Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7046 0 пікір 5 Наурыз, 2011 сағат 08:40

Алаш көгіндегі күн – Әлихан Бөкейхан

Бүгін - 5-нші наурыз Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның дүние есігін ашқан күні. Жарық дүниеде «Жасасын Алаш!» деп ұран салып, қара тырнағынан әл кетіп, кірпігі қамасқанша қазаққа қалтқысыз қызмет еткен аялуы тұлғаның 145 жылдығы. Әлихан Нұрмұхамедұлы көтерген идеялар өлген жоқ. Қайта Алаш рухты жастың бойында, санасында қайта жаңғырып жатыр. Жаңғырып, жасай бермек. Қазақтың шаңырағынан түскен күндей болған ер Әлиханды ел мәңгілікке ұмытпайды. Ұмытпайтыны - Әлиханның идеясы - Алаш идеясы. Ал, Алаштың жолы - біздің жол.

Әлекеңнің туған күніне орай Abai.kz ақпараттық порталының ұйымдастыруымен «Әлихан Бөкейханның 145 жылдығы» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты болып өтті. Алаштанушы ғалымдар мен саясаттанушылардың, әдебиетшілердің қатысуымен болған келелі әңгіме қазақ арналары мен баспасөзі ақылы осы күні барша жұртқа жетіп жатыр. Сол баспасөз жиынында Әлихан және Алаш жұртының кешегісі мен бүгінгісі һәм болашағы турасындағы айтылған ойларды ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

 

Мәмбет Қойгелдиев, тарихшы ғалым:

Бүгін - 5-нші наурыз Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның дүние есігін ашқан күні. Жарық дүниеде «Жасасын Алаш!» деп ұран салып, қара тырнағынан әл кетіп, кірпігі қамасқанша қазаққа қалтқысыз қызмет еткен аялуы тұлғаның 145 жылдығы. Әлихан Нұрмұхамедұлы көтерген идеялар өлген жоқ. Қайта Алаш рухты жастың бойында, санасында қайта жаңғырып жатыр. Жаңғырып, жасай бермек. Қазақтың шаңырағынан түскен күндей болған ер Әлиханды ел мәңгілікке ұмытпайды. Ұмытпайтыны - Әлиханның идеясы - Алаш идеясы. Ал, Алаштың жолы - біздің жол.

Әлекеңнің туған күніне орай Abai.kz ақпараттық порталының ұйымдастыруымен «Әлихан Бөкейханның 145 жылдығы» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты болып өтті. Алаштанушы ғалымдар мен саясаттанушылардың, әдебиетшілердің қатысуымен болған келелі әңгіме қазақ арналары мен баспасөзі ақылы осы күні барша жұртқа жетіп жатыр. Сол баспасөз жиынында Әлихан және Алаш жұртының кешегісі мен бүгінгісі һәм болашағы турасындағы айтылған ойларды ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

 

Мәмбет Қойгелдиев, тарихшы ғалым:

- Әлихан Бөкейханов кім? Егер Латын Америкасы үшін Симон Боливар қандай болса, Әлихан Бөкейханов қазақ үшін сондай тұлға. Егер Ататүрік қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай. Егер Махатма Ганди Үндістан үшін қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай тұлға.

***

Әлихан Бөкейханов 1922-нші жылы Семейде ұсталғаннан кейін Мәскеуге апарылды. Ол кісіге ресми биліктің шешімі бойынша, бір бөлмелі пәтер берілді. Сол үйден шығу құқынан айырды. Содан 1937-нші жылы ату жазасына кесілгенге дейін 15 жыл үйқамақта отырды. Одан бұрын патша үкіметі 1908-нші жылы Бөкейхановты Қазақстаннан  Самараға жер аударды. Сөйтіп, 1917-нші жылға дейін Бөкейхановты Қазақстанға келу құқынан айырды. Бірақ сол Самарада тұрып қазақ ұлт-азаттық қозғалысының теориялық, практикалық  негізін қалады.

***

1909-ншы жылы Петербордан Абайдың тұңғыш кітабын шығарған Бөкейханов болатын және «Қазақ» газетін шығару идеясы да Әлекеңдікі. Әрине, Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі орасан зор.

***

Тарихи деректердің бірінде Әлихан: «Байтұрсынов екеуіміз сөйлескенде: «Совет өкіметіне қарағанда, патша үкіметі жақсы екен. Олар бізге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін еді», деп айтатынбыз», дейді. Ал, совет өкіметі олардың басын жұтты.

***

1921-1922-нші жылдары аштықтан 1 миллионға жуық қазақ қырылды. Ашаршылық әсіресе, Торғай облысында қатты жүрді. Ал, сол кезде қазақ халқына көмек беру үшін ұран тастап, жылу жинаған Алаш қайраткерлері болатын. Бұл жария, жазылған факт. Оны қайталаудың қажеті жоқ. Ал, 1931-1933-нші жылдардағы жаппай ашаршылыққа келсек, Бөкейхановтың басшылығымен соның алдында әрекеттер болған. Мәселен, Самғұл Сәдуақасов бастаған топ  1927-1928-нші жылдары Голощекинді Қазақстаннан кетіруге әрекет жасаған. Олар осы мақсатпен сол кездегі Мәскеудегі басшыларға шыққан. Голощекинді кетіру үшін Сталинге оппозиция  Зиньовиев, Каменов байланыс орнатқан. Мұның ар жағында Әлекеңнің идеясы тұр. Сондықтанда Әлекең ашаршылықты болдырмауға тырысқан тұлғалардың бірі. Бұған қатысты тарихи фактілер жетеді.

Голощекин айтқан сөзі бар: «Қазақ қайраткерлері, министрлер Алматыдан шығып Мәскеуге барады да, пойыздан түсіп Кремльге бармай бірден Әлихан Бөкейхановқа барып, содан кейін ғана Кремльге келеді», деген.

***

1925-нші жылы Бөкейханов Сталиннің хатынан кейін «Шығыс» және орталық баспаларынан жұмыстан шығарылды. Жұмыстан босағаннан кейін Бөкейхановтың отбасын асырайтын ақшасы болмай қалды. Тау-кен институтында оқып жүрген баласы Сергейге степендия бермей қойды. Сонда Әлекең «Ең болмағанда балама степендия беріңдер», деп өкімет орындарына барды. Сөйтіп, Әлекеңнің күн көретін қаржысы болмай қалды. Сол кезде Қазақстанда жүрген азаматтар, ішінде министрлерде бар қалталарынан жасырын түрде қаржы жинап, Мәскеуде үйқамақтағы Әлекеңе жіберіп отырған. Міне, қазақ қайраткерлерінің дәрежесі сондай биік деңгейде болған.

***

Ал, Бөкейханов ешуақытта ұлттық идеядан табан аударып, кеткен емес. Бір ғана мысал келтірейін. 1932-нші жылы екінші толқын Алаш зиялыларының үстінен сот болған. Сол тұста сот Алматыдағы Голощекинге телеграмма салады: «Біз мыналарды «Бутыркада» ұстап отырмыз. Бұларға қоятын айып жоқ. Қайтарамыз», дегенде Голощекин: «Ешуақытта қайтаруға болмайды. Егер сендер Алаштықтарды «Бутыркадан» босатып жіберсеңдер, қазақтың алдында қарабет боламыз», дейді. Сөйтіп, оларды соттап, Воронежге бес жылға жер аударған. Сонда «Бутырка» түрмесінен машинаға салып, темір жол вокзалына алып келеді. Осы тұсты Жұмахан Күдерин былайшы еске алады: «Вокзалдан түссек, бізді Бөкейханов күтіп тұр екен. Бәріміз қоршап тұра қалдық. Сол кезде Бөкейханов: «Жігіттер, уақыт аз. Қазір сендерді пойызға салып алып кетеді. Тез әңгімелесіп алайық. Мен сендермен кездесуге әдейілеп ресми рұқсат алып келдім», деді. Біз әңгімелесе бастаған уақытта Сұлтанбек Қожанов пен Есқараев екеуі келді. Әлекең: «Екі топқа бөлінейік. Айтарларыңды айтып қалыңдар», деді. Содан Қожановқа бір топ кетті. Біз Әлекеңмен әңгімелесіп қалдық. Сонда Әлекең: «Жігіттер, сендер не үшін сотталып бара жатқандарыңды білесіңдер. Сендерді соттап отырған жүйені де білесіңдер. Ешкімнің алдында кінәларың жоқ! Сендер ел үшін сотталып бара жатқан азаматсыңдар! Мұңаймаңдар! Бастарыңды төмен түсірмеңдер! Алда жақсылық болады», деп шығарып салды. Біз Воронежға барғанша көңіліміз өсіп, күліп-ойнап бардық», деп жазады.

***

Кеңестік жүйенің қазаққа жасаған бір үлкен қиянаты - қазақ қоғамында бар әулеттерді талқандады. Әулеттер - ұлттық өмірінде жағымды рөл атқарады. Ол - іргетас іспеттес. Кеңестік билік бір ғана Әлекең емес, Алаш зиялыларының бәрінің ұрпағына зиян жасады.

***

Әлекеңнің данышпандығы сол - саяси қайраткер өзінің маңына топтасқан адамдар үшін жауап береді. Әлекең Алаш идеясының жолында құрбан болған, жапа шеккен азаматтардың бәріне де шамасы келгенше көмектескен.

***

Бөкейханов пен Шоқайды бір-біріне қарсы қою бар. Ол дұрыс емес. Шоқайдың Бөкейхановқа қандай құрметпен қарағандығына оның батыста жүріп шығарған шығармаларын оқыған адам көз жеткізе алады.

***

Бізде көп жағдайда қазақты момақан халық деп қабылдайды. Ал, шын мәнінде, ХХ-ншы ғасырды алсақ, патшалық және советтік билік кезеңінде қазақ халқы оның саяси басқарушы һәм шығармашылық тобы, элитасы ылғи тотаритарлық жүйеге қарсы шығып отырған. Бірде ашық, бірде жабық бірақ үзіліссіз қарсылық танытқан. Соның ішіне интеллектуалдық қарсылық бізде өте күшті болған. 1917-нші жылдан бастап, 1991нші жылы Тәуелсіздік алғанға дейін өктем жүйеге интеллектуалды қарсылық бір сәтке де тоқтамаған. Оны басқарушы саяси элита көрсетіп отырған. Ал, ол әлсіреген уақытта күрестің жолын халықтың өзі нұсқап, қарулы көтерілістер жасаған. Өкінішке қарай, халықтың осындай қарсылығы біздің тарихымызда көрсетілмей келе жатыр.

***

Қазіргі ғаламдану жағдайында біз теориялық теңгей бар ұлтқа айналуымыз керек. Жаһандаунға қарсы қоятын бір-ақ нәрсеміз бар. Ол - интернационалдық, әлемнің азаматтығы емес. Ол - ұлт және ұлттық мәдениет. Бір ұлттық екінші ұлттан айырмашылығы неде десеңіз, оның көзқарасында. Біз үшін қазіргі кезде ең өзекті мәселе - қазақтың көзқарасын, дүниетанымын сақтау қажет.

***

Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе - жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз.

***

Біз жиырмасыншы ғасырда жеңілген ұлтпыз. Оны мойындауымыз керек. Алаш қозғалысының жеңілісі соның айғағы. Бізді қандай тұңғиыққа ұрындырды кеңестік жүйе, коммунистік идеология. Біз қандай тереңнен шығып келе жатырмыз. Қандай апатқа ұшырағанымызды түсінуіміз керек. Біз белгілі дәрежеде қағынан жеріген киік сияқтымыз. Өзінің ұлттық идеясынан, ұлттық тарихынан жеріген ұлтқа ұқсаймыз. Ендеше, біз күрестің, идеологияның жаңа әдіс-құралын үйренуіміз керек. Алаш қозғалысы, Алаш көтерген идеямен қазіргі біздің мемлекеттік, қоғамдық жүйе арасындағы байланыс әлсіз. Оны мойындау керек.

Менің ұсынысым: Алашқа байланысты мемлекеттік сұраныс жасалу керек; Алаш қайраткерлерін, Алаш тарихын насихаттауға байланысты мемлекеттік сұраныс неге жоқ? «Мәдени мұра» бағдарламасының ең маңызды саласы - Алаш идеясы және Алаш мұрасын насихаттау болу керек еді. Осы нәрсе іске аспай қалды. Сондықтан зиялылар үкіметке, мемлекетке Алаш идеясын жоғарғы деңгейде насихаттауға көңіл аударуын талап етуіміз қажет. Өйткені, Алаш идеясы - біздің идеямыз. Халықтың, ұлттың идеясы.

Айдос Сарымов, саясаттанушы:

- Бізде ұлттық сана жоқ, мемлекеттік сана жоқ дейміз. Менің бір ұққаным, тарихи сана қалыптаспай ешқандай өзгеріс болмайды. Тәуелсіздік алған бойда  экономика мен саясаттың  көшін түзейміз деп, ұлттық мүддеден адасып қалдық. Егер, ХVII ғасырдан бастайтын болсақ, Алашордашылардың Алаш идеясы Қазақ идеясынан да асып түседі. Тек жиырмасыншы ғасырда ғана Алаш идеясы Қазақ идеясымен бірікті. Алашордашылар неге мықты болды? Өйткені, олардың әрқайсысы тарихты тамаша түсінді, тарихты білді. Ал, біздің тарих туралы санамыз шұрқ-тесік. XVII ғасыр - қазақ тарихындағы өте түсініксіз ғасыр. 1917 жыл мен  1937-і жыл арасын «ақтаңдақ»  емес, «үлкен ойық»  деп атау керек.

 

 

Айгүл Ісмақова, әдебиетші ғалым:

- Бұқар жырау «Ей,Абылай, Абылай!» деп  отырып жыр төгеді. Қай халық дәл осылай ханына  тіке сөйлеп, батырып айта білген?! Ешбір елдің тарихында жоқ мұндай. Билікке жағымпазданбай, халық пен хан арасындағы дәнекерші атанды жыраулар. Бүгінгі ақындар сияқты сарай маңын жағалаған жоқ.  Демократияның ең жоғарғы үлгісі қазақта болмады деп көр осыдан соң. Өкініштісі сол, бүгінде оның жұрнағы қалмады.  Алаш кім? Алаш - қазақтың саяси элитасы деген түсінікті енгізген ғалым отыр арамызда. Қолдан келгенше Алаш тарихы зерттеліп жатыр, бірақ, насихатталу жоқ. Жоғарғы жақ іздеу салып, сұраныс тудырмаған соң  ғалымның еңбектері кітап сөресінде шаң басып жатыр. Ат төбеліндей топтың қызығушылығына ғана ие. Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш көсемдері өте көркем, шешен сөйлеуі жағынан біздің бүгінгі басшыларды он орап кетеді. Олардың ең басты мақсаты қазаққа қызмет ету болды. Иә, тек қана қазаққа қызмет ету.  «Біле білсеңіз, анамыз халық, ана сүтін ақтайық» дейді Ахмет Байтұрсынов. Қазіргі министрлердің ішінде Әлихан Бөкейханов сияқты халық қамын ойлап жүрген кім бар?! Барлығы қара басын ойлап, қарнын тойдырудан әріге аспайды.

 

 

Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, тарихшы:

Насихаттау үшін көптеген іс-шаралар жасау керек. Деректі фильмдер түсірілуі керек, көркем фильмдер түсірілуі қажет.Түрлі танымдық шығармалар болуы керек.  Ол бүгінге дейін, өкінішке, орай жасалған жоқ. Соны қолға алу керек. Шынында, алда келе жатқан 150 жылдыққа осындай шараның біразы жасалып, ел білетіндей болуы керек. Болашақ ұрпақ білетіндей болуы тиіс. Жалпы, бүкіл халық ұлт-азаттық қозғалыстағы Әлиханның орнын, оның еңбегінің бүгінгі күнгі қай салада өзекті, соны түсіне білу керек.  Әрі болашақта ел басқаратын жігіттер одан тәлім алатындай етіп, ол үшін елге танытатын, ағартушылық жұмыстар жүргізілуі қажет. Оған, менің ойымша, көп ат салысқан дұрыс.Мына заманда жаңа тұрпатты жас жігіттер қалыптасып келе жатыр. Осы жерде айтылып отырғандай, жалпы қазақ азаматтары қандай болу керек? Шынында, осы бүгінгі журналистердің атқаратын міндеті де сол, осы бүгінгі жаңа азаматтың  дүниетанымында алаш идеясы қаншалықты орын алғандығын анықтау, соған ат салысу.Осы жағынан бізде үлкен кемшілік бар ғой деп ойлаймын.  Өйткені, қай жағынан қарасаң да, бұл мәселе қаншалықты тексерілгенімен, зерттелгеніменен, әлі күнге дейін елдің санасына жете қоймаған нәрсе. Осыны, елдің құлағына, көкірегіне дейін жеткізу мәселесі өте маңызды. Өйткені, өкінішке қарай, алаш идеясын тарату жөнінен арнайы идеология жоқ екен, арнайы алқа жоқ екен, комиссия жоқ екенін айтып отырмыз. Болашақта осындай алқа, комиссия болуы керек деп бүгінгі әңгіме барысында өте орынды айтылды. Бүгінгі жиынның өзі сол ұсыныс сипатында болып отыр ғой деп ойлаймын. Себебі, бұлардың бәрі мемлекет  тарапынан ұйымдастырылмаса, болмайтын, өнбейтін шаруа ғой шындап келген уақытта. Ал осы айтылғандардың бәрі елдің санасынан орын алмауы, толық таралмауы тек өз зиянын ғана тигізеді. Өкінішке қарай, қазіргі биліктегі азаматтардың бойында алаш идеясы жоқ боп тұр. Өздеріңіз газеттер, теледидардан көріп жүрген шығарсыздар, көптеген билік басындағы адамдардың мынандай сөздері айтылып қалады: "ХХ ғасырда ұлттық мемлекет орнату деген - анахронизм" деген.Бұл өте қауіпті нәрсе, ал бұл мәселенің ақпарат құралдары арқылы насихатталуы да қауіпті. Ал іс жүзінде ол анахронизм емес, себебі қазіргі жаһанданудан тек қана ұлттық мемлекет қана құтқарады.   Алаш идеясы ғана құтқарады, қазақ өзінің қазақтығымен ғана мына әлемде аман қала алады.  Өзін асқақтап, мыңжылдық мемлекет құра алады. Осыны халықтың санасына жеткізу, қалыптасып келе жатқан жаңа азаматтардың санасына жеткізу деген үлкен шаруа.  Ол үшін барлық буындағы біздің азаматтар соған мүдделі болуы керек.  Қолында баспасөз тетігі бар азаматтар осыған мүдделі болып, тиісінше насихат жұмыстарын жүргізіп отыруы керек.

Біздің негізгі айтып отырған нәрсе, әрине, алаш идеясын елге жеткізу, олардың өмір жолы мен шығармашылығын әртүрлі көркем, көпшілік фильм жолымен елге танытып отыру керек. Бұл үлкен шаруа, істелуі керек шаруа. Бұны жекелеген адамдар істей алмайды, тек қага үлкен жүйелі бағдарламамен ғана істелетін шаруа. Бұндай ұсыныстар көптеп айтылуы керек, орындалуын талап ету керек, алдағы 5 жылда  келе жатқан Әлекеңнің 150 жылдығына біз үлкен табыспен баруымыз керек қой. Әйтпесе, күнде айтылып жүрген алдымен - экономика, кейін - саясат деген бар ғой, оның қате жол екенін де бәрі білетін болуы керек. Шындап келгенде, совет заманы тұрғысынан қарасақ та бұл тұрғы өте қате. Экономиканы жасау үшін де идеалогия керек екен, қарап тұрсақ, идеалогиялық тұрғыдан экономиканы қамтамасыз етуіміз керек. Өкінішке қарай, біздегі идеология қайтсең де ақша табу дегенге келеді. Ал енді не үшін байисың, халқың қалай баюы керек деген туралы ешкім ойлап отырған жоқ. Міне, осы мәселерді ашып айтып отыру керек. Совет тұсында біздің қоғамдық формация өзгерді, көшпенді халық отырықшы болды. Ол аздай мына заманда капиталистік рельске түстік. Осы кезде маңызды нәрсе - осылардан қандай құндылықтарды алып қалуымыз керек, не нәрсе біздің жастардың бойында болуы керек, жаңа қалыптасқан ұрпақтың бойында қандай қасиеттер қалуы керек еді?

Кешегі ақ ұрпақтың қандай асыл ойлары олардың бойларына сіңіру керек. Ертең ол ұрпақ билік басына барғанда нені қолға алу керек деген мәселерді олардың бойына тамшылап болсын жеткізе беру баршамыздың парызымыз. Алаш идеясын елге жеткізуде бұл үлкен міндет болу керек деп ойлаймын.

«Абай-ақпарат»

0 пікір