолындағы әр еңбегi, әр қадамы, өкiнiшке орай, бүгiнде толық деңгейде бағаланбай келедi.

Қазақтың ұлттық, экономикалық-шаруашылық тарихының басында Әлихан Бөкейханұлы тұр. Петербор­дағы орман шаруашылығы университетiн үздiк бiтiрген ғалым ретiнде де Әлекең шаруашылық ғылымдарының да, қоғамдық және саяси ғылымдардың да басында тұрды және соны iс жүзiнде қалыптастырды. Және мақалалары мен баяндамаларын, екi тiлде бiрдей жазған еңбектерi болса-дағы оның саясаттанушы ретiндегi бiр қыры. Бұл қыры әлi бағасын алған жоқ.

Әлекең қазақ мәдениетi туралы мақалаларында ұлтымыздың өркениеттi, сауатты халық екендiгi туралы, мәдениетi мен тарихы ХХ ғасыр басында Еуропа елдерiмен терезесi тең дәрежеде екенiн айтатын терең зерттеулер қалдырған.

Қазаққа қалай қызмет ету керек десек, әр саяси тұлға Алаш тұлғаларынан үлгi алуы қазiргi Тәуелсiз Қазақстанға аса қажет деп санаймын.

Ең ерекше атап өтетiн жәйт, Алаштың құжаттарында қазақтың автономиялық мемлекетiнiң шекаралары анықталды. 1991 жылы Қазақстан Тәуелсiздiк алғанында, оның шекарасы осы құжат бойынша тағы анықталды.

Переселендер, қазақ жерiне қоныс аударушылар туралы Әлекең қазақтың жеке мемлекетiнiң азаматы ретiнде бауырға тарту идеясын, яғни, бүгiнгi күнмен сабақтасып жатқан ұстанымда болған. Қазақтың мүддесi мен қазақ мемлекеттiгiнiң мүддесi бiр екенiн айтқан.

Бейбiт ҚОЙШЫБАЙ,

«Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы: Алаш идеясы қазақ ұлтын өз тарихи орнына көтеру арқылы iске асырылады

Қазiргi кезде ұлттық идея неге зәру? Бiз Алаш идеясына неге зәрумiз? Бiздiң азаматтарымыз ұлттық идеяны әр тараптан iздейдi. Iс жүзiнде бұл қарапайым ғана Алаш идеясынан туатын дүние. Бұл - қазақтың ұлттық мемлекетiн орнату. Бұл идея, өкiнiшке орай, әлi күнге арман болып қалып келе жатыр. Естерiңiзде болатын болса, 1990 жылғы қабылданған Декларацияда қазақтың ұлттық мемлекеттiгiн орнату туралы жазылған болатын. Алайда, 1991 жылғы Тәуелсiздiк туралы Декларацияда бұл идея айтылмай қалды. Ал, былтыр дау тудырған «Ел бiрлiгi» доктринасында азаматтық қоғам, азаматтық мемлекеттiк құру туралы айтылды. Бұл - қоғамның, туған елiн ойлайтын азаматтың қарсылығын тудырды. Сондықтан, Алаш идеясы өте өзектi екенiн бiлуiмiз керек. Әлекең «Алашорданың» халық кеңесiнiң құрамында бүгiнгi бiздiң тiлiмiзбен айтқанда 15 адамды министр қылып сайласа, оның сапында басқа ұлттың да өкiлдерi болған. Қазақстанды бiрге құрамыз, бiрiгiп құрамыз деген идея - Алаш идеясы болатын. Ал, қазiргi күнi Алаш идеясы туралы айтылса, бұл тек қазақ мемлекетiн құрамыз деген сипатта қабылданатын сияқты. Мұны қазақ ұлтын өзiнiң тарихи орнына көтеру арқылы iске асырылатын, барлығымыз бiрге құратын зайырлы мемлекет идеясы деп ұғынғанымыз жөн.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: Ортақ идея тапшылығын Алаш идеясымен толтыруға болады

Негiзi, қандай да бiр мемлекет, қандай да бiр ұлт, оның гүлденуiн, әрине, ұлттық идеясыз елестету мүмкiн емес. Себебi, жетiстiк пен табыстың, алға жылжудың негiзi, халықты бiрiктiретiн, мемлекеттi нығайтатын - ұлттық идея. Шын мәнiнде соңғы 20 жылда тәуелсiз ел болғанмен, бiзде осындай нақты, бәрiне түсiнiктi ортақ идея тапшы. Осындай ортақ идеяны қалыптастырып, алға тартатын тарихымыз бен тарихтың ақтаңдақ беттерi. Бұл турасында жариялылық кезеңiнде, Кеңес Одағы ыдырай бастаған кезiнде үлкен әңгiмелер болды. Бiрақ, бұл науқан айтарлықтай нәтижелерге қол жеткiзген жоқ. Бiз ағартушы ғалымдарымыз бен Алаш қайраткерлерiнiң қалдырған мирасын үстiрт қана қарадық. Оның тек саяси бағасын ғана емес, ұғыну тұрғысынан да толыққанды жұмыс iстедiк деп айта алмай келемiз. Колониалдық империяға қарсы, сырттан келген күштерге қарсы талай әңгiмелер көтерiлдi. Бiрақ, тарихтың ақтаңдақ беттерi әлi көп күйiнде қалып отыр.

«Алматы ақшамы», № 25 - 26, 5-наурыз, 2011 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3568